Ашық хат. Қазақтың «І» әрпін қайтарып, екі диграфты өзгерту керек!

 

Әліпби 1104 19 пікір 28 Тамыз, 2018 сағат 09:38

Ашық хат.

Қазақтың «І» әрпін қайтарып, екі диграфты өзгерту керек!

Abai.kz

Ашық хат   

ҚР Премьер-министрі, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия  төрағасы  Бақытжан Сағынтаевтың назарына

«Ч» мен «В» сияқты  «легионер» дыбыстарсыз күн көретін уақыт жетті!  Рухани жаңғыруға басты бағыт болған жаңа әліпбидің де негізгі мақсаты осы емес пе?!.

Елбасымыздың  Рухани жаңғыруының  басты  бағыты  –  Қазақтың латын графикасына негізделген жаңа әліпбиін қабылдау – жалпыхалықтық  қолдауға ие болып, жаппай талқылау өзегіне айналғаны белгілі.

Ең бірінші қазақша төл әріптерді диграфпен таңбалаған әліпби қоғамда қатты қарсылыққа ұшырады. Екінші рет өзгертіліп, латын графикасына өту туралы Президент Жарлығымен жарияланған апострофты нұсқаның да,  қолдану барысында кемшіліктері шығып, ел көңілінен шықпады.  Сондықтан,  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел тілегін ескеріп, 2018 жылдың 19 ақпан күні  «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізді. Халықтық талқылау қалыпқа түсірген Қазақ әліпбиі  өмірге жол тартты.  Ақ  жол тілейміз!

2017 жылы 26 қазанда Елбасы жарлығы шыққанда елмен бірге қатты қуандық.  Ең бастысы саяси шешім шықты!  Қазақтың жаңа әліпбиі – Латын графикасына негізделген әліпбиге өту  қабылданды. 1940  жылы қазақ халқынан бір ауыз сұрамай-ақ  бір күнде қабылданған кириллица бұғауынан 77 жылда әрең босадық. Ұлттық рухани отарсыздану латын әліпбиіне көшумен басталады!

Соңғы өзгеріс енгізілген  қазақша латын әліпбиінде бұрынғы апострофпен белгіленген 9 әріптің 6  қазақша төл әрпі  үстіне акут қойылумен таңбаланды.  Екі әріп  SH (Ш) және CH (Ч) диграфпен пайдаланатын болды.  Қазақша  И-Й және І әріптері  латын графикасындағы бір ғана  І  таңбасымен белгіленді.

Жалпы алғанда, бұл нұсқа дұрыс болды. Бірақ, бір кілтипан и,й әріптерінің бас әрпі мен қазақша і әрпінің бас әріптері бір І таңбасымен белгіленуі.  Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі 9 дыбыстың 8-і   латын әрпімен жеке дара таңбалануды сақтап қалғанда, жалғыз  І і әрпі «басынан» айрылып отыр.  Яғни, і кіші әрпі сақталған да, Ібас әрпі  И-Й дыбыстарымен  қосылып кеткен.

Бұл туралы  ақын Қазыбек Иса  жаңа әліпбидің соңғы нұсқасы жарияланған соң үш күннен кейін  2018 жылдың  23 ақпанында  «Қазақ үні» ұлттық  порталында   жарияланған «ҚАЗАҚТЫҢ «І» әрпін ҚАЙТАРЫП, екі диграфтан ҚҰТҚАРЫҢЫЗДАР!»  атты жанайқай мақаласында өте орынды мәселе көтеріп, ел тілегін жеткізген.   Үзінді келтірейік: «Мысалы,  «ІЙІЛ» деген сөзді латынмен жазғанда IIIL болып, 4 әріптің үшеуінде  қатарынан бір әріп қайталанғанда кім не түсінеді?  Сонда IZET деген адам атын «Изет» деп оқимыз ба, жоқ «Ізет» деп оқыла ма? Ал  ІZGI деп жазғанда қазақтың «ІЗГІ» деген ізгі сөзі ИЗГИ болып жоғалып кетпей ме ертең? «Игілік»  деген  игі сөз бен есімдер ертең Igilik болып жазылғанда Ігілік  болып қалмай ма? Ал ISA деп жазғанда, оны ІСА  деп оқып, солай айтқандарға не деуіміз керек?  Комиссия солай шешіп, аталарымыз азан шақырып қойған аттарымызды ауыстырып жіберді  дейміз бе Ізет, Исақ, Иген, Игілік және т.б.  бәріміз?

Біз ұсынған нұсқада  қазақша  і әрпінің бас әрпі де Í деп белгіленіп,акутпен берілген,  бұның не қиындығы бар еді?  Апострофты нұсқада да дәл бүгінгі нұсқадай  белгіленген. Бірақ онда И- Й әріптері апострофпен белгіленгесін, екі әріптің  айырмашылығы болған еді. Бұл жолы И-дің үтірін алып тастағасын, и мен іәріптерінің бас әріптері бір таңба болып шыға келген. Ал мұның болашақ кеселі комиссия мүшелерін ойландырмаған секілді. Бар болғаны І әрпінің басына бір акут қою кімге зиянын тигізер еді..  – деп ол бар кемшілікті ашып көрсетеді.

Төл дыбыстарымыз қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне негізделіп, тіліміздің ұлттық негізінің сақталуының айғағы. Өткенде әліпби туралы Елбасыға Ашық хат жазған 17 академиктің де ең басты талабы осы қазақы төл дыбыстардың сақталуы еді.  Түріктер К мен Қ әріптерінің орнына  осылай бір ғана К  әрпін алғандықтан, Қ әрпі қазір жойылып кетті… Бұрынғы қазақы әріптердің таңбасынан сақталғаны осы і әрпі еді, енді оның да «басын жұтып» отырмыз.  Сондықтан қазақпен бірге жасасып келе жатқан, ешкімге зияны жоқ,   ізгі ниетті   «і» әрпін  басы бүтін бас әрпімен қайтарып беріңіздер!

Ал Ш әрпін SH деп белгілегенше,  Ш-ны Ś деп белгілеу керек еді. Ал  CH деп белгіленген, қазақтың тіл дыбысына жат,  орыс тілінен келген  Ч әрпін мүлде  мүлде алып тастау керек!  Әрі мұндай екі таңбалы емес – бір-ақ таңба болар еді. Бұл 2  әріп мұнда 4 әріптің орнын алып отыр.  Елбасы тапсырмасының өзі әріптерді ықшамдау емес пе еді? Диграфтан апострофқа өткен кездің өзінде-ақ  бұл әріптер бір әріппен белгіленіп еді ғой.  Тек үстіндег апострофты акутқа ауыстыра салу кімге қиындық тудырды екен?  Өйткені «Асхана», Асхат» сөздері Аshana – Ашана, ал Ashat – Ашат деп оқылады ғой…   Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең Ishaq деп жазса, оны мынау  Ш әрпін SH деп жазғанда, ел қалай оқып, қалай атайтынына аузымыз бармай отыр?..  Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін?  Диграфтан ел болып айқайлап жүріп зорға құтылғанда, екі диграф әріп не үшін кіргізілді екен? Бұларды да түзеу керек.  «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақ.  Сондықтан  Ш әрпін SH деп белгілеген дұрыс емес,  Ś деп белгілеу керек.

 

Біздің таңғалатынымыз, осы біз келтіріп отырған, елді  үркіткен SH -Ш әрпіне  байланысты оғаш мысалдар, қарсы өткір сындар алғаш диграфты нұсқа шыққан 2017 жылғы 11 қыркүйектен бері баспасөз бен ғаламторда өріп жүр ғой.  Сонда  қазақша латын әліпбиін жасау комиссиясы  неге бұны қаперге алмайды?  Апострофты  нұсқаға өткенде-ақ,  ел зорға құтылған  диграфқа  енді үшінші рет қайта оралу шұқырдан қашып, орға құлаумен бірдей емес пе?

Сонымен бірге Қазақтың тіл дыбысына сәйкес келмейтін, орыс тілінен енген  Ч мен В  дыбыстары жабысып, әлі  қалмай келе жатыр да, таңбасының  түкке жарамай түсіп қалғанын түсінбей қалдық. Х  таңбасы да  «жетім» қалды.

«Ч» әрпі болмаса, күн көре алмайтындар болса да қазақтың тіл дыбысы заңдылығына  бағынуымыз керек. Сондықтан алып тастау керек.  «Чемпион» мен «чемоданды»  қазақ   баяғыдан   шемпион  мен шабадан деп айтып келе жатыр. Одан қирап қалған ешкімді көрген жоқпыз. Сонымен бірге V  әрпімен белгіленген, орыс тілінен келген «В» дыбысы  туралы да осылай айтуға болады.  Орыс текті  есімдердің   соңында  келетін  бұл әріпті   әліпбидің соңғы нұсқасындағы «В,б» әріптерімен белгіленген  «б» дыбысымен  өзгертіп жазуға болады.

«Ч» мен «В» сияқты  «легионер» дыбыстарсыз күн көретін уақыт жетті!  Рухани жаңғыруға басты бағыт болған жаңа әліпбидің де негізгі мақсаты осы емес пе?!.

Қорыта айтқанда,  біздің қысқа да, нақты ұсынысымыз:

Í і – ( і )

Ś  –  ( ш )

 әріптері   болып белгіленуі  керек.

 Ал  CH  деп белгіленген  Ч әрпін мүлде  мүлде алып тастау керек!

Елдің  ренішін тудырған  әріптерді  осылай өзгертуді сұраймыз. Болмаса, осы әріптердің  қабылданған нұсқасын және біз ұсынған нұсқаны  салыстырып, әлеуметтік желіде сауалнама  жасап  көруге де болады.

Латын әліпбиін халық болып,  жаппай талқылап келе жатқанымыз,  Елбасымыздың  елдің қандай да ұсыныс-пікірі ескеріледі деген сөзінің жүзеге асып жатқанының жарқын белгісі.  Ендеше, қырқы бітіп, қырық біріншісі қалғанда, тағы да бір талқыдан  өткізіп алсақ, келісіп пішкен тонымыз келте болмайды.

ҚАЗАҚТЫҢ «І» әрпін ҚАЙТАРЫП, елді үркіткен екі диграфты өзгертуіміз керек!

Д.ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;

М.МЫРЗАХМЕТОВ,  Ұлттық ғылым Академиясының академигі,  Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;

С.ДОСАНОВ,  жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты. Халықаралық  М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты;

С.ЕЛУБАЙ, жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері;

А.АЙТАЛЫ,  профессор, қоғам қайраткері;

Ғ.ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның Құрметтi журналисi;

С.СМАТАЙ,  жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері;;

Д.ЫСҚАҚ,  филология ғылымы докторы, профессор, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының  академигі, Халықаралық Мақтымқұлы атындағы  сыйлықтың  лауреаты;

А.ОСМАН,  «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігі төрайымы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы  мүшесі;

И.САПАРБАЙ, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан-Платина» сыйлығы лауреаты;

С.ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын, КР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты;

Д.КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» бірлестігі төрағасы;

К.ӘМІРБЕК,  ақын, КР Еңбегі сіңген қайраткері,  Президент сыйлығының лауреаты;

С.БАТЫРШАҰЛЫ,  Еуразия  Ұлттық университеті профессоры, Астана қалалық «Мемлекеттiк тiл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы;

Б.САРБАЛАҰЛЫ,  сыншы,  Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты;

М.ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетiнiң бас редакторы;

Е.БӘПИ,  журналист, «Дат»  жобасының жетекшісі;

Қ.ИСА, ақын,  «Қазақ үні» газеті президенті, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық  иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты;

Е.АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан-Заман» газетiнiң бас редакторы;

Д.ҚУАТ, «Қазақ әдебиеті»  газеті бас редакторы;

Д.МӘСІМХАНҰЛЫ, ақын,  филология ғылымы  докторы, профессор;

А.АХМЕТБЕКҰЛЫ,  ақын, ҚР Мәдениет қайраткері;

И.НҰРАХМЕТҰЛЫ, ақын,  филология ғылымының  кандидаты;

Қ. МҰҚАШ,  «Қазақ үні»  газетінің бас редакторы,  ҚР Мәдениет қайраткері, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты;

А.КӘРІПЖАН, ақын, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты;

Н.ӘБДІҒАНИҰЛЫ, «Abai.kz»  бас редакторының орынбасары, ҚР Ақпарат ісінің үздігі; 

Қ.ҒАБДОЛЛА, «Қазақ елі » қоғамдық қозғалысының төрағасы;

А.ТАСҚАРАҰЛЫ,    «Qazaquni.kz»   ұлттық  порталының  бас редакторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

Түпнұсқа Qazaquni.kz сайтында жария болды

Abai.kz