“Жүнді” халқы деген кімдер?

Ⓒult.kz

Бекжан ӘДЕНҰЛЫ

«Қамшы» сілтейді

“Жүнді” халқы деген кімдер?

Қытай деректеріне сүйенсек, б.д.д. ІІІ мыңжылдықтан бастап, б.д.д. IV ғасырға дейін орталық Қытайдың солтүстігі мен батысын алып жатқан таулы аймақты «жунди» халқы мекендеген. «Жундилердің» солтүстігіндегі құрғақ далада «хунь» (хоңыр) халқы, ал оңтүстігі мен шығысындағы төменгі алқаптарда қытайдың арғы бабалары отырды. Күн сәулесі түсе бермейтін қалың орманда, тұманды, таулы өлкеде мыңдаған жылдар бойы отырғандықтан жундилердің түрі көк көзді, қызыл шашты болып қалыптасқан. Барша «тау халықтары» тәрізді келбеттері жүндес болған. Осы себептен «хоңыр» (хунь) халқы оларды «жүнді» деп атаған. Яғни, тау халқы дала халқын «хоңыр» (хунь) деп атаса, дала халқы тау халқын «жүнді» деген.

Таулық жүнділердің төмендегі алқаптарда отырған қытайларды билеп, төстегені жайында нақты деректер бар. Қытай жылнамаларында жүнділердің 13 тайпасының аты аталады. Шыңжандағы юэчжи тайпасы да жүнді халқынан екенін ескерсек, онда жүнділер кем дегенде 14 тайпалы халық екенін көреміз. Қытайдың ата-бабалары Орталық Қытайға алғаш жеткенде ол жер батпақты қалың ну орманды болғанын, онда жүнди халықының әртүрлі тайпалары мекендегенін тарихи жазбалар айғақтайтын франсуз тарихшысы Марсель Гране атап өтеді. Жүнділер таудың алып құсына сыйынған, оны қазақ «тазқара» деп атайды (парсы-тәжікше «симруг», грекше «грифон»). Жылына бір жұмыртқа ғана салатын, басында жүні жоқ, құйрығы үшкір, биіктігі бір метрден асатын, қанатының ұзындығы 2 метрге дейін жазылатын алып құс көпшілігімізге таныс. Таудың биік шыңдарын мекендейтін осы құсты жүнділер «тәні ірі» (мағынасы ­– «алып денелі») деп атады, жүнді-юэчжилердің сол құсты тәңір тұтқанын грек деректері растайды. Осы «тәні ірі» құсқа табыну дәстүрі кейін «аспан құдайы Тәңірі» сеніміне ұласқан. Жүнділердің ата-мекені болған таудың Тәңір Шыңы деп аталуы сөзімізге дәлел. Ол тауды Тянь Шянь еткен «Р» дыбысы жоқ қытай, оның қытайша мағынасы да ­– «аспан құдайының тауы».

Қазақта араптық «дін» сөзі мағынасына жақын өзіндік «діл» деген сөз бар. Қытайлармен жақын араласқан жүнділердің кей тайпалары өздерін «діллі» деп те атаған тәрізді (яғни, «біз қытайларға қарағанда қалыптасқан діні бар халықпыз» деген мағынада). Осы себептен болар, қытай жазбалары кей жүнділерді «ди» деп көрсетеді. Жүнділер ықпалымен қытайлар да «тәнірі» сеніміне көшкенін және «тәнірі» атауы «аспан құдайы» деген мағынаға ие болғанын аңғарамыз. Қытайлар «р» дыбысы жоқтығынан «тәнірі» атауын «тянь» деп өзгертіп қабылдаған. Ол ­– атаудың тау құсымен байланысы үзілген заман, сол себептен қытайларда айдаһар бейнесі таңба ретінде сақталып қалған.

Тау құсына табыну дәстүрі Шыңжанда отырған юэчжи тайпасында ғана сақталып қалды. Солар негізін салған Үйсүн империясының таңбасы «тазқара» бейнесінде (оны кейін «қарға» деп бұрмалаған Қытай империясы саясаты). Қытай империя болып күшейген б.д.д. ІІ ғасырда Тянь (тәнірі) сенімінен бас тартып, будизм мен конфуциандық сенімге көшкені мәлім. Қытайлар саны көптігімен жүнділердің көбін өзіне сіңдіріп жіберді, жүнділердің тек таудағы бөлігі сақталып аман қалғанын көреміз. Кейін қытайлық шағын княздіктер бірігіп империяға айналғанда, Қытай империясы таудағы ержүрек жүнділерді жеңіп екіге ыдыратқаны,  жүнділерді таудағы берік тас қорғандарыда құтқара алмағаны деректерде айтылады. Қытай қорғандарының ең ескі бөлігінде оқ ататын тесіктер Қытай жаққа қарап тұрғаны ғалымдарды таңдандырған, оны қытайлар «мемлекеттегі халықтың бүлігінен сақтану үшін жасалған» деп түсіндіреді. Шынында таудағы қорғандарды салған жүнді халқы, олар күшейе бастаған Қытай империясынан қорғану үшін сол қорғандарды салған, оның оқ ататын тесіктері төменде жатқан қытайларға бағытталуы сол себептен. Кейін б.д.д. 4-3 ғ.ғ. жүнділер екіге ыдырап жойылып, олардың жері Қытай империясына қосылғанда, қытай мен далалық хоңыр (хунь) халқы жақын көрші болып қалды. Қытайлар «р» дыбысы жоқтығынан «хоңыр» халқын «хунь» деп атап кетті, ал хоңырлар болса саны көп, әрі бойлары аласа көршілерін «құрттай» деп атаған. «Р» дыбысы жоқ қытайлар «құрттай» атауын «хытай» етіп қабылдады, осылайша қытай халқы атауы қалыптасты. Хоңыр халқыда кейін қытайлар таңған «хунь» атауына көндігіп кеткенін, олардың Европаны тітіреткен ұрпақтары «гунн» деп көрсетілетіні дәлелдейді (тек «қоңыраты» деген тайпасы атауында «қоңыр» сөзі сақталды, «қоңыраты» мағынасы «атауы қоңыр» дегені). Қытай империясы хунь (хоңыр) халқынан қорғану үшін тауларда жүнділер тұрғызған қорғандардың арасын қосып кәзіргі біз білетін «ұлы қытай қорғанын» тұрғызды.

Жеңілген жүнділердің үлкен тобы б.д.д. ІІІ ғасырда батысқа, Орта Азияға кетсе, екінші тобы солтүстіктегі қоңыр халқы (хунь) аймағына барған. Ал үшінші тобы солтүстік шығыстағы «ху» тайпасы аймағына кеткен. Жүнділердің өз отанында қалғаны ­– Шыңжандағы юэчжи тайпасы мен Тибетте отырған жүнділер. Тибеттегілері кейін буддизм діні арқылы тегі қытайлық этностарға араласып, тибет ұлтын қалыптастырды. Қытай империясы аймағында қалған жүнділерде жеті тайпадан құралған Байды одағы бары көрсетілген. Олардың көбі кейін қытайларға сіңіп жойылғанымен, бір бөлігі б.з. I ғ. орта азиядағы Үйсүн империясына барып қосылған тәрізді.

Парфия патшалығы қалай пайда болды?

Енді осы жүнділерге жеке-жеке тоқталсақ, қытай деректері «батысқа кетті» деген жүнділер б.д.д. III ғасырда Орта Азияны жаулап алған, оларды бастаушы «арын» деген тайпа екен. Иран халқы қазіргі Түркменстан аймағындағы сақтарды «парны» (мағынасы­ – иранша «арғы жақ») деп, аймақтың өзін «Парфие» деп атағаны белгілі. Осы атаудан соң ол аймақта орнаған мемлекет тарихқа Парфия деп енді, ал мемлекетті орнатқан тайпа қазіргі Шыңжан аймағынан келгенін ғалымдар мойындайды.  Яғни қытай жазбалары «б.д.д. ІІІ ғасырда батысқа кетті» деген жүнділер сол тұста Орта Азияны жаулап алып, Парфия патшалығын орнатқан. Көп ұзамай қазіргі Иран аймағы мен Закавказе де осы патшалыққа бағынды.

Грек-иран деректеріне сүйенген ғалымдар Парфия билеушілерін «Арансак» немесе «Арсак» династиясы деп таниды. Осы династяның Закавказедегі тобы «Араншах» және «Аршакиды» деп көрсетіледі. Ал қытай жазбаларында Парфия патшалығы «Анси патшалығы» деп кездеседі. Қытай деректері «сақ» халқын «си» деп көрсететінін және қытайда «р» дыбысы жоқтығын ескерсек, онда «Анси» атауы дұрысында «Арынсақ» болады. Бұл «араншах, аршак, арынсак» атаулары Парфияны билеген Арын династиясы екенін байқатады. Жүнділер әуелі Орта Азиядағы сақ халқын бағындырып Парфия патшалығын орнатты, ал иран халқы ортаазиялық тайпаларды жаппай «сак» деп атайтын. Иран халқы Парфияны орнатқан жүндилік Арын тайпасын сак халқынан деп түсінгенін, оларды сол себепті «арансак» деп атағанын көреміз. Ал осы атау Закавказеде «араншак» болып қалыптасқан.

Парфия патшалығы заманында ортаазиялық сақтардың албан мен сыбан тайпалары Закавказеге барып, ондағы арыс (аорс) тайпасымен қатар қоныстанды. Албан тайпасының көптігінен Закавказье VІ ғасырға дейін Албания деп аталды және оларды билеген Аран тобы екені де белгілі. Албан тайпасының Қырымда отырғандары Х ғасырдағы араб жазбаларында «сакалба» (сакалбан) деп көрсетіледі және Еуропаға асып кеткендері қазіргі Албания мемлекеті халқын қалыптастырды. Ал сыбан тайпасы азарбайжан құрамында «шахсеван» атауымен сақталды (сақсыбан). Олардың үлкен тобы сван атауымен грузиндер құрамына кіріксе, Арменияда Сван деген көл де бар. Орта Азияда қалған албан мен сыбан тайпалары қазақ халқында албан мен суан атауымен сақталды. Кейін араб әріпті шежірелерді «кирилицалаған» ресейліктер «сыбан» атауын «суан» деп өзгертті. Дегенмен найман мен керей тайпалары құрамында қалған сыбан рулары “сыбан” атауын сақтап қалды.

Закавказелік Албанияны билеген «араншак» (аршакиды) династиясы І ғасырда биліктен айрылып, кіші Кавказ тауына жақын шоғырлана бастаған (хұң халқының алан тайпасы Закавказені жаулаған заман). Осылайша олар өздеріне бағынышты арыс, албан, сыбан руларынан болашақ армиян халқын қалыптастыра бастады. Олар­ – ІІІ ғасырдың соңында ежелгі грек тілінде христиандықты қабылдаған ең алғашқы кавказдықтар. Армияндардың ең алғашқы христиандық жазбалары «қыпшақ тілді» болуы олардың өз тілі түркілік болғанын айғақтайды. Ол кезде «арыншак» атауы «аршак», арын атауы «ар» болып қысқарған, осы себептен өздерін «армын» деп атаған. Кейін тілдері ежелгі гректік шіркеу тілімен өзгергенде «армын» атауы «армиян» болып өзгерген деп тұжырымдаған жөн. Армияндар «аршакиды» (аршак) династиясын өз патшалары деп таниды, олардың бір-бірін «ара» деп атауы да арғы тегі «арын» немесе «ар» екенін аңғартады. Армиян фамилияларындағы «ян» жалғауы түркілік «дан, ден, нан» жалғауларының өзгерген нұсқасы десек, қателеспейміз. Яғни Хачатурян-Қашатұрдан, Бабаян-Бабадан, Джигарханян-Жығарханнан болып шығады. Сол «арандар» қалыптастырған  христиандық дәстүр «Ариянская християнство» деп танылады.  Осы «ариянская» атауы да олардың шын мәнінде «Арын» деген тайпа екенін дәлелдей түседі.

Б.д.д. ІІ ғасырда Парфия патшалығының Орта Азия аймағын Шыңжаннан келген юэчжилер басып алып, ол жерде Үйсүн империясы орнады (Кушан патшалығы). Парфия патшалығы негізінен қазіргі Иран аумағын ғана сақтап қалды, сондықтан ирандықтар мемлекеттің негізгі халқына айналды. Парфияны билеген жүнділік династия қол астындағы иран халқына сіңді, ал иран халқы мемлекеттің «Парфия» атауы ықпалымен «парсы» деп атала бастады. Сонымен Парфия патшалығын орнатқан жүнді халқы, оны билеген Арын тайпасы деген орынды.

«Дилин» деген кімдер?

Хоңыр (хұң-хунь) халқының маңына топтасқан жүнділер – деректерде «дилин» немесе «динлин» деп көрсетілгендер. Олар қытай жазбаларында «Ди» деп кездеседі. Жоғарыда қытайлар Тянь (тәнірі) сенімін жүнділерден қабылдағаны, жүнділердің кей тайпалары өздерін «діллі» (дін иесі) деп атағаны және қытайлар сол жүнділерді «ди» деп атап кеткені жайлы  ойымызды айттық. Хунь империясы құрамына енген дилин (динлин) халқы – сол ди-жүнділер. Қытай деректері де дилиндіктер Орталық Қытайдағы адамдарша табынатынын баяндайды. яғни олар Тянь (тәнірі) сенімін ұстанатын қытайлар сияқты мінәжат еткен. Осы дерек біздің тұжырым дұрыс екенін байқатады. Хұң (хунь) халқына Тәнірі сенімін таратқан сол дилин-жүнділер.

Дилиндік тайпалар тізімінде «хэгу» деп көрсетілгенін ғалымдар «қырғы» тайпасы деп таниды. Ал ондағы «уху» деп көрсетілетіні «уақ» тайпасы деген орынды. Диллиндер V-VІ ғасырлардағы құжаттарда «деле» («теле») және «телеут» атауларымен кездеседі. Ол кезде Жужандар теле-телеут халқын әскер ретінде қолданғаны белгілі. Гунн империясы аймағындағы утигур, оногур, кутригур дегендер қырғы тайпасының рулары тәрізді. Дилин халқының қырғы («хэгу») тайпасынан қырғыз, башқыр және хакас ұлттары қалыптасты. Алтайлық түркітілді ұлттардың көбі сол дилин (теле-телеут) халқы тайпаларынан қалыптасқан. Дилин (теле-телеут) халқының уақ («уху») тайпасы қазақ халқы құрамында сақталды, теле-телеут халқының үлкен тобы «төлегетай» атауымен найман тайпасы құрамына енген.

       Яғни, жүнді халқының солтүстік өңірге кеткендері тарихта диллин және теле-телеут деп көрсетіледі. Олар Сібір мен Алтайдағы түркілік ұлттарды қалыптастырған, кей бөлігі қазақ халқы құрамында сақталған.  

Корей мен Арынның қандай байланысы бар?

