орыс тілін мақтан тұтатын чукчалар мен қазақтар ғана

  •  

 

«XХI ғасырда орыс тілін мақтан тұтатын чукчалар мен қазақтар ғана»

– Мырзан Кенжебай

2879 | 17.08.2018 16+

Қазақ қоғамында ұлт, тіл, дін, ділге қатысты қордаланған мәселелер жөнінде пікір білдіріп, қалам тербеп жүрген ақын Мырзан Кенжебаймен құлдық сана, тілдің шұбарлануы, қазақ тілінің мүшкіл халі жөнінде qamshy.kz порталының тілшісі сұхбаттасқан екен. Өзекті сұхбатты «Қазақ үні» оқырмандарына ұсынуды жөн санадық.

— Сіздің ойыңызша, бүтін бір қазақ ұлтын қорлайтын пікірлердің көбеюіне және өзге ұлт өкілдері оның еш именбестен ашық жариялауының себебі неде?

— Қазаққа тіл тигізіп, қорлық, зорлық көрсеткендердің көбі – орыстар. Үстем ұлт ретінде шовинизм, агрессия әбден санасына, қанына сіңген. Табанының астында езіліп жатқан ұлт күндердің күнінде «тәуелсізбін» деп кеудесін кергені, әрине, оларға ұнамайды. Бірақ біз қатты асқақтап та кеткен жоқпыз. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл өтсе де, орыстың тілінде сөйлейміз, орыс не істесе, соны істеп, орыс не ішсе, соны ішеміз, не жесе, соны жейміз. Біз әлі құлдық санадан арылған жоқпыз. Қазақты кеміту бұрыннан бар нәрсе. Қазақтарды «чурки», «баран» дейтін. Осы әдетінен бірден арыла алмады. Бір халықты жамандауға ешкімнің құқығы жоқ. Десек те «Шовинизм – орыстардың қанына сіңген ұлттық ауруы» деген сөз бар. Қанына сіңіп кеткен ауру болғандықтан бұған бүкіл ұлтты кінәлай алмайсың ғой, бірақ қазақтарға тіл тигізіп, қазақша сөйлегені үшін қол жұмсап, жігіттерін өлтіріп жатқаны біздің немқұрайлығымыздан. Тәуелсіз мемлекет болдық, тілімізді, ұлттық сана сезімімізді ретке келтірейік деген мақсаттарды орындаудың орнына, қысы, жазы той тойлап жүрміз.

Күні кеше Астанаға барып қайттым. Қазақтың қара домалақ балалары түгел орысша сөйлейді.

Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанов былай дейді, «Қазақстанның астанасы кілең әдемі, жаңа, заманауи үйлерден тұруы міндет емес. Қазақстанның астанасы мейлі киіз үйден тұрсын, қалың қазақ тұратын жер болу керек». Голощекин данышпан екен. Оның кезінде Қазақстанның астанасы қазақтар көп тұратын Қызылорда болды. Іс-қағаз, жиналыстар қазақ тілінде жүргізілді. Голощекин келді де Қазақстан астанасын Алматыға көшірді. Астанамыз Алматы болған уақыттан бастап қазақтың тілі шұбарланды. Алматы қалай сөйлесе, баспасөз де солай сөйлей бастады.

Енді астана Астанаға көшірілді. Астанаға оңтүстік тұрғындарын көшіріп, халықты қазақшаландырып жатыр екен-мыс. Бұл керісінше орыстандыру саясаты. Теміртау, Қарағандыға баратын қазақтардың бәрі орыстанып барады. Іс-қағаздары орыс тілінде, теледидарды қосып қалсаң, орыс тілінде сайрап жатады. Оңтүстікте қазақша сөйлеп жүрген қазақтың қара домалақ балалары орыс тілінде сөйлеп жүр. Өйткені орта сондай.

Қазақстанға келген кез келген шетелдік 1, 2 сағаттан кейін Қазақстанда қазақ тілін білудің қажеттілігі жоқ екенін бірден түсінеді. Тілі мұндай халдегі ұлттың атқаратын рөлі де аса маңызды болмайды. Осыны байқағаннан кейін кім көрінген қазақты басынады.

21 ғасырда орыс тілін мақтан тұтатын екі-ақ халық қалды. Бірі – мәдениет, білімі артта қалған,  тілі, ғылымы дамымаған чукчалар… Сол чукчаларда орысша сөйлеу әлі күнге дейін сән. Олар орыс тілінде жақсы сөйлеген сайын білімді болып көрінеміз деп ойлайды. Чукчалармен қатар қазақтар да дәл осындай пікірде.

Кеше Астананың 20 жылдығын тойлап жатқанда Ресейдің ракетасы Оралға құлап, жер өртенді. Соған қатысты бір ауыз қарсы сөз айтылмады. Шын тәуелсіз ел болсақ, Ресейге нота жіберуіміз керек едік қой.

Ресейдің кез келген қаласына барып, бір орысты тоқтатып алып «Қазақша сөйле» деп айтып көрші, сол жерде «басыңды кесіп алады».

Әлі есімде түнде көшеде келе жатқан екі мас орысты біреулер ұрып кеткен. Мәскеудің сол кездегі мэрі Лужков Назарбаевқа екі орысты жақтап, наразылық білдірді.

— Кейбіреулер «әлдекімдердің қазақтарға тіл тигізгеніне мән берудің, олардың деңгейіне түсудің қажеті жоқ» деген пікірде. Сіздің ойыңыз?

— Халықта елді «Қытай басып алады» деген қорқыныш бар. Қытай Ресей секілді ешуақытта аспаннан бомбылап, жерден атқыламайды. «Соғыс қайда болса орыстар да сонда» дейді өздері. Қытай ақыл, оймен, саясатпен келеді.

Интернетте Эдуард Лимонов секілділер «Қазақстан ежелден орыстың жері», «Қазақстанды бес-ақ күнде басып аламыз» деп бөсіп жүр.

Егер тарихқа жүгінетін болсақ, Астрахань, Орынбор, Орскі, Волгоград, Саратов қазақтың жері. Саратовта, Орынборда, Орскіде қаптаған қазақ тұрады. Бірақ бұл жерлерде Қазақстандағы секілді қазақ балабақша, мектеп  аштыртпайды. Мектеп түгілі қазақ сыныбын ашпайды.

Біз халықаралық ұйымдарға сүйене отырып, заңымызды қатайта аламыз. Біздің ақпарат кеңістігіміз Ресейдің құрсауында. Онда Ресейдің саясаты жүргізіледі.

— Өскемендегі «Восточник-3»   қоғамдастығына қарасты саяжай тұрғындары аталған қоғамдастық басшысы Шушанников Г.П жиналыстарды, іс-қағаздарды орыс тілінде жүргізетінін айтып, наразылық танытуда. Шушанников іс-қағаздарды қазақ тіліне аударудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Халық наразылығын білдіріп құзырлы органдарға арызданса да мәселе шешілер емес.

Қазақстанда қазақ тілінің құқығы осылай тапталуы, жалпы елде осындай мәселе туындауына не себеп?  

— Бізде заң шикі. Барлығы айналып келе тілге тіреледі. Лингвистикада жоқ «қос тілділік», «орыс тілі ұлтаралық тіл» дегенді тауып алдық. Ресейде 400-ден астам ұлт тұрады. «Бізде 130 ұлт өкілі тұрады» дейді. Ешқандай 130 ұлт өкілі жоқ. Азғантай диаспораларды ұлт ретінде тіркеген. Қазақстанда қазақтың өзі 70 пайыздан асып кетті. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің 90 пайызы түркі тілді. Бұл дегеніміз олар қазақша біледі деген сөз. Тек бір орысқа бола барлығын орысша қылып отыр. Сондықтан Шушанниковке ештеңе істей алмайсың.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Шымкентке барып «Орыс тілі бізге құдайдың берген бағы» деген еді. Сол кезде «Сағынтаевтың бақыты бүкіл Қазақстанның бақыты емес» деп мақала жаздым. Премьер-министрдің өзі солай айтса, орысша сөйлегендерге қазақ тілінде жауап берегеніміз үшін жауапқа тартылатын болсақ, Шушанниковтің күшіне мінуі таңғаларлық жағдай емес.

Көрші Өзбекстанда ана тіліне көп мән береді. Осы ретте Өзбекстанда басымнан өткен жағдай есіме түсіп отыр. Ұстара алу үшін дүкеннің біріне кіріп, орыс тілінде бағасын сұрап едім, өзбек «Қазақша түсінеміз» деп жақтыртпай қарады. Ұялып кеттім. Кетіп бара жатқанда, «Бұл қазақтар орыс болып кеткен» деді жанында тұрған өзбекке. Дұрыс айтады!

— Ұлттық рухты көтеру үшін не істеу керек?

— Адамзаттың азаматы болу үшін ең әуелі өзінің ұлттық дәстүрін, ұлтын құрметтеу керек. Үш тілділік – ұлтты жоюдың ең оңай тәсілі. Мәселен, Олжас Сүлейменов. Оны қазақтың ақыны деп айта алмаймын. Қазақ тіліне қарсы шығып келе жатқан да Олжас, «Казахская республика» емес, «Республика Казахстан» дейтін де Олжас. Иманғали Тасмағамбетов 2006 жылы Алматыда іс-қағаздарды қазақ тіліне аударғысы келгенде, оған қарсы шыққан да Олжас. Орыстар неше рет «Орыс поэзиясының антологиясын» шығарды. Оған Олжасты кіргізген жоқ. Олжас қайтыс болғанда «Скончался великий русский поэт» деп жазбайды ешкім. Ол қазақ болып та жарытпады. Осыны біле тұра балаларының атын Олжас деп қоятындарға таңым бар.

Әңгіме адам есімдеріне ойысқан екен, онда Димаш деген есім туралы да айта кетейін. Дінмұхаммед Меңдахметұлы Қонаевты орыс достары Динмухаммед деген жоқ, «Дима, Дмитрий» деді. Дінмұхаммедтің әкесінің аты – Меңдахмет болған. Дінмұхаммед Қонавтың татар болғаны жасырын емес. Оны жағымпаз қазақтың шалдары «Димаш» қылып алды.

— Қазақ тілінің бұрмалануы, дұрыс қолданылмауы туралы көп айтасыз. Келешекте тіл тазалығы сақталмауы мүмкін деп қорқасыз ба?

— Қазақтың тілі шұбарланып болды. Теле журналистер «сұранысқа ие», «қазақтардың саны 30 пайызды құрайтын еді» деген секілді сөздерді қолданады. Ол орыстың «составляет» сөзінің тікелей аудармасы. Оны алып тастайын десе құлдық санасы жібермейді.

— Құлдық санадан арыла алмай жүруімізге не себеп сонда?  

— Халықтың рухы сөніп қалған. Соған қарамастан мақтаншақпыз. «Ержүрек, батыр халықпыз» деп мақтанамыз. Тіпті оқу орындарында тарихты дұрыс оқытпайды. Мектеп оқулықтарында да, университеттерде де айтатындары «Жоңғар шапқыншылығы». Бірақ Қазақстанда жоңғарлармен қанды қырғын болған жоқ. Ара-тұра бір-бірін шауып кетіп отырған. Абылай ханның шешесі жоңғардың қызы болған. Абылайдың екінші әйелі жоғардың қызы. Абылай жоңғар Әмірсанамен дос болған. Ал қазақтың рухын сөндірген, қазақтың тілін шұбарлап бүлдірген жоңғар да, қытай да емес, орыс. Қазақ тілінде сөйлегенде жоңғар немесе қытай тілін араластырып сөйлемейміз ғой.

1991 жылы КСРО құлағанда қазақтардың саны 10 миллион болды. Өзбектер 16 миллион еді. Содан бері 27 жыл өтті. Осы уақыт аралығында қазақтар 12 миллион болды, яғни 27 жылда 1,5 пайызға ғана өстік. Ал өзбектер 34 миллионға жетті. Мұны көбі Өзбекстандағы өзге ұлт өкілдерін өзбек деп жазғанымен түсіндірмек болады. Біз де Қазақстандағы өзбекті, ұйғырды қазақ деп жазайық.

— Тобырлық мәдениет мәселесін де көп көтересіз, қазақ жұртын ұлттық мәдениетке қалай баули аламыз?

— Халықтың қарнын тойдырып, ойын-сауықты көрсете берсең болды. Мұндай жағдайда ұлттың намысына, болашағына қатысты мәселелерді ойламайды. Бұл халықты санасыз қылудың ең қорқынышты саясаты. 27 жылдан бері осындай саясат жүріп келе жатыр. Телеарнаны қашан көрсең де ойын-сауық, әзіл-қалжыңды көрсетіп жатады. Телебағдарламалардың дені «Жұлдыздар жайнайды», «Жұлдыздар жекпе-жегі» дегенге саяды.

Ал әндердің сөздері ол бір әңгімеге арқау болатын тақырып. Мен де ақынмын. Кезінде арақты көп ішкендердің бірі менмін. Ішіп отырып жазған өлеңдерімді кейін оқысам, мас адамның сөзі екені көрініп тұр. Кей жерлерінде логика жоқ. Қазіргі әншілердің көбі айтып жүрген әндерінің сөзіне мән берсеңіз, психикалық ауытқуы бар немесе мас адамның жазғаны секілді.

Айқын Төлепберген Мұхтар Шахановтың «Көрші ауылдың баласына айырбастап кеттің мені» деген жолдарды алып, сәл өзгертіп айтып жүр. Ұятты қойған, ар-намыс жоқ.

Жерлеуге байланысты да айтып өтейін. Жанбасы жерге енді тигелі тұрған адамға арнап өлең оқиды. Бұл не деген өрескелдік, көргенсіздік? Ол қай мұсылманда бар?

Баяғыда КСРО кезінде коммунист қайтыс болғанда екі жақты сапқа қатар-қатар тұратын. Білегіне қызыл шүберек байлап сапқа тұрады. Сол құлдық санадан арыла алмай жүргендер өзгерткендей болып, қызыл шүберекті көкке алмастырып алыпты. Адам өліп жатқанда Батыстың музыкасын қояды. Оның орнына Қазанғаптың күңіренген күйлері бар. Жатқан философия. Құрманғазының «Кішкентай»  деген күйі бар. Соларды неге қоймасқа?

Фариза апамыз қайтыс болғанда академикке ақсақал ғой деп сөз берді. «Фаризаның жігіт бар еді, сол жігіт мотоциклдан құлап өлді, содан кейін бұл күйеуге тимей қойды» дейді. Ақсақалдың айтып тұрған сөзін қараңдар. Бұл біздің азғындағанымыз. Тобырлық мәдениеттің бір түрі.

Екінші, бітпейтін той. Көңіліне келіп, жүрегі жарылып кетсе де айтайын. Тойда қалталарына 5, 10 мың долларларлап ақша салып жүргіндеріміз әнші емес..

«Ең күшті композитор кім?» десе Алтынбек Қоразбаев дейді. Кеңес Дүйсекеев деген классик композитор ғой. Оның «Қарағым-ай» деген әнінің өзі неге тұрады?! Алтынбек Қоразбаев не әнші емес, не күйші емес.

Қазақтар Толқын Забировадан көрі Қарақатты артық көреді. Толқын Забирова кім? Қарақат кім?

Қазақтар Дінмұхаммед Құдайбергеннен гөрі Нұрлан Еспановты тыңдайды. Нұрлан Еспанов бір сөзінде «500-дей әнім бар» дейді. Мен ҚазҰУ-де ансамбльде ойнаған адаммын. Музыкадан хабарым бар. Еспанның бірде бір әнін білмеймін. Дінмұхаммедтен гөрі соны жақсы әнші деп айтатындар бар.

Әлішер Кәрімовті Ұлықпан Жолдасовтан артық көреді. Қазақтың өнерінің бетке ұстарлары осылар болды.

Әдебиетте солай азғындады. Кім көрінген мемлекеттік сыйлықты алады. Біреу жасы келгенін айтып сыйлықты алып жатыр. Сыйлық деген адамның жасына, ауруына, ер баланың жоқтығына берілетін сыйлық емес.

Нұрлан Оразалин Жазушылар Одағының басшысы болып тұрған тұста бір күнде 40 адамға «Алаш сыйлығы» берілді.

Осының бәрін билік басындағылар көріп отыр. Тобырлық мәдениетте өмір сүріп жатқан халықты басқару оңай. Ұрпағының ана тілінен айырылып жатқаны, жерімізден, байлығымыздан айырылып жатқанымыз, келер ұрпақ әркімнің құлы секілді өмір сүреді дегенді ойламай, Қайрат Нұртасқа, Ернар Айдарға тойында ән айтқызып жүргеніне мәз. Надан халықты билеу, басқару оңай.

Көкке көтеріп отырған Абайымыз орыстың қазақтарға көрсеткен езгісіне куә болды. Орыстар тілімізді дінімізді бұзды, жер-жайлауымызды тартып алып жатты, қорлықтың көкесін көрсетті. Абай ол уақытта болыс, әкесі сұлтан болды. Абайдың заманында отаршылық саясаттың шырқау шыңына жеткен шағы еді. Қазақтың әбден орыстың табанының астына түскен кезі. Абай соның бәрін көзбен көрді, бірақ Абайдың бір өлеңінде немесе қара сөзінде орыстың отаршылық саясатты жүргізіп отырғаны, қазақты тілінен, жерінен айырып жатқаны туралы бір ауыз сөз жоқ.

Абай өлгеннен бері жер, су, климат, ауа-райы, табиғат, адамның психологиясы, мемлекеттік құрылыс өзгерді. Бірақ әлі күнге дейін Абайды аспандап жүргеніміз дамудың жоқтығы. 1904 жылы қайтыс болған адамға табына беруге болмайды.

— Сұхбатыңызға рақмет!