Бейсетаев Р., ЖАҚИЯ Д.
Қарағанды, ҚР ДСМ КАжЕГ ҰО,
ҚР ІІМ Қарағанды академисы
ШЫҢҒЫС ХАН ИМПЕРИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ТАРИХЫ:
БАСТАУЫ МЕН АЙТУЛЫ КЕЗЕҢДЕРІ
Бүгінгі Қазақстанның жерінде бірнеше мың жыл бұрын рулық қауым пайда болғаны тарихтан белгілі [1-25]. Даланы мекендеген көшпелі тайпалар тіршілігінде ру қауымының ыдырауы мен мемлекеттің пайда болуы өте баяу іске асты. Сақтар дәуіріндегі көшпелі тайпалардың қоғамдық құрылысына әскери демократия тән болды. Ол құрылыстың әлеуметтік негізі қандас-туыстас және одақтас тайпалар болады. Сақтардан кейінгі үйсіндер мен қаңлылар да әскери демократия сатысын бастан кешірді. Олар тайпалардың тұрақты одағын құрып, өздеріне патша сайлай алды. Ондай қоғамның ұйтқысы “ру” болды.
Десек те, бұл одақтар толық бірорталыққа бағындырылған мемлекет болмады. Мемлекет басқарудың жазба құралы да болмады. Сол секілді, елдің заң жүйесі де ауызша қабылданған, есте сақталатын ережелер жиыны болатын. Бір Орталыққа бағынған, жазба заң ережелері бар алғашқы Дала Империясы ХII-ші ғасырдың аяғында – ХIII-ші ғасырдың басында Орталық Азияда пайда болды. Көшпелі түркі тайпаларының бірігуі басталып, нәтижесінде көшпелі елдердің жаңа империясы пайда болды. ХII-ші ғасырдың аяғында Керейдің кемеңгер ханы Құтұлұғ: – «Түркі жұрты, Теміршіні қаған сайлаңдар, сол барша түркі елінің басын қосады», – деген ұлағатты сөз айтқан болатын. Ұлының айтқаны келіп, 1206 жылы Есугейдің ұлы Теміршіні (Қытай жылнамаларында – Темучжин) Шыңғыстаудың бауырында Қаған сайлап, Шыңғыс хан деп атаған болатын. Ал, қол астына ықтиярсыз күшпен, зорлықпен енген біраз халық оны Алашы (жан алғыш) деп, сондықтан Алаш (Алаша) атанып, сол атпен қазақ тарихының төрінен орын алды. Шыңғыс хан Империяны жалғыз құрған жоқ: оның сыртқы саясат пен әскери мәселеде кеңесшісі абыз Кет Бұға, ал ішкі саясат пен халық бірлігін сақтауда кеңесшісі шешен Майқы би болыпты [2-12].
1220-1224-шы жылдары бүгінгі Қазақстан жері осы алып империяның бір бөлігі – Жошы Ұлысының құрамына енді. Шыңғыс хан, Жошы хан, Кет Бұға, Майқы би болып алты алаш (алтай, қазақ, татар (сібір татары), ноғай, қарақалпақ, қалмақ) елді билеп, ал қазақты Үш жүзге бөліп, алаламай үш ағайынды адамнан (Ағарыс, Жанарыс, Бегарыстан) таратып, үлкенді-кішілі қылып, біріне-бірін сыйлатып өтіпті [9-10]. Бұл сыйластық өнегелі шаңырақ баласының бойында бүгінде сақталған. Ұлағатты бабаларымыз Шыңғыс хан, Кет Бұға абыз, Майқы би және Жошы ханның қазақты үш жүзге бөлудегі негізгі мақсаты – тұтас Ұлыста туыстық-рулық қатынастың арқасында өз-ара сыйластық пен ел бірлігін қамтамасыз ету.
- Шыңғыс хан империясының мемлекеті мен құқық жүйесі
Мемлекеттік басқару жүйесі. Империя басшысы – қаған, Шыңғыс хан ұрпағынан сайланады. Қаған шексіз билікке ие болды. Билік аманат түрінде немесе ұрпақ сабақтастығы жолымен беріліп отырды. Қағанды таққа отырғызу оны құрылтайда сайлаумен іске асырылатын болды. Қағанның құзыры өте күшті болды: мемлекет құзырындағы жер мен ел билігі, “жосық” түріндегі заң және “жарлық” түріндегі бұйрық құқықтық нормаларын бекіту, әскерге Бас қолбасшы әрі бірінші діндар болды. Қағаннан төмен ұлыс хандары болды. Бұлар да Шыңғыс ханның балаларынан сайланатын болды. Қағанды толық мойындағанымен, ұлыс хандары өз иеліктеріндегі жерлерде билікті мейлінше тәуелсіз жүргізді. Жаулап алынған жерлерде ұлыс хандары жергілікті билікті – даруғаш (ортағасырлық қазақта – дәріуіш), даруғабектерді (қазақта – дәріубек) сайлайтын болған. Олардың негізгі міндеті: халық санағын жүргізу, салық жинау және оны хан ордасына жеткізу, иелігіндегі елден жасақ шығару, пошта қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету. Сонымен қоса, даруғабектер отырықшы мекендерде басқару-полиция қызметін де атқарды.
Шыңғыс хан заманында, одан кейін де ел басқарудың “Мемлекеттік Кеңес” Орталық аппараты болды. Бұның құрамына ірі беделді адамдар кірді. Мемлекеттік Кеңесті оң министр басқарды. Ел басқаруда Хан канцелярисы ерекше рөл атқарды. Оны Ұлұқ бітікші басқарды. Канцелярияда хатшылар мен жазушылар қызмет атқарды.
Жергілікті билік Шыңғыс хан ұрпағының қолында болды. Олар иелігінде басқару және әскери билікті өз қолдарында ұстады. Сонымен қоса, жергілікті билікте қаған сайлайтын “Жарғышы” – сот қызметкері болды. Мемлекеттік басқару жүйесінің бір ерекше бөлігі – пошта болды. Пошта жүйесі әр жерде орналасқан пошта стансасы – йамдар арқылы байланысты. Станса арқылы биліктің өкімін, арнайы құжаттарды, империя атқамінелері мен хан кісілерін жеткізуді қамтамасыз ету қызметтері атқарылды.
Әкімшілік-территориялық құрылымы. Шыңғыс хан империясы негізгі төрт ұлұсқа (жұртқа) бөлінді. Ұлұсты хан биледі.
Орталық Қарақорым аймағы мен Қытай жері негізгі жұрт делініп, оны қағанның өзі басқарды.
Қазақстанның көп жері, Волга бойы, Солтүстік Кавказ, Қаратеңіз маңы мен Аралдың оңтүстігі жерлері Жошы Ұлысына кірді.
Жетісу, Қашқария, Орта Азия жерлері Шағатай Ұлысына кірді.
Керейттің, найманның, ұйғырдың бұрынғы жерлері Үгедей Ұлысына берілді. Кейін Иран мен Таяу Шығыста Хулагу Ұлысы, немесе Ильхандар мