ҚазҰУ – маман шыңдау мектебі

 

Шынар Қалиаждарова, ҚазҰУ-дың докторанты.

                     Кеңесші Қ. Әбжанов, филол.ғ.к, доцент

                

 ҚазҰУ –   маман шыңдау мектебі

Адам алдына дұрыс мақсат қойып, болашақ мамандығын өз қалауымен таңдаса жақсы нәтижеге жетеді дегенге мен шүбасыз сенетін болдым. Неге дейсіз ғой?..

ФБала кезімде «Қозы мен лақ» деген балалар телехабарының жүргізушілері Назгүл Әбутәліп пен Бақытжамал   Ерманова апаларымызға еліктейтінмін. Сол қызығушылық мені ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне алып келді. Міне, содан бері менің кәсіби шыңдалуыма әсер еткен осы жоғары оқу орны. Журналистика факультетінде Студенттік телестудия болатын. Сол студиядан студенттік «Сана» бағдарламасы ұйымдастырылды. Менің  алғашты эфирге шығуыма осы бағдарлама жол ашты. «Сана» 1997 жылдың 3 мамырынан алғашқы хабарларын «Қазақстан» ұлттық арнасына бере бастады. Оның мемлекеттік арнаға шығуын ұйымдастырған сол кездегі факультет деканы, профессор Намазалы Омашев болатын. Жоба жетекшілері Қосылған Әбжанұлы, Әмір Молдабеков бізді түрлі жанрларда бағдарлама дайындап қана қоймай, оның режисурасының кәсіби деңгейде шығуына да үйретті. Ұзақтығы 20 минуттық хабарда студенттерден құралған шығармашылық топ жастар өмірінен сыр шертетінбіз.

Бір камера, бір монтаж жасайтын компьютермен талай дүниені үйрендік. Ұстазымыз Әмір Молдабеков операторлық, бейнеинженерлік дағдыларға баулып, хабар дайындаудағы техникалық шеберлікті де аз ғана уақыт ішінде меңгеріп алдық. Қазіргі таңда ол жабдықтары жаңарып, толаққан үлкен бір Телерадио орталыққа айналып, болашақ мамандарға қажетті жағдайлар жасалған, мүмкіндігі мол шығармашылық кешен. Мұның өзі біздің кезіміздегідей, студенттердің телешығармаларын бүгінгі көптеген телеарналарға ұсынуға болады деген сөз.

Мысалы менің өзім «Сана»    бағдарламасы арқылы көп тәжірибе жинақтадым. Соның арқасында 31-арнаның «Информбюро» ақпараттар қызметінде жұмыс істеуім аса қиынға соқпады.  Аталмыш арнада тілші, жүргізуші болып тоғыз жылға жуық қызмет атқарып, кейін «Қазақстан» ұлттық арнасына ауыстым.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  ғылымды қолдау жобалары негізінде Болгарияның Әулие Климент Охридский атындағы университетінің  «Коммуникация және журналистика» факультетінде ғылыми тағылымнамадан өтіп келдім. Бұл да Қазақстандық жастардың Еуропа елдерінің ғылыми еңбектерімен танысып, ғылыми танымдарын арттыруға жол ашады.

ҚазҰУ-дың «Сана» студиясы менің телеэфирге деген алқашқы қадамымның тұсауын кессе, ғылыми оқытушылық жолыма бағдар беріп, тың ғылыми жобалар жасауыма ықпал етіп отырған жоғары оқу орны.

Шынар Қалиаждарова, ҚазҰУ-дың докторанты.

Кеңесші Қ. Әбжанов, филол.ғ.к, доцент