«Қамшы» порталы «Түркі елдері жастарының үлкен құрылтайын» өткізеді
19/03/2018 29 10392
Осыған дейін әр жылдары «Қазақ хандығына 550 жыл», «Қазақ дауысы», «Көш және Көшбасшы», «Алашорда-100 жыл» іс-шараларын өткізген «Қамшы» ақпарат агенттігі биыл да бірнеше шараны қолға алуды жоспарлап отыр. Оның ішінде ең маңыздысы – бірер жыл бұрын ойлап, тек биылға ғана мүмкіндік туып отырған «Түркі елдері жастарының үлкен құрылтайы». Тақырып: Түркі елдерінің болашағы. Бұл шара түгел түркінің аспанына ортақ «Поэзия жұлдызы» Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналады.
Ресми шақырылатын елдер қатарында: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Түркия, Татарстан, Ноғай, Башқұрт елдерінің жастары бар. Әр елден жас мөлшері 25-35 жас аралығындағы 5 адамнан арнайы делегат қатыса алады. Олар білім саласының қызметкері, саясаткер, журналист, кәсіпкер, программист мамандығындағы азаматтардан іріктеледі. Осы тізімде жоқ түркі халықтарының өкілдері іс-шараның құрметті қонағы болуға толық мүмкіндігі бар. Құрылтайда талқыланатын негізгі тақырыптар:
- Ортақ тарих. Түркі елдері мектептеріне ортақ «Түркі тарихы» пәнін оқыту мәселесі.
- Ортақ әліпби. Латын графикасы негізінде ортақ жазу үлгісін қалыптастыру.
- Ортақ әлеуметтік желі. Facebook, Instagram, telegram, Whatsap сияқты түркі елдеріне ортақ әлеуметтік хабар алмасу құралын жасау.
- Ортақ техникалық прогресс. Түркі елдерінде болып жатқан техникалық жетістіктерді ортақ пайдалану, дамыту жолдары.
- Ортақ экономикалық кеңістік. Түркі елдеріне ортақ кәсіпкерлік байланыс, экономикалық еркін сауда жүйесін құру мүмкіндіктерін қарастыру.
- Ортақ ақпараттық агенттік. Түркі халықтарына ортақ ақпараттық алаң жасау. Негізгі басымдық интернет кеңістігінде ақпараттық агенттік құруға беріледі.
- Ортақ болашақ. Түркі мемлекеттерінің ертеңі, даму биігі, ықпалдастық мүмкіндіктері, ортақ қорғаныс мәселелері.
Қатысушылардың жол ақысы, қонақ үйі, тамақтануы толықтай «Қамшы» ақпарат агенттігі тарапынан қаржыландырылады.
«Qamshy.kz» қолға алған іс-шараға қоғам қайраткерлері мен зиялы қауымды, сондай-ақ, Мемлекеттік билік орындарынан Ақпарат және Коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты, Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын, Инвестициялар және Даму министрі Жеңіс Қасымбекті, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Калетавты, Еліміздің Түркі елдеріндегі елшілік-консулдық өкілдерін, Түркі елдерінің Қазақстандағы елшіліктерін, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақаловты, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевті, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті, «Нұр Отан» партиясы төрағасы Мәулен Әшімбаевты, Қазақстан жазушылар одағы төрағасы Ұлықбек Есдәулетті, Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәліні, Түріксой халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновті, мағжантанушы, алаштанушыларды, ақын-жазушыларды атсалысуға шақырамыз. Барша ақпарат құралдарымен серіктесуге ниеттіміз.
Өтетін орыны: Алматы қаласы
Өтетін уақыты: 26 қыркүйек пен 29 қыркүйек аралығы.
Түркі елдері жастарының үлкен құрылтайына қатысу шарттары:
- Құрылтайға қатысушылардың жас шектемесі 25-35 жас арасы.
- Құрылтайға қатысушы өз ана тілін жетік білуі тиіс.
- Тілек білдіруші білім саласының қызметкері, IT маманы, саясаткер, журналист, кәсіпкер талаптарына сай келуі керек.
- Жоғарыдағы талаптан тыс өз еркімен құрылтайға қатыспақ болғандарға шектеу қойылмайды. Өз шығынын өзі көтереді.
- Қатысушының 3 күндік қонақ-үйі, трансфері және өзі тұрған елден-келіп кету қаражаты құрылтайды ұйымдастырушы тарапынан төленеді.
- Құрылтай шарты әлеуметтік желіде жарияланады. Қатысушы өзінің қатысатыны туралы комментте жазуы тиіс.Әрі өзінің профилі жалпыға қолжетімді болуы керек.
- Одан соң қатысушы өзі туралы түйіндемені, құрылтай тақырыбына қатысты баяндама өзегін бүгіннен бастап, turan.qamshy@gmail.com поштасына 1 тамызға(01.08.2018) дейін жіберуі тиіс.
- Құрылтайға қатысуға жіберілген өтінімдерді арнайы комиссия іріктеп, делегация мүшелерін 10 тамызға(10.08.2018) дейін бекітеді.
Құлаққағыс: «Қамшы» ақпарат агенттігі осыған дейінгі әрбір іс-шараны өз қаражатымен және жекелеген мемлекетшіл азаматтардың қолдауымен өткізіп келеді. Басты мақсат – билік тарапынан, мемлекет тарапынан жасалып жатқан оңды қадамдарға қолдау таныту, кемшін түсіп жатқан тұстарға азаматтық тұрғыдан атсалысу. «Түркі елдері жастарының үлкен құрылтайы да» сол дәстүрімізбен «Қамшының» қаражатымен қолға алынып отыр. Егер осы шарамызға қолдау көрсетіп, серіктестік танытамыз деген ұйымдар мен азаматтар болып жатса, тек қуанамыз.
«Қамшы» сілтейді
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.