Өмірзақ Айтбайұлы
Тіршілікте араласуы мен шүйіркелесуі аз болғанмен, қазақтың қалжыңын қастерлеген қасиеті мол жандар еді-ау деп толғанасың. Бұл адамдардың бойында заманына ылайықты қылықтың бәрі бар еді. Олар бізге осынысымен де қымбат, қадірлі.
Мәкең мен Секең қағытпалары
Қазақ тілінің қос тарланы (Мәулен Балақаев пен Ісмет Кеңесбаев) айтты деген әңгіменің көбі бұл күнде аңызға айналып кетті. Бұл адамдардың ғалым ретіндегі еңбектері өз алдына да, адам ретіндегі әңгімелері екінші бір қызықты сала. Сәлде болса езу тартқызып, ес жинататын олардың әзіл-қалжыңдарын кейінгі ұрпақтың да біле жүргені мақұл-ау деген оймен қолға қалам алып ем. Енді соған кезек берелік.
Секең (Ісмет Кеңесбаев) ажал аузынан қалып, ауруханада жатқан сәтінде, құрдасы Мәкең (Мәулен Балақаев) барып көңілін сұрапты.
– Әй, ана жақ қалай екен. О жақтан да жол тауып жеткенбісің, сабазым?– деген Мәкеңе, ол “құлағыңды жақындат” дегендей ишара жасайды да еңкейе берген құрдасына:
– Кетіп-ақ қалатын рет болып еді. Бірақ о жақта да адамды алфавит тәртібімен шақырады екен. К – емес, бізге керегі Б деген соң, амалсыз қайтып келдім. Кезек сенікі екен – деп жымиған екен.
***
Қанекең (Қ.Сәтбаев) қайтыс болып зиялы қауымның қабырғасы қайысыңқырап тұрған сәтте де, Секең досына:
– Қашанғы қазақ қырыла береді. Сенің сағатың келген жоқ па осы, – деп ащылау қалжың айтып салады. Сонда Мәкең сұқ қолын жоғары нұсқап:
– Оны біз емес, анау мықтының өзі біледі. Ол, алдымен, игі жақсыларды алып жатыр. Ендігі жақсымыз сен деп жүрміз ғой! – дейді. Қаумалаған жұрт күлкіден булығып әрең шыдапты
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.