«Алаш» және «Ат» сөздерінің бірігуінен «Лошадь» пайда болған


Ахмет Тоқтабай

«Алаш» және «Ат» сөздерінің бірігуінен «Лошадь» пайда болған

«Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш», – дейді қазақ. Аңызға сүйенсек, Алаш үш ұлына енші бөліп берген. Төртінші еншіні бөлек алып, үшеуіне теңдей бөліп алуды тапсырған. Үш ұлдың ынтымағы ажырамасын, бір-бірінен іргесін аулақ салмасын деген ой. «Бәріміз Алаштың ұрпағымыз, еншіміз бөлінбеген» дейтініміз сондықтан. Бұл аңыз өз бастауын Мөде қаған билеген ғұндар заманынан алады екен.

Орыс ғалымдары «лошадь» сөзінің түп тамырын анықтау үшін көп бас қатырған. Ақыры, Турбачев деген ғалым бұл сөзді «Алаш» және «ат» сөздерінің бірігуінен туды деген қорытындыға келген. Оның айтуынша, шамамен 800 жыл бұрын көшпенді Алаш тайпалары орыс князьдықтарына барып сауда жасайды. Сонда орыстар Алаштан жылқы алдық дейді де, бұл жануарды «лошадь» деп атап кетеді, яки «алаш ат» мағынасында.

Тарих сахнасында қазақ ата­­уы­нан бұрын Алаш деген ат­пен танылдық. «Алаш» деп ұрандағанда, қазақтың бір ту астына жиналатыны сондықтан. Керей мен Жәнібек Алтын Ордадан бөлініп шығып, жеке отау тіккенде ғана біз қазақ атын иемдендік. Бірақ бұл атау сөздік қорымызда бұған дейін де болған. «Қазақ» сөзінің шығу төркінін зерттеген тарихи деректерді көп ақтардым. 1870 жылы жазылған «История казачества» деген орыс казактарының үш томдық тарихында «казак» сөзі «еркіндік сүйгіш, азат» деген мағынаны береді деп көрсетілген. «Қазақ» сөзінің мағынасы да дәл сондай. Орыстың казагы мен қазақ ұғымы бір мағынаға ие. Ежелгі Мәуеренахр жерінде көпшіліктен бөлініп, өз бетімен кеткен адамды «қазақ болып кетті» дейді екен. Мұндай ұғым түрікмендерде де бар. Біздің табиғатымыз, мінез-құлқымыз қазақ деген ұғымға лайық. Біз ешқашан басымыздан сөз асырмаған, кеудемізді жауға бастырмаған халықпыз. Қазақты жылқы мінезді халық дер едім. Өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғарғы құрметінің белгісі. Жылқы дүбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы жоқ шығар, сірә. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көкшолағы» болған. Қойшысы қойторысын мінді. Ат-көліктің арқасында Алаштың ұлы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Жылқының қазысын жеп, қымызын ішеміз. Әркім өзінің ішкен асына тартады, тұтынған тағамының қасиетін сіңіреді. Кейбір халықтың шошқа мінезді, ит қылықты боп келетіні де соның әсерінен.
Жүз мәселесіне келейік. Қазақ жүздерінің тарихына үңілсек, орта ғасырда, тіпті көне түркі заманында жүз туралы ешқандай дерек жоқ. Қазақтың жүзге бөліне бастауы 1680 жылы Тәуке ханның «Билер кеңесін» құруымен тығыз байланысты. Хан Ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек биді, Кіші жүзден Әйтеке биді өзіне кеңесші сайлаған. Билер кеңесінің құрамында қарақалпақтан Мұхаммед би, құрамадан Сасық би, қырғыздардан Қоқым би болды. Сол кезеңде «Билер кеңесі» өкілетті негізде қызмет атқарған ең жоғарғы кеңесші орган боп саналды. Оның шешімдерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Тәуке үш жүздің елге сыйлы, қара қылды қақ жаратын әділдігімен даңқы шыққан билерінің басын қосу арқылы рулық алауыздықты жойып, қазақ ұлтын біріктіру, мемлекеттік тәртіпті нығайту мұратын көздеген. Алайда қазақтың жүзге жіктелуін патша администрациясы өз мақсаттарына ұтымды пайдаланды. Қазақтар жайлы Ресей патшасының қабылдауында болған М. Сперанский былай деген екен: «Бұл көшпелi өмiр сүретiн өте жауынгер халық. Арақ iшпейдi, табиғи қиыншылықтарға төзiмдi. Далада соғысудың өнерiн жақсы меңгерген». Ресей патшасы I Александр «Оларды бағындырудың жолын ойластырдың ба?», – деп сұрағанда М.Сперанский: «Қазақ даласында сексеуiл деген ағаш өседi. Өте қатты, балтамен шауып сындыра алмайсың. Оны тек бiр-бiрiне ұрып сындырады. Қазақтар руға қатты бөлінеді. Оларды бір-біріне айдап салып әлсірету қажет», – депті. Міне, содан бастап бөліп ал да, билей бер саясаты белең алды.

Дерек көзі: http://www.elarna.com/koru_kk.php?tur=51&id=434569