хіх ғасырдағы ташкент өңірі тұрғындары мен дешті қыпшақтың рулық-тайпалық құрамы туралы: құрамалар

хіх ғасырдағы ташкент өңірі тұрғындары мен

дешті қыпшақтың рулық-тайпалық құрамы туралы:

құрамалар

 

Студент үшін

 

Бас бет Ғылыми мақала

Aknur Aknur

25.08.2015

 

Ташкент өңірі өзбек мемлекеттілігі мен өзбек халқының этикалық тұрғыда қалыптасуы тарихында аса маңызды орын алып келген. Қоқан хандығы құрамына ену кезеңінде мұнда күрделі этносаяси үдерістер жүзеге асты. Этнография мен этнологияның бастау көздері және ғылыми әрекеттер Ташкент және Ташкент облысы тұрғындарының этникалық құрамы жөнінде аса маңызды мәліметтер береді.

Зерттелген материалдар мен әр түрлі мәлімет көздерінен алынған ақпараттарға қарағанда, осы өңірдегі тұрғындар түркі және иран тілді тұрғындар болғандығына дәлел бола алады, олар мұнда түрлі тарихи уақыттарда қоныс аударған болатын.

Дешті Қыпшақ тұрғындарының Ташкент ауқымына және Орта Азия басқа өңірлеріне жаппай қоныс аударуы XVIII ғасырдың басындағы жоңғарлар немесе ойраттардың басып кіруі кезеңінен басталады. Басқыншылардың тегеурінді шабуылы нәтижесінде Қазақ жүздерінің көптеген рулары мен тайпалары қазіргі Өзбекстан аумағына қарай қоныс аударды.

Өзбек халқының этникалық тарихында көптеген ғылыми ақпарат көздерінде келтірілетін 92 ру ерекше орынға ие. Ең қызықтысы сол, көптеген этникалық топтар, тайпалар мен рулар тек қана өзбек, қазақ рулары құрамына ғана еніп қоймай, өзге де осы өңірдегі  және алыс шетелдегі түркі халықтарының құрамын енетіндігі (татар, башқұрт, ұйғыр, түркімен, сібір халықтары және тағы басқалар). Өзбек және қазақ халқының құрамын енетін көптеген этникалық топтар әлі күнге дейін өздерінің рулық – тайпалық құрылымын сақтауда.

Жоғарыда атап өткеніміздей, өзбек-қазақ руларының атаулары көптеген тарихи шығармаларда келтіріледі. Осынау әртүрлі тізімдердің саналуындағы және кейбір салыстырмалы түрдегі атаулары Орта Азия хандығы тарихын көптеп зерттеушілердің еңбектерінде берілген. Этнографиялық мәліметтер мен далалық жазбаларға қарай отырып, Ташкент өңірінің Қоқан хандығы құрамына ену кезеңіндегі рулық-тайпалық құрамын анықтауға болады. Тарихтан белгілі болғанындай, қоқандық билеуші Әлімхан (1798-1810) Ташкентті 1809 жылы өзінің қарамағына қосқан. 1816 жылы Дешті Қыпшақ та  оның қарамағына қарады. Сөйтіп, Ұлы жүз бен Орта жүздің көптеген тайпалары мен рулары елу жылдан астам уақыт бойы өз тағдырларын Қоқан хандығымен байланыстырды. Осынау територияда өз кезегінде көптеген аталарға бөлінетін тайпалар мен рулар мекен етті.

Түрлі деректерде өзбектің 92 руы әрқилы нұсқаларда беріледі, бірақ көпшілігі негізінен алғанда сәйкес келеді. Кейбір мәліметтерде ру атаулары өздерінің бірізділігімен ерекшеленеді  немесе аталуымен айрықшаланады. Мәселен, Абдулқадыр ибн Мухаммад Аминнің «Маджму ал-ансабва-л-ашджар» шығармасында (Генеология және рулар шежіресі) тайпалар мен рулардың атаулары мынадай ретпен беріледі:

«…мың, жүз, қырық, өзбек, үйжіт, жалайыр, сарай, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ, қалмақ, шақпақ, қырғыз, қырлық, түрік, бұрлақ, самаршық, қатаған (шанышқылы, бұл рудан және де үш таңбалы, алакөз, жұпалма, жуалы; бес ауыл (үш ұлдан тарайтын: тақыбай, дәулет, құдайқұл, көшек және құрақ), жаңбыршы, араншы, бөке), қалашы, қынағас, бүйрек, ойрат, қият, қытай, қаңлы, өз, жоблатшы, қаушы, өтеші, полатшы, жойыт, шиіт, жойлыт, баяуыт, оймауыт, обрай, керейт, қырғыз, ұнғыт, танғыт, маңғыт, шалжүт, миит, меркіт, бүркіт, қият, арлат, құрлас, оқлан, керей, араб, айлашы, жобүрген, қыстық, кереуші, түркмен, дүрмен, табын, тама, рамадан, мұйтан, үйсін, бұйра, хафиз, ираншы, барлас, барай, татар, баташ, башқыр, сұлдыз, тұбай, тілеу, кердері, сақтиян, қарқын, шарзын, оғлан, күрлеуіт, бағлан, шынбай, шұлқас, ұйғыр, ағар, жабу, арғын, төргек, әджіт, маджар, бөк сорын, бақырын (бағдан және ұяс секілді түрлері де кездеседі)».

