АРҒЫН-ТОБЫҚТЫ ШЕЖІРЕСІ


Апторы:

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы  шежіре

 

АРҒЫН-ТОБЫҚТЫ ШЕЖІРЕСІ

[Жанарыс-Қарақожа-Арғын-Мейрам (Момын деген тоқалынан) – Тобықты ]

Тобықтының екі баласы: Рысбек (Ырысбек), Дәулетбек [75]. І.у і Дәулетбек бір аста жуан таяқ ұстап, жерошақ басын қорығаннан, «Жуантаяқ» – атанып [76], нәсілі де сол атпен атанды. Дәулетбектің үш баласы: Байқара, Байшора [77], Жиеншора. Байқараның екі баласы: Арқар, Бөкен. Байшораның балалары – Шағырбұға. Мұның үш баласы Құдайқұл, Қожағұл, Андағұл. Андағұл баласы – Батбанақ. Батбанақ баласы – Қарабатыр. Жиеншораның төрт баласы: Абдал, Жұмық, Абына, Жаржақ [78]. Абдалдың баласы -Ескене. Жұмықтың екі баласы: Нарымбет, Жиембет. Ескененің үш баласы: Тәңірқұлы, Жұмаш, Бектас. Нарымбеттің үш баласы: Өтеғұл, Бердібай, Өтебай [79].

Өтеғұлдың екі баласы: Төлебай, Көрпе. Жиембеттің екі баласы Құласары, Тоқсан. Төлебайдың бес баласы: Қожакелді, Қара, Қожамбет, Жанқожа, Айтқожа. Құлсарының екі баласы: Құдайсүгір, Берсүгір. Тоқсанның екі баласы: Жәнібек, Тоғызақ.

Тобықтының бір баласы – Рысбек, соның балалары: Мұсабай, Көше, Дадан. Мұсабайдың Үйсінге берген қызынан туған жиенінің аты – Құлық. Жоғарғы «Жуантаяқ» – атанған Дәулетбек, – осы бесеуін: Беc атаның ұлы – Тобықты» – деседі. Көкшенің екі баласы: Топыш, Таман Топыштың екі баласы: Башей (Бәши), Шобан. Томанның екі баласы Қаракүшік (Қаракөшек), Балтай. Шобанның алты баласы: Нәдір, Бірит, Әлім, Жасыбай, Қарабақан, Турабай.

Даданның үш баласы:Есенбақты, Дәулетбақты, Ақсақ. Есенбақтының екі баласы: Манас, Танас. Манастың үш баласы: Базарқұл, Кенжебарақ, Тоқал. Дәулетбақтының екі баласы: Ейбескі Ебескі), Қалдау. Бұл Дадан – Тобықты Қарқаралы оязында (уезінде) екі болыс ел.

Жоғарғы Мұсабай бидің екі баласы: Төленқожа, Сүйірбас. Бұл Төленқожаны Арғынның бір жақсы кісісі: «Мына бір жаман Тобықты», – дегендіктен, өзі де, тұқымы да: «Жаман Тобықты», – атанды. Сол Төленқожаның екі баласы: Баянай, Шегір. Баянайдың екі баласы: Еспентай, Елібай. Еспентайдың баласы – Текебай, Елібайдың баласы – Мұғал. Мұғалдың баласы – Жөкең. Мұның төрт баласы бар: Таз, Нұрке, Бірке, Ожар.

Жоғарыда айтылған Шегірдің баласы – Байбол, Шегірдің Қыпшаққа берген қызынан туған жиені – Жүзбенбет. Байболдың баласы – Бораншы, оның төрт баласы: Есболат, Әлмәмбет, Айғана, Әбіл (Абыл) және асыранды баласы – Есім. Есболаттың асырап алған баласы -Қайыпберді, оның төрт баласы: Қошқар, Сеңгір, Бекей, Текзан. Әлмәмбеттің екі баласы: Кәдір (Қадір), Түбек. Айғананың екі баласы: Игілік, Ораз.

Жоғарғы Мұсабай бидің бір баласы – Сүйірбастың үш баласы: Әлі, Сары, Қожаберген. Сарының бәйбішесінен екі баласы: Мәмбетей (Мәмбетбай), Үмбетей. Қатаған [80] қызы Қоңырбикеден туған екі бала: Мәмбетсопы, Кішік. Мұны жұрттың көбі: «Күшік» – дейді. Қожабергеннің екі баласы: Бегімбет, Жапал. Мәмбетейдің үш баласы: Тәңірберді, Тасболат, Байғазы. Тәңірбердінің бәйбішесінен: Базар, Сағындық, бір қатыны[нан] -Жапар [81], ең кіші қатыннан: Тосбай, Төлек.

Жоғарғы Мәмбет сопының екі баласы: Боранай, Қабас. Боранайдың екі баласы: Жұмағұл, Қожан [82]. Жұмағұлдан алтау: Мамай, Мырза, Баян, Бөкен, Ерсабай, Манай. Тобықтыны Өрдің (Ордың) қара ағашынан осы жерге шейін бастап [келген] Мамай батыр еді.

Қанжығалы абыз Шумақ Боқтыбайдың жасауын ұрлап алатұғын мырза Мамайдың ұрлағандығы айқындалғаннан кейін, Арғын ортасында тұра алмай, өзіне ерген Тобықтыны ертіп алып, Найманға ауып кеткен. Боқтыбайдың жасауын ұрлағандықтан, бұл жақтағы қалың Арғынға жексұрын болғандықтан, Еңлік, Кебек те бұл жаққа беттей алмай жатқандығы – сол [83].

Жоғарғы Кішіктің бәйбішесінен:Саңмұрын, Байымбет, тоқалынан: Әнет, Әйтек. «Әнет бабаң» – атанып, «Жеті жарғы» – атанған бидің бірі болған және Сырдан ауғанда, «Ақтабан шұбырындыда» тоқсан жеті жасында жүре алмай, төбе басында отырып қалған -осы Әнет бабаң. Отырып қалған жері – әулиелі Қызылтау [84]. Артынан іздеп келіп, тірі күнінде тауып алып кеткен. Әулиелі Қызылтауда Әнет аты – жер аты болып қалған елдің барып тоқтаған жері – Ұлы Ертістің белдеуі.

Мамырдың атылған жері – «Мамыр көлі» – атанып қалған. Қалқаман-Мамырдың моласын күзетіп қалып, ақырында сол маңайда өлгеннен, көмілген жері «Қалқаман» атанып, «Қалқаман тұзы», «Қалқаман бекеті» – аталған.

Бұл сөздің тарихы – Бәсентиін – Қойсары деген ел бар. Қойсарының балалары: Байзақ, Өмірзақ.Өмірзақ – Байзақтан – Байқожа жалқы. Байқожа ебдейсіз бай болған. Бір күн оның үйіне салт атты, сабау қамшылы өндірдей бір жас жігіт келіп қонған. Жөн-жобасын сұраса:

− Түбі-тегім жоқ, ұлсызға – ұл болайын. Жақсы болсам, «ұлым» дер, жаман болсам, «құлым» – дер, – деп, – әке-шеше іздеп жүрген жанмын, – дейді.

− Олай болса, сен маған бала бол, – деп, төбел бие сойып, төрткіл ошақ қаздырып, асықты жілік ұстатып, бала қылды, жылқы бақтырды. Байдың ауылы Мамыр көлінің басында отыр екен.

− Атың кім? – дейді.

− Атым – Қалқаман, – дейді.

Заманындағы жылқышының қақ маңдайы болды. Түн болса, ұйықтамайды. Өлең айтып, зарлайды да, жүреді. «Мамырдан» басқа айтар сөзі жоқ.

Бұл Жәнібек батыр қырғыздан бір баланы қоржынға салып ап келіп, атын Бертіс қойып, онан Күреңше туып, онан – Олжабай. Олжабайдан – Айтбай, Айтбайдан – Сейітахмет, мұның да балалары бар, ағайын – аймағы[да] бар.

Сол заманда Рысбектен шыққан Жәнібек батыр қалмақтан олжалап екі қыз алып келеді. Бірін тоқалдыққа өзі алады, бірін Байқожаға байлайды. Байқожа ол қызды Қалқаманға қосады. Ол қыздан туған баланың атын Байтілеу қояды. Байқожа Байқара шаңырағына ие болатұғын кенже баласы Жұмағұлмен еншілес қылып, малын екеуіне қақ бөліп береді.

Қалқаман өзі өлгенде, сол жерге қойылып, «Қалқаман» атанады, көп ұлт болады. Түбі-тегін жан білмейді. «Мұнан бұл атақты аламыз» – деп, Бәсентиіннің не шонжары өзін сол жерге қойдырып, көрнекті там салдырған болса да, аталмайды. Қалқаман атын көптік қылып, ешкім тартып ала алмайды. Ат атанып қалған «Қалқаман тұзы», «Қалқаман бекеті» сол «Мамыр көлі» қасында бұл күнге шейін «Мамыр көлі» атанып қалған.

Қалқаманнан – Байтілеу, онан – Әжібай, онан – Сүлеймен қажы. Өзі: «Бұқа – Күбір» ішінде кімсің?»- дегенге: «Қойсарымын» – дейді. Қалқаман өзі Жұмағұлмен замандас болып, еншіге бірдей болды. Жұмағұл баласы Ағыжан мен Байтілеу бастас, тұстас болды. Ағыжан баласы Жүсіп пен Әжібай бастас, тұстас болды. Әжібай баласы Сүлеймен – Жүсіп балаларымен бастас, тұстас болды. Сүлеймен қажы жалғыз үй емес, он шақты үй бар шығар.

Әнет бабаңның бәйбішесінің бес баласы«Ақтабан шұбырындыда» қалмақтың оғынан өліпті. Бәйбішесінің Байболат деген баласынан: Балуан, Бақай деген екі бала бесікте екен. Балуаннан тұқым жоқ. Бақайдың үш баласы: Құрманбай, Жарылғап, Тоққожа. Бұлардан тұқым-жұрағат бар. Бұл – Әнет ұрпағы өсімі кем болған… Әйтіктің бәйбішесінен – Олжай, тоқалдан – Байбөрі, Қалқаман. Байбөрі «Бәкең» атанып, оның нәсілі мұнда жүз үйдей бар.

Олжайдың үш баласы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Жігітектің бәйбішеден: Кеңгірбай би, Сеңкібай; тоқалдарынан: Түлкібай, Қарсақбай, Күзенбай, Жолымбет. Айдостың төрт баласы: Ырғызбай, Торғай, Топай, Көтібоқ, – «Үш Олжаймыз» – десіп келеді [85].

[Мәшһүр Жүсіп ескертпесі]: Шәкәрім шежіре жазғанда, Тобықтыны дұрыстап жаза алмапты: «Жігітектің бәйбішеден: Кеңгірбай би, Сеңкібай» – депті. Және жазады: «Жоғарғы Ырғызбай – біздің төртінші атамыз», – дейді. «Абылай хан мен жолдас болған кісі, оның төрт баласы: Өскенбай, Үсір, Мырзатай, Жортар», – дейді.

Бұл өзі шатасқан да, қағаз бетін орын алдырып толтырып, жан білмейтін жамандарын жазады. Дадан – Тобықты – Қараменде биді жазбайды. Өз заманымызда айдай әлем атын білген Нармамбетті жазбайды. Құнанбай – Бөжей – он бір жыл Құнанбаймен дауласуға жараған Бөжейді жазбайды. Айдай әлемге байлықпен атағы шыққан соқыр Ор[аз]ба[йды] жазбайды.

Құнанбайдың Ыбырайы [Абайы] жолбарыс болып шыққанда, қасқыр болып шыққан: Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопан, – бұл төртеуі қайдан шыққанын жазбайды.

«Естіген құлақтың жазығы жоқ»: біз естіп едік: «Бірі қалса, мені өлтірмей тынбайды!» -деп, Ыбырай осы төртеуін түгел айдатты. Сондай болғаны үшін:

Апырм-ау, аты құрсын Абай деген,

Жылатты мұсылманды талай неген.

Абайың жақсы кісі болған болса,

Қасқырдай өз күшігін қалай жеген?! –

деп, «Осыларды айдатқанына айтылған сөз» – деп, – «Екі кәпірінің бірі – өзінің «үш Олжайы екен» – деп [86].

Біз естіп едік: «Ырғызбайдың қатыны «Елти қатын» атанған. Ол қатын – Өскенбайдың шешесі екен», – деп. Бұл сөздің қайдан шыққандығы Қаракесек – Балта ақын Құнанбаймен құрдас екен. Өз ағайынының бір қызын алып қашып, қатын қылып, Құнанбай елінде көп жүріпті. Бір күн[і] Балта ақын Құнанбайдың үйіне кіріп келсе, Құнанбай өлеңді қоя беріпті:

Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,

Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.

Қарындасын қатын қып алып қашып,

Ел аралап жүреді-ау арсыз мұрдар.

Сонда Балта ақын айтыпты:

Әуеде ұшып жүрген қара құрлар,

Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.

Баласы әкесіне балта жұмсап,

Жынды қатын тұқымы бәдік мұндар! – депті.

Құнанбайдың үйінің сыртында тоғай бар екен. Құнанбай онан бір шыбық кестірмей қориды екен. Бір күн[і] ағаш кесіп жатқан бір балтаның тақ-тақ дауысы естіліпті. Құнанбай қолына балта ала жүгіріпті:

− Ағаш кескен әкем Өскенбай болса да, басын шабайын! – деп.

Барса, әкесі Өскенбай екен, әкесін шаба ала ма баласы?! «Әкесіне балта жұмсап» – дегені сол екен. Және біреудің кейбір мінезін жақтырмай, сөйлегендерге: «Нармамбет қанша айтқанмен, Елти қатынның ұрпағы ғой» – дейді екен.

