Қытайдың отыз алты қулығы

  • Abai.kz
  • Дайындаған – Т. Тұран

Сәрсенбі, 11 Шілде 2018

 

Қытайдың отыз алты қулығы 

 

Қытай мемлекетінің айласы туралы “Замана” газетінде танымдық мақала жарияланыпты.

Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандар көрші елдің айла-шарғыларымен

таныс бола жүрсін деген ниетпен аталмыш мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

Кейінгі кездері Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы тереңдеп келеді. Ал біздің бұл ел туралы білетінімізден білмейтініміз көп. Ал көбірек біле жүрсек, одан пайда көрмесек, зиян шеге қоймаспыз. Негізінен ежелден келе жатқан бұл алып елдің құпиялары аз емес. Солардың бірі – «Қытайдың 36 айласы». Таяуда ғаламторда ол туралы бір азаматтың еркін аудармамен жазған дүниесі жарияланыпты. Оқып көрдік. Сосын оны оқырман назарына ықшамдап ұсынуды ұйғардық.

…«Отыз алты айла» («Қытайдың 36 қулығы» деп те аталады) – әуел баста соғыста, сосын саясатта, мәдениетте, экономикада, тұрмыста қолданылған қулық-сұмдықтар топтамасы. Ол сонымен бірге адамдардың жеке қарым-қатынастарында, көп жағдайда алдамшы немесе қалыптан тыс әдістерге сүйене отырып бірқатар айла-шарғыларды қолдану туралы қытай тілінде жазыл¬ған арнаулы шығарма. Оны заманымыздың V ғасырында, Қытайдың Лю Сун патшалығы заманында  Tан Дао¬цзи  деген әйгілі генералы ежелгі кітаптардағы қытай қулық-сұмдықтарын жинақтап, өзінің соғыс амалдарын қорыту арқылы жазып қалдырған.

«Соғыс атаулының бірі ғана соғыс, тоғызы қулық» деген сөз бар. «Соғыста ұят болмайды» деген де пікір бар. «Отыз алты айла» кезінде арнаулы түрде соғыс үшін ойластырылған қараңғы амал-тәсілдер есептеледі. Онда этикалылық, адамгершілік ескерілмеген. Көбінесе соғыстың мақсаты жеңу екен, ендеше жеңіске алып барған кез келген тәсіл дұрыс тәсіл дегенге негізделген. Әрине, бұл айла-шарғылар қазір тек соғыста ғана қолда¬нылмайды, ол кез-келген салада, күнделікті тұрмыста, саясатта, экономикада, саудада, спортта, адам аралық байланыста қолданылады. Әр ұлттың өзіндік «36 қулығы» бар, тек ішіндегі ең жүйелі және өнімдісі қытайдікі болса керек. Әрине, қулықты білу қу болу үшін емес, ең маңыздысы қулыққа төтеп беру үшін, ең бір сәтсіз кезде қиындықтан шығу үшін, жамандықпен күресу үшін, сол қулықтардың өзіне төтеп беру үшін болмақ. Қазіргі әлемдегі текетірестер мен бәсеке-лестіктерде, тіпті қақтығыстарда осы қытай 36 қулығының ізі байқалады.

Қытайдың отыз алты айласының негізгі мазмұны мен мағынасы төмендегідей:

  1. Жеңу айлалары

Бірінші айла:

Аспанды алдап теңізден өту айласы  – көрініп тұрып көрінбеу, яғни көз үйренген нәрсеге адам күдіктенбейді. Демек, көз үйренгендей үйреншікті жал¬ған көрініс жасау. Қарамаққа ашық болу, бірақ сол ашықтың тасасында жеңіске апаратын жабық құпия жасыру.

Екінші айла:

Бірін құтқарып, бірін қоршау айласы – топтасқан жаудан бөлшектенген жау оңай. Демек, жауыңды бөлшектеу, жауың¬ды қолдаушылардан айыру ең басты ереже болуы керек. Сондай-ақ алдымен жаудың әлсіз тұстарын тал¬қандап, сосын күшті бөліктеріне ауысу керек. Сондай-ақ соғыс жау¬дың территориясында болуы¬на қол жеткізудің өзіндік маңызы бар.

Үшінші айла:

Біреудің пышағын қарызға алып адам өлтіру айласы  – Басқалардың қолымен адам өлтіру. Өз күшіңді ысырап етпей, өзгелерді жауыңа қарсы салып, басқалардың күші арқылы жеңіске жету.

