Қармақшы таңы 85 жыл


Қармақшы таңы 85 жыл

Қармақшы таңы 85 жыл

Posted on Сентябрь 10, 2018  

     Қосылған Әбжанов,

Филология ғылымының кандидаты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰу-дың доценті

Аудандық газет ретінде алғаш жарық көргеніне бүгінде 85 жыл толып отырған   «Қармақшы таңы» талай қаламгерлерді  баулып, шығармашылық әлеміне қанат қақтырғаны анық.  Солардың бірі болғандықтан бұл газеттің орны мен үшін ерекше құрметті және әрдайым жан сарайымның төрінде тұрады. Себебі осы газет менің өмір жолымның бастауында болашағыма бағдар берді.   Осы редакцияда он жолдық заметкеден бастап,очерк пен сын-сықақ жанрларында біршама дүниелерді жариялау мүмкіндігіне ие болдым.  Осындай  игі істерге баулыған қаламгер ұстаздарыма мың алғыс. Олар сол кездегі «Комунизм шамшырағы» газетінің редакторы Әзілхан Аманов, жауапты хатшысы Рашид Жарылқасынов, редактордың орынбасары  Сапабек Махмутов. Ал енді бұлардан да бұрын аты аталуға тиісті, шоқтығы биік тұлға Шыңғыс Қалиев болған еді. Бұл кісі бізге мектепте әдебиет пәнінен сабақ беретін. Бірде Абайтану тақырыбында өтілген сабақтың соңына қарай: — Өлең жазыңдар,- деп тапсырма берген.  Сонда мен былай деп жазыппын:

Оқы, Асан

Сен жас қыран

Үлгі бол мынау жастарға!

Талаптан талпын,

Жарқын жол алдың

Өрмеле биік асқарға!

(Есімде қалғаны осы, аздап өңделді)

Ұлы Абайдың көп өлеңдерін жатқа білетінбіз. Соның ішінде «Сегіз аяқ» өлеңінің үлгісімен жазған сымағым ғой. Қызық болғанда осы «шатпағым» газетке шықты емес пе?!. Бұл кезде мен 6-класста оқитынмын. Сондағы кеудемді кернеген  қуаныш пен мақтаныш сезімін айтпағанда, сол кезден бастап, ойды сөзбен өрнектеуге деген құмарлықтың шамшырағы тұтанған болатын.

Сол кезден бастап журналистикаға аңсарым ауып, өзіміз жаздырып алып, үзбей қызыға оқитын «Қазақстан пионері» газетіне мақала жазып, хат жалдауды бастадым. Газет  мақаламды баспаса да, жауап хат жіберіп, не туралы қалай жазуым керек екені жөнінде бағыт-бағдар беріп тұрды.

Әйтсе де сонау бозбала шағымда, өмірімнің кәсіби бағытын таңдау кезінде мені қаламгерлікке тартқан осы Қармақшы аудандық газеті болатын .

Оныншы класты бітірген соң, екі жыл ауылда қалып жұмыс істеуді міндеттейтін үкімет қаулысына сәйкес, колхозда жұмыс жасадық, онан соң механизация училищесін бітіріп, комбайын, трактор айдадым. Сөтіп жүргенде соқырішек болып, отаға түстім. Сонда мениң жарақатымды таңып жүретін мейірбике туралы «Сестра Сима» деген мақала жаздым. Оны газет басшылары  құп алап газетке шығарды. Міне бұл аудандық газетке жарияланған тырнақалды туындым болды.

Көп ұзамай мен «Комунизм шамшырағы» газетіне корректор болып жұмысқа алындым. Екі айдан кейін әдеби қызметкер, онан соң аудандық радио торабы хабарларын ұйымдастырушы болып қызмет атқардым.

Газет жұмысына қызыққаным сонша, мен заметкадан бастап, мақала, әңгімелер жазып, сықақ жанрына да қалам сілтедім. Әлі есімде «Маймұрын» атты сатиралық шығармам көпке дейін аудан жұртшылығының  аузында жүрді. Онда бейқам жүрген бір шаруашылық басшысының, аупартком хатшысы тарапынан телефон арқылы егіске орақ салу науқаны туралы естігендегі қалбалақтаған хал-күйі суреттеледі.

Мұны былай қойғанда  кәдімгі қолдан сурет салып, оған сатиралық мақамда мәтін жаздым. Есімде қалғаны: Тағдыр айдап қос шопырды , ен далада тоғыстырды. Әттең шіркін арақ сойқан көліктерін соғыстырды. Суретте ай далада стакан соғыстырып отырған екеу; екінші суретте  соғысып қалған екі автомашина. Мұны да жолдас-жораларым көпке дейін айтып жүрді.

Осылай газет ұжымында бір жыл еңбек еттім. Сол жылы әскерге шақырылдым. Ол жақта да дивизиялық газетке мақала, фото материалдар жариялап тұрдым.

Сол кезеңде КазГУ-дің журналистика факультетіне түсу арманы  нақты мақсат болып санама орнықты.

Сонымен  1969  жылы Алматыдағы қазіргі  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне , үш жылдық әскерден кейін, мектеп бітіргеніме бес жыл толғанда, үшінші рет келіп оқуға түстім. Бұл ретте де «Коммунизм шам-шырағы»  газетінің көмегі тиді. Яғни оқуға қабылдау сынағында жазған шығармаға  осы газетке  жазған бір  мақаламның  жақсы нәтиже бергенін  мысал етіп енгізгем. Ол былай болған еді.

Газетте істеп жүрген кезім. Бір күні класстас досым Мәлік Тұяқов автобазада шопыр болатын. Алыс шопандарға жем апаратын болған екен, соған менің бірге баруымды сұрады.  Мен редакторға айтып жолсапар құжатын алып  жүз шақырым қашықтықтағы бір совхозға келдік. Мен совхоз басшылығына кіріп тілші екенімді айтқан соң, қасымызға совхоздың бухгалтерін қосып берді. Шопан ауылына келдік. Досымыз екеуміз машинадағы жемді түсіріп жатырмыз. Бір кезде шопан мен бухгалтердің әлденеге жанжалдасып айқайлағанын естідім. Маған да керегі сол. Дереу солардың қасына бардым. Бухгалтер үндемей қалды, шопан маған «сен кімсің?» дегендей ашулы жүзін бұрды. Мен:

— Газеттен келдім, —  дедім.

— Онда тыңда. Менің қызым институтта оқиды. Соған ақша жіберейін десем мыналар менің айлығымды алты ай бойы бермей отыр. Осы  дұрыс па? , — деп ашуға булығып тұр. Мен бухгалтерге қарап едім, ол:

— Ертең ақшасын береміз, — деді. Мен үндемедім. Ертеңіне осы мәселені газетке жазып шығардым.

Арада уш-төрт ай өткенде, көктемде  Сырдарияның жағасындағы көгалды жерде «шопандар слёты» болды. Біз де барып мерекенің қызықты сәттерін суретке түсіріп, газетке материал жинап жүргенбіз. Кенеттен , бір кісі келіп құшақтай амандасты. Сөйтсем бұл кісі баяғы шопан екен. «Рахмет саған, садағаң кетейін, сен кеткен күннің ертеңіне айлығымды түгел әкеліп  берді. Саған да, газетіңе де мың алғыс» -деп ағынан жарылды. Осыны шығармаға арқау ете отырып газеттің ықпал күшін көрсеткім келген. Ойым ақталды,  білем, шығармам жоғары бағаланып, студент болып шыға келдім.

Сөйтіп аудандық газетте, әскер қатарында жүріп жиналған  тілшілік тәжерибе Университет білімімен нықталған соң нағыз журналистік жұмыс басталды. Қазақ радиосы мен телевизиясында, кино саласында еңбек етіп, журналистика мамандығының арқасында әмбебап шығармашы болдым деп нық айта аламын. Осылай өткен шығармашылық  ғұмырымның бастауында тұрған  аудандық газет ой — санамның төрінде тұра бермек.

.

Edit

Post navigation