Құнды еңбек

                                                   

Әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университеті

 Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының аға оқытушысы

                                                                                                                      Пазылбек Бисенбаев

Құнды еңбек 

   Қазақстан халқы  Президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты   мақаласында көтерілген мәселелерді зор ықыласпен қабылдады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетінің оқытушы-профессорлар қауымы Елбасы ұсынған бастамаларды жүйелі түрде іске асыруға білек түрініп кірісіп те кеткен.  Бұл бағытта  түрлі мамандық иелерінің толағай табыстарға қол  жеткізіп жатқаны да жасырын емес.  Атап өтерлік  ғылыми еңбектер қатарында    тарих ғылымдарының докторы, профессор  Б.Кәрібаевтың «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиясының орны ерекше.                                                   

Б.Кәрібаев монографияның басты тақырыптарына қатысты мәселелерге жүйелі түрде тоқталады. Онда Қазақ хандығы мен Мауереннахр аралығында билікте болған әулеттер арасындағы қақтығыстардың басты себептері жайында қызықты ойлар айтылған. Әсіресе, ол Түркістан аймағындағы қалалар мен Сыр өңірінің қазақ хандығы үшін қандайлық маңызы болғандығына молырақ аялдайды, Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан шаһарлар мен ілгерідегі тарихи оқиғалар арасынан байланыстар іздейді, осы орайда халық әдебиеті мен археологиялық мәліметтерден, тарихнамалық зерттеулерден бірталай мысалдар келтіреді. Зерттеуші бұл арада деректанушы ғалымдардың осы тақырыптар төңірегіндегі пікірлеріне ден қояды. Мұхамед Бабырдың

«Бабырнамасы», Мұхамед Хайдар мырза Дулатидің «Тарихи Рашиди», Хафиз Тыныштың «Шариф-наме-йи Шахи», Қадырғали Жалайырдың «Жамиға-ат-тауарих» т.б. еңбектерден тарихи мәліметтер іздейді. Әрине, мұндай ізденулердің көптеген пайдалы жақтары болғаны байқалады. Оның  ұтымды жағы- еңбектегі ауқымды мәселелерді өмірлік шындықтарға неғұрлым қабыстыра зерттеуге ұмтылуында. Кәрібаевтың Қасым хан мен Ақсақ Темір ұрпақтарының қолдауына сүйенген Мұхамед Шайбани хан арасындағы Түркістан аймағы үшін болған соғыстарды таратып баяндайтын тұсы оқушыға көп ой салады. Оның XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың басында қазақ жерінде орын алған оқиғаларды Дешті Қыпшақ мемлекеті, Моғол хандығы, Мауереннахр билігі кезеңінің ақиқатына жанастыра қарастыруы өте-мөте нәрлі ізденістер болып табылады. «Көшпелі өзбектер», «Өзбек-қазақ» этнонимдерінің орнына ортақ этникалық атау – қазақтың қолданыла бастаған уақытына да зерттеуші ой жүгіртеді. Географиялық мәндегі «Дешті Қыпшақ» ұғымына қоса, «Қазақстан» атауының XVІ ғасырдың бірінші ширегінде орныға бастағанын айтады.

Б.Кәрібаев Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының Мауереннахрмен саяси қарым-қатынасының жағдайына, қазақ хандығының күшеюіне себеп болған жайттарға көңіл бөледі. Сонымен бірге, XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың басындағы Қазақ хандығының билеуші топтары арасындағы тартыстардың түп-төркініне тоқталғанда, Жәнібек пен Керей ханнан тарайтын сұлтандарға қатысы бар әрқандай деректерді үнемі назарда ұстайды.

Тарихшы ғалымның аталмыш монографиядағы терең тұжырымдары алдағы кезде маман зерттеушілеріміздің ерекше көңіл бөлетін, нақты тексеретін басты бағыты болар деп сенеміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университеті

 Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының аға оқытушысы

                                                                                                                      Пазылбек Бисенбаев