Төртінші айла:

Жауды жұмыс істетіп дем алу айласы  – қаталдық пен жұмсақтықты алма-кезек қолданып, жауды титықтатып құрту. Бұл айла бойынша қоршауға түскен жау қорғанамын деп қуатын сарқиды, сөйтіп  әлсірейді. Сол орайда күшейіп, ырықсыз күйді жеңу керек, бірақ бірден шабуыл¬ға өтпей жаудың өз-өзінен күйреуін күту керек. Бұл жауды шаршатып, өз қуатын арттырып жеңіске жету айласы есептеледі.

Бесінші айла:

Топалаңда тоқаш ұрлау айласы  – жауың бір бәлеге ұрынып, қатты қиыншылыққа ұшырағанда орайды қалт жібермей мақсатыңа жету. Жығылған кезде жұдырықтап үлгіру, ес жидырмай соққылау. Жауға ешқашанда жанашырлық танытпау.

Алтыншы айла:

Шығыстан қылаң беріп, батыстан соққы беру айласы  – бетінде күліп, құшақтап тұрып, арқадан пышақ ұру. Оңнан былай, солдан олай шығу, сөйтіп жауыңды қаймықтыру, есін шығару, алдап торға түсіру;

«Соғыс деген – қулық деген. Қабілетті болып тұрып қабілетсіз көрінуің керек. Қолданып тұрып қолданбағандай болуың керек. Жақын тұрып алыс көрінуің керек. Алыс тұрып жақын көрінуің керек». (Сунь Цзы).

  1. Жаумен байланысу айлалары

Жетінші айла:

Жоқтан бар жасау айласы  – жалғанды расқа айналдыру; ашық-әшкере көрініп, жал¬ған көрініс жасап, жаудың күдігін арттырып, сасқалақтаған сәтте бас салу.

Сегізінші айла:

Көрінеу¬де жол жасап, көмескіде көпірден өту айласы  – жау¬дың ішіне кіріп, алып, ішінен ыдырату, жалған өсек тарату, бір-біріне айдап салу.

Тоғызыншы айла:

Қарсы жағада өртті тамашалау айласы  – егер жаудың ішінде алауыздық өршіген кезде жауға соққы берсең, олар алауыздықты тастап, саған қарсы біріге бастайды. Сондықтан алауыз¬дық туылғанда одан алыстау керек, сонда алауыздық асқынып, жау быт-шыт болады.

Оныншы айла:

Күлкінің артына пышақ жасыру айласы  – орайы келмеген кезде барынша ақкөңіл, бейшара, аңқау, сабырлы болу, бірақ құпия түрде барлық әзірлікті толассыз жасау, жағдай пісіп-жетілгенде арыстандай айбаттанып шыға келу.

Он бірінші айла:

Бір ағаштың амандығы үшін екінші ағашты кесу айласы  – зиян¬ды, жеңілісті, сәтсіздікті, жамандықты пайдаға айналдыра білу, жамандықтың, зиянның, өз қателігіңнің бойынан жақсылық пен пайда қарастыру.

Он екінші айла:

Ебің келсе ешкі жетелеу айласы  – ілік іздеу, азырақ тесік болса соның кеңеюіне, азырақ жыртық болса соның дал-дұл болып жыртылуына қол жеткізу. Жаудың азырақ қателігінен толық пайдалану, ине өткен жерден жіп өткізу.

  1. Шабуыл айлалары

Он үшінші айла:

Сабанды сабалап жыланды шошыту айласы  – жауды толық барлап, бақылап алмай іске кіріспеу, күдікті нәрселерді абайлау, қақпан басудан сақтану, әр қадамды сенімді аттау.

Он төртінші айла:

Өлікті тірілту айласы  – пайдалыны тізгіндей алмасаң пайдаланба (беліңе көтере алмайтын шоқпар байлама), пайдасызды қолдануға шамаң келсе пайдалан, егер пайдасызды тізгіндей білсең, бас¬қаларды да тізгіндей білесің. Пайдасыздан пайдалы жасаудың жолын білу керек.

Он бесінші айла:

Жолбарысты таудан түсіру айласы  – жауды үрейлендіру арқылы өздігінен алдыңа келуіне қол жеткізу. «Қорыққанға қос көрінеді» дегенді толық кәдеге жарату. Жолбарысты тауынан айырсаң оны соғып алу оңай.

Он алтыншы айла:

Ұстау үшін босату айласы  – жау¬ды қашырсаң, онда оны титықтатып қу, бірақ қайта шабуға мәжбүрлеме («Қайта шапқан жау жаман»), жаудың қуатын сарқуға, шаршатуға тырыс, тірегін бұз, сүйенішін құлат, бірақ берілуге орай қалдыр, сөйтіп барар жер, басар тауы қалмағанда сені жақтайтын, бағынатын болады.

Он жетінші айла:

Кірпішке гауһар айырбастау айласы  – ебін тапсаң, мысты алтын деп, кірпішті гауһар деп жауыңды алдауға болады.

Он сегізінші айла: Басшысын құртып бассыз қалдыру айласы  – жауыңның негізгі күшін күйреткенде ғана, басшысын ұстағанда ғана, тірегін құлатқанда ғана, күшін тонағанда ғана, рухын жаншығанда ғана жеңдім деп есепте.

  1. Солақай айлалар

Он тоғызыншы айла:

Отты отыннан айыру айласы  – күшің жетпесе, жауды ерегістірмей, жұмсақ айланы қолдан. Жұмсақ қаттыны, әлсіз күштіні жеңеді. Бірден қатты күшке салу жеңісті қиындатып, табысты ауырлатып жібереді. Жаудың негізгі күшімен айқаспай, оның тірегімен, сүйені¬шімен айқасу, азық-түлік, қазына-мүлік, қару-жарақ, дос-жаран секілділерін қолға келтіруге, бүлдіруге кірісу.

Жиырмасыншы айла:

Суды шалпылдатып балық ұстау айласы  – жауды ұлғайт¬пауға, жөргегінде тұншықтыруға, әлсіз кезінде ойрандауға, әсіресе жау қалаймақан болғанда, ішкі қайшылығы асқынып аласапыран болғанда басып алуға тырысу керек. Ондай жағдайда олардың бір бүтін жүйелі қарсылығы болмайды, бірін-бірі құртады.

«Өзіңді де, жауыңды да бірдей білсең, жүздеген соғыста жеңілмейсің. Өзіңді ғана біліп, жауыңды білмесең бір жеңіп, бір жеңілесің. Өзіңді де, жауыңды да білмесең, онда жүздеген соғыста түгел жеңілесің»  (Сунь Цзы).

Жиырма бірінші айла:

Қабығыңа алтын жалату айласы  – салтанатты, керемет көрініс жасап жауды сескендіруге, назарын бас¬қаға аударуға, шошытуға, үрейлендіруге, өздігінен келісім жасауға мәжбүр етуге болады. Жауды жылтырақ нәрсемен алдап апанынан шығаруға, жылтыр нәрселермен есін шығарып, сатқындарын сатып алуға болады. Адамдар көргеніне сенеді. Көргені керемет болса жүрегі сескенеді, абыржиды, алаңдайды.

Жиырма екінші айла:

Есікті бекітіп ұрыны қамау айласы  – егер жауды қуғанда оған қашып құтылу орайын қалдырсаң, онда ол сол орайға жету үшін жанын салып күресетін болады. Егер оған еш қашып құтылу жолын қалдырмасаң, онда ол ұсталады. Сондықтан жауға жау қосылмасын десең жауды қоршап, қаумалап, шашау шығармай бағындыруға тырысу керек, Егер өйте алсаң онда оны қоя бере сал.

Жиырма үшінші айла:

Алыспен сыйласып, жақынмен шайқасу айласы  – жағдайың нашар кезде алыспен, қиынмен айқаспай, жақынмен, оңаймен айқас, оңайды, нашарды жеңсең, күшің топталады. Екі жаудың арасында біреуіне көмек етуге уәде берсең де, уәдеңді орындауға асығып кетпе.

Жиырма төртінші айла:  Басып алу үшін көмектесу айласы  – ұсақ мемлекеттерде қиыншылық болғанда оларға көмекті аямай беріп, көмектесу сылтауымен оны өзіне қосып жеп алу.

  1. Жауға жақындау айлалары

Жиырма бесінші айла:

Үйінің діңгегін шіріген ағашқа ауыстыру айласы  – жаудың ұйымдасу әдісін, жоспар жүйесін, құпия ережелерін бұзып, өз ережесіне өзін қайшы ету, олардың сүйенген тірегін құпия ауыстыру, бұл олардың өнімді күресуіне кедергі келтіреді.

Жиырма алтыншы айла:

Қарағайға қарап теректі қарғау айласы  – қарамаққа А болып көрініп, шынтуайтыңда В болып өмір сүр. Шындығыңды сыртына шығара берме. Құпия нәрселер үрей туғызады. Құпиялықтың өзі үлкен күш. Кейде қаттырақ сөйлеп зәресін алып, қолдауын қолға келтір. Лайықты қаталдық пен қорқыту бойсұнуға мәжбүр етеді.

Жиырма жетінші айла:

Байсалды түрде жынды көріну айласы  – өтірік ауырғандар ұсталып қалады, өтірік дірілдеп-қалшылдағандар алдап алады.

Жиырма сегізінші айла:

Үй төбесіне шығушының сатысын құлату айласы  – ең маңыздысы жаудың шабуылшысын құрту, артқы азық-түлік, құрал-жарақ секілді негіздік нәрселерінен айыру. Негізгі тірегін құртсаң қал¬ғаны сенің ырқыңда.

Жиырма тоғызыншы айла:

Ағаш басына гүл жайқалту айласы  – өзіңді жауыңа керемет етіп көрсетуің керек, жалған көрініс жасау амалы.

Отызыншы айла: Қонақты қожайын ету айласы  – жауыңды төрге шығарып, ақымақ ету, немесе керісі, жаудың төріне шығып жауды ақымақ ету.

  1. Жеңілгенсу айлалары

Отыз бірінші айла:

Сұлу әйелмен аздыру айласы  – сұлу әйелмен алдау, аздыру, әлсірету. Әсіресе жауың¬ның қолбасысын, сардарын сұлу әйел арқылы аздырып, екі ойлы етіп, құпиясын ұрлап, бөлшектеп құрту.

Отыз екінші айла:

Иен қаладан қорқыту айласы  – қулық істеп жатқандай, қарамаққа өте жайбыр көрінгенсіп, қарамаққа қарсы жақты қулықпен құртып жатқандай көрініп, әсіресе күдікшілдерге керемет тор құрып қойғандай әдейі секем алдырып, ал шынтуайтында қарсы жақтың үрейі мен күдігін өршітіп, сол арқылы оларды екі ойлы етіп, титықтату.

Отыз үшінші айла:

Жансызды сатып алу айласы  – жансыздықты пайдалану, құрған тұзағыңа жауыңның түсуіне көмектесетін жансыздарды көп пайдалану, тіпті жауыңның жансыздарын мол ақшаға сатып алып, түрлі жолдармен өзің үшін жансыз болуға мәжбүрлеп, жау¬дың жоспарын тығырыққа тіреу.

Отыз төртінші айла:

Бейшара көріну айласы  – өзіңді қинап, жазалап, бейшара көрініп, сол арқылы сенімділігіне кіріп аласың да, ары қарай ішінен іреп соя бастайсың. Алдымен зиян шексең де жақсылық жасауға тырысасың. Тасың өрге домалап алған соң енді шын сырыңды паш етіп, пайда беретін жамандық жасауға кірісесің.

Отыз бесінші айла:

Мың сан айланы өзара тоғыстыру айласы  – бір түрлі қулықты емес, әр алуан қулықтарды қатар, алмастырып, еркін қолдану. Қулығың пияздай қабат-қабат бол¬ғанда ғана жеңіске жетесің. Тек бір түрлі қулықпен шектелу ешқайда апармайды.

Отыз алтыншы айла:

Түк шықпаса қашып құтыл айласы  – бәрібір жеңе алмайтының белгілі болғанда шегіну, бой тасалау, бүкіл қосынды сақтап қалу үшін жол беру керек. Дегенмен кейде қашудың өзін қулыққа айналдыруға болады. Мысалы, өтірік шегініп, жауды қуалатып,  жау қуалап шаршағанда,  негізгі қосыннан алшақтағанда, жеңісіне масайрағанда, кеудесін ұрып кекірейгенде, сауыт-сайманын шешкенде, қайсарлығын әлсіреткенде, сергектігін жоғалтқанда қайта тап беріп тарпа бас салу.

…Жалпы, бұл айла-тәсілдер туралы Батыстың талай ғалымдары еңбектер жазыпты. «Стратагема» деп атап, Батыс пен Шығыстың стратегиялық айла-шарғыларының ерекшеліктерін, бір-бірімен салыстырмалы түрдегі артықшылық-кемшіліктерін талдап көрсеткен екен. Оқып-білемін деген талапкерлер бұл жөніндегі материалдарды ғаламтордан табуына болады.

Дайындаған – Т. Тұран

Abai.kz