Осыны жазып отырған Мәшһүр де – «Елти қатынның» ұрпағы. Бесімнің бәйбішесі – Бектік бәйбіше Қыпшақ: Қатықұлақ мергеннің қызы. «Қақырғаны – қайма алтын, түкіргені -түйме алтын» болған, моласы Қызылтауда, Қатықұлақ мерген моласы Терісаққан бойында [87].

Бала күнімізде естіген сөз еді: «Тобықты ұраны – Маябоз» – деп. «Ол қалайша ұран болған?» – деушіге былай деуші еді:

− Бұрынғы заманда қазақ-қалмақ жауласқан күнде қалмақ жеңіп, қазақ қашып, ажалсызы басын құрттап құтылған…Қояндай боз атқа мінген бір қатын қалмақтан қашып құтылып, қазаққа келіпті. Байы қалмақта өліп қалған, мұндағы қатынға бай боларлық азамат аз, танымал-танысы жоқ осы қатын аяқсыз қаңғып, қазақ ортасында жүріп, өзі буаз, [е]кіқабат екен. Балгерлік, бақсылық қылып, дерт қарап: «Қақырғаны – қайма алтын, түкіргені – түйме алтын», – болып ауру-сырқау жерге айтпай біліп, сұрамай танып, өз аяғымен жүріп қарайтұғын болыпты. Мінгені қояндай боз ат, өзі күй[лі], жуан, семіз, оның үстіне екіқабат, буаз болған соң, қай ауылға барса, «Маябоз келеді», – дей бергеннен, «Маябоз» – атаныпты. Өзі босанып, ер ұл тауып, баласының атын: «Елетан», – қойыпты. Енді бір сондай түпсіз-тексіз бала пайда болып, оның аты «Елехан» – болыпты.

Елетан, Елехан егіз қозыдай болып өсіпті. Ер жете бастаған соң, қызықты, сүйкімді, өнерлі болып, әркім қызыға бастапты. «Бала қылып аламыз!»- деп, біреуге-біреу қи[май], Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, – төрт арыс – Орта жүз таласыпты. Сонда бұлар көп ортасында сөзге байлау, матау қылып: «Бәйгеге ат қосайық, қай атымыз озғанымыз алайық!» – десіп, бәйгеге ат қосыпты. Арғынның Ақтобық аты алдын[да] келіп, Арғын алып: «Мұның тұңғыш[ы]…[А]қтобық аттың бәйгесіне келді, [келіп еді]» – деп, баланың атын «Тобықты» қойыпты.

Бұрынғылар айтушы еді: «Ақсопының балалары: Толыбай ұранды Қанжығалы мен Маябоз ұранды Тобықты», – деп. Және қазақта бір сөз бар еді: «Елетан елге тең келді, // Ешкі қойға теңелді». «Бұл Елетан дегені кім?» – дегенде: «Тобықтыны айтады», – деуші еді.

«Кіші жүз орысқа қарап қалыпты, Орта жүз де қарайтұғын сықылды», – деп естігенде, Дадан – Тобықтыдан шыққан Қараменде бидің Кеңгірбайға айтқан сәлемі:

Басында Сырдан көшіп Орға келдік,

Табан тесіп, қалжырап зорға келдік.

«Құл (қол) алдынан құрулы талқы», – деген,

Бұл жаққа бакқа келмей, copғa келдік!

«Сәлем, – де Кеңгірбайға , – кел, кетелік,

Мықты сабаз атанды терлетелік.

Дін – мұсылман жұртына бетті түзеп,

Аты жақсы дариядан әрі өтелік!-

Мақалдар

  1. Өзі тоймағанның сарқытын ішпе!
  2. Боқ жисаң, палау жегеннің боғын жи!
  3. Өзі боқ жегеннің боғын жеме!
  4. Ақымақтың тізгіні құлағында болады,

Ақылдының тізгіні кеудесінде болады.

5.Ақымақ не істесе, соны малданып жүре береді,

Ақылды ойланады, ақылына сыйса, ұстайды, сыймаса, тастайды.

Қазақ шежіресі. 3-нұсқа – Көрілім: (1782)

:::Машхур Жусіп Копейулы. Казак шежіресі. 3 нуска::Қазақ шежіресі. 3-нұсқа

Кітәпханаға қайту

 

Қазақ шежіресі. 3-нұсқа ->

: PDF Download – Жұктеұ – Скачать – ءتۇسىرۋ

Ресурс Facebook Twitter Google+ WhatsApp Mail.Ru SMS VK WeChat baidu Email Qzone Renren Viber

ماقالانىڭ كەلۋ قاينارى: http://www.elarna.com/kitap_kk.php?id=3288&oku=20578#ixzz4whJtqkgR
ەل-ارنا كەسكىندەر ايماعى: http://www.elarna.com/video.php