Шығыстағы ху халқы отырған аймаққа кеткен жүнділерді де бастаған Арын тайпасы. Алдымен ху халқына аздап тоқтала кетейік, ху мен хоңыр (хунь) халықтары көршілес отырды. Шығысындағы айлакер көршісіне «қу» атауын берген хоңыр (хунь) халқы болуы мүмкін. Қытай аңыздарында ежелгі Ся елінің солтүстікке кеткендері болғаны айтылады. Солтүстікке кеткен Ся елі ондағы ху халқымен араласып, Сяньби халқын қалыптастырды. Ху халқының өзі ол заманда Дунху («шығыс ху») деп аталатын. Лев Гумилев қытай деректері сяньби мен дунхулар өзара туыс екенін дәлелдейтінін жазады. Дунху ұрпақтары корей мен жапон ұлттары деп білеміз, ал сяньби ұрпақтары қазіргі халха-маңғолдар екені мәлім. Корей, жапон, маңғол тілдері өзара өте жақын екені және олардың тілдік қорының үлкен бөлігін қытай сөздері құрайтыны біздің сөзімізді нықтайды.

Сяньби халқы 500 жылдай Хұң (хунь) империясы құрамында болды. Қазіргі маңғол тілінде кездесетін «қазақы» сөздер – сол заманда сяньбилер тіліне енген хұң (хунь) сөздері. Маңғол тіліндегі қазақ сөздері маңғол мен қазақтың туыстығын дәлелдемейді, ол сөздер сяньбилерді 500 жыл билеп-төстеген хунь халқы қазіргі қазақтар екенін дәлелдейді.

Қытай жазбасы «жүнділердің бір бөлігі б.д.д. ІІІ ғасырда ху халқына барып қосылды» деп көрсетеді. Сол ху халқына барып қосылған жүнділер 300 жылда «бес тайпалық жеке ел» қалыптастырған. Өйткені б.з. І ғасырында қазіргі Манжурияның шығысында когурё деген «бес тайпа одағы» тарих сахынасына шықты. Оның дұрыс атауы «хуаре» деп білеміз, билеушілері Арын тайпасы болғандықтан олар «хуаре» деп аталған («ху-арын», яғни «ху» мен «арын» атауынан). Корея тарихында олар «когурё» және «хукогурё» атауларымен көрсетіледі, «хуаре» атауы Кореядағы жергілікті этностар тілінде «когурё» болып өзгеруі мүмкін. Қытай деректері бес тайпалы когурё (хуаре) одағы ІІ ғасырда қазіргі Солтүстік Корея аумағын жаулап алғанын және кейін ары қарай оңтүстікке өз ықпалын жүргізе бастағанын көрсетеді. Кейіннен ІХ ғасырда когурё атауы «корё» болып өзгеріп орнықты, осылайша Корея атауы қалыптасып, ол аймақ халқы корей деп аталып кетті. Қытай жазбаларымен сақталған деректер бес тайпалы когурё (хуаре) одағы адамдары ірі денелі, қарулы болатынын, мемлекеттік жүйесі мен мәдениеті сяньбилерден анағұрлым жоғары екенін, киімдері жібек пен алтыннан тоқылатынын, қару-жарақтары қытай мен хұңдардан (хунь) кем түспейтінін баяндайды. Осы құжат ол мемлекетті орнатқандардың арғы тегі ежелде қытай халқын билеп-төстеген ержүрек жүнділерден екенін байқатады. Корей тілінде аз кездеспейтін «қазақы» сөздер «бес тайпалы когурё-хуаре елін» қалыптастырған жүнділік Арын тайпасынан деп білеміз.

Арын тайпасы мен Жапондар

Жүнділік Арын тайпасының қазіргі Жапонияға жақын аймаққа орныққандары «Айн» ұлтын  қалыптастырған. Арын атауы «р» дыбысы жоқ қытай ықпалымен «айн» болып өзгерген (жапон мен корей ұлттарына қытайлықтар көп сіңгендіктен, олардың сөздік қорының 40 пайызы қытай сөздері болып табылады). Айн-арындар «айдаладағы аралдарды», яғни «жапанда жатқан аралдарды» мекендейтін халықты «жапан адамдары» немесе «жапандар» деп атағаны, осы атаумен «жапон» ұлтының атауы қалыптасқаны байқалады.

Ертедегі айн адамдарының беті жүндес болғанын жапон жылнамалары баяндайды. Осы деректер айндар жүнді халқының Арын тайпасынан қалыптасқанын аңғартады. Айн халқы жапондарға сіңіп өз тілдерін толық жоғалтқан, олардың арғы тегі белгісіз саналады.  Дегенмен жапон тіліндегі «қазақы белгілер» солардан енген десек, қателеспеген болар едік. Сол аймақтағы «Сахалинск» атауы дұрысында «Сахалық» (саха тайпасы, яғни якут тайпасы отырған аймақ), «Курилск» атауы «Құрлық», ал «Камчатка» атауы, дұрысында «Кәмшәт» (кәмшәт аңы мекендейтін аралдар) болған. Қалай болғанда да жапон, корей және маңғол тілдерінің өзара жақын туыстығы олардың арғы тегі ху халқынан тарайтынын дәлелдейді, ал олардың тілдерінде кездесетін «қазақы» сөздер ежелгі жундилер (жүнді) мен хуньдардан (хұң) енгені түсінікті.

Ал Амур өзені аймағына барған жүнділік Арын тайпасы хұң (хунь) халқына сіңісіп «архұң» деп аталып кеткенін ондағы өзеннің «Архунь» деген атауынан байқауға болады. Сол архұң (архунь) тайпасы Хұң (хунь) империясы жойылған І ғасырда хұң халқымен бірге батысқа ығысып, қазіргі Қазақстанға орныққан және қазақтың бүгінгі Арғын тайпасы солар екені түсінікті. Олардың сол заманда Солтүстік Кавказға барып орныққандарынан қалған белгілер – Кавказдағы Аргунь өзені мен Аргунь-кала атауы.

Дағыстандағы түркітілді дарғын ұлты да солардан қалыптасқан дер едім. Дағыстан атауы «Тағыстан» дегеннен қалыптасқан («жабайы дінсіздер елі» деген мағынада), олай атаған христиан дінді құмықтар болуы мүмкін. Христиандар өзге дінділерді әу баста «тағы, жабайы» деп атаған (ХІ ғасырға дейін құмықтар христиан дінді болғанын және қазіргі Азарбайжан жерін мекендегенін араб тарихшысы Әл Масуди жазған). Христиан құмықтар Солтүстік Кавказдағы арқұң тайпасын «тағы арғын» деп атады, осы атау кейін «дарғын» болып орнықты деу орынды.

Венгрияға ІХ ғасырда барған мажарлар да Кавказ маңынан қоныс аударғаны белгілі, ал мажар руы Арғын мен Қыпшақта қатар бар. Венгрияға барған мажарлар қыпшақ тайпасынан емес, арғын тайпасынан болатын. Парфия патшалығын орнатқан Арын тайпасы мен хұң (хунь) халқына сіңісіп кеткен Арын-архұң тайпасы арғы тегінде бір тайпа, ол – жүнді халқынан болған билеуші тайпа. Демек атақты Парфия патшалығын орнатып билегендер Арғын тайпасы деуге толық негіз бар.

Қытай деректері «чи-ди» деп көрсеткен жүнді руы қазақтың «шекті» тайпасы деген орынды. Ал Тохарстан княздігін орнатқан Таз тайпасы юэчжи елінен, яғни олар да жүнді халқынан болады. Арғын тайпасы құрамындағы таз, шекті, шақшақ рулары сол ежелде Амур аймағына кеткен жүнділер құрамында Арын тайпасымен қатар таз, шекті, шақшақ тайпалары да болғанын көрсетеді (билеуші Арын тайпасы болғандықтан ортақ атаулары Арқұң болып қалыптасқан).

Бекжан ӘДЕНҰЛЫ

«Қамшы» сілтейді