Қалбан Ынтыханұлы,
Қазақ үні
«Қазақтар мен хуачияулар»:
Қытайдан келген қандастар екіге жарылды
Дәл қазіргі таңда Қытайдан келген қазақтар екіге жарылып, бірі: «Біз хуачиаумыз, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды жақсартушылармыз»,-деп Қытай мәдениетін дәріптеп жүргендерін алға тартса, енді бірі: «Біз қазақпыз, Қазақстанға мәңгі қазақ болу үшін келдік», -деп қазақтың қамын жеп, қазақ қуанса қуанып, қазақ қамықса қамығып, жарғақ құлағы жастыққа тимей зыр жүгіріп жүрген жайы бар. Қазақтың кім екенін, қандай болатынын бәріміз білеміз, түсінбейтін ештеңесі жоқ. Ал анау хуачиау дегеніміз кім? Қазақстандағы барлық қазақтардың біле алмай, түбіне жетіп түсіне алмай жүрген мәселесі міне осы. Сондықтан бүкіл әлеуметтік желілірді қыздырып тұрған бұл мәселеге жауап ретінде «хуачиау» сөзін ашалап, өз жанымыздан ештеме қоспай, қытайлардың өздері түсіндіріп бергені бойнша түсіндірсек арғы жағын жұрттың өзі айтқызбай-ақ аңғарар деп ойлаймыз.
Хуа сөзі этникалық қытай дегенді білдіреді
Әуелі Хуа иероглиф, оңайластырылған нұсқасы бойынша 华, көнеден кележатқан нұсқасы бойынша 華 болып жазылады, транскрипциясы hua. Қытайдың «Сөз теңізі» (辞海 ci hai) атты түсіндірме сөздігінде бұл сөз «古代汉族自称华夏,中国因称中华,省称华» деп түсіндіріледі, аудармасы: Ежелгі қытайлар өздерін хуа-шия деп атаған, Қытай мемлекеті сол себепті Жоң-хуа атанды, ол қысқартылып хуа деп айтылады немесе жазылады» ( «辞海» 上海辞书出版社2002年,693页). Осы түсіндірмеден кейін хуа сөзінің мағынасын этникалық қытай деп тәржімалаудан басқа амалымыз жоқ. Тағы да, сол хуа сөзі қашаннан бастап әдебиеттерде көріле бастады дегенге келетін болсақ, Қытайдың алғашқы жылнамасы, жыл санаудан бұрын жазылған «Зуо-жуанда» кездеседі. Онда «我諸戎飲食,衣服不與華同» (《左傳∙襄公十四年》) деп жазылған. Аудармасы: Роңдардың тамақ ішісі, киім киісі хуаларға ұқсамайды. Осындағы роң – ежелгі заманда Қытай Орта Жазығының (中原) батысындағы ұлттардың ортақ атауы, ал хуа болса Орта Жазықтағы этникалық қытайлар.
Қытайдың хуа түбірлі көп сөзі
Иероглиф华 хуа ежелден этникалық қытайлардың түп атауы. Қытай тілінде осы 华хуамен тіркеліп жасалған көп сөз бар, мысалы, 华夷 хуа-ии, аудармасы: қытайлар мен өзге ұлттар, осындағы ии ежелден Қытай Қорғанынң сыртында тұратын ұлттарға қаратылып келді; 华风 хуа-фэң, аудармасы: қытай дәстүрі; 华语 хуа-үй, аудармасы: қытай тілі; 华人 хуа-рэн, аудармасы: этникалық қытай; 华侨 хуа-чиау, аудармасы: шетелде тұратын
қытай; 华裔хуа-ии, аудармасы: шетелде тұрған қытайдың шетелде туып-өскен ұрпағы; 华化 хуа-хуа, аудармасы: қытайландыру. Айтпақшы, бірнеше жылдан бері бүкіл дүниежүзіндегі сауда базарын жаулап жатқан 华为хуа-вей (Huawei, аудармасы: қытай үшін) смартфонының артында да сол хуа тұрған жоқпа?!
