Сымбат Демесинова для Дүние жүзі қазақ қандастары
Амир Молдабеков поделился публикацией
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
Қарағанды облысы,
«АДЫРНА».
«Мен Көктің ұлымын, сен құрты жердің…»
Біздің еңсеміз түсіп езіліп отырған жайымыз бар. Білетіндердің айтуынша Рух жұпыны. Бұл қалай сонда? Кеше ғана алшаңдап басып, асқақтап жүрген тәкәппар халық едік қой. Бұл күнде кеудеміз қабысып сүмірейе қалыппыз. Неліктен? Әлде жан-жақтан ағылған әр сарындағы дін дәтімізді құртты ма? Мүмкін батыс пен шығыстың мәдениеті толқынының ортасында сең соқты? «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері де.
Бірақ, міне қараңызшы, тағы бір қателік жібердік. Өзімізді шыбынға телітіп қойдық. Осымыз дұрыс па?! Өзін биік, өр санамайтын халық алысқа қалай бармақ? Бір шетімізде ұлы дала Азия, екінші шетіміз Еуропа, ортасында біз – Қазақия. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орында тұрмыз. Әлімхан Ермеков пен Ленин Қазақстанның шекарасын анықтауда бес сағат кеңесуінің мәні енді түсінікті. Күн көсемі Алашордашылардың дегеніне көнсе қандай елден, жерден айрылатынын жақсы түсінген. Асты үсті бірдей қат байлық, құтты жерден қағыларын сезген. Бүгін санын соғып байбалам салып Жириновский жүр. Оның айтуынша қазақта мүлдем жер болмапты. Қазақ деген халықта жоқ көрінеді. Біз көктен түсіппіз. Не деген «оттаубай» әңгіме?! Көп әумесерлер оны шындыққа жорыды. Ал іргеміздегі қытай жас жеткіншектеріне тарих сабағында «Әбілқайыр Қазақияның жарты жерін бізге берем деп уәде еткен» деп оқытып жатыр. Олар да мына кең байтақ даламызды өзімсініп, иемденуді емексітеді. Екі шетімізде жең астынан жұдырық түйген көршілеріміз бар. Одан қалды бар болсаң, көре алмайтын, жоқ болсаң, бере алмайтын мысық тілеу Өзағаң баласына: «Қозақ болма» деп ұрсады. Онысы ақымақ болма дегені. Әйтеуір қазаққа төнген кемсіту мен кекесін. Еңсеңді басқан зұлмат ойлар. Әрине оның бәрі қызылкөздіктен, қызғаныштан шыққан сөздер. Бірақ, сөз көңілдің айнасы емес пе. Ішіндегі ойы осы. Оның бәрін былай қойғанда өзіміздегі өзге ұлт өкілдері де қазаққа мұрын шүйіре қарайды. Оның да куәсі болдық. Бір күні автобуста келе жатқанбыз. Бір қазақ ағамыз ішіңкіреп алып: «Біздің тарих, біздің тарих» деп әлдекімге даурыға әңгіме айтып келеді. Онысы елдің берекесін кетірді білем, бір орыс әйел атып түрегеліп ана ағамызды жерден алып, жерге салды. Ең соңында «сенде не тарих бар?» деп қойып қалды. Әй, соры қайнаған ағам-ау, бағанадан «біздің тарих, біздің тарих» деп көлгірсігенде сондай едің ғой, енді жауап берсеңші. Жоқ, оның тілі күрмеліп, мұрын астынан міңгірледі. «Ит екенсің» дедік ішімізден ызамыз кеп. Тарих білмесең, өткеніңмен мақтана алмасаң, кердеңдеп нең бар? Масқара болғанымыз-ай! «Сенде не тарих бар?». Осы кекесінді үн көкейден кетпейді. Өзге ұлт өкілдерінің бізге неліктен мұрын шүйіретінін де енді түсіндім.
Таяуда М. Қарғабаевтың «Көшпенділердің Атлантидасы» атты кітабы қолыма түсті. Шынтуайтына келсек, кітап орысша жазылған. Өмірімде бірінші рет қазақтың орыс тілінде жазғанына қуандым. Неге дейсіз ғой. Бұл өзге ұлт өкілдеріне біздің тарихты оқытатын, жетесіне жеткізетін кітап. Автор қытайдың «Құпия тарих» және маңғолдың «Алтан товч» жылнамасына сүйене отырып, Темужин қағанның қол астында біздің түріктердің соғысқандығын ашып айтады.
Кезінде көшпенділер өмірінен хабары кемшін батыс ғалымдары көп нәрсенің мәйегіне жетпей, жаппай маңғол атандырған Шыңғысханның қалың қолы біздің аталарымыздан құралған болып шықты. Жарты әлемді жаулаған біз екенбіз. Бұл мақтануға тұрарлық дүние ғой. Темуджиннің анасы Өлуен қоңырат қызы. Әкесі Есугей Керей ханымен анда (анттас) болған. Ең бастысы біздің бабаларымыз да, Тимужин де көк тәңірге табынған. Ол өз тілінде Тенгри деді, біз Тәңір дедік. Бір-бірінен қыз алысып, қыз беріскен жұрт. Бауырлас ел. Тіпті, бүгінгі маңғол атауының астында да түркі тектес тайпалар бар.
