Қалдыбай Арыстанбекұлы Қыдырбаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және
Оңтүстік Азия
кафедрасының доценті,
Соғыс болмағанда қазақ халқы жойылып кетер еді
Қалдыбай Арыстанбекұлы
1879 жылғы санақта қазақтар 5 млн. болса, арада 60 жыл өткен соң 1939 жылғы санақта қазақтар 2 млн. 300 мың болды. Яғни екі есе азайды. 60 жылда қазақтар миллиондаған адамынан айрылған. Осы екі санақ арасында орыстар – 30, өзбектер – 24, қырғыздар – 16 пайызға көбейсе, қазақтар – 22 пайызға кеміген екен.
Патша Үкіметі мен Кеңес Үкіметінің қанды жоспарлары қазақ халқын жер бетінен жоқ етіп, оның кең байтақ даласына өз халқын орналастыру болды. Қанды қол қос үкіметтің қазақ халқына жасаған нәубеттерін тізер болсақ, 1909-1911 жылдары Столыпин реформасы қазақ еліне қанды тырнағын салғаны, 1914-1916 жылдары бірінші дүниежүзілік соғыста қазақтарды қара жұмысқа айдап, көпшілігін оққа ұшырғаны, 1917-1922 жылдары Азамат соғысында қызылдар мен ақтардың текетіресінде талай қазақ ауылдары жойылып, аштықтан 1 млн. 500 мыңдай адам қырылғаны, 1927-1931 жылдары он мыңнан аса қазақ байларын тәркілеп, итжеккенге айдағаны, 1931-1933 жылдары қолдан жасалған ашаршылық салдарынан 2 млн. 500 мыңнан аса қазақ қынадай қырылып, қаншамасы шетелдерге ауғаны, 1937-1938 жылдары 135 мыңнан аса қазақ зиялысы саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналып атылғаны, итжеккенге айдалғаны тарихтан белгілі. 1941-1945 жылдардағы соғысқа Қазақстаннан 1 млн. 400 мыңдай адам майданға аттанды. «National digital history of Kazakhstan» интернет порталының мәліметі бойынша, соғыстан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 мыңға жетсе, оның 350 мыңнан астамы қазақтар болды. Салыстырмалы түрде алдыңғы зұлматтарға қарағанда қазақ қырғыны бірнеше есеге азайған деуге болады. Алдыңғы нәубеттерден айырмашылығы қазақ бұл соғыста «бұратана халық», «халық жауы» ретінде емес, «отан қорғау» жолында опат болдыға саналды. Өздерін қырғынға ұшыратқан қызыл үкіметті (амалсыздан) қорғаса да, бұл соғыста қазақ жауынгер халық екенін тағы да мойындатты.
Бұл төрт жылда Сталин қазақты жою саясатын бір сәтке бәсеңдетіп, бар күшін Гитлерге бағыттады. Өзі жаншып келген «бұратана» халықтардың арқасында Сталин жеңіске жетіп, бүкіл адамзат фашизмнен аман қалды. Соғыстан кейінгі 1946-1953 жылдары да мыңдаған қазақ зиялылары қуғын-сүргінге ұшырағаны белгілі. Алайда қарқыны соғысқа дейінгідей болмады. Сонымен 1941 жылы Гитлер қанды балақ Кеңес Үкіметіне соғыс ашпағанда қазақ қырғыны қарқынды жалғаса берер еді. 1879 жылдан 1939 жылға дейін 60 жылдың ішінде жартысы қырылған қазақтың, 1953 жылы Сталин өлгенге дейін, қалған жартысы жер бетінен мүлдем жойылар еді. Соғыстың басталуымен Сталин қазақ халқын жаппай қыру саясатын тоқтатып, бар күшін соғысқа жұмсады. Соғыс аяқталған жылдан 1953 жылға дейін де негізгі күшін соғыс зардаптарын жоюға жұмсады.
Қалдыбай Арыстанбекұлы Қыдырбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті,
Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе,мына парақшаға жазып қалдырыңыз!
Abai.kz
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.