Халықаралық терминдерді Еуропа елдері де аударып алған

 

 

Қыдырбаев Қалдыбай Арыстанбекұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия

кафедрасының доценті, PhD докторы

Халықаралық терминдерді

Еуропа елдері де аударып алған

Кезінде А.Байтұрсынұлы шет тілдерден енген сөздер тіліміздің табиғатына, айтылу сазына кері әсер ететінін, сөзіміз шұбарланып, әуені бұзылатынын айтып, басқа тілдің сөздерін өз тіліміздің дыбыстық ерекшелігімен айту керектігін ескерткен болатын. Мысалы сол кездердегі «ботинка», «кирпич», «самовар», «чайник», «чай», «кровать», т.б. сөздерді қазақшаға бейімдеп «бәтіңке», «кірпіш», «самаурын», «шәйнек», «шәй», «кереует» деп тілдік қолданысқа кірігіп кеткен. Латынға алғаш ауысқан жылдарда «комитет», «август», «округ»,  «милиция», т.б. сөздер тілімізге бейімделіп kәmijtet [кәмійтет], aƣus [ағұс], өkrig [өкріг], melitsija [мелитсійа] болып жазылды.

Әлемнің қай тілін алып қарасақ та, халықаралық терминдерді дыбыстық ерекшеліктеріне қарай  бейімдеп игереді немесе аударып алады. Терминдердің көпшілігі үндіеуропа тілдеріне жататын латын, грек, т.б. тілдерден алынатыны белгілі. Үндіеуропа тілдерінің бір тармағы саналатын қазіргі роман тілдері ежелгі латын тілінен тараған тілдер. Сондықтан да латынның “compositor” сөзін роман тілдеріне жататын  итальян тілінде «compositore», француз тілінде «compositeur», испан тілінде «compositor», португал тілінде «compositor», румын тілінде «compozitor» деп айту заңдылық. Өйткені олар туыстас тілдер. Үндіеуропа тілдерінің және бір тармағы гермен тілдері жағрафиялық тұрғыда роман тілдерімен шекаралас тілдер. Шекаралас тілдердердің бірінен бірі сөз алмасуы қалыпты жағдай (түркі, парсы, араб тілдері секілді). Сондықтан да латынның “compositor” сөзін герман тобындағы ағылшын тілінде «composer», голланд, нидерланд тілдерінде «componist», неміс, дат, норвег тілдерінде «komponist» деп айту заңдылық. Байқап отырғанымыздай латынның “compositor” сөзі көптеген роман, герман тілдерінде фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Халықаралық деп жүрген латынның бұл сөзі кейбір үндіеуропа тілдеріне және бұл тілге  туыстығы жоқ Еуропаның көптеген тілдеріне мен шығыс тілдеріне аударылған. Мысалы, грек тіліне συνθέτης [synthétis], венгр тіліне «zeneszerző», фин тіліне «säveltäjä», исланд тіліне «tónskáld», араб тіліне ملحن [mulahhin], жапон тіліне 作曲家 [sakkyokka], кәріс тіліне 작곡가 [jaggogga], қытай тіліне 作曲家 [zuòqǔ jiā], хинди тіліне संगीतकार [sangeetakaar], түрік тіліне «besteci», әзірбайжан тіліне «bəstəkar», өзбек тіліне «bastakor» деп аударылған немесе баламасы берілген. Қазақ тіліне де «сазгер» деп сәтті аударылған.

Әлемнің көптеген тілдеріне енген гректің mouseĩon (μουσεῖον) сөзін ағылшындар the museum, итальяндықтар il museo, ирландықтар an músaem, француздар le musée, литвалықар muziejus, норвегтер museet, румындар muzeu, словактар múzeum, түріктер müze, орыстар музей деп өз тілдеріне бейімдеген. Ал арабтар бұл сөзді المتحف [al-muthaf], вьетнамдар bảo tàng, жапондар 博物館 [hakubutsukan], қытайлар 博物馆 [bówùguǎn], тайлар พิพิธภัณฑ์ [phiphiṭhp̣hạṇṯh̒], исландықтар safnið, кәрістер 박물관 [bagmulgwan], үндістандықтар संग्रहालय [sangrahaalay] деп өз тілдеріне аударып алған. Яғни латын графикасын қолданатын елдердің көпшілігі гректің mouseĩon (μουσεῖον) сөзін грек тіліндегідей дыбыстамаған. Кейбір елдер (тіпті латын графикасын қолданатындар да) бұл сөзді өз тілдеріне аударып алған. Бұл сөз қазақ тіліне де мұражай деп сәтті аударылған.

Халықаралық саналып жүрген ағылшын тіліндегі privatization термині орыс тіліне приватизация, ирланд тіліне príobháidiú, исланд тіліне einkavæðing, фин тіліне yksityistäminen, эстон тіліне erastamine, қырғыз тіліне менчиктештирүү, өзбек тіліне xususiylashtirish, түрік тіліне özelleştirme, әзірбайжан тіліне özəlləşdirmə, араб тіліне خصخصة [khaskhasa], тәжік тіліне хусусигардонӣ, моңғол тіліне хувьчлал, хинди тіліне निजीकरण [nijeekaran], кәріс тіліне 민영화 [min-yeonghwa], жапон тіліне 民営化 [min’ei-ka] деп аударылған немесе баламасымен берілген. Қазақ тіліне де жекешелендіру болып өте сәтті аударылған. Мұндай сөздерді өз тілдеріне аударып алған елдердің ешқайсысы ғаламдық көштен қалып отырмағаны белгілі. Тілімізге аударылып, сіңісті болып кеткен сазгер, мұражай, жекешелендіру секілді т.б. терминдерді композитор, музей, приватизация деп орыс тіліне игерілген нұсқасымен қайта айтудың қажеті жоқ.

Латынның institutum сөзін орыстар институт, ағылшындар institute, итальяндар istituto, француздар мен немістер institut, испандар instituto, гректер ινστιτούτο [institoúto], ирландықтар institiúid, латыштар institūts, литвандар institutas, эстондар instituut, финдер instituutti, түріктер еnstitüsü деп өз тілдеріне бейімдеп игерсе, исландықтар stofnun, арабтар معهد [ma‘had], вьетнамдар viện, үндістандықтар संस्थान के [sansthaan ke] деп өз тілдеріне аударған немесе баламасын берген. Сонымен қатар латынның universitās сөзін де латын графикасын қолданатын елдер латын тіліндегідей таңбаламаған және сол тілдегідей етіп дыбыстамаған. Барлығы дерлік өз тілдеріне бейімдеп алған, тіпті көптеген елдер бұл сөзді де өз тілдеріне аударып алған.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бір сұхбатында «Қазақ қазір орысша акцентсіз сөйлейді. Біз қазақша сөйлеп келе жатып, кірме сөздерді айнытпай айтамыз. Ол негізінен мақтанатын дүние емес. Орыс мәтінді дауыстап тұрып оқып көріңізші. Орыс мәтінді дауыстап оқып келе жатып, кейбір қазақша сөздерді таза қазақша айтып көріңізші. «Сегодня в эпоху жаһандану нужно ғарышқа отправлять ракету» деген сөйлемді бір мінберден айтыңызшы. Орыстар қалай қабылдайды екен. Күледі ғой. Дәл солай, біз қазақша сөйлей тұрып, бөтен сөзбен тілімізді бұзып отырмыз» деген болатын. Сондықтан тілімізге еніп отырған терминдер мен өзге де кірме сөздерді мүмкіндігінше қазақшаға аударып, аударылмайтындарын тілімізге бейімдеп алғанымыз жөн. Орыс тілінен өзгеріссіз аламыз деп орыстарға, ағылшын тілінен өзгеріссіз аламыз деп ағылшынтілділерге күлкі болмайық.

Латын графикасына көшкенімізді пайдалана отырып аударылмайтын халықаралық терминдерді А.Байтұрсынұлының ізімен әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тіліне бейімдеуіміз керек, тіпті сәтті баламасы табылып жатса аударғанымыз жөн. Орыс тілі арқылы енген латынның университет, институт секілді т.б. халықаралық терминдерді латын графикасымен üniwersitet [үніуерсітет], enstetӧt [енстетөт] т.б. деп қазақ тіліне барынша икемдегеніміз жөн. Мұндай сөздерді латын графикасына тән жаңа емле ережелер түзу жұмыстарының алғашқы кезеңдернде бейімдеп алмасақ, кейін кеш болмақ.

Қыдырбаев Қалдыбай Арыстанбекұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, PhD докторы

 Abai.kz