«Орыстың бетін тырнасаң, татар шығады» дегені сияқты маңғолдың бетін тырнасаң түік бауырымыз шығатын болып тұр. Рашид-ад-диннің маңғолдарды түркілер деуінің негізі осы. Тарихта маңғол-татар шапқыншылығы деген атау бар. Дұрысында ол маңғол-түркі шапқыншылығы болса керек-ті. Осының бәрі алтын әріппен жазылатын тарих емес пе? Шыңғысханды былай қойғанда Ғұн империясының өзімен ақ мақтануымызға болады ғой. Қазір қытайдың қоржынын қампитып, туризмнің қайнаған нүктесіне айналған «Ұлы қытай қорғаны» қалай салынып еді? Хань империясының ханшасын қағанымызға беріп, өздері «іргемізді аулақ салайық» деген ниетпен қамалдың арғы басына тығылғанын неге айтпаймыз. Қытайдың бір кезде біздің бабаларымызға алым-салық төлегенін осы жұрт біле ме? Кейіннен Атты Еділ бастап, Еуропаның шаңырағын шайқаған да осы Ғұндар емес пе? «Құдайдың жіберген тажалы» деп, Еуропа халқының зәре құты қашпап па еді Атты Еділден. Ол аз десеңіз Тоқтамыс ханның Мәскеуді өртеп, күлін көкке ұшырғаны да тарих. Қыпшақ даласынан құлдыққа алынып, Мысырда сұлтан атанған Бейбарыс та біздің бабамыз. Данышпан ғұламаларымыз да бар. Еуропада оқымыстылар дін өкілдерімен қуғындалып, өртеліп жатқанда оқу-ғылым шығыста жақсы дамыды. Астролог та, математик те, физик те шықты бізден. Кейін Еуропа бәрін өз атына көшіріп алды. Медицина сөзі Ибн-Синаның атынан шыққан дегенге өз басым сенгендеймін. Қ. Мырза-Әлі: «Біздің тарих қалың тарих, бірақ та мұқабасы жұп-жұқа» дейтіні осыдан шығар. Тарих бар, тек білетіндер аз. Өткеніңмен мақтана алмасаң, өзге ел сені не деп сыйламақ. Өмір бақи түйе баққан малай қазақ деп танымай ма? Рас, біз әлі құлдық мінез-құлықтан айрылған жоқпыз. Мысырдан кілең құлды жинап алып, ел қылам деген Мәсіх пайғамбар шөл далада 40 жыл жүріпті-мыс. Оған біреу наразылық танытып: «Ей, Мұса! Халқың шөлде қырылатын болды ғой дегенде » ол: «Құлдықты көрген ақырғы адам осында өлмейінше біз тапжылмаймыз» деп жауап қайырыпты. Бүгін әлемді билеп отырған Жойыт (еврей) халқы бір кездері Мысыр перғауынының құлы еді. Қандай азат, биік рухты ел болып шықты бүгін. Біздің халықтың әлі де еңсесі төмен. Орысқа бодан болғанымыз өзекке құрт түсірді. Теңгеміз екі тілде жазылады. Тіліміз жесір, діліміз жетім. Қазақ қазақпын деп мақтана алмай қор болып жүр. Ойлап қараңызшы. Әлемдегі ең таза қан қазақтікі. Немістер өздерін «көгілдір қаннанбыз» деп, ақсүйекпіз деп әлемге жар салды. Бос сандырақ. Нағыз ақсүйек халық қазақ қана. Оның бойында ғасырлар бойы жиған тектілігі бар. Жеті атасынан қыз алыспайтын қазақтың қаны таза болмағанда басқа кім? Біздің тақтан түскеніміз кеше ғана. Еңсемізді тіктеп, қайта ұран салып, ұлттық Рухты көтеру керек. Еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне тарихымызды Сақ, Ғұн, Қыпшақ, Үйсін, Керей қағанаттарынан бастап оқыту керек. Содан кейін сұрап көрсін «сенде не тарих бар?» деп. Егер сұрай қалса:
Мен көктің ұлымын,
Ол құрты жердің…
Пенделігін, кенделігін сезбепті.
Табанға сап құртып едім,
Өлмепті,
сорлы Құрт!
Мес астауға толтырып,
Басыңды кесіп салғанда,
Ханыңмын деп айтып Хандарға,
Алшаңдап жүргенде жалғанда,.
Мен Сақ, Түркі едім…
Көзінен ағып сорасы,
Боздаған күнін ұмытты.
Күн астының баласы,
Сорлаған күнін ұмытты.
Тас қамалға тығылып,
Безінгенін ұмытты.
Аяғыма жығылып,
Езілгенін ұмытты.
Ей, құлдардың баласы!
Жүргеніңде,
Қу ағашқа табынып,
Құдай санап пұтыңды.
Қабыландай қабынып,
Жолбарыстай шабынып,
Қашырмап па ек құтыңды.
Мен Түріктің баласы,
Тәңірі тектес ұл едім.
Сен сонда кім едің?
Босағамдағы құл едің,
Табан астында жүр едің.
Қызыңды күң қып,
Ұлыңды құл қып ерледім.
Көктің ұлы мен едім!
Түркі едім!
Сен жердің құрты едің…(Ж..Ж.) – деп тепсіне жырлау керек. Біз қазақпыз, ақсүйек қазақпыз. Қырғыздар айтатын маңқа қазақ біз емес. Өзбектер айтатын ақымақ қозақ біз емес. Біз патшалардың патшасы, хандардың ханы болар қазақпыз. Қазақ анасының жатырына әлі де алтын айдарлы ұл бітер. Ендігі тырбанып та жатқан шығар. Үміттіміз, көтер еңсеңді, көк бөрілі байрақты, көк тәңірісінің ұлы…
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
Қарағанды облысы,
«АДЫРНА».