Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ертегілер

 


Апторы:

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы  

ертегілер
Көрілім: (2861)

ЕР ТӨСТІК

Ертеде бір Мұтышақ деген бай болыпты. Оның 8 еркек баласы болыпты. Жылқы малы өте көп болып,жерге сыймайтын қалың болады. Бір жыл қыс қатты, жыл ауыр болғандықтан, жылқының қонысы басқа алыс жер, жат елдерге кететін болғандықтан,сегіз ұл жылқымен басқа алыс жерге кететін болып, әке-шешесіне соғымына үш жылғы қара ту биені сойып беріп кетіпті. Кемпір-шал қара биенің етін үш жыл өтемге жеткізіп, үнемдеп жейді. Қазы-қарта, жал-жаяларын үнемдеп жеп тауысып, ең соңында қара биенің төс еті қалады.

Мұтышақ бай бәйбішесіне айтады:

– Осы төстен басқа қара биенің етінен балаларға арнап сақтаған сыбағамыз жоқ. Осы төс етті балаларға арнап сақтайық! – десе де, бәйбіше төс етке қызығып, жеріп, сыпырып-сиырып жеп қойыпты.

Сонан кейін еркек бала тауып, атын төстікке жеріп тапқандықтан, Ер Төстік қояды. Бұл бала туғаннан-ақ ерекше ер бала болып туады. Өзі құрбы балалардан жаратылысы күшті, қуаты өзгеше артық болып балалар ойнап жүріп, ұрыс-төбелес, жанжал болатын болса, Ер Төстік балалардың біреулерін бастан ұрып, біреулерін көттен теуіп, біреулерін шалқасынан, біреулерін етпетінен (екпесінен) түсіріп, біреуінің қақ шекесін, біреуінің мұрнын қанатып, ең болмаса, асып-сасыңқырап жылдамдататын болса, екі баланы екі қолымен ұстап алып, екеуінің басын біріне-бірін сүзістіріп [жүріпті]. Ер Төстік баланың бұл сияқты мінездерін көрген балалар қырғидан бұққан торғайдай, бүркіттен бұққан қояндай, қасқырдан үріккен қойдай үркіп жүретін болыпты. Төстік бала осы ретпен жүргенде, бір күні бір кемпірдің баласын да ұрып соғады. Кемпір Төстік балаға ұрсып, тілі тиіп:

– Бұл шіркін менің баламды сабап, мені жылатып, маған әлі жеткенше, қаңғып хабарсыз, жолсыз кеткен сегіз ағасын тауып алсашы! – деген сөздер айтып, кемпірдің тілі тиеді. Кемпірден мына сөзді естіген соң, Төстік үйіне, әке-шешесіне келіп:

– Менің сегіз ағам жоғалып кетіп пе еді?! Олар қайда, қашан, қандай? – деп, сұрап қысқан соң, әке-шешесі шыдай алмай, айтып қойып, сонан кейін Төстік бала беліне жүген байлап алып, 10 жыл жоғалып кеткен ағаларын іздеп жолға түседі. Бірнеше ай, жылдар арада жүргеннен кейін, сол уақыттың әдет-ғұрпы бойынша қуаныш мереке той жасап жатқан бір жойқын қалың елге кез болыпты. Төстік тойға келіп, аралап жүріп көрсе, бір уақыттарда ет жасап, табақ тартып, той басқарып жүрген кісілер айтысады:

– Мұтышақ байдың сегіз серісі келеді, солардың табағын, кіретін үйін дайындау керек!-деген сөздер айтысады.

Төстік бала бұл сөзді құлағы естіп, көзі көріп, жүрегі қуанып,іздеген жоғы табылғандай көңіліне әжептәуір медеу болады. Мұнан кейін сегіз серінің келіп түсетін үйінің маңайын күтіп тұрады. Бір мезгілдерде күтіп тұрған сегіз сері мырзалар келіп түсіп, шайын ұрттап тамсап, бастарын шайқап, қымыздарын ішіп, етін жеп құсып, өздерімен өздері мас, басқаның ойын-күлкі, ду-шуын керек қылмай:

– Жылқыға жау тимесе игі еді! – деп, тойдың артына қарамай шу деп жөнеле береді. Ойпаң жерлерден орғытып, қыраң жерден қарғытып, сайлы жерден сырғытып, жылғалы жерден жылжытып, айшылықты алты аттап, айлық жерлерде жатқан жылқыларына келіп, бұлардың артынан жаяумын деп жалықпай, жалғызбын деп тарықпай, шапқан аттан қалыспай, Төстік бала да келіп жетеді. Бағана ағалары тойға барғанда, Төстік бала жолығып жайын айтқанда:

– Біздің сен сияқты қалған ініміз жоқ-ты. Айтқан сөзіңнің тіпті дәмі жоқ-ты! – деп, баланы баласынып сөйлеспей көңілге алып, көзге ілмей жүріп кеткен болатын. Бала:

– Танымасаң, танырсың! Шаңыма ере алмай қаларсың!.. [деген].

Мұнан кейін сегіз сері жылқыға келіп жеткенде, Төстік бала да арттарынан ілесе бірге келді. Жылқыларын аралап жүргенде, бұрын басқа жандардың қарасын көргенде, маңына дарытпай, қарасын көрсетпей кететін асау тағы жылқылар ер Төстікке қарай айналып оралып, жақындап, айуан да болса, сезініп, алдарына иіліп, бастарын иіп шұлғып, көп жылқыдан басқа ерекше бөлек алты құлаш ала айғыр, жеті аяқты жирен бие бастарын изеп, Ер Төстікке құрықсыз қолға ұстатып, ерсіз еркіндікпен мінгізіп, ат бола бастайды. Ағалары ер Төстіктің мына сияқты тәжірибелерін көргеннен кейін, танысып, білісіп, туысқан болып, бәрі бірлесіп елге қарата жылқыларын айдауға бет қойып, баяғы елден кеткенде, сегіз ұлға әрбіреуіне бір мыңнан жылқы тиген болса, жылқылардың өскендігі сондай,тоғызының әрбіріне тоғыз мыңнан – тоқсан мың жылқы тиген болады. Бұлар аман-есен жылқыларын айдап, еліне: әке-шешесіне келіп қосылады. Тоғыз ұл тоқсан мыңды тоғыз қос қылып төңкеріп, соны бағудан-қағудан басқа жұмыстарға қолы тимей, соның әлегімен жүргенде, өздерінің сол замандарындағы халқының қарап бағынып тұрған ханы Шынғышхан естіп, Мұтышақ байдың байлығын, тоғыз ұлын естіп, көрмекші болып келгенде,тоғыз ұлға қалың беріп қатын әпермегенін ерсі көріп, байға айтады:

– Байеке, мал-басың сай, ұлдарыңа әлі қалың бермегеннің мәнісі қалай? – дегенде, Мұтышақ айтады:

– Уа, алдияр тақсыр хан,

Мал аяп жүргем жоқ баламнан;

Мұңсыз адам өткен бе адалынан?!

Ойлаған ойыма лайықты

Жер таба алмадым ғаламнан!

Сіз мынау айтқандай,

Көңілімде қатты санам бар:

Көп екен деп көпірмен,

Тоқсан мыңдай қарам бар!

Топтанғандай несі кеп,

Тоғыз ғана балам бар!

Осыдан артық дәулетті

Бағар менің қанша шамам бар?!

Осы аз ғана дәулетті

Әр жерге шашып төкпей-ақ,

Бір-ақ жерден орындасам

Деген мұратым бар! – дегенде, хан айтады:

– Ойыңды білдім, байеке! Ойың оң, тілеуің дұрыс болсын! Ой түбіне ешкім жете алмайды. Сенің үйде отырып ойлаған ойыңды кім біледі? Жатқанға жан жуымайды, // Қимылдаған қыр асады. // Іздеген миқан ағашын табады, – деген бар емес пе?! Елден елді қыдырып, іздесең болмай ма? – деп, ақыл береді.

Мұнан кейін Мұтышақ бай тоғыз ұлға бір-ақ жерден құда болатын тоғыз қызы бар кісіні іздейді. Ел қыдырып,су сыдырып жүріп, бір үйге кез болса, бір үйде қыздың ілулі тұрған сегіз құндыз бөркін көреді. «Япырм-ай, тоғыз болар ма?» – деп дәмеленеді. Бай әуел көргенде, бөріктің біреуі жоқ болады. Сегіз-ақ бөрік тұрады. Мұтышақ бай тоғыз болмай, сегіз болған соң, қуанбай мұңайып отырады. Мұтышақ бай алғаш үйге кіріп келгенде, бөріктің санының көптігінен үмітті болып қуанып қалса да, тоғыздан біреуі кем болған соң, мұңайып, томсарып ренжіген қалыппен отырғанын көріп, тоғыз қыздың тапқан шешесі бәйбіше сусын құйып беріп отырып, Мұтышақ байға қарап:

– Жаным, бұрын көрмеген жат елдің адамы екенсің. «Қырықтың бірі – қыдыр», – деп еді. «Қыдырған қыдырдың ізін басады», – деуші еді. Ел аралаған сыншы, ағаш аралаған үйші. Бір жоқты бір жоқ табады. «Іздегенге сұраған кез болады»- деген сөз бар еді. «Ерді көрсең, қыдыр тұт. // Асты көрсең, қадір тұт!» Қадірлі мейманым, айыпқа бұйырмасаңыздар, сіздерден бір сөз сұрағым келіп отыр. Мана біздің үйге алғаш кіріп келген бетіңізде шаттық шыраймен келген тәрізді едіңіздер. Қазірде уайымдаған, уайым ойлаған адам сияқты болып отырсыздар. Әлде біздің сіздерге ұнамаған жат мінездеріміз болды ма? Бұрынғылар айтқан: «Ел-елдің заңы басқа, иттері қара қасқа», – дегендей, ұнамаған жат мінезіміз болса, көзімізге айтып кетіңіздер. Қатеміз болса, мойынға алайық. Мұнан былай есімізге алып сақтанайық! – деген соң, Мұтышақ бай бастан-аяқ жүрген жұмысының мән-жайын айтып, баяндап, үйге кіріп келгенде, көп бөрікті көріп қуанса да, бөріктің тоғыз болмай, сегіз болғанына ренжіп отырғанын айтты. Сонда бәйбіше:

– Е,қадірлі мейманым, кәміл болсын иманың, адал болсын жиғаным! «Ауырды жер көтереді, көңілді дос көтереді» – деген. Бөріктерді көріп қуанған болсаң, қуанған көңілді қайтадан ренжітпеңіз. Іздегеніңіз тоғыз болса, тоғызы да табылар. Құдайдың берген тындырымдары бар. Бер дегенге – бірінші қызым бар, егескенге – екінші қызым бар, өштескенге – үшінші қызым даяр. Төбелесушіге – төртінші қызым даяр. Белдесушіге -бесінші қызым даяр. Аталасқанға – алтыншы қызым даяр. Жетелесушіге – жетінші қызым даяр. Серттесетін болсаң, сегізінші қызым даяр. Бәрінен де артық толған айдай қызым бар. Бұлардың әрқайсысының қалың малдары – қалың мал, қара малдарынан басқа, сүт ақы,той малы, ит ырылдатар; бақан аттарына,бөлек үйге енгізер, ұрын келер, шымылдық құрар, шаш сипарынан бөлек тоғыз-тоғыздан тоғыз жақсы, тоқсан жамбы теңге болмақ. Сізге, байеке, ескертейін, «Балалары жаман шығар, тоғызы бірдей үйінде неге отырады?» – деп ойларсыз. Менің балам жамандығынан өтпей отырған жоқ. Тегін беретін теңі келмей, алушының әлі келмей отырған жайы бар. Бірінің ері, бірінің жері, уақытымен сағат кезі келмей отыр. Және де, байеке, сізге ақырғы рет ескертемін. Балаларың саны тоғыз болғанмен, ертедегі тоғыз тоңқылдақтай болып жүрмесін. Бұрынғылар айтқан сөз бар еді: «Ешкі егіз табады, ит сегіз табады, шошқа да тоғыз табады», – дегендей, саны тоғыз болғанмен, не доңыз, не қоңыз болып жүрмесін!

Бәйбіше Мұтышақ байға тағы мынаны айтады:

– Ей, Мұтышақ бай, Мұтышақ бай,

Мал-басың сайма-сай.

Жетер болса дәулетің,

Қимылдап бак аянбай!

Сонан кейін Мұтышақ бай үйіне келіп, ел-жұртын жинап, ақылдасып, тоғыз ұлдың қайыны бір жерден табылып,өз ойындағы ойлағаны болған соң, не жанын аясын, құдай берген көп жылқыны аямай шашып-төгіп беріп, тоғыз отауды біржолата көшіріп алып, қайтып келе жатып,бір жерге көштері түнеп жатса, сонда тоғыз қыздың ең кенжесі Бикеш сұлуды Ер Төстік алады. Сонда Бикеш сұлу Төстік батырға айтады:

– Әкем мен шешем бізден бар дүние, бар малын аямас. Үш нәрсесін қимас. Сол үш нәрсесін ұмытпай: «Бермесең, ырзалығым жоқ!» – деп, қоймай сұрап алғайсың! Бірі -Ақжал ат, бірі – құба інген, бірі – сырмалы шапан.

Айтқанындай, бұл үшеуін бай өзіне, Ер Төстік еркіне қоймай, сұрап алады. Қыздар ұзатылып келе жатып, жолда бір жерге қонып жатқанда, Мұтышақ бай мыстан кемпірге жолығады. Қорыққанынан барлық мал-жанын бермек болып, ақырында Ер Төстіктің алтын сақасын бермек болып құтылады. Артынан алтын сақасын іздеп, Ер Төстік келіп кемпірмен сөйлесіп тұрғанда, алтын сақа жерде жатқанын көріп, Ер Төстіктің астындағы Ақжал ат аузымен тістеп ала қашады. Кемпірден қашып келе жатып, батырға ой түсіп: «Мен батыр бола тұрып, кемпірден қашқаным не болғаным?!» – деп, атының басын бұрып алып, қайта ұмтылғанда, кемпір қашып келіп, бір құдыққа түсе бергенде, екпінімен ат та, батыр да бірге түсіп кетеді. Мұнан кейін батыр көп уақыт зынданда қалып, бірнеше уақыттар өтеді. Мұнан кейін Күлмес ханның Бермес қызын алып келуге кемпірмен келісіп, жер бетіне шығып, Күлмес ханның Бермес қызын іздеп келе жатып, бір сыңараяқ жүйрік адам жолдан кездесіп, жолдас қылып алып, екеуі келе жатып, сауысқанның жұмыртқасын білгізбей ұрлап алатын епті ұрыны көріп, оны да жолдас қылып алып, үшеуі жолдас болып келе жатып, бір мерген кездесіп, оны ертіп алып, төртеуі жолдас болып келе жатып, бір балуанды тауып – бір тауды бір тауға соғатын – бәрі жолдас болып келе жатып, бір жалмауызды тауып алып, бір көлді ұрттап алып аузына сыйғызатын -Күлмес ханның еліне келеді. Көп құмырсқаны артып алып,бұлардың бәрі өзі айтып, өздері ере бастайды. Жер тыңдағыш тағы кез болатыны бар. Бұлардың бәрі де аман қайтады. Бермес қызды алып қайтады. Үйде қалған елі, Бикеш сұлу қайғырып, беліндегі жібек белбеуін шешпей жатып: «Не Ер Төстік келгенде, не өлді деген анық хабарын естігенде, шешем!» – деп, құба інген деген түйесін: «Ер Төстіктің не өлі, не тірі – деген хабарын естігенде, боталатам!» – деп сақтайтын болып.

ماقالانىڭ كەلۋ قاينارى: http://www.elarna.com/kitap_kk.php?id=0&oku=19506#ixzz4whLRrGJQ
ەل-ارنا كەسكىندەر ايماعى: http://www.elarna.com/video.php

: PDF Download –  ءتۇسىرۋ

Ресурс Facebook Twitter Google+ WhatsApp Mail.Ru SMS VK WeChat baidu Email Qzone Renren Viber