Гималайды бағындырған Елісхан батыр

Мұрат Алмасбек

Abai.kz 

 

Гималайды бағындырған

Елісхан батырға ас берілді

           Қазақтың таяу заман батырларының ішінде Елісхан Әліпұлының есімі ерекше аталуға тиіс. Себебі, қазақтың арғы-бергі тарихында болмаған бостандық көшін бастап, мұз құрсанып, қар жастанған атақты Гималайдан асқан ел серкесі. Шыңжаңның Құмыл аймағы, Баркөл жерінен басталған осы көш қытаймен қидаласып, дүңген, мұңғұлмен шарпысып, таңғыт, тибетпен теке-тіресіп, үндімен де қақтығысып, небір қиындықты бастан кешкен. Бұл туралы жазушы Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романында жан-жақты баяндалады.

Елісхан Әліпұлының арғы аталары Құмылдың Баркөл өңіріне Алтай аймағынан көшіп барған екен. Әкесі Әліп Жамысбайұлы Баркөл жерінде үкірдайлық мәнсабыр бар, ел басқарған, қол бастаған батыр болған. 1930 жылдары Шыңжаңды билеген қытай ұлығы Жин Шурынға қарсы Қожанияз бастаған ұйғыр көтерілісі туады. Дін мұсылман бауыр ретінде бұған алғашында Баркөлден Әліп те қолдау білдіреді. Кейін олармен талап-тілектері үйлеспей қалады. Бірақ, Қожанияз көтерілісін басуға шыққан қытай шеріктері Әліптің ауылын басып алып, оларды «Қожаниязға қолдау көрсеттің» деген сылтаумен қырғынға ұшыратады. Еңкейген кәріден, еңбектеген баласына дейін аман қалтырмайды. Ішінде Әліп батырдың өзі бар, жүздің үстінде адам қанға батады. Бұл кезде Елісхан мен Әліптің інісі Қожақын бастаған жасақтар басқа бір елдік шаруамен алысқа сапар шегіп кеткен еді. Кейін олар қайта айналып, қырылған ауылды бір-ақ көреді. Содан бастап, қытай билігіне жүректе қатқан кек ерімейді…

Елісхан (1908-1943) жылдары өмір сүрген батыр. Ауылы қырылып, әкесі мен жақын туыстарынан, аяулы жары мен балаларынан айырылған ол қалған елін бастап, шығысқа ауа көшеді. Үдере тартып Гансу, Чиңхай өлкелеріне дейін барады. Одар ары Тибет жеріне өтіп, сол арқылы Үндістан, Пәкістан жеріне асып, Түркияға баруды көздейді. Олай етпеске амал да жоқ еді. Өйткені, жауыз қытай билігіне еш сенім қалмаған. Бұл кезде Жин Шурынның орнына келген Шың Шысай деген әккі билеуші Шыңжаңды қанды қасапқа айналдыруға дайындалып жатқан.

Елісхан батыр, Зайып тәйжі, (бұл кісі жолда көз жұмады) Құсман тәйжі Зайыпұлы бастаған ел он жылға таяу уақыт боса көшіп, небір қанды, қаралы күндерді бастан өткізеді. Оларды дүңген де шабады, таңғыт, тибеттер де тонамақ болады. Бірақ, қандай қиын күнде де басын имейтін, намысын жатқа бермейтін Елісхан баһадүр белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тірсегін қиып отырады. Әрине, көшкен елді жасанған жау, бұрыннан қоныстанған жалпақ ел кейде ығыстырып та жібереді. Бірақ, Елісхан бастаған жаужүрек жігіттер оларға үнемі тойтарыс береді. Осы барыста Елісхан еліне ерекше қорған болады. Азуы алты қарыс көкжал бөрі текті батыр білектің күшімен де, сөздің десімен, өзінің мысымен де ешкімге есе жібермейді. Бір ерекшелігі – Елісханның қытай, мұңғұл тілдерін білетіні. Зеректігінің арқасында барған жерінде таңғыт, тибет тілдерін де игереді. Жас кезінде Үрімжіде әскери тактика үйренгені бар еді. Қиянкескі шайқастарда соны да пайдасына жаратып, қытайдың өзіне қанжар қылып қадайды. Айта берсе, бұл ұзын сонар хикая талай таңға жүк болмақ. Ең соңында, Елісхан бастаған әлемдегі ең биік тау Гималайдан асып, Үндістан жеріне өтеді. Жолда талай есіл ер, ардақты ана, қыршын жас, күнәсіз сәбидің өмірі қиылады. Бұл кезде Алтай бетінде жауыз Шың Шысай билігіне қарсы Есімхан, Рысқан, Ақтеке бастаған көтеріліс «лап» ете түскен. Кейін оны атақты Оспан батыр жалғастырады… Өкінішке орай, бұл азаттық күресте Елісхан батыр жоқ еді. Ол босқын ауылын бастап, үнді асып кеткен болатын…

Үнді жеріне өткеннен кейінгі қазақтардың тағдыры да қиына соқты. Елісхан батыр 1943 жылы ауыр науқастан Үндістанда қайтыс болды. Сүйегі сонда жерленді. От пен оқ кешіп жүріп, елін қауіпсіз қонысқа жеткізген есіл ер осылай көз жұмады. 1951 жылы босқын қазақтарға арт жақтан Қалибек Хакім, Дәлелхан Жанымханұлы, Құсайын тәйжі, Солтаншәріп Зуқаұлы бастаған ел қосылады. Ақыры олар көп қиындықты бастан кеше жүріп, Анадолы жеріне жетеді. 1952 жылы Түркия үкіметі Бас министр Аднан Мендерестің басшылығында қазақтарды өз еліне қабылдап, оларды Үндістан мен Пәкістаннан көшіріп алады. Осылайша Алтайдан ауған ел Түркияға қоныстанып, кейін бірте-бірте Еуропаға таралды. Бүгінде, олардың ұрпағы бейбіт өмір кешіп, өсіп-өнуде.

Биыл Елісхан батыр Әліпұлының 110 жылдық мерейтойы. Бүгін Стамбұлда тағдырлы батырға арнап ас берілді. Оған мыңға тарта адам жиналды. Асқа батырдың көшімен бірге ауып, кейін Пәкістанда қалып қойған елдегі ұрпақтары арнайы келді. Еуропадан Норвегия, Швеция, Германия, Франция, Австрия қатарлы мемлекеттердегі қазақ диаспоралары мен Стамбұлдағы бес қазақ мәдени орталығы қатысты. Сондай-ақ, Қытай мен Моңғолия қазақтарының Түркиядағы өкілдері болды. Қазақстаннан арнайы қонақ ретінде Астанадан жазушы Жәди Шәкенұлы, Алматы қаласынан «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия шақырылды. Басқосуда Еуропа қазақ мәдени қауымдастықтарының төрағасы Мұрат Ерміш, Франция қазақтары мәдени қауымдастығының төрағасы Мұстафа Услужан және өзге де қазақ мәдени орталықтарының өкілдері болды. Сонымен қатар, асқа жергілікті билік өкілдері қолдау көрсетіп, жиынның ішінде болды. Ал, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі Елісхан батырдың 110 жылдық еске алу асына құттықтау хат жіберді.

Айта кетерлігі, аста жазушы Жәди Шәкенұлының «Ел бастаған Елісхан» деректі кітабынының тұсауы кесілді. Осылайша, елі үшін еңіреп өткен ұлт-азаттық батырының есімі ел есінде қайта жаңғырды. Бәрінен бұрын, асқа келген жас ұрпақ өткен тарихқа ой жалғап, ізі суып бара жатқан көш жолын, оны бастаған Елісхандай батырдың болмысын зердесіне тоқыды. Аста марқұмға арнап құран бағышталып, хатым түсірілді. Алдағы уақытта да батырдың есімін есте берік сақтап, атын жаңғыртып отыру керектігі айтылды.  Еске сала кетейік, асты ұйымдастырушылар «Қожа Ахмет Яссауи» қоры және адвокат Ибраһим Мутлу мен Мүбәрак Шалшқан бастаған азаматтар бастамашы болды.

«Батырлардың өмірі батып бара жатқан күнмен тең» деген сөз бар. Ол рас. Батырдың бары халқына арналған. Қажет кезінде құрбан болуға дайын. Бірақ, оның батқан күндей өмірі, келешек ұрпағына шығыстан қайта жарқырап туған күн болып оралады. Оған Елісхан батыр Әліпұлының ерлігі мен тағдыры куә.

Батырдың аруағы риза болсын! Есімі ел есінде жатталып, рухы ұрпақтың бойына қонсын!

Мұрат Алмасбек

Abai.kz