ОТЫРАР ҚАСІРЕТІ: ҚАҺАРМАНДЫҚ ТАНЫТҚАН ҚАЙЫРХАН

             Болат ШАРАХЫМБАЙ.

  ОТЫРАР ҚАСІРЕТІ: ҚАҺАРМАНДЫҚ ТАНЫТҚАН ҚАЙЫРХАН

Бұл тақырыпқа жазсам ба, жазбасам ба деп көп ойландым. Оған себеп те жоқ емес. Ең басты себеп – бұл тақырып төңірегінде дай-дай айтыстың көптігі, тіпті бүкіл жержүзілік сәнге айналды десе болады. Сондықтан мұндай айтыс-тартысқа араласудың өзі кісіге абырой әпермейді.

Өстіп жүргенде күтпеген жағдайға тап болдым. Кезекті кітабыма керекті мәліметтер іздестіріп интернет парақшаларын ақтарып отырсам, сайттардың бірінен ерекше ескерткішке көзім түсті. Бір қолымен беліне байланған қылыштың сабын қапсыра ұстаған, алға қарай созылған екінші қолының сұқ саусағымен әлдене жаққа ишара жасаған батыр тас тұғырда кеудесін жоғары көтере алысқа нық қарап тұр. Өзін ұстау мәнері, оның тегін адам емес екенін аңғартады. Суреттің астына үңілсем, «Үргеніш қаласындағы Жалел ад-Диннің ескерткіші» деп жазып қойыпты.  Өз көзіме өзім сенбей тағы да анықтай қарадым. Жоқ, көзім алдамапты, «Жалел ад-Дин» деп тайға таңба басқандай жазулы тұр. Сонда бұл кім болды екен деп отырған шығарсыз? Айтайын. Жалел ад-Дин Менгуберді – әйгілі Хорезмшах Мұхаммедтің мұрагері, Хорезм мемлекеттің соңғы билеушісі. Отанын монғол шапқыншылығынан қорғаған қас батыр. Басқыншы Шыңғысханға бас имей он  жылдан астам уақыт бойы арыстанша алысып, ақыры 1231 жылы күрдтердің опасыздығынан қаза тапқан қаһарман.

Ең ғажабы өз ағамыз өзбектер қайсар жүректі ұлы бабаларының алдында қарызда қалмапты. Жалел ад-Динге өзі қорғаған Үргеніш қаласының төрінен зәулім ескерткіш орнатып, оның жасаған ерлік ісін мәңгі өшпестей етіп тасқа қашапты. Осы ретте Өзбекстан мемлекеті 1999 жылы баһадүр бабаларының 800 жылдық мерейтойын үлкен ұйымшылдықпен сырнайлты-кернейлетіп атап өткенін айтып өтсек артық емес. Ал, 2000 жылы оның құрметіне ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен әскери қызметкерлерге берілетін «Жалоладдин Менгуберди» орденін тағайындады. Әрине, «Бәрекелді!» дейміз. Бұл нені көрсетеді? Бұл – өзбек ағайындардың парасат – пайымының жоғарылығын, өз тарихы мен тарихи тұлғаларын лайықты құрметтей алатынын, жас өзбек патриоттарын сол тарихи тұлғаларының ерлік істері үлгісінде тәрбиелеп, өнегеге баулып жатқанын көрсетеді. Бұл, сөз жоқ, ел болғысы келетін, ерлікті, өрлікті көксеген ұлттың таңдауы. Сүйінесің, қызығасың, қызғанасың!

Енді өзімізге келейікші. Ежелден еркіндік аңсаған Қазақ елінің бұл тұрғыдағы бәсі қандай дәрежеде? Өкінішке орай, біз өз тарихымыз бен тарихи тұлғаларымызды, ұлттық құндылықтарымызды тиісінше бағалау, құрметтеу, даңқын асқақтату, жас ұрпақты солардың қаһармандық ісі үлгісінде тәрбиелеу мәселесіне келгенде шамадан тыс салқындылық танытып жүрген сияқты көрінеміз. Солқылдақ мінез көрсетіп жүргендейміз. Сөз көп, іс жоқ. Неге?

Осыны ойлағанда, әлгі өзім жазсам ба, жазбасам ба, деп жүрген тақырыпты біржола жазып тастауға бел байладым.

Тарихта ғасырлар жүгін арқалап, артында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалар аз емес. Ол – адамзаттан ақылы асқан данышпан ғұлама, қаһарынан жер қайысқан жаһангер, немесе бүтін дүниені бір-біріне соғып төңкерген ревалюционер болып тізіле береді. Дегенмен, ғылыми философияға сенсек, бұл уақытша өмірде уақыттан асқан қатал сыншы жоқ екені тағы белгілі. Күні кеше мерейі көкте, есімі көптің аузында жүрген кісің қоғам мен жүйе бір аунап түскенде сол уақыттың елегінен өтпей қалуы әбден мүмкін. Оған мысалдар жеткілікті. Ал, енді арадан ғасырлар өтіп, небір аласапыран дауылдар мен жауындарды бастан кешседе қадір-қасиеті бір мысқал да кемімеген, қайта уақыт алға жылжыған сайын халықтың құрметі мен ілтипаты арта түсетін ерекше тұлғалар болады. Олардың есімдерін ұмыттыру үшін қаншама талпыныс жасалды, алайда ұлт үшін осы бір қадірлі есімдерді халық жадынан бәрібір өшіре алған жоқ. Ендігі өшіре алмайтын да шығар. Мінеки, өшпес ерліктің өнегесін көрсетіп, әлемдік тарихнамадан ойып тұрып орын алған сондай сирек есімнің бірі де бірегейі – ұлы Отырар қаласының даңқты әкімі Қайырхан.

Қайырхан кім? Ол тарихта қандай ісімен қалды? Қайырхан есімі әртүрлі тарихи еңбектерде «Отырар ойраны» атанып кеткен және қазақ тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып  табылатын Отырар апатымен тікелей байланысты. Бұл оқиға ХІІI ғасырдың басында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда мекендейтін халықтарды тізе бүктіру үшін Шыңғысхан бастаған қанқұйлы монғол шапқыншылығына қайсарлықпен қарсы тұрып, ұлы Отырар қаласын 6 ай бойы жауға бермей, жанкештілікпен қорғаған ерендердің ерлігі мен өрлігі жайындағы үлкен хикая.

«Отырар ойранын» мейлінше әділ бағалап, шыншыл баяндайтын сол уақыттан жеткен көнекөз деректерде оны былайша тәпсірлейді:

Отырардың тақау төңірегінде – кең дала теңіздей толқыған сансыз әскерге толып кетті, сауыт жапқан аттардың кісінеген дыбысы, мұздай құрсанған, арыстан кейіпті адамдардың айқайы аспанға таласты… Сол кездің рәсімі бойынша алдымен шаһардың қарсылықсыз берілуі туралы сөз салынды, елші аттандырылды. «Қарсылықсыз берілсеңдер, қаланы қиратпаймыз, өздеріңді өлтірмей аман алып қаламыз» десті. Бірақ, ешқандай келісімнің болуы мүмкін емес еді. Себебі, Отырардың әкімі Қайырхан монғолдармен қарым-қатынас жасау өте қауіпті, олар екіжүзді, сұрқия, аяушылығы жоқ қатыгез, аяр халық әрі қаңлы – қыпшақтардың досы емес, жауы деп білді. Қалай дегенде, монғол әскерінің  хайуандықтан жасалған қиратушылық, ойрандатушылық іс-әрекеттері отырарлықтарға жақсы мәлім еді. Сөйтіп, олар өліспей беріспеуге бекінді. Қамал қабырғаларының беріктігі, әскерінің сайдың тасындай іріктелген жігіттерден жасақталғаны да оның сенімін күшейте түсті. Оның үстіне Үргеніштен көмекке 20000 қосымша күштің шыққаны туралы хабар да жасақтың еркіне жігер қосты, алған бетінен қайтпауға үндеді. Алайда, көп ұзамай аласапыран сұмдықты өз көзімен көруге және жанынан түңілуге мәжбүр болды.

Қала тынымсыз атқылаған тас топтар мен гүрсілдеп жарылған отты найзағай астында қалды… Қаншама құрылыс нысандарын қиратып, таяу төңіректегі шаһарды өртке ораған, қарулы және қарусыз қаншама жанға шығын әкелген бұл үрейлі ұрыс машығы бірнеше күнге созылса керек. Содан кейін қала қабырғасына тікелей шабуыл басталды. Екі жақтан бірдей жанталас, айқай-шу, тірі қалу үшін арпалыс… Ұлы Отырардың биік те берік қабырғалары шыдап бағады. Арадан апталар, айлар өтті. Үргеніштен күткен қосымша күш туралы хабар бос сөзге айналып, үздіксіз атылған от пен топ, мың сан ысқырған жебе астындағы қорғаншылардың көңілін күмән жайлай бастайды. Қаладағы монғол жансыздары Отырардың су көзіне апаратын жер асты жолын біліп қалып, амалын тауып оны сыртынан бекітіп тастайды. Соның кесірінен азық-түлік таусылып, су тапшылығы орын алады. Содан кейін жағдай мүлдем ауырлап кетті. Азық таусылды. Адамдар аштан қырыла бастады. Қаланың көшелері мен аулалары өлікке толды,сдеп жазады көне жәдігерлер. Деректерге сенсек, отырарлықтар екі ай бойы нәр татпаған.

Осылайша отырарлықтар тығырыққа тіреліп, үміт кесілген шақта ендігі қарсыласуды бекершілік деп түсінген түменбасы Қараджа – Қажып (Қараша – Хажып деп те жазылады) қорғанысты тоқтатып, кеңшілік сұрап, жауға берілу туралы ұсыныс жасайды. Алайда, Отырар әкімі келтесінен қайырады: «Егер өзіміздің сұлтанымызға опасыздық жасасақ, қарабет боламыз және бүкіл мұсылман қауымының қарғысына ұшыраймыз», деп жауап береді. Қараджа – қажып қарсы уәж айтпастан, тек қараңғы түсуді күтті. Сосын күн ұясына батып, төңіректе қара түнек басқан шақта, тосынан көтеріліп, Сұпы – Қан (Суфи – Хан) қақпасынан шыға берді, деп баяндайды деректе. Сол сәтте аңдысын аңдып жатқан монғолдар Қараджа – Қажыпты тосынан тұтқынға алады..

Осы тұста айта кету керек, бірқатар зерттеушілер Қараджа опасыздық жасап, монғолдармен астыртын келіссөз жүргізді, ақыр соңында Сұпы – Қан қақпасын ашып берді деп айғақтайды. Алайда, осы оқиғадағы ең негізгі дерек көзі – Жувейнидің еңбегінен аңдалатындай, Қараджа опасыздың жасамаған, тек аш-жалаңаш үмітсіз жағдайдағы қамалдан қашып шығып, бас сауғаламақ болғанға ұқсайды. Күндіз – түні қамалдағы қалт еткен қимылды бағып отырған монғол жасақтары, оны тупа-тура дарбаза ашылған сәтте тұтқиылдап тап беріп, қолға түсірген. Тұтқынға алынған Қараджа – Қажып пен қасындағы тағы бірнеше лауазымды нөкерлерімен қоса Өкетай (Үгедей деп жазылып жүр) мен Шағатайдың алдына жеткізеді. Ханзадалар алғашқыда оны жақсы қарсы алып, өлтірмеуге уәде береді. Қараджа-Қажып сол кезде пұшайман халге түсіп, бағыныштылық танытып, қызметке сұранады. Бұл жағдайды арап-парсы деректерін қопарып, түбегейлі зерттеген француз тарихшысы К. Д Оссон өзінің «От Чингизхана до Тамерлана» деген (Алматы, «Санат»., 1996 ж.) еңбегінде былай баяндайды: «Қараджа түн қараңғылығын пайдаланып, таңдаулы жасағымен қаладан шығады, бірақ сәтсіздікке ұшырап, қолға түседі. Жанын сақтау үшін Шыңғысханның құзырына қызметке кірмек ниетін білдірген». Әрине, көне жазбалардан басқаша қортынды жасау мүмкін де емес. Ханзадалар тұтқындардан мұхият жауап алады. Қоршаудағы қамалдың жай-жапсары, жалпы ішкі ахуал, адамдардың көңіл-күйі, әскер күші туралы сұрап, жағдайды түп-түгел біледі. Содан соң айтыпты: «Сен өзіңе алған міндет-парызыңды аяқ асты қылып, басыңа төккен бар жақсылығын ұмытып, өз сұлтаныңа опасыздық жасадың, бізге де адал боларыңа, сатып кетпейтініңе сенім жоқ», – депті. Сол жерде Қараджа – Қажыпты, басқа да ұлық нөкерлерімен қоса түгелдей бастарын алуға бұйырыпты.

Жувенидің көрсетуі бойынша, бұл оқиға былайша өрбиді: Қараджа – Қажып жау құрсауын жарып өтіп, қаладан шыға қашпақ болғанда, тышқанның қимылын, шыбынның ызыңын аңдып отырған монғолдар оны Сұпы – Қан қақпасы алдында тұтқиылдан қолға түсірген. Кейбір зерттеушілер осы деректі алға тартып, қақпаны Қараджа – Қажып ашып берді, сөйтіп опасыздық жасады деп жазып жүр. Шындығында Қараджа – Қажып қаланы тастап қашпақ болды ма, әлде қақпаны әдейі ашып берді ме – анық-қанығы әлі күнге дейін белгісіз. Белгілісі осы Сұпы – Қан қақпасы арқылы ішке құйылған монғолдар қамал қорғаушыларын аяусыз қырғынға ұшыратты. Отырар тұрғындары – шал кемпір, бала-шаға, қатын-қалаш демей әрбір көше, әрбір үй, әрбір мұнара үшін шайқасқа түсті. Алайда, күш тең емес еді. Шапқыншылар біртіндеп күш алып, сусыз, нәрсіз, аштықтан әбден қалжыраған отырарлықтар ығыса бастады. Біраздасын байтақ шаһар тұтасымен қолға түсіп, Иналшық Қайырхан жиырма мың қолымен қисарға – ішкі қамалға шегініп кетеді. Сонан соң не болды дейсіз ғой?.. Монғолдар Отырардың қырғыннан тірі қалған барлық халқын түгелімен қала сыртына айдап шығып, қан жоса етіп турап тастайды. Өздері иесіз қалған қаланы талауға түсіреді.

Қабырғасы биік, әрі бекем қисарға бекінген Қайырханның жиырма мыңдығы қарсылығын бір сәтке де тоқтатпайды. Бұлардың бәрі де арыстан еді, бәрі де бас байлап, ақырғы демі қалғанша өліспей беріспеуге бекінді, деп кейіптейді көне жазбалар. «Олар жаудың қолына түспеу үшін түрлі іс-әрекеттерге барса керек. Бірімен-бірі қоштасып, әр жолы елу-елу адамнан бірігіп, қамалдан атып шығып, алдындағы жауға тап берді, өздері найзаға ілінді, қылышқа шалынды. Сол айқаста өздері де өлім құшты, дұшпандарын да ала кетті». Осылайша, бұрын соңды болмаған қанды шайқас тұтасымен бір айға созылды, ақырында ұрыс алаңында Қайырхан мен оның екі серігі ғана қалды. Бұл үшеуі қанішер жаудан сонда да қаймықпады, сырт айналып қашпады, одан әрмен арыстанша айқаса берді.

Ақыры монғолдар қамалдың ішіне басып кірді. Қайырхан екі нөкерімен бірге қисардың төбесіне шығып кетті. Сол арада екі серігі де шейіт болып, енді Қайырхан жалғыздан жалғыз қалды, бірақ бәрібір берілмеді. Сол кезде оған әйелдері мен қыздары көмекке келіп, бұзылған сарай қабырғасынан кірпіш әперіп тұрды, соған қарамай оны дұшпандары қоршап алды. Соның алдында ғана Отырар әкімін өлтірмей, тірідей ұстау жөнінде жарлық түскен еді. Осы кезде қисарға Өкетай мен Шағатай да жеткен болатын. Қараса екі қолына екі қылыш ұстаған Қайырхан өзіне жақындап келе жатқан ханзадаларға тап берді. Оны байқап қалған бір монғол мергені Қайырханды садақпен атып жаралайды. Бірақ, ержүрек Қайырхан сонда да берілмейді, жаралы жолбарыстай ақырып айқаса береді. Алайда әбден әлі құрыған Қайырханның мыңдаған жауға жалғыз шамасы келмей, ақыры тұтқынға түседі, аяқ-қолына ауыр  бұғау салынады.

Бұдан соң Қайырханды мойнына қандала кигізіп, сонау Самарқан қаласын қоршап, қанға бөктіріп жатқан Шыңғысханның алдына жеткізеді. Кейбір деректердің көрсетуінше, Шыңғысхан оны Хорезмшахтың резиденциясы болған Көк – Сарайда ауызы мен құлағына балқытылған қорғасын (кейбір жәдігерлерде күміс делінеді) құйып, асқан жауыздықпен азаптап өлтірген.

Мінеки, әйгілі Отырар қорғанысы мен оның қаһарман әкімі Қайырханның өмірі мен өліміне қатысты көне жәдігерлерден жеткен негізгі мағлұматтар осындай. Егер бұдан да анығырақ тәпсірлейтін болсақ, бұл мәліметтер сол кезеңнің әйгілі жылнамашылары Ибн Әл-Асырдың «Кәмил ат – Тәбәрик», Ахмед әл – Нессауидің «Сұлтан Желал-уд-дин Мангибурти», Алай-уд-дин Жувейнидің «Тарих-и-Джихангуша», тағы басқа арап-парсы және қытай тілінде жазылған еңбектер арқылы жеткен. Олардан кейін жалғас заманда ғұмыр кешкен Рашид-ад-Дин Файзолла Хамаданидің «Жами-ат – тауарих» атты әйгілі еңбегінде мұны сөзбе сөз қайталайды. Одан кейінгі тарихшы – шежірешілердің бәрі, мысалы, Сафи-ад-дин Қойлақи («Насабнаме»), Шараф-ад-дин Әли Язди («Зафарнаме»), Әбілғазы Баһадурхан («Түрік шежіресі»), тағы басқалар ішнара өзгерістерге қарамастан осы нұсқадан ауытқымаған десе болады. Осы таңғажайып ерлік – бес ай сыртқы қамалда, бір ай бойы ішкі қисардағы табанды күресі, қайтпас қайсарлығы Қайырхан даңқын бүкіл әлемге жайды.

Ал, енді Ала-ад-Дин Мұхамед сұлтан Отырарға көмек ретінде жіберген 20 мың (бір деректерде 10 мың деп көрсетеді) әскердің кейінгі тағдыры не болды? Олар Отырарға жетті ме, жетпеді ме? Жазушы В.Г. Янның «Чингисхан. Пропавшший караван» кітабында бұл екі түмен әскердің Шыңғысхан құрған тұзаққа тап болып, жансыздардың іріткі салу жұмысының салдарынан, жау жағына өтіп кеткені туралы айтады.

Жоғарыдағы көне жәдігерлерден мәлім болған мәліметтерге қарап отырсаңыз, бір нәрсеге анық көзің жетеді. Шыңғысханның жеңілмейтін арыстан кейіпті әскерінің алғаш рет тап осы Отырар түбінде көп шығынға ұшырап, маңдайы тасқа тигенін көруге болады. Қаншама әскері өлім құшты, көптеген батырларынан айырылды. Отырар үшін шайқаста орасан шығынға батты, оны қалпына келтіру үшін Шыңғысхан бірнеше жылын сарп еткен. Шын мәнінде, туралап келген ажалды бірнеше жылға кейінге шегерудің қандай үлкен олжа екенін оны басынан өткергендер ғана білетін шығар… Бірақ, монғол-татарлар саны жағынан бірнеше есе көп және төрт қаруы сай еді. Сондықтан тұтқиылдан соққан жойқын ұрыста отырарлықтар соншама ержүректікпен қайтпай соғысса да теңіздей тасыған жаудың екпінін тойтара алмады.

Осы жерде бір нәрсені ескерте кеткім келеді. Әңгіме тек әйгілі Отырар қаласының даңқты әкімі Қайырхан туралы ғана болып отыр. Яғни, біз бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз – Шыңғысханды қаралап, иә, болмаса, Қайырханды ақтау емес, негізінен қазақ жеріндегі отырарлықтардың жанқиярлық ерлігін көрсетіп, отансүйгіштік қасиеттің қандай ұлы сезім екенін паш ету. Сондықтан, «Отырар ойраны» туралы сөз болғанда, туғанда «уысына қан шеңгелдеп» өмірге келген, тарихтағы ең атышулы әмірші Шыңғысхан тұлғасын да айналып өте алмаймыз.

1206 жылы Онон өзені бойында өткен бүкіл монғолдық құрылтайда Шыңғысхан таққа отырып, ұлы қаған атанған соң-ақ, одан әрі өмірінің аяғына дейін милитаристік саясат бағытын ұстанғаны барлық жылнама шежіреден белгілі. Алдымен, жан-жағындағы монғол тектес ұсақ ұлттар мен тайпаларды басып жаншып өзіне қаратып алды. Сонан соң, ол уақытта кішкентай бірнеше мемлекеттен тұратын Қытайды, кейін Сібір орманы мен Алтай өңіріндегі өзге де ұсақ хандықтарды аяусыз қырып-жойып тізі бүктірген соң, ол енді бейабан Батысқа көз тікті. Батыстағы ең бірінші болып кесе-көлденең жатқан үлкен ел – Хорезм мемлекеті болатын. Еске сала кетсек, ол кезде Түркістан, Персия, Ауғанстан, Ирак, Қапқаздың сырты секілді ұлан-байтақ жер Хорезм шахы Мұхаммедтің иелігіне қарайтын.

Жоғарыда айтып өткендей, жаңа аймақтарды басып алу, жаулап алған жерлерге өз үстемдігін жүргізу Шыңғысханның әуел бастан көздеген жоспарлы мақсаты болды. Алғашқыда ол бұл істі өзінің ең жақын әрі сенімді серіктері Сабатай (Сүбедей деп жүрміз) мен Жебе нояндарға тапсырып отырды. Монғолдың қалың қолын басқарған нояндар барлаушылық мақсатпен батыс өлкелеріне 1216 жылдан бастап жорыққа шығып, Алтай мен Орал тауларына дейінгі бейбіт жатқан елді (негізінен Қыпшақ мемлекетінің иелігін) күтпеген жерден шауып, аз уақыттың ішінде өзіне қаратып алды. Ал, Шыңғысханның ата жауы меркіттерді жер бетінен біржола жойып жіберуді көздеген монғолдар олар (меркіттер) бас сауғалап барған жердің бәрін ат тұяғымен тып-типыл етіп таптап, олар паналаған тайпалардың бәріне соғыс ашып, аяусыз қырып жойды. Одан кейін Шыңғысханның шеңгеліне түскен қарақытайлар мен наймандарды тез-ақ тізе бүктіріп, Қашқар, Қотан және Жетісу аймағынның бірбөлігін әртүрлі әскери –дипломатиялық айла-тәсілмен өзіне қаратып, Монғол мемлекетіне қосады.

Ендігі кезек ұлан-ғайыр жерге, сан миллиондаған елге ие болып түкірігі жерге түспей тұрған Хорезм империясы болатын. Бір қызығы Сұлтан Мұхаммед шығыстан монғолдардың құжынаған қара құрттай қалың қолы жолындағы бейбіт жатқан елдерді жабайылықпен аяусыз жаншып, таптап келе жатқанын көре тұра, өзара сауда-саттық және дипломатиялық қарым – қатынас орнатуды қалайтынын білдіріп, монғол әміршісіне көптеген тарту – таралғылармен елшілер жіберді. Айлалы да аяр Шыңғысхан да Хорезмшахтың бұл достық ниетіне оң қабақ танытқансып, зор алғысын айтады. Сөйтіп, ол да өз тарапынан сауда керуенін жасақтап, оған елшілерін қосып, Хорезмге қайыра аттандырады. Міне, тарихта «Отырар ойраны» деген  атпен қалған айтулы оқиға туралы хикаят тап осы жерден басталады. Өйткені, көптеген зерттеушілердің көрсетуінше, Шыңғысхан жөнелткен саудагерлердің арасында Хорезм мемлекетінің тыныс – тіршілігін, әскери – әлеуметтік ахуалын білуге күш салған, халық арасында «жер бетінде Шыңғысханның жалғыз ғана патша», монғол әскерінің «жеңілмейтін алып күш» екенін насихаттап, үрей туғызуды мақсат еткен тыңшылар мен жансыздар да жүрген екен.

Осы оқиға барсында қатысы бар қытай деректерінде бұл жағдай былайша баяндалады: «ХІІІ ғасырдың бас кезі. Шыңғысхан Хорезм еліне Жүсіп Отырари, Әли Қожа Бұқари және Махмут Хорезми (үшеуі де мұсылман үмбеті) бастаған 450 саудагерден құралған 500 сауда керуенін жібереді. Оларды сұлтан Мұхаммед Ирактан қайтып келе жатқан жолында Бұқарада қабылдайды. Елшілер Монғол ханының атынан өте бағалы сыйлықтар тапсырады… Сауда керуені Отырар қаласына келгенде шаһар әкімі Иналшық (Иналыш, Инал деп те жазылады) Қайырхан оларды Монғол ханының жансыздары деп деп қабылдап, нағыз саудагер екендіктеріне күмән келтіреді, сөйтіп қатаң бақылауға алады. Ақыр соңында монғол саудагерінің пиғылы дұрыс емес екеніне көзі әбден жеткен соң, Қайырхан тез арада кеңес шақырып, молда – мүптилерден мұндай жағдайда не істеу керектігін сұрайды. Олар бірауыздан «Мұсылман пендесі екендігін ұмытып, діні мен ділін кәпірге сатып, тыңшылық істесе, Алла тағала ондайларға рахым қылмайды, олардың жазасы – өлім. Олар қатаң жазаға тартылып, жаны жаһанамға жіберілуі тиіс» деп пәтуа шығарады. Іле Қайырхан жағдайды хабарлап, Үргенішке ат шаптырады. Шарап ішіп, мас болып отырған Мұхамед сұлтан ештеңенің байыбына барып жатпастан «бастара алынсын!» деген бұйрық береді. Бұйрықтың аты – бұйрық, Қайырхан сөзге келместен барлық монғол саудагерлерінің басын алады. Қызылқұм төбелерінің арасында жасырынып қалған бір саудагер (бұл саудагердің атын монғол тарихшысы Э.Хара – Даван «Усун» деп көрсетеді) қашып келіп, барлық мән-жайды Шыңғысханға жеткізеді. Терісіне сыймай ашуға булыққан монғол әміршісі әскер басшыларына дереу «өш алу» жорығына дайындалуды бұйырады». (Әмір Жалғабаев. «Отырар ойраны»., Шыңжаң ЖОО ғылыми журналы. 1994 ж., 1 –саны, 91-98 б.б). Қаншеңгел Шыңғысханның Батысқа жасаған атышулы қанды жорығы осылай басталды. Алайда, шыңғысханшыл кейбір зеттеушілер бұл шапқыншылықты Отырар қаласында бастары алынған саудагерлермен елшілер үшін «өш алу» мақсатын ғана көздеген жорық болды деп дәлелдеп келеді. Ортағасырлық монғол тарихының әмбебап білгірі, француз зеріттеушісі К. Доссон да кейбір кемшілік, артықшылықтарына қарамастан, негізінен осы жолдарды сөзбе сөз қайталайды.

Әйгілі монғол шыңысхантанушысы Эренжен Хара-Даван өзінің «Чингисхан как полководец и еге наследие» (Алматы, «Санат», 1992 ж.) деген еңбегінде бұл оқиға туралы былай дейді: «Хорезшах Мұхаммедтің бұйрығымен Отырарға келген 450 саудагердің өлтірілуі, шын мәнінде Шыңғысханның әріден ойлаған жоспары еді, тек Отырар әкімінің бұл әрекеті оның Батысқа шапқыншылын тездетті». Тарихтың осы кезеңін індете қопарып жүрген зерттеушілер негізінен осы уәжге тоқтайды. Шыңғысхан Батысқа шапқыншылық жорығын бұл оқиға болса да, болмаса да тоқтатпайтын еді, дейді олар. Өйткені, Монғол әміршісі бұл жорыққа сақадай сай отырған. Шыңғысхан алдымен кәдуілгі сыннан өткен айлаға басады. Ол қандай айла? Сұлтан Мұхаммедке хат жазып, елшілері мен саудагерлерін өлтірген «опасыз» Қайырханды ұстап, өзіне беруін талап етеді. Ол-ол ма, хатты жеткізгені өз алдына, Монғол ханының елшілері Хорезмшахтың алдында өздерін тым тәккаппар, менмен ұстайды. Оған қатты ашуланған сұлтан екі сөзге келместен бас елшінің  басын алуды бұйырып, ал серігін елден масқаралап қуып шығуды тапсырады. Кейбір зерттеушілердің дәлелдеуінше, мәселе тіпті де саудагерлерде емес еді, Шыңғысхан жолдаған хаттың мазмұнында болатын, дейді. Өйткені, Монғол әміршісі Хорезмшахқа жазған хаттарында оны «Менің сүйікті ұлым» деп атаған екен. Бұл жайтқа қазақ тарихының үлкен білгірі, жазушы Әбіш Кекілбаев былайша баға береді: «Қайрханның атына батыс тарихшылары тарапынан айтылып жүрген әңгіме – әлі де болса оның баяғыдағы саяси дұшпандары айтқан қаңқудың сарынынан шыға алмаушылық болып табылады… Шыңғысханның біреудің үмбетін жазалауға тысықаны да халықаралық құқыққа томпақ келетін оғаш қылық еді. Оны мұндай қылыққа итермелеп тұрған, шынына келсек, Қайырхан емес, Шыңғысханның өзі еді. Өзімен дәрежелес падишаға «сүйікті ұлым» деп хат жазған сол еді. Ол әлі жаулап алмай тұрып «бағыныштымысың?» деп басынғандық болатын. Бұл қай дербес мемлекет үшін де заңсыз соғыс ашқанға бар-бар озбырлық саналатын» (Ә.Кекілбаев. «Талайғы Тараз», 2002ж.). Бұл мәліметтен көріп отырғанымыздай, шын мәнінде Шыңғысханның негізгі мақсаты – жарасу немесе достық қарым-қатынас орнату емес, мемлекет ішіне іріткі салу еді. Жалпы, мұндай арандатушылық аяр әдісті Шыңғысхан барлық айқастарының алдында қолданып отырған. Реті келгенде айтып өтетін нәрсе, Шыңғысхан осындай мазмұндағы хатты сұлтан Мұхаммедтің анасы, әлем әйелдерінің падишасы (Худовенд – Жиһан) деген атағы бар – Тұрқан Қатын (Түркен Хатун) мен Хорезм мемлекетінің бас қолбасшысы Әмин Мәлікке да жазғаны белгілі.

Әрине, өзіне сенген әмірші ғана шапқыншылық жорыққа шығады. Сол секілді Шыңғысхан да өзіне сенгендіктен неше түрлі айла – амалды пайдаланғаны сөзсіз. Керек десеңіз соғысқа сылтау табу үшін тіпті өз саудагерлері мен елшілерін жансыздары арқылы өзі қырып тастауды да мүмкін деп болжамайтын тарихшылар да бар. Бұл ойды ортағасырлық араб тарихшысы Ибн Батутадан бастап, мәжһүр жазушы Шыңғыс Айтматов, орыс әскери ғалымы М.Иванин, тағы басқалар қуаттайды. Олар Қайырханның 450 саудагерді өлтірмегеніне сенімді, бұл жағдай соғысқа арандату мақсатында әріден ойластырылып, мақсатты түрде жасалған саяси акция дегенді айтады. Ал, ұлы жаулаушының өз қаныпезерлігін жасыру үшін, ойдан аңыз құрастырып, мұны «өш алу» жорығы деп атауы әбден мүмкін. Қай дерек дұрыс, қай дерек бұрыс, оның анық – қанығын дәл анықтау бүгінде мүмкін емес. Әйтседе бір нәрсе анық – алдына қойған мақсатына жету үшін монархтар (шексіз билік иелері) алған бетінен қайтпағаны және талай-талай айла – шарғыларға барғаны сөзсіз. Қысқасы, көптеген мамандардың көрсетуінше, Шыңғысхан батысқа шапқыншылық жорығын бұл оқиға болса да, болмаса да тоқтатпайтын еді, дейді. Белгілі шыңғысхантанушы И.П. Петрушевский бұл жайт туралы былайша жазғаны бар: «Іс жүзінде бұл соғыстың бастамашысы Шыңғысхан болды. Ол барлық кінәні Хорезмшахққа артып сап, өзін жергілікті мұсылман тұрғындары алдында исламның жауы емес қылып көрсете алатындай етіп әзірлей білді». Бұл уәжге сенбеуге бізде ешқандай негіз жоқ, еріксіз келісесің.

Бір нәрсе анық, Шыңғысхан – күрделі тұлға. Бір қалыпқа сыймайтын, қарама – қайшылығы мол жан – жақты тұлға. Мұндай күрделі тұлғаға бір жақты қарап, баға беру де оңай емес. Айтайын дегеніміз, біз өткен тарихымызға басқыншылардың көзімен қарап, бағалап, түсіндіріп, насихаттауды жалғастыра беретін болсақ, түптің түбінде өзімізде сол басқыншылардың өзіне қалай айналып кеткенімізді білмей қалуымыз мүмкін. Сондықтан, қазақ тарихын, оның ішінде әсіресе «Отырар ойранын» жеңімпаз Шыңғысханның көзімен емес, басқыншылыққа қарсы жанкештілік танытқан күрескерлердің көзімен қарап, баға беріп, түсіндіруді үйренуіміз керек деп есептеймін. Аталған мақаланы жазудағы негізгі көздеген мақсатымыз да осы.

Жалпы, Шыңғысханның пендешілігі мен жауыздығын айтып, қаралау біздің бүгінгі мақаламыздың міндетіне кірмейтінін жоғарыда айтып өттік. Мұндағы негізгі мақсат – шапқыншылықпен келген зұлым күшке қаймықпай қарсы тұрған отырарлықтар мен Қайырхандай өшпес ерлік иесін өкше басар ұрпаққа өнеге ету, халық жадында мәңгі қалдыру. Халқымыздың ұлы батырларының бірі ретінде тану, ер тұлғасын паш ету.

Олай болса «Отырар ойраны» және оның қаһарман әкімі Қайырхан туралы сөз еткенде, ел арасында біріне бірі қайшы келетін, кейбір жағдайда бірін-бірі мүлде жоққа шығаратын сан алуан пікірлердің бар екенін айта кетуіміз керек. Екі ұдай мұндай пікірлер әлі де орын алып келеді. Осы сан алуан пікірлердің бас-аяғын жинақтап, басын қосып ой қорытар болсақ, мынадай үлкен екі түрлі тоқтамға тоғысар еді. Біріншілері – Отырардың қақпасын Шыңғысханға қарсыласпай өзі ашып беруі керек еді, сонда байтақ қала талан-таражға түспес еді, ел қырғынға ұшырамас еді, сондықтан «Отырар ойраны» Шыңғысханның емес, Қайырханның қателігі десе, екіншілері – Қайырхан ерлігін – қазақ ерлігінің бір символы ретінде танып, оны елін, жерін сүйген нағыз ержүрек батыр, ұлы патриот деп мақтаныш тұтады.

Ендеше біз осы екі түрлі көзқарастың қайсы біріне тоқталғанымыз абзал?

Ол үшін біздің әңгімемізге өзек болып отырған Отырар әкімі Қайырханның кім екендігіне қысқаша тақталып өтейік. Қайырханның өмір сүрген кезеңі шамамен 1165 – 1220 жылдар аралығына тура келеді. Ол Отырар шаһарында дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын Отырар өңірінің гүлдендіруіне, өсіп – өркендеуіне, тұрғындардың бейбіт қатар өмір сүруіне арнады. Қайырханның өз тұтастарының арасында ерекше қаблет иесі болғанын ол туралы қалам тербеген жылнамашылардың бәрі бірауыздан мойындайды. Оның билік құрған тұсында Отырар ерекше архитектуралық сән – салтанатымен де аты шықты. Кітапханалар, медіреселер, моншалар салдырап, әлемді биік те сәулетті сымбатымен таң қалдырып тұрды. Сондай-ақ ол ішкі және сыртқы тәртіпті қатаң бақылауда ұстады. Өйткені, заман талабы солай еді. Әсіресе, Отырар шетелдік садагерлер көп түйісетін тоғыз жолдың торабы болғандықтан олармен істейтін қызмет жұмысын одан әрі жетілдіре түсіп, жеке қадағалап отырды. Көне дерек көздерінің көрсетуінше, Қайырхан қажырлы, ержүрек, қайсар, алғыр және әділдігімен аты шыққан адам еді, дейді. Ол Отырарға әкім болып бекіген кезеңде жан-жақтан анталаған жаулар – шығыс тұстан қарақытайлар, монғолдар, оңтүстіктен парсылар көздерін алартып, үлкен қауіп тудырып тұрған болатын. Осы қауіптің алдын алу үшін қалада әскери гарнизон ұйымдастырып, жасақ санын 30000-ға дейін жеткізіп, қорғаныс жұмыстарын сол кездегі уақыт талабына сай етіп үзбей жетілдіріп отырған. Қылышынан қан тамған ол заманда кез-келген күтпеген жағдайға сақадай сай болып тұрмасақ, анталаған жау бас салып, иелігіңді тартып алуы оп-оңай болатын. Міне, осындай жоғары өркениеттік деңгейде өмір сүріп жатқан Отырарға Шыңғысхан әскері тұтқиылдан шапқыншылық жасап, күл – талқанын шығарып қиратты. Өкінішке орай, шыңғысханшыл зерттеушілер «көңірсіген иісті» монғолдардың осынау қазақ тарихының бастауында тұрған Отырар өркениетін күл – талқанын шығарып қиратқанын білмеген, байқамаған, түсінбеген болады. Жоғарғы мәдениетті өлтіргенін мойындамайды. Шындығында, бес қаруы сай Шыңғысханның қазақтың қалың ортасындағы Отырар қаласына тек басқыншылық қара ниетпен келгенін тек тоқмейілсіген тоңмойындар ғана мойындамауы мүмкін екенін еске салып өтсек артық емес. Осылайша, Қайырхан басқыншылыққа тап болған елін қорғаймын, зорлық-зомбылықтан құтқарамын деп жүріп ерлікпен қаза тапты.

Ал, Отырар қаласы қай кезеңде де (қазір де) қазақтың қалың ортасында жатқан сулы, нулы, шұрайлы жер жаннаты есебінде саналған.

Отырар аймағы – барлық кезеңде шығыстан батысқа, батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке, яки, солтүстіктен оңтүстікке немесе керісінше ағылып жатқан керуен жолдарының тоғысқан, түйіскен жері болды. Мұнда сауда мен қолөнер, ғылым мен білім жоғары деңгейде дамыды. Осы жерден тең-тең жүк артқан керуендер жан-жаққа ағылып жатты. Отырардан шыққан бір жол Шауғарға шығып, одан әрі Жанкентке баратын. Жанкент қаласы отырықшылар мен көшпенділердің мидай болып араласқан жері еді. Екінші бір үлкен жол Сырдария арқылы өтіп, Весидж (Басшы) шаһарына апаратын. Бұл қала шығыстың ұлы ғұлама ғалымы Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған отаны ретінде белгілі. Одан шыққан керуен Сырдарияның жоғарғы жағымен жүріп отырып, Сүткент арқылы Шашқа, одан төменірек Жент шаһарына баратын. Осы жерден Қызылқұм сахарасы арқылы Хорезмге, Үргенішке, одан әрі қарай Еділ бойына шығып, Қапқаз бен Қырымға және Ежелгі Русь қалалары мен Еуропа елдеріне жол тартатын. Жібек жолының Шаштан шыққан бөлігі оңтүстікте Иран, одан әрі Ауғанстан, Үндістан, оңтүстік – басыста Бұқара, Самарқан арқылы Сирия, Мысыр, Бағдат, Византия елдерінің бай қалаларымен байланысып жатты. Шығысқа қарай шыққан үшінші жол Сауран, Тараз, Алмалық арқылы Қытай, Тибет, одан әрі оңтүстік – шығыс елдеріне бағыт алатын. Бір сөзбен Отырар – саяси-экономикалық тұрғыдан да, әскери-стратегиялық тұрғыдан да өте маңызды плацдарм болып, үлкен рөл атқарды. Сондықтан да бұл өңір ұзақ уақыт бойы түрлі мемлекеттердің көз алартқан аймағы, сонымен бірге кімнің кім екенін айқындайтын ұрыс алаңы болып келді. Отырар қаласына кім ие болса Жібек жолының сүбелі бір бөлігі соның бақылауында болды. Ал, Жібек жолы деген не? Ол – көл-көсір байлық, миллиондаған қаржы еді. Ал, мұндай стратегиялық маңызды плацдармға иелік ету кез – келген өзіне сенген монархтың аңсаған арманы болатын. Осындай маңызы зор байтақ қаланы өзіне қаратуды сұңғыла Шыңғысхан армандамады десек, жұмсартып айтқанда, өтірік болар еді. Кім не десе де, аяр Шыңғысхан ең алдымен осы Сыр бойындағы көл-көсір байлыққа кенеліп отырған сауда қалаларын, сонымен бірге ең маңызды керуен жолдары өтетін аймақты жаулап алуға ұмтылғаны анық.

Енді ойлауыңыз: егер Қайырхан бастаған қаһарман бабаларымыз болмаса, олар Отырардай ұлы қалаларын өлермендікпен қорғамаса, сөйтіп ауызбіршіліктің үлгісін көрсетпесе, туған жерді сүюдің, Отанды қорғаудың қандай асыл сезім екенін кейінгілерге өнеге етпесе, қазақ халқының болашағы не болар еді?.. Егер шапқыншылықпен келген жауға қарсы күреспей, қорқақтық танытып, туған қаласының қақпасын айқара ашып берсе, қандай атаққа ілінер еді?.. Сенген еліне сатқындық жасады, сұлтанына опасыздық танытты, адамгершілікті аттап өтті деген жалаға қалар еді. Ол бүкіл қазақтың сүйегіне түскен қара таңба болып ғасырдан ғасырға жалғасар еді. Оны ешқашан ештеңемен жуып кетіре алмас едік. Ендеше, айтыңызшы, осындай бейопа атақ бізге керек пе?..

Кейбір түсінгісі келмейтін тоғышарлар үшін Қайырханның бұл ісі мәнсіз, мағынасыз көрінуі әбден мүмкін. Шындығында, оның ұлылығы да осында емес пе – ол істегенді екінің бірі істей алмайтындығында. Ол ақиқат жолындығы шындық үшін жалған дүниемен, жасампаздық үшін жауыздықпен, адамгершілік үшін қара ниетпен, асқақ арман үшін тоғышарлықпен айқасқа түсті. Түсінгенге, бұл теңдессіз ерлік. Жүрек жұтқандық! Қайырхан ерлігі бізге сол үшін де қадірлі.  Расында, Қайырхан ол ерлікті істегенде Хорезм үшін емес (Мұхаммед сұлтанды сөз етпесек те болады), отаны, отбасы, өзіне сенім артып отырған елі үшін, ар-ұят үшін, келесі келетін ұрпақ алдында жерге қарамау үшіністеді. Өнеге ме? Өнеге. Өнеге болғанда қандай!..Реті келгенде айтып өтейік, оның жасаған ерлік ісі арадан мың жыл өтсе де әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Қайта қазіргі көптеген әкімдердің бойында сондай бір ерекше қасиет жетіспей тұрғандай көрінетіні бар кейде. Ендеше, Қайырхан тұлғасын қайдағы бір жел сөзге байлап беріп, құлдық ой-танымға тұтқын қылуға болмайды. Қайырханның ерлігі әшейін бір жайшылықта айтыла салатын көпірме сөз де емес, ол қайшылықта туған символ. Ол – жай ойната келген басқыншылыққа қарсы сүйспеншілікке толы кеудесін қаймықпай тосқан мәңгілік күрсестің ұлы қаһарманы. Ол жасаған ерлік істі жаһандану идеясының тұтқынында қалған біздің замандастарымыздың бәрі бірдей қабылдай бермеуі сондықтан.

Біздіңше, Қайырханның іс-әркеті Отан мен осы жерді отаным деп санайтын және солай екендігіне сенген адамдардың алдындағы өз жаупкершілігін сезінудің жарқын үлгісі. Ерлік үлгісін мақтаныш ету бізге парыз ғана емес, міндет болуы керек. Олай болса, нағыз отанқорғаушының ерен ерлігі неге ескерілмейді? Отырар қазақтың қаласы болса, ұлы Отырардан шыққан әлемнің ұстазы (екінші емес екенін ескертемін!) Әбу Нәсір әл- Фараби қазақтың ғұламасы болса, онда осы Отырардан шыққан, Отырарды соңғы демі қалғанша өліспей беріспей қорғаған арыстан жүректі қаһарман бабамыз Қайырхан неге қазақтың ұлттық батыры ретінде ұлықтамайды? Оның еңселі ескерткіші өзі жаудан қорғаған киелі өлкенің төрінде неге асқақтап тұрмайды? Егер қазақ тарихында елеулі із қалдырған тұлғаларымызды танытуға дәл осылай құлықсыздыққа жол беріле беретін болса, елдің елдігі, биліктің биліктігі қайда демей ме жұрт?..

Әгерәки, Қайырхан сонау ХІІІ ғасырда жасаған сол жанкешті ерлігін дәл бүгінгі күні жасағанда, не болар еді деп ойлаймын кейде. Сөз жоқ, жер-көкке сыйғызбай мақтап, мадақтап, қоладан биік етіп ескерткіш тұрғызып, көшелер мен мекемелерге есімін беріп, аспандатып қояр едік.

Қалай десек те, Қайырхан – өлу арқылы өлмеуді паш еткен сирек тұлға. Өлім жеңілу емес, өлім –жеңіске жетудің де құралы бола алатынын дәлелдеген ер. Ол өз отанының алдында перзенттік адалдығын ақырына дейін сақтаған нағыз патриот ретінде танихтан өз орнын ойып тұрып алған батыр.

Сондықтан, Қайырханнан опасыз, саясаттан хабары жоқ нақұрыс жасаудың керегі жоқ. Қайта оның ерлік тұлғасы – отаншылдықтың ең жоғарғы көрсеткіші ретінде кейінгілерге үлгі етілуі керек. Өз халқының нағыз ержүрек қаһарманы ретінде дәріптелуі тиіс.

Бір нәрсе анық, 1220 жылы аса қатыгездікпен азаптап өлтірілген Қайырхан енді тірілмейді. Бірақ селдей қаптаған басқыншылыққа қайыспай қарсы тұрған қаһарман ұлдың ерлігі, оның өршіл рухы әлі тірі жүр. Яғни, оның рухы мен тарихи тұлғасын қайта тірілтуге болады. Ондай мүмкіндік бізде бар. Олай болса қазақ тарихында елеулі орны бар көптеген шежірелерде «Отырар ойраны» атанып кеткен Отырар апатының орын алғанына және туған жерін сүйудің, отанын қорғаудың ерен үлгісін көрсеткен Қайырханның айуандықпен өлтірілгендігін 800 жылдығында (апат 1220 жылы орын алған) сол бір ерлік рухты ұрпаққа паш етіп тұратын бір зәулім ескерткіш асқақтап тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Бүкіл қазақтың абыройы асып, даңқы артар еді. Себебі, Қайырхан бір рудың, бір тайпаның батыры емес, бүкіл қазақ нәсілінің ортақ қаһарманы. Ал, әзірге батыр бабамызға қатысты бүкіл іс қолында билігі бар әкім – қаралардың ықылас пейілі мен қолында қаржысы бар азаматтардың патша көңілі мен жанашырлығына тіреулі тұр. Әрине, игілікті іс жалғасын табады, түптің түбінде әділет жеңеді, ақиқат мұратына жетеді – оған ешкімнің күмәні

болмауға тиіс.

Болат ШАРАХЫМБАЙ.