«Мың бала» ерлігі- жас ұрпаққа үлгі
Сонау жылдары Алматы облысының әкімшілігі «Мың бала» және біз» атты конференция өткізіп, облыс аумағындағы мектептер шәкірттері осы қозғалысқа қабылданды. Мектептерде мыңбасы сайланды. Сол мың баланың тарихынан мүлде бейхабар біреулер «Мың бала» деген өлең жазып, оған ән шығарылды. 2000-жылы 15 мамырда «Қазақконцерт» залында «Мың бала» қозғалысының тұсаукесері өтті. Кейін бас-аяғы бірнеше күнде осының бәрі жедел жабылды. Не себеп дейсіз ғой? Оның басты себебі: тарихта жоңғарға қарсы соғысқан, өрімдей 15-16 жасар мың бала мен оның басшысы Сартай батыр басқа облыстан, басқа жүзден, Жақайым деген рудан екені оларға кейінірек белгілі болып қалады.
Қысқасы, мың баладан құрылған жасақ бұл облыстан емес екен. Осы мың бала туралы орыс тарихшыларының жазбаларынан, Ресей мұрағаттарынан толып жатқан деректер жинаған марқұм журналист, жазушы Өмірзақ Жолымбетов еді. Ол кейін 1937 жылы осы тарихты дастан етіп жазғаны үшін атылып кеткен Нұрмағамбет Қосжанұлының « Сартай батыр» атты дастанын 1998 жылы «Санат» баспасынан бастырып шығарды. Сол кітапқа өзім редактор болдым. Сол кездегі осы баспаның директоры марқұм Серік Әбдірайымов осы дастанды оқып, апыр-ай, мынау тарихымыздың жабулы жатқан біраз бетін ашып тастайтын дастан ғой деп қуанғаны әлі есімде. Бұл кітаптағы уақиғалар және үш жүздің әскеріне қолбасшы болған Әбілхайыр ханның жоңғарларға қарсы тарихи атақты шайқастарына қатысқан Жақайым Сартай батыр басқарған осы жасақтағы Жылқаман, Жылқайдар, Тайғожа, Бүкірек, Ақша, Сырғақ, Байқара атты боздақтардың кейін шетінен бірі батыр, бірі би болғаны, олардың есімдері орыс мұражайларындағы деректерде әлі бар. Бұл кітап- отаншылдықтың исі қазаққа ортақ үлгісі деуге әбден болады. Дастан Алтай мен Саян тауын мекендеген қалмақтар Орта жүз қазақтарына маза бермей дүниесін талап, малын алып, дүркін- дүркін шабуыл жасап отырғанынан басталады. Олар қазақтармен аралас-құралас болып, қыз берісіп отырғаны да рас.
Сол алмағайып заманда үш жүз болып бірігу керектігін шешкен Қазыбек би өзінің Мәмбет би мен Біржан деген сенімді адамдарын Үйсін-Дулат Төле-би еліне, содан кейін Кіші жүз Әйтеке би аулына жібереді. Ақыры үш жүз жақсылары мен жайсаңдары қосылып, Ордабасыда жиылсын деп шешім қабылдайды. 98 жастағы қарт әкесі Байжан биден 16 жастағы Сартай батыр бата алып, 1000 баладан топ құрайды. Мың бала үш жүздің игі жақсылары, қазақ қолының бас сардары, ал пірі етіп керейт Әбужәлелді сайлайтын жиын екені тарихтан белгілі. Осы жиында қахарына мінген халықтың бұл жолы жауды жеңетініне әркім сенеді, тіпті кейбіреулерінің көңілінде таяу күндері жаудан түсетін олжадан үлесті мол қарпып қалу да бар екен. Ол кезде жеңілген жаудан түскен олжа әр қолбасшының ізіне ерген сарбаздың санына сәйкес бөлінеді екен. «Мың бала» қосылған жақтың әскерінің саны көбейгенін біліп, жеңістен соң олжа бөліске түсіп кетеді деп қызғанған Қылғауыл Қожа Әбілхайыр хан әскеріне ерген «Мың баланы» қайтару керектігін айтады. Бұл ұсынысы қарсылыққа ұшыраған Қырғауыл Қожа жанында тұрған Жылқыаманға ұмтылып сабамақ болады. Сол кезде Жылқыаман Қырғауыл Қожаға былай деп айқай салды дейді:
Сен мені қосынға алмай,
«Бала» дедің.
Ыза, кек көкірегімде тола менің!
Мылтықтан оқ атқанда бір түтінін,
Шұбылтып бір түтінге орап едім,
Көп қолмын, Ағысым бар, көгісім бар
Аллаға жалбарынған бір ісім бар,
Қоса алмадым оғымды бір-біріне
Жалғыз-ақ тек осындай кемісім бар!
Кекетіп Ер Қырғауыл, көзін қысты,
Күлісті елдің бәрі ішкі-тысқы.
Жылқыаман шауып барып атқан кезде,
Қалпағы Қылғауылдың аспанға ұшты.
Қырғауылдың еш жеріне зақым келтірмей қалпағын ғана атып түсірген бұл тұсы Жылқыаманның керемет мерген екенін көрсетіп тұр. Сонымен Ордабасыдағы осы жиыннан кейін Қазыбек би өзінің Ақжелең деген керемет тұлпарын Сартайға сыйға береді. Сартайға ерген «Мың бала» шығысқа қарай бет алады. «Бұлардың (мың баланың)мінгені кілең тұлпар, белдерінде бір-бір қылыш, қорамсақ толы жебесі бар, садақтары бар. Тек Жылқыаманның ғана белінде «Ақшұбар» мылтық. Бас қолбасшы болып тағайындалған Әбілхайыр қуанып, құстай түлеп, үстіне тор сауыт киіп, тұлпарының алтыннан жасалған жүгені жалт- жұлт етіп қазақтың үш жүзінен құралған жасағын бастап келеді». Жасақталған қалың қол, «Бұланты бұлағына» келіп тіреледі. Соғыс басталар кезде екі шекесінде қос айдары бар 16 жасар Сартай батыр, қасында «Ақшұбар» мылтығы бар 15 жасар Жылқыаман, «Мың баланың» алдын бастап сауыттарын киіп сапта тұрады. Бұлар Әбілхайыр ханның белгісін күтіп тұрған кез еді. Ал алдарында қара бұлттай түнерген қалың жаудың қолы. Жаудың әскерін қақ ортасынан бөлу Сартай тобының бұған дейінгі еш соғыста жасап көрмеген әдісі еді. Егер қақт ортадан жаудың тобын бөлмесе, жау күші әлсіремеген болар еді.
Осы соғыста Әбілхайыр әскері жан аямай жоңғарларды жеңіп шығады. Бірақ 1000 баланың іщінен 500-ден астам бала шахит болады.
Иә, осы мың баланың ерлігін дастан етіп жазғаны үшін Нұрмағанбет Қосжанұлы (1897-1937) «Халық жауы атанып», ату жазасына кесілді. Ақын осы дастан арқылы қазақ халқының отаншылдығын, ынтымақ пен бірлігін, батырлығы мен батылдығын, салт-дәстүрін суреттеп берді. Кейін жазушы Өмірзақ Жолымбетов атылып арманда кеткен ақын Нұрмағанбет
Ағыс. Көгіс-ру аттары
Қосжанұлының» осы Сартай батыр» дастанын көпшілікке ұсыну арқылы қазақ жастарын патриотизмге тәрбиелеуде үлгі боларлық бағалы қазына қосты. Дастан соңында шайыр Нұрмағанбет Қосжанұлы бес жүз баланың өліміне арнап:
Өрімтал елі үшін жанын қиған,
Жаратқан өздеріңе берсін иман,
Халықтың бақыты тек ғиззаттықта,
Байлықтың пайдасы жоқ жаудан жиған,
Баян еттім қазақтың бір тарихын,
Білгенім сыртқа симай, ішке сиған,
Дұға ет оқи қалсаң бұл дастанды,
Өмірге келген, кеткен мен бір мейман,- деп әрі өтінішін де айтып кеткен.
Ата-бабамыз «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құдаңдай сыйла» -деп жастарды еңбекке, жеке өмір сүруге, тіршілікке баулыды. Тарихта аты қалған «Бұланты» шайқасында 15 пен 16 жас аралығында жастарды жиып мың баладан топ құрған Сартай мен 15 жасар Жылқыаманның ерлігі тарихта аңыз болып, жыр дастанға айналды. Әттең, осы дастанмен аттас болып түсірілген «Жаужүрек мың бала» фильмі бұл тарихи шындыққа толы уақиғадан мүлде басқаша түсірілген. Қанша жерден көркем фильм болса да ата-баба бастан кешкен тарихты бұл фильмдегідей бұрмалау- тарихымызға қиянат.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде Әбілхайыр ханның сарбаздарында бірен-саран мылтық болған. Сол отты қарудың бірі Жылқаман баланың қолындағы «ақшұбар» атта мылтық еді. Орыс патшалары ол кезде қазақтарға қару бермек түгілі, сатып алуға тиым салған және қазаққа қару сатқан адам қатты жазаланып отырған.
Дегенмен, ретін келтіріп Ресейден бір үйір жылқыға Жылқаманның әкесі Отыншы құндағы ала шұбар бір мылтық сатып алады. Үйір жылқысын бір «таяққа» болы айырбастаған Отыншыны замандастары мазақ етіпті дейді. Сонда Отыншы: Бастарыңа іс түскенде қорғандарың осы «ақшұбар» болар- деген екен. «Сартай батыр» дастанында сондықтан бұл мылтық «ақшұбар» деп аталады.
1725 жылы болған жоңғар шапқыншылығы кезінде «ақшұбарды» иемденген Жылқаман он бес жаста екен. Осы жан алып, жан беріскен қырғында Жылқаман «батыр» атанып, туған жері Арал теңізінің шығыс жағалауындағы Ақирекке сақайып оралады. Ол он жеті жасында, яғни екі жылдан қайта «ақшұбарын» Сартай бастаған Жақайым батырларының алғашқы қарсылығы еді.
Ресеймен қандай саясат ұстану туралы ақылдасу үшін Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай Әбілхайыр ханға келеді. Сырлыбайдың қоластында Сартай, Ақша, Жылқыайдар, Жылқаман. Сырғақ, Байғара, Теке, Шеке батырлар болды. Ал, не Ресейге қосыларын білмей жүрген Әбілхайыр хан жағында тама Есет, табын Бөкенбай, қарақалпақ Оразбай, Нияз сұлтан, башқұрт Таймас тағы басқа батырлар болды.
Тарихта орыс полковнигі «полковник Гарбер керуені» деген деректер бар. Керуеннің мақсаты сауда-саттық делінген жалған желеу еді. Шындығында Уфадан шыққан бұл керуеннің жоспары хиуалықтарға қару жеткізіп, өзбек пен қазақты қырылыстыру саясаты еді. Осыны естіген Жақайым батырлары керуеннің жолын тосады. Жауды жайрату үшін Аралдан жиырма бес отыз шақырымдай жердегі қолайлы, бас сауғалар бір бұтағы жоқ Қылышсордың үстін таңдайды. Осы Қылышсор үстінде екі жақ кездеседі. Алғашында Гарбер ақ жалау көтеріп қарсы топқа келісімге келу үшін елші жібереді. Барып келген елші Гарберге былай деп хабар жеткізеді.:
«Алдымызда шағын ойпаң бар, сонда бес жүздей қарулы қайсақтар ұрысқа дайын тұр. Өздері Шектінің Жақайым аталығынанбыз дейді. Қарулары сойыл-шоқпар, найза, садақ. Тек қана бір балаң жігіттің (Жылқаман) қолынан дүмі шұбар орыс берданкасын көрдім. Топтың басшысы Сартай деген батыр көрінеді. Осы шайқаста Жылқаманның ерлігі мен атқан оғы құр кетпейтін мергендігі айрықша көзге түседі. «Сартай батыр» дастанында Жылқаманның осы қасиеті де айтылып өтіледі. Ал Жылқаман өзінің шапшаңдығы туралы «Мылтықтың түтінін түтініне қостым, әттең оғын оғына қоса алмадым» дейді екен. Батыр бабаның бейіті қазір Арал ауданының Ақбасты ауылында. Оның осы өнеріне риза болған кейін би атанған Сартай батыр кейін Жылқаманның қызынан туған өз немересінің есімін «Мерген» деп қойыпты.
Иә, Сартай батыр кейін өмір бойы Ресей басқыншылығына қарсы күресіп өтті. Қыз жібектің әкесі Сырлыбай би мен Сартай батыр орыстың елшісімін деп жүрген Тевкелевтің қазақ жерін Ресейдің басып алуына көмектесу мақсатымен жүрген арамза жансыз екенін жақсы білген. Сол Тевкелев күнделігінде өзінің жанындағы қарулы орыс әскеріне Сартай мен Сырлыбайлардың шабуыл жасағанын, 3 адамын өлтіріп, 17 жылқысын айдап кеткенін айтады. Ресей мұрағаттарныдағы деректерде Сартай, Жылқаман, Жылқайдар батырлар, «ұры-қары», «қарақшылар» деп аталады.
Шайқаста жеңіліп, аман қалған Гарбер Жақайым батырларының қойған шартына көнеді, керуенге артқан жүктің жартысы қазақ жерінен өткені үшін баж салығы ретінде және Тевкелевке қарсы шайқас кезіндегі шығынның өтемі ретінде алынады да, Ресейде жасалынған Хиуаға апара жатқан мылтықтары оқ-дәрісімен түгел тәркіленеді. Кейін осы көп мылтық Шектінің «азуын айға білеген» хас батырлары –Есет Көтібарұлы мен Жанқожа Нұрмұханбетұлының 1853-1858 жылдардағы Ресей басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларға қызмет етті.
Бабаларымыз жас жеткіншектерді тәрбиелеуде бірлік пен ынтымақтық үлгісін көрсетіп, бата беріп қолдап отырған. Ал, жастары болса үлкендер сөзін қастерлеп, ант беріп, сол антын орындауға тырысқан. Жоңғардың отты зеңбіректеріне қарсы найзағайдай жарқылдап, жол салған мың баланың ерлігі ұрпақтан- ұрпаққа жетті.
Бүгін Қазақ Елін гүлдентіп, мемлекетімізді нығайту үшін ең әуелі өз ұлтымыздың – қазақтың бастан өткерген тарихын ашық айту арқылы оның сан жылдар миына сіңірілген бодандық санасынан ояту керек екенін уақыт дәлелдеп отыр. Сондықтан әлдебіреулердің жершілдік, тайпашылдық көсемінің кесірінен сонау жылдары жабылып қалған «1000 бала» балалар қозғалысын байтақ еліміздің жас өспірімдерінің басын біріктіретін қуатты күшке айналдыратын мезгіл жетті.
Мырзан Кенжебай
«Мәдениет»
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.