Худайбердина Г.А.
әль-Фараби атындағы заң факультетінің
азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,
еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы
Алдашев С.М
әль-Фараби атындағы заң факультетінің
азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,
еңбек құқығы кафедрасының доценті,
заң ғылымдарның кандидаты
Қайырымдылықтың басында студенттер
Жақсылық жасау –имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі, адам баласын игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы. Адам баласы дүниеге келгеннен кейін айналасындағылардан алған тәлім-тәрбиесі, әсері арқылы сана-сезімін қалыптастырып, ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты ажырата бастайды. Анығында, адам жаны жақсылыққа құмар, оны іздеп тұрады, өзіне де, өзгеге де оны тілейді. Әр адамның бойында өзіне деген махаббаттан әлемге, адамзатқа деген махаббат жоғары тұрса, оның адамгершілігі болмақ. Бұл туралы мынадай хадис те бар: «Өзіңе қалаған нәрсені өзге бауырыңа қаламайынша имандарың кәміл болмайды».
«Қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін ұзатпаған халық еді. Қазір жетімдер үйінде балалар көп, бүгінгі қоғам –қатігез» деген сынды пікірлерді көп естиміз. Иә, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты мұнымен келісуге де болады. Алайда толықтай келісу де дұрыс емес. Олай дейтін себебім, түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады, жетімдер үйі мен қарттар үйіне барып, оларға көңілді кеш сыйлап, сыйлықтар беріп, түрлі шаралар ұйымдастыратын қоғамдық бірлестіктер де біршама. Егер біз қоғам қатігез болып кеткен, байлардың бәрі тек өз жағдайларын ойлайды дей берсек, ол – біріншіден, қайырымды жандардың еңбегін жоққа шығарғанымыз. Екіншіден, өзіміздің де, өзгелердің де бойындағы жақсылық жасауға деген ұмтылысын жоямыз. Тағы бір көңіл қуантатын жағдай:қайырымдылық шараларын көбіне жастар ұйымдастырып жүреді. «Еліміздің болашағы — жастардың қолында» деген Елбасымыздың сөзін ескеретін болсақ, онда еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарай аламыз. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының “Айналаңды нұрландыр” жобасы аясында Заң факультетінде кураторлық 110-тобыммен бірге бір күнімізді балаларға арнадық. Алматы қаласындағы №2 балалар үйіне барып, олардың көңілін көтеру үшін студенттер қолдарынан келгенше өнерлерін көрсетіп, сыйлықтарын берді.
Қайырымдылық жасауға түрлі сылтаулар ойлап табамыз, ал осылай көместесіп жүрген бар болғаны бірінші курс студенттері. Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмейтіндей болу керек деп ойлайтындар да болуы мүмкін. Алайда бұл қайырымдылықты жария ету емес, өзгелерге де үлгі болсын деген ниет қана.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген сөздің жаны бар. Бұл өмірде әрбір істің қайтарымы бар ғой: жақсылықтың да, жамандықтың да. Жақсылық істесек, ол міндетті түрде бірнеше есе болып қайтады. Өзіңізге жамандық тілемейтініңіз анық, демек өзгеге де тек жақсы дүниелерді тілеңіз. Сіз жақсылық жасау арқылы басқаларды қуантасыз, олар сізге риза болады; өзіңіз де рахаттанып қаласыз.
Бақыттың – бәрі ұсақта. Біз елемейтін, қарапайым дүниелер шынымен басқа біреу үшін үлкен қуаныш болуы мүмкін. Сондықтан бір-бірімізді қуанта білейік!
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.