Өрескел болыпты ғой соның, жиен

25.01.2018

Өрескел болыпты ғой соның, жиен

Қазақтың арасында нағашы-жиен болып ойнап сөз қағысу бір-бірін мінеу, әзілдесу мен қалжыңдасу бұрыннан келе жатқан дәстүр. Оны күнделікті өмірден қаншалықты орын алғанын мақал-мәтелдерден оңай аңғаруға болады. Мысалы, «Жиен мал болмайды», «Бір жиен қыдырып келгенше, бес бөрі қойға шапсын» деген сөздерді естімегендер кем шығар. Ал енді екеуі бір-біріне туған нағашы мен жиен болып келетін Мәделіқожа мен Майлы қожаның өз ара оқта-текте сөз қағысып тұруы тіпті заңды құбылыс. Оны Майлықожа нағашысы қайтыс болған соң басына тұрғызылған сағанасына барып «Тірі болсаң сөзімді елер едің, Мазақ етіп бір сөзбен күлер едің» деп аузына алған сөздерінен-ақ байқауға болады. Солардың ел аузында сақталып қалғандарына жол берелік.

Бірде Майлықожа дариядан салмен өтіп келе жатқанда байлаған салы тарқатылып кетіп, киімдері салмен бірге ағып кетіп, өзі малтып жүріп дарияның шетіне әзер шығады. Жақын жердегі бір үйден тон алғызып, өзі әбіржіп тұрғанда үстіне Мәделіқожа келіп қалып:

Үстіңде құтты болсын тоның жиен,

Тоныңа жасырынбас қолың жиен.

Киіміңнің бәрі де салмен кетіп

Өрескел болыпты ғой соның, жиен, – депті.

Сонда Майлықожа нағашысына қарап:

Салмен түстім дарияға

Ақыл салмай қарияға,

Бұл да әзілден жазылған-ды,

Жар салмаңыз жарияға, – деген екен.

25.01.2018