«Хуачиау» сөзі және оған Қытай мемлекетінің берген анықтамасы
Орыстар «хуачиауды» хуацяо деп жазады. Қытайдан келген қазақтардың ішінде сол хуачиаудың қытайшасынан гөрі орысшасын жанына жақын тартып, өздерін орысшалап хуацяомыз деп жүргендер де баршылық. Осындағы хуа华етникалық қытайды білдірсе, чиау 侨шетелде тұру дегенді білдіреді, сонда хуачиаудың түп мағынасы шетелде тұратын қытай дегенді білдірмей енді нені білдірсін? Тағы бір айта кетерлігі хуа-чиаумен қатар айтылатын归侨гуи-чиау деген сөз бар, оның аудармасы «шетелден қайтып келуші» дегенді білдіреді. Ал Қытай мемлекетінің үкімет тараулары мен Бүкіл Мемлекеттік Халық Құрылтайы шығарған заңдары мен ережелерінде де хуа-чиауға нақты анықтама берілген. Қараңыз, «Қытай Халық Республикасы шеделден оралғандардың, шетелде туысы барлардың құқық-мүддесін қорғау заңының» (2000 жылы 31 қазаннан бастап атқарылған) екінші бабында: «Шеделден оралушы дегеніміз елге қайта келіп тұрақтап қоныстанған хуачиау. Хуачиау дегеніміз шетелдерде тұрақтап тұрып қалған Қытай елінің азаматы»-деп көрсетілген. (《中华人民共和国归侨侨眷权益保护法》第二条 , 归侨是指回国定居的华侨。华侨是指定居在国外的中国公民). Осы заңға негізделетін болсақ, Қытай елінің азаматтығынан бас тартып өзге елдің азаматы болғандар хуа-чиау санатына кірмей қалады екен. Ондай болса Қытай елінің азаматтығынан бас тартып Қазақстан Республикасының азаматтығын алып алған қазақ қалай өзін «хуачиумын» деп айта алады.
Жалданбалы жалған хуачиау
Осы арада оқырмандарымыз: «Бұл сөздерді неге осынша көп түсіндірдң?» -деп сұрақ қоюы мүмкін. Ол сөздерді тереңдей түсіндірудегі себеп: Қытайға «туысшылап» барып-келіп жүретіндердің арасында кейбіреулер өзін білгір «ұлтшыл» сияқты етіп көрсетіп, осы хуа сөзін әдейі жарнамалап, бұл бұрын қытайда жоқ сөз еді, Сунь Ятсен, Мао сияқты мемлекет құрушылар ойлап шығарды, ол Қытайдағы барлық ұлттың ортақ атауы дегенді жарнамалап, хуачияу сөзінің түпкі мәнін жасыру үшін және халықты адастыру үшін жанталасып жүр. Сондықтан да халыққа егжей-тегжейлі түсіндруге қақылымыз. Әзір көк тиын құны жоқ сөз болып көрінгенімен 100 жылдан соң
оның зардабының қандай болатынын өткен тарихтың трагедияларынан аңғаруға болады ғой.
Мұхажир – хуачиаудың теріс аудармасы
Қытай қазақтары көптен бері хуа-чиауды мұхажир деп қазақшалап келеді. Бұл өте қате және теріс аударма. Мұхажир арабша сөз, Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар Меккеден Мединеге қоныс аударғанда оған дін жолын таңдаған көп мұсылман ілесе барады, сол мұсылмандар Мединеге барған соң Мұхажир атанған. Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар өзінің қоштасу құтпасында мұхажир туралы былай айтады: « … Сіздерге кімнің мұхажир екенін айтайын ба? Нағыз мұхажир, қателікті және күнә істерді тәрк еткен кісі …» -деген. Сонда екі мемлекетте екі түрлі сөз сөйлеп, қызыл күлгін немесе көкала түсті құнды қағаздарға сатылып жүрген кісі қалай өзін мұхажирмін деп айта алады?!
Қазақстандағы хуачиаулар да халықаралық заң талаптарына сай Қытайдың түрлі көмектері мен қолдауларына ие бола алады
Қазақстанда тұрып жатқан этникалық қытайлар Қазақстан азаматтығын алмаған болса, Қытай азаматтығын сақтаса олардың хуачиау болуға құқығы бар, оның мағынасын жоғарыда түсіндірдік. Хуачиаулар үшін Қытай мемлекеті жан-жақтылы қолайлықтар қарастырған, олар шетелдерде кәсіп ашса түрлі қоғамдық қорлар арқылы оларға көмектер көрсетіледі. Дінін, тілін, салт дәстүрін жалғастрса Қытай үкіметі тарабынан қолдау табады, еліне қайта барса 归侨гуи-чиау (шетелден қайтып келуші) мәртебесі беріледі және алдыларынан көптеген жеңілдіктер күтіп тұрады. Қысқасы Қазақстан үкіметінің шетелдерде тұратын қазақтарға мән беріп отыратыны сияқты. Ал «елім, жерім, тарихи отаным» деп келіп, қазақ ұлтының өкілі екендігін дәлелдей отырып, «оралман» мәртебесін алып, артынша Қазақстан Республикасының азаматы болған Қытайдан келген кей қазақтардың хуачиау болып алғанын қалай ойласақ та түсіне алмадық. Бәлкім олар қытайша білмейтін шығар, ауылдан келген аңқау қазақтар шығар. Бірақ, Пекиннен, Шаңхайдан оқыдық деп дөңайбат көрсетіп жүретін кей қазақ өзі Қазақстан Республикасының азаматы өзі тағы хуачиау, бұл қалай?
Дүниежүзіндегі көптеген елдерде хуачиулар тұрады
Дүниежүзіндегі көптеген елдерде хуачиаулар тұрады. Тек Қазақстанға келіп өзін «хуачиау» көрсетіп жүрген қазақтар болмаса, өзге елдерде тұратын хучиаулар таза этникалық қытайлар. Хуачиаулар тұратын әр елде
«Қытайлықтар сауда ұйымы» (华人商会) бар, олардың барлығы сол тұрған елдерінің заң талаптарына сай қатысты орындарға тіркеліп, лицензиясын алған. Солардың ішінде ең әйгілісі бас штабы АҚШ-ның Лос-Анджелес қаласына орналасқан «АҚШ қытайлықтар сауда ұйымы» (美国华人商会). Бұл сауда ұйымының дүниежүзі бойынша ықпалы ең зор. Олардың жарғысында: «Америкадағы және дүниежүзіндегі қытайлық саудагерлерге қызмет көрсету, қытайлық саудагерлердің құқық-мүддесін қорғау, қытайлық саудагерге сауда орындарын ашып беру, олардың арасында байланысшы болу, Қытай мен Америка арасындағы сауда істерін ілгерлету және касіпорындар арасында байланыс орнату» деп жазылған ( www.acbausa.org). Осы бір қоғамдық ұйымның көмегінен көптеген елдердегі хуачаулар және тегі қытайлар игіліктеніп отыр. Жуықтағы бір санаққа негізделетін босақ, дүниежүзінде 6 миллионнан астам хуачиау және 50 миллионнан астам өзге ел азаматтығын алған қытайлықтар бар.
Қытай Халық Республикасы конституйиясының 50-бабында: «Қытай Халық Республикасы хучаулардың орынды құқығы мен мүддесін қорғайды» деп көрсетілген.
Қытайда кезгімен «全国归侨侨眷代表大会» (Бүкіл мемлекеттік шетелден оаралған, шетелде туысы барлар өкілдерінің жиналысы) өткізіліп отырады, бұл жиынды Қытайдағы Бүкіл мемлекеттік саяасат және келісім мәжілісі ұйымдастырады. Осы өткен тамыз айының 29 күні Қытайда Х кезекті бүкіл мемлекеттік шетелден оралған, шетелде туысы барлар өкілдерінің жиналысы болып өтті. Хуа, хуа-чиау және мухажир сөздеріне қолымызда бар барлық ақпарттар бойынша түсіндірме жасадық. Мақсатымыз – ұлтымызға, отанымызға адал болайық, екі жүзді болу қазақ баласына жараспайды дегенді айту. Білмей хуачиау болып алғандар ескерсін деп сөзімізді тамамдаймыз.
Қалбан Ынтыханұлы,
Қазақ үні
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.