ӨЛЕҢСӨЗДІҢ ЗЕРГЕРІ

Елдос Тоқтарбай,
әдебиеттанушы, ҚР «Дарын»
Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

ӨЛЕҢСӨЗДІҢ ЗЕРГЕРІ

Зерделі зерттеулері, тағылымы зор оқулықтары қолдан қолға ауысып, студенттердің жата-жастана оқитын дүниелеріне айналған зерттеуші-ғалымның арманы бар ма десеңізші! Cтудент кезімізде А.Байтұрсынұлы мен М.Әуезов сүрлеуін салған, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловпен жалғасқан, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов, С.Қирабаев, З.Ахметов сынды алпауыттардың еңбектерін сызып тұрып оқып, сабағымызға дайындалатын едік. Осындай классик-филологтардың сапында бүгінгі күні жетінші биігіне аман-есен көтерілген қазақ руханиятының қайраткері, халық ықыласы мен құрметіне бөленіп, «дала академигі» атанған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов те бар. Серік ағаның да еңбектері талай көгенкөз студентті емтихан «тұзақтарынан» аман алып шыққан-ды. Танымал әдебиетші-ғалым Серік Негимовтың жүрегінен туып, қаламында тұнған теориялық ой сан мыңдаған студенттің сөмкесінде жүріп, оқырман қолында тозған классикалық зерттеу еңбектеріне айналды. Мәселен, «Өлең өрімі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Қазақтың сал-серілері» секілді ұзын-ырғасы оннан астам кітабы, жеті жүзге жуық ғылыми, әдеби-сын мақалалары мен рецензиялары, портреттері қаншама…
***
Серік Негимов!
Осы азаматтың аты-жөнінің өзі-ақ оның кім екенін және қандай жан екенін толықтырып тұрғандай. Оның есімін естіген сәтіңде-ақ көз алдыңа қазақтың от ауызды, орақ тілді дана билері мен шешендері, күміс көмей, жез таңдай сал-серілері елестейтіні заңдылық. Саналы ғұмырын ұлттық әдебиетке, оның терең тамырлы тарихына арнаған жан осындай ізденістерімен көпке қадірлі, әрі сыйлы.
Қазақ өлеңтану ғылымының тарихында есімі алтын әріппен жазылатын санаулы ғана поэтологтарымыз бар. Соның бірегейі, осы – Серік Нығметоллаұлы. Теоретик-ғалымның «Интонация», «Дыбыс», «Ырғақ» атты үш тараудан құралған «Өлең өрімі» монографиясында алғаш рет қазақ өлеңінің мелодикалық-интонациялық құрылысы, дыбыстық жүйесі, ырғақтық кестесі, өлең ұйқасының табиғаты, сөз әуезділігі жан-жақты қарастырылған. Өлеңсөздің сурет-бояу нақышына, үн-дыбысына, көркемдік-эстетикалық сипатына айрықша мән берілген бұл еңбек – ғылыми қауымның жоғары бағасын алған, студенттер мен жас зерттеушілердің негізгі оқу құралына айналған классикалық зерттеу.
Ал, ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілік, суреттілік, өрнектілік мәселелері арқау болған «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика» еңбектері – халықтық
поэзияның дәстүрі мен табиғаты, сөз мағынасының құбылуы, сөз бен образ қатынасы, көркемдік ойлау мен көркемдік қиял, образдық-метафоралық және лексикалық-фразеологиялық жүйе сияқты күрделі сауалдарға жауап берген академиялық толымды ғылыми-зерттеу болып табылады.
Мәселен, ғалымның «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» еңбегі тұтастай қазақ сөз өнерінің інжу-маржаны болып саналатын ақын-жыраулар поэзиясы тілінің терең сыры мен мазмұнын танып-түсінуге арналады. Зерттеу «Образдық жүйе: көркемдік дүниетаным және поэзиялық лексиканың ерекшеліктері», «Қазақ өлеңдерінің көркемдігі», «Сөз талғау: фольклор тілінің стилистикасы және айтыс өлеңдерінің бейнелілік сипаты», «Өлең-жыр: өрнек өлшемдері мен құрылыс жүйесі» атты тараулардан құралған.
Еңбектің «Образдық жүйе: көркемдік дүниетаным және поэзиялық лексиканың ерекшеліктері» деп аталған бірінші тарауында ақындар мен жыраулардың сөз саптауындағы ұлттық дүниетаным, ойлау жүйесі көрініс табатын қолданыстар, сөз тіркестерінің мағынасы жүйелі түрде қарастырылады. Зерттеуші ұлтымыздың эстетикалық ұғым-түсініктері, шаруашылық кәсібі, мінез-құлқы, ырым-нанымы, салт-дәстүріндегі ерекшеліктерге байланысты туған образдар мен сөз-символдарға жеке-жеке тоқталады. Автор қазақ танымында қасиетті болып саналатын самұрық, аққу, сұңқар, бұлбұл, тотықұс сияқты құстардың әдеби образдарының көркемдік-эстетикалық қызметін түсіндіріп, құнды пікірлер білдіреді. Зейінді де, зерделі ғалым Серік Негимов халықтың қасиетін, арман-тілегін жан-жүрегімен ұққан ақын-жыраулардың жауһар жырларының терең философиялық мәнін, тілінің көркемдігін оқырманға үлкен ыждаһаттылықпен жеткізген.
«Қазақ өлеңдерінің көркемдігі» атты екінші тарауда сұлу сөздің жүйріктері Бұқар жырау, Дулат Бабатайұлы, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Иса Байзақовтың поэзиялық мұралары мен айтыс өлендеріндегі бейнелеу құралдары талданады. Тарауда жүйеленіп қарастырылған ұтқыр теңеулер, айшықты метафоралар мен көркем қолданыстар ұлттық поэзия тілінің құлпыра құбылып түсуіне, сырты сұлу, іші өрнекті сөздердің көбеюіне ықпал жасайтындығы күмәнсіз.
Зерттеудің «Сөз талғау: фольклор тілінің стилистикасы және айтыс өлеңдерінің бейнелілік сипаты» деген үшінші тарауында жалпы әдеби тіл стилистикасы мен көркем әдеби тіл стилистикасының іргетасы болып табылатын фольклор тілінің стилистикасы мен айтыс өлеңдерінің табиғаты, көркемдік қуаты, стилистикалық ерекшелігі хақында сөз қозғалады. Бұл тарауда айтыс ақындарының тілі қазақтың халық ауыз әдебиетінен бастау алатыны нақты мысалдармен дәлелденеді.
«Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» еңбегінің «Өлең-жыр: өрнек өлшемдері мен құрылыс жүйесі» деп берілген соңғы тарауында халық ақындарының поэзиясындағы ұйқас, аллитерация, ассонанс сияқты көркемдік нақыштармен қатар, интонациялық құрылыс-жүйесіне тоқталады.
Осылайша, ғалым Серік Негимовтың «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» зерттеу еңбегі қазақ әдебиетінің бай мұрасын танып білуге көмектесетін өнегелі құралдың бірі деген қорытынды жасай аламыз.
Дарынды әдебиетші Серік Нығметоллаұлының «Қазақтың сал-серілері» зерттеуі қазақ әдебиеттану ғылымының қазынасына қосылған іргелі еңбек. Сал-серілер шығармашылығы халқымыздың мәдениеті, өнермен өрілген өмірінің көрсеткіші болып табылады. Бұл құнды мұраны білу ұлтымыздың салт-дәстүрін, тарихын, өнерін танып білуге апаратын жол екені анық. Аса білімпаз тұлға, қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші Серік Негимовтың тыңғылықты ізденуінің арқасында сал-серілердің өнегелі өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер табылды. «Қазақтың сал-серілерінде» Орынбай, Арыстанбай, Шашубай, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай т.б. сал-серілердің өмірі мен өнерпаздығына қатысты бұрын-соңды айтылмаған мәліметтер, шығармаларының көркемдік деңгейіне қатысты пікірлер ұсынылған.
Ғалымның «Алашқа аты жайылған» зерттеу мақалалары топтастырылған жинақ қазақ руханиятындағы бағасын жоймайтын құнды дүние. Аталмыш жинақта автордың ақын-жазушылар, қайраткерлер туралы жазылған ғылыми зерттеулерімен қатар, әр түрлі тақырыпта жазған танымдық мақалалары да бар.
Әдебиетші Серік Нығметоллаұлы Негимов Кеңес Одағының батыры, ұлт мақтанышы, әдебиеттанушы, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті екені мәлім. Сұңғыла білімді әдебиетші ұстаз үмітін ақтады. Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнап, ұстазының атына кір келтірмей білікті шәкірттерді тәрбиеледі. Осы тұста ұстазына деген шексіз құрметі мен қошаметінің көрінісі ретінде «Мәлік Ғабдуллин» филологиялық-деректанулық зерттеуін атап өткен жөн. Кітапта Кеңес Одағының батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық әдебиетінің білгірі, жазушы, көсемсөзші, әскери мемуарист Мәлік Ғабдуллиннің балалық, студенттік шағы, майдан жылдарындағы ерлік істері, ғылым жолындағы жетістіктері, қоғамдық қызметі, әдеби көзқарасы мен әдеби ортасы туралы деректер қамтылған. Сонымен қатар зерттеуде хаттар, құжаттар, тарихи фактілер молынан ұшырасады. Оқырмандар бұл еңбекті оқу арқылы тарихи тұлға өмірбаянымен танысып қана қоймай, оның адами, қайраткерлік, ғалымдық болмысынан тағылым алатыны сөзсіз.
***
2011 жылдың қарашасы еді. Қасиетті Торғай топырағындағы Арқалық пединститутының студентімін. Жатақханадағы жылы орнымыздан айырылып, Салтанат Алшурина есімді әдебиетсүйер, ақынжанды мұғалімнің үйінде тұратын едім. Бұл кісі сталиндік қуғын-сүргін кезінде жазықсыз түрмеге түсіп, тағдыр тауқыметін тартқан, Батпаққара өңіріне танымал ақсақал, ақын, тоқсаннан асып дүние салған Шіменбай Әлшориннің қызы болатын. Салтанат апайымның үйінде тұрғанымда Торғай өлкесінің тарихына қатысты әңгімелерді жиі еститін едік. Оның үстіне бұл кісінің үйі
– Арқалықтағы жас әдебиетшілердің клубы немесе одағындай болатын. Қазір көпшілікке танылып үлгерген жас ақын, зерттеуші Батырлан Сағынтаев, Көбей Жетібай, Нұрдәулет Тойшин, Сымбат Кеңесбаева сияқты достарымыз жиналып, күркіреп өлең оқимыз; арқырап арнау айтамыз. Қоңыр дауысты Көбеймен бірге тебіреніп Шәмші әндерін шырқаймыз. Бұл үйдің есігі күні-түні жабылмаған-ды. Базары мен ойыны, жиыны тарқамайтын құтты мекен еді.
Салтанат апайымыздың жеке кітапханасында көптеген әдеби-тарихи кітаптар болатын. Бірде соның арасынан әдебиетші Серік Негимовтың 1997 жылы «Білім» баспасынан шыққан «Шешендік өнер» атты кітабын оқыдым. Автор кітабын өзінің шәкірті, 1997-2000 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық пединститутында басшылық қызмет атқарған Дүйсен Әлшоринге «Шәкіртім Дүйсенге!» деп қолтаңбасымен сыйлапты. Дүйсен біздің анамыздай бола білген Салтанат апайымыздың туған ағасы екен. Біз жайғасқан бөлме уақытында әдебиетші Дүйсеннің жұмыс кабинеті болыпты-мыс.
Серік ағаның еңбегімен танысудың басы осылай басталған болатын. Шешендік өнердің түрі, қазақтың би-шешендерінің өмір жолы мен айтқан тобықтай түйінді сөздері туралы мол мағлұмат алдық. Ал, екінші семестрде доцент Ардақ Абдуллинаның «Шешендік өнер» арнаулы курсы басталғанда, студенттер арасында «Негимовтің «жасыл кітабы» атанып кеткен «Шешендік өнердің» шапағатын сезіндік. Кейін келе «Айтыс», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Әдебиет теориясы» курстарында профессор Серік Негимовтың еңбектерін жиі-жиі пайдаланып тұрдық.
***
Сілеті деген Қызыр шалған жер бар. Аты аңызға айналған Сілеті қазақтың хас тұлғалары аялдап өткен жері екен.
Сілеті өзенінің сағасында туып, сілеті сілемдерінде аунап-қунап, өз әкесі кәрі құлақ Нығметолланың көргені мен түйгенін естіп ержеткен бала Серік сонау ойын баласы кезінен Қызылжар, Көкшетау өлкесінің жақсы-жайсаңдары туралы көп естіген. Батагөй әкенің батиқалы сөздерін санасына тоқып, ауыл-аймақтағы көнекөз ақсақалдар айтқан ескі әңгімелерді құмарта тыңдаған. Профессордың өмір жолын қарап отырсақ, өскен ортасы, ауыл-аймағы оның әдебиетке, сөз өнеріне деген махаббатын еселепті. Өмірлік жан азығын қасиетті қазақ сөзінен тапқан әдебиет зерттеушісінің бала күнінен естіп өскені – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естайлардың өлең-жыры, ерке сал-серінің аңызға бергісіз тағдыры екен-ау… Әдебиетшінің жүйрік қаламынан туған сал-серілер туралы шалқымалы, шабытты асқақ эсселері мен әдеби портреттерін оқыған адам осыны аңғарған болар.
***
Тегінде, Серік Негимов қазақ әдебиеттану ғылымының барлық саласына қалам тербеген, өнімді еңбек сіңірген академиялық үлгідегі үлкен ғалым. Негізгі ғылыми-зерттеу нысаны – өлеңсөздің теориясы болғанымен,
шешендік өнер мен сал-серілер поэзиясы, халық шығармашылығы мен ауыз әдебиеті, сонымен қатар әдебиет тарихының дамуына да ауыз толтырып айтар үлес қосты. Қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйіне өзінің тәуелсіз пікірі мен көзқарасын білдірген сыншы ретінде де көпшілікке жыға таныс.
Зерттеуші Серік Негимов М.Ғабдулин, М.Дүйсенов, Р.Бердібай сынды заңғарлардың алдын көріп, батасын алды. Ғылымның алпауыттары жас зерттеушінің ғылым жолындағы ізденіс-үмітінің отын жақты. М.Базарбаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, С.Қирабаевтай кесек тұлғалардың әрі шәкірті, әрі әріптесі бола жүріп, үлкен жиындардың биік мінберінен өзіне ғана тән шешендігімен көсіле сөйлеп, елінің айтулы перзентіне айналды. Құймақұлақ шәкірт бола білгендігінен болар, бүгінде ол Тәуелсіздік тудырған жас буын-жас желеңге қарасөздің абыз тамыршысындай көрінеді де тұрады…
Елдос Тоқтарбай,
әдебиеттанушы, ҚР «Дарын»
Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты