Кенесарының хан болып сайланғанының 170 жылдығына. (толғау)

1841 жылдың 7- қыркүйегінде түгелдей дерлік қазақ руларының бас көтерерлері Көкшетауда жиналып, ескі Шыңғысхан- түркі салтымен Абылай ханның немересі ержүрек Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлады…

Кенесарының хан болып сайланғанының 170 жылдығына.
(толғау)
“Жетісу”. 2011

Бар қазақтың қорғаны,
Күллі Алаштың ардағы,
Абылай бірде түс көрген,
Түсінде қызық іс көрген.

Аңға шыққан кезінде,
Айбат шегіп алыстан,
Алдынан қашты арыстан.
Қуып жетіп ұзатпай,
Алдаспанмен қақ жарса,
Ішінен шығып жолбарыс,
Іздеместен қорғаныс,
Ызбар шашып алысқан,
Бар қайратын көрсетіп,
Құла дүзге жылысқан.
Абылайдың қолында,
Жарқ етті тағы алдаспан,
Құлағанда жолбарыс,
Ішінен шықты көк бөрі,
Үсті- басын қан басқан.
Қайсарлығын көрсетіп,
Ол да қашты, дөң асқан.
Қуып жетіп оны да
Өлтірді жарып, тап басқан.
Түлкі шығып ішінен,
Бұлаңдай қашты, тұрмастан.
Оны жарып жіберсе,
Бақа- шаян, жәндіктер,
Жабылып келіп, қашпастан,
Құжынаумен үстіне,
Жыбыр- жыбыр жабысқан…

Алашқа жігер, күш берген,
Абылай бірде, түс көрген.
Сол түсті былай жорыған,
Бұхар жырау көреген.
…Алдыңнан қашқан аңдарың,
Ұрпақтарың екен ғой,
Неге қашты десеңіз,
Қолыңдағы ақ туды,
Талай алыс жерлерге,
Апарады екен ғой.
Жабылған қашпай жәндіктер,
Кейін келер ұрпағың
Қаралайды екен ғой.
Құжынаған үстіңе,
Жалғастырмай жолыңды,
Намысыз сорлы, жарымдар,
Адал іске, ақ іске,
Жарамайды екен ғой…

Бұхар айтқан жолбарыс,
Ойламаған қорғаныс,
Асыл туған Кене хан,
Бойына тұнған ар- намыс.
Құлдықты жеңіп қазаққа,
Намысқа берген қозғалыс.
Әлі де тұрып таң қалам,
Есіме түссе сондағы іс.
Зеңбірек пен мылтыққа,
Байлап қойып атқанда,
Қарсы шапқан қандай күш?!
Қасқайып шығып бастаған,
Кенесары- Кене хан,
Жараланған жолбарыс,
Ызаланған жолбарыс…

…Кене ханның тұсында
Қарт бурадай жарадық,
Жауды жасқап, жапырып,
Жауған қардай борадық,
Абылайлап ат қойып,
Дұшпанның алдын орадық.
Ханымыздан айырылып,
Шiл боғындай тарадық.
Көрiнгеннен қорғалап,
Кiсi аузына қарадық…
…Кенесары кеткен соң,
Иесiз қалды тағымыз.
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз…

Дейтұғын нағыз жезтаңдай,
Жырлаған еді Нысанбай.
Қалдым ау, әттең ұқсамай,
Хан ием бабам Абылай,
Кенесары, Наурызбай,
Артыңда қалған ұрпағың,
Бәрі жәндік емес қой,
Өткен күн белгі елес қой,
Аруақтардың алдында,
Тағзым еттім иіліп,
Кешірім сұрап, осылай…