Осы шығарманың авторы Молла  Нұр Мұхаммад Ақ-Қорғани «құрама» этникалық тобының («қосылған топ», «қосынды» деген мағынадағы «құрама» термині Ходжа Ахрар (XVғ.) мен «Тарихи Мукимхани») еңбектерінде кездеседі. Онда құрама мынадай рулардан тұрады:

Ұлы жүз тайпасынан «құрамаға» мынадай рулар кірген: есентай, қаңлы, абдан, таймыр, бағыс, шымыр, бетбай, сіргелі, бағыш, ошақты, дулат, үйсін, жалайыр (оның тастабан, қара кешу, жарты үй тақа, құндызақ).

Орта жүз тайпасынан мына рулар кірген: қыпшақ, керей, арғын, найман, тоқа, алтай, қарақалпақ, қоңырат (оның бәдігей, алғи, қаракөсе аталары).

Кіші жүз тайпасынан: Тілеу (Балқалы атасы), ырғақты, рамадан, жаппас, алшын (оның жағалбайлы, қордан, күйін, қанжығалы, аушы, қарыз, төрт көрден, мұратәлі, көлді тепе, сейіт, қалтатай), кердері, керейіт (аулық, жағлық аталары), табын, тама (тоқалбайлы құрт, ел таңбалы, қос таңбалы, ай таңбалы осы үш таңбалыны және де қызыл құрт таңбалы деп те атайды), дәулеткелді, қызыл құрт (аққорған, қаллабатыр, көк шалма, қара сирақ, қошқар сүйген, қырық шаңғы, ата шал, Кенжебай ата), ашамайлы (Шабыты, жаман тама, шақпақ, кенже сары), кұрақ жабал (алаңқат, шаңтепе, қаңқа, бес арық, жаңа қорған, қарабұқ, бөке, алтыш, құлдырақ. Оларды және де Ботқа деп атайды. Аланқат пен Шаңтепені сондай-ақ, тартұлы), әліп таңбалы, алты ата.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орта Азия хандықтарын зерттеуші Венгр ғалымы Армений Вамбери 32 өзбек руларының тізбесін келтірген. Зерттеушілер тайпалардың екі түрлі тізімімен бетпе-бет келіп тұрғандығын атап айтқан. Ал академик В.В.Бартольд 92 өзбек руы бірте –бірте  32 рудан тарқаған деген пікірде болған. А.Вамберидің жариялаған өзбек тайпаларының тізімдері былайша болып келеді: қоңырат, қыпшақ, қытай, маңғыт, нүкіс, найман, құлан, қият, аз, таз, саят, жегетай, ұйғыр, айбет, дүрмен, ошын, қанжығалы, ноғай, балғалы, мітен, жалайыр, кенегес, қаңлы, ішкілі, бауырлы, алшын, ашамайлы, қарақұрсақ, бірқонақ, тіркеш, кеттекесер, мың.

Жергілікті авторлардың кейбір шығармаларында жоғарыда аталған рулардың Ташкент және Ташкент облысы бойынша заерттелетін уақыт кезеңіндегі мәліметтері берілген. «Анжум ат-таворих» атты еңбегінде Құдиярханзаде былай деп мәлімдейді, Абылай хан жоңғарларды тас-талқан етіп жеңген соң, өз қарамағындағы вилояттар мен жерлерді мұсылман тайпалары мен руларына бөліп берді. Шымкент шымырлардың үлесіне тиді. Ташкент төрт ауданға бөлінгендіктен, Бесағаш ауданы шейх руына берілді. Көкше ауданы – қоңыраттарға, Сібзар – жаныстарға, Шейх Хаван Тахыр сіргелі, ысты, ошақты руларына тиесілі болды. Шыназ құлаштарға, наймандарға және өзге де қауымдастықтарға өтті. Паркент шақшаларға берілді.

Осы автор сондай-ақ, Ниязбек қамалын жаныс руынан шыққан Төлебидің ұлы Ниязбек салғандығын, ал Байтабақ сіргеліден тарайтын қияттар мен қыбырайлар мекендейтін Қыбырайда қорғаныс бекіністерін құрғандығын хабарлайды.

Ташкент өңіріндегі этникалық өңірде құрама тайпасы ерекше орын алады. Құрамалардың этникалық құрамы мен орналасуы тарих ғылымында аса үлкен маңызға ие. Зерттеу кезеңіндегі құрама тобындағы қазақтар мен өзбектер ішіндегі олардың мәдениеті мен тұрмысы ерекше сипатқа ие болды, олар қазақтар мен өзбектердің ішіндегі өзге этникалық топтардан өзгешеліктерімен айшықталды. Олар жарым-жартылай өмір салтын жүргізді, суармалы егін шаруашылығы мен жайылым қуған мал шаруашылығы мен айналысты; киіз үйлерде тұрды, кепелерді мекен етті, сонымен бірге отырықшы типтегі тұрғын үйлері де бар еді.

Көнекөз қариялардың және топонимия мен этнотопонимияның деректері бойынша Ташкент өңіріндегі құрама руы құрамында өзбек, қазақ, қырғыз және түркімендер бар. Көптеген қазақ рулары Орта Азияның түрлі аумақтарына Әмір Темір билігінен кейін қоныс аударды. Бұл кезең Шайбани ханның Мауренахрға баса – көктеп шабуыл жасаған уақыты еді. Соңғы рет қазақ рулары жоңғар шапқыншылығы кезінде қоныс аударды. Мінеки, дәл осы шақта қазақтардың басым бөлігі Ташкент маңайына, Ахангардан даласына, сондай-ақ, Ферғана мен Заравшан аймағына орналасты.

Дешті Қыпшақ жерінен әлімұлы, арғыншы, қырғыз тайпасының саруынан ағанай руы (олар Қыбырай ауданындағы Ағанай селосында тұрады) келді. Сондай-ақ, қаңлы тайпасынан бөке руы, дархан, қоңырат руынан: дүрет, керейші, сарай тайпасынан: көшек, қырғыздың бағыс тайпасынан көкмойын руы, шанышқылы тайпасынан мамыт руы, әлімұлы тайпасынан маша руы, қырғыздың бұғы мен сару тайпасынан мұратәлі руы, жүздер мен қырғыз тайпасынан моғол руы, қазақ рулары найман, аққабақ, суан, қырғыз тайпасынан шекірсақ,  парша жүз, рамадан, сары таңбалы, сартжүз, сырғалы, тілеу, тейіт, байтейіт, сарытейіт, ұрытейіт, төртұлы, түйебұғыз, тоқбай, үйсін, ұңғыт, үшбақты, шаудыр (Бостандық ауданында тұратын  түркімендер), қарақшы тайпасынан оюшы, төртұлы тайпасынан шанақ, шыназ, айтаңбалы тайпасынан шулашы, шуылдақ, найман мен қоңыраттың өзге де рулары, оймақты, ошақты, дүрмен, дулат, қарасирақ, лақай, қарақалпақ, ноғай, қарақытай, (қарақидан), қоракүйлі, қостаңбалы.

Ташкент және Ташкент өңірінің (Бөке, Паркент, Тілеу, Ахангаран, Кереуші, Нау бектері) мен Қазақстан оңтүстігінің (Шымкент, Сайрам, Түркістан және тағы басқа да жерлері) Қоқан хандығына (1810-1865) қараған кезінде тұрғындары (өзбек, сарт) отырықшы болатын, жартылай отырықшы (құрамалар) да еді. Ал Ұлы және Орта жүз қазақтары көшпелі өмір сүрді.

Көптеген көнекөз қариялар өздерінің рулары Орта Азияға жоңғарлардың шабуылы жылдарында қоныс аударғанын, соның ішінде Шардара, Шымкент және Сырдария өзенінің орта тұсы маңайына қоныстанғанын айтады. Осынау үш жүздің көптеген тайпалары мен рулары Қазақстанның оңтүстігіне, Өзбекстанның Сырдария, Жизақ обылыстарына 1939-1940 жылдары кеңес үкіметі мырзашөлді игеру жылдарында қоныс аударды.

Сөйтіп, Қоқан хандығы өмір сүрген кезеңде зерттелген өңірдегі тұрғындардың этникалық құрамы аралас болғандығын және олар негізінен алғанда түрлі қазақ және өзбек халқының тайпалары мен руларынан құрылғанын оңғартқан еді. Өздерінің шаруашылық өмірі мен тұрмысында, тілі мен мәдениетінде ортақ ұқсастықтар да өте көп болды.

Қоқан хандығының құрамына қазақ тайпаларынан құралған Ұлы жүз және Орта жүз адамдары мекен еткен териториялардың бір бөлігі қосылды. Егерде жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ тайпалары мен руларының Ташкент өңіріне, Сырдария өзені маңайына өте белсенді түрде қоныстануы жүзеге асса, осынау территориялардың Қоқан мемлекеті құрамына енуі кезеңінде қоқандықтардың бұрын қазақтар мекендеген жерге қоныстануы үдерісі жүзеге асты.

Жоғарыда көрсетілгендей, Қоқан хандығының құрамына Ұлы жүзбен біргелікте Орта жүздің бірқатар рулары енгендігін байқауымызға болады. Олардың арасында экономикалық сауда және мәдени байланыстар болды. Бұл олардың достығының нығаюына, ынтымақтастығына едәуір ықпал жасады.

 

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Ұлан 13.01.2016

Ассаламағалайкум сіздерден сұрайын деп едим, қазақтың орта жүзіндегі қоңыраттың ішіндегі ырғақты руы жайлы, арғы аталары жайлы білесіздерме? Білетін болсаңыздар сол жайлы мағлұмат қалдырасыздарма, алдын ала рахмет.