Қалмақтың Мұқырысын ұлықтап, қазақтың Бағайын ұмытқанымыз елдігімізге сын!

20 Тамыз, 2018 сағат 12:37

Қалмақтың Мұқырысын ұлықтап,

қазақтың Бағайын ұмытқанымыз елдігімізге сын!

Исламғали Үркімбайұлы

Ел шетіне жау тигенде жүрегінде намыс оты бар әр қазақ аттандап атқа қонғаны тарихтан мәлім. Олардың ішінде жаужүрек батырлары да, ержүрек батылдары да бар еді. Әр өңірді, әр ауылды, туған жерін жау таптамасын деп, аналары еңіреп  әкелерін жоқтамасын деп, қыздарын қорлап, балаларын жылатып жетім етпесін деп сойыл ұстауға жарайтын ер-азамат батырлар бастаған жасақтарға қосылды. Солардың бірі де бірегейі Арқас Алатауының  етегіндегі  Шежін ауылында дүниеге келген  Елшібек бабамыздың ортаншы ұлы Бағай батыр еді.

Біздің есептеуімізше Бағай Елшібекұлы 1703 жылы дүниеге келіп,1733 жылы 30 жасында өмірден өткен. Ол  аңызға құрылмаған, тарихта болған адам. Оған дәлел, әйгілі Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында және Абылай ханның ақылшысы  Бұхар жыраудың өлеңдерінде есімі бірнеше жерде нақты айтылатыны. Мысалы:

Бағайым аз Суаннан,

Ат жалын тартып мінгенде,

Бүкіл елі қуанған – дейді ұлы жырау.

Бағайдың қайраты мол,қара күштің иесі болғанын да Бұхар абыздың  жырларынан  білеміз.

Достын жаудан айырған,

Тағыны таңнан қайырған.

Қасқары ұлы Молдабай,

Қара күші мол Бағай,

Бәрің батыр, бәрің бек,

Тұрсың-ау, ығай мен сығай..,-дейді батырларды мадақтау жырында.

Жырда айтылғандай,  батыр жасынан қара күш иесі болғанын туған-туыстарының естелік әңгімелері де дәлелдей түседі.  Бозбала кезінде, інісі Шобыр екеуі қалмақ батырына кездейсоқ кездесіп қалады. Балаларды қолға түсіріп, құлдыққа  алып кетпек болып, тізгінінен алып жетектеп келе жатқанда ердің артына секіріп мініп, жаудың қолдарын артына қайырып ұстағанда, інісі байлап болғанша тырп еткізбеген оқиғасы ел ішінде бүгінге дейін аңыз боп айтылады. Он үш-он төрт жастардағы бозбаланың қолынан тісқақты батырдың қанша бұлқынса да құтыла алмай, пұшайман халде  қақпанға түскені, Бағай баланың қайратының қаншалықты екенін байқатса керек.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың бел ортасында жүріп кітап жазған әйгілі ғұлама, батыр бабамыз Шапырашты Қазыбек бек Тауасар ұлының сол майданда жүріп жазған аталмыш кітабында Суан-Бәйтүгей – Елшібек- Бағай батырдың ерлік жолы ерекше баяндалған. Сол ерліктерінің ел есінен мәңгілік орын алғаны – қалмақтың Мұқыры атты батырының Текелі ойпатындағы жекпе-жекте басын алып, жаудың тізесі батқан ел-жұртының кегін қайтарғаны. Мұқырыны жер жастандырып келген Бағай:

-«Бек аға, – деді жылап жіберіп, дейді автор, – бүкіл Жетісу өңірінің қазақтарын осы Мұқыры мен оның ағайындары қанқақсатып, көрсетпеген қорлығы жоқ еді, құдайдан айналайын, бұ дүниенің қысастығы о дүниеге кетпейді деуші еді, Құдай қашан ыңғайын берер екен деп жүруші едім, сәті түсті, өшімді алдым, – деп жас баладай жылап жіберді»-  деген жолдар бар. Жауынан кек қайтарып Мұқырыдай алыптың басын шапқан қайсар батырдың, елінің көрген қорлығы үшін жас баладай еңкілдеп жылап жібергені оқыған адамның жүрегін тебірентері анық. Елін сүйген ер осындай-ақ болар!

Осы ұрыс болған Текелі ойпатындағы жер «Мұқыры өлген жер» деп аталып, кейін сонда орналасқан елдімекен күні бүгінге  дейін Мұқыры ауылы деп, ауыл жанынан ағып жатқан өзен – Мұқыры өзені аталып келеді. Ал,басын бәйгеге тігіп Мұқырыны жер жастандырып, елінің кегін қайтарған  қазақтың хас  батыры Бағайдың атында ештеңе жоқ. Бұл не, біздің тарихқа талғамсыздығымыз ба, әлде батырлардың көптігінен оларды бүгінгі ұрпақ еске алуға ерінгені ме?

Небәрі отыз үш жасында жаумен алысып жүріп жан қиған батырдың өмір тарихына келер болсақ, біреулер аңыз етіп айтып жүргеніндей Бағайдың  әкесі Елшібектің қырық ұлы болмаған. Некейті, Сарықыз аталатын екі әйелінен  алты ұлы ғана болған, (қазақ қыздарын шежіреге жазбаған ғой). Некейтіден Құлшық, Таймас деген екі ұлы бар. Таймас батыр болған адам. Ал Сарықыздан Ырыс, Төлеке, Бағай, Шобыр атты төрт ұлы болған. Үшінші ұлы Бағайды жасында жеңгелері «Қара бала» атап кеткендіктен, кей мәліметте осылай делініп жүр. Бүгінде Ырыс, Төлеке, Шобырдан тараған ұрпақ бармыз. Әттең, Бағай бабамыз жерін жаудан тазалаймын деп үнемі ат жалында,  ұрыста жүргенінің кесірінен үйленіп, ұрпақ қалдыра  алмаған екен.

Ел азаматтары мен зиялы қауым бүгінге дейін қарап отыра алмай  батырдың есімін ұрпаққа ұлағаттау мақсатында аз да болса қолдарынан келген тіршіліктерін жасап келеді. Бүгінгі Текелі ойпатындағы Мұқыры аталатын ауылды Бағай батырдың атына беруді ұсынып Талдықорған қаласының тұрғыны  Байнөсеров  Ғабдолла  Балабекұлы  2010 жылы  облыстық «Жетісу» газетінің 23.09.2010. №110-111 санына  «Бағайды біле ме екен бүгінгі ұрпақ?»  атты және сол жылы  «Алатау» газетінің  (26.08.2010ж. №35)  санына  «Мұқырыны өлтірген Бағай батыр» атты мақала жариялаған еді. Панфилов ауданының халқы мақалада көтерілген мәселеге бірауыздан қолдау білдірген. Жергілікті қаламгерлер де мерзімді баспасөздерге мақалалар, ұсыныстар, өлеңдер жазды.  2012 жылы осы жолдардың авторының  «Бағай батыр»  атты  тарихи дастаны жарық көрді. Бағай өмірге келген бұрынғы «Жеміс-жидек совхозына»,  сол ауылдағы жоғарғы санатты тарих пәнінің мұғалімі Баймолда Ахметтің тер төгуімен «Қырыққұдық» деген тарихи атауы қайтарылды.

2012 жылдың сәуір айында аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі мен аудандық Спорт мектебінің  бірлесіп ұйымдастыруымен  Панфилов  ауданында Грек-Рим күресінен жасөспірім палуандар арасында « Бағай батыр Елшібекұлы» атындағы жүлде үшін Халықаралық  турнир өтті. Бұл жарысқа еліміздің Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Орал, Семей, Өскемен, Талдықорған қалалары мен облысымыздың Көксу, Ақсу,Сарқан, тағы басқа өңіріндегі грек-рим күресінің шеберлерімен бірге Қытай Халық Республикасының  палуандары да  күш сынасты. Жергілікті ұрпағының атсалысуымен Батырдың суреті бедерленген алтын, күміс, қола медальдар жасалып, естелік ретінде жеңімпаздардың мойындарына тағылды.

Бұл айтылғандар, аудан жұртының  намысын жанып, жас ұрпағымыз батырын танып қалсын  дегенге ғана жарайтын шаруалар екені белгілі.

Бүгінгі Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында  міне осындай, кезінде ерліктері  ерен болса да елеусіз қалған, елім деп еңіреп жүріп қыршынынан қиылған батырларымыздың рухын тірілтіп, есімдерін  мәңгілік есте қалдырарлық іс тындыру деп түсінеміз. Ендеше, Бағай батырға «Мұқыры ауылының» атын қайтарып, Панфилов ауданы Қырыққұдық ауылындағы мектептің атын, Жаркент қаласынан көше атын беретін кез келгені анық! Бұл бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан  азаматтары үшін үлкен сын!

 

Исламғали Үркімбайұлы

Қазақстан Жазушылар және

Журналистер Одағының

мүшесі, Панфилов ауданының

Құрметті  азаматы

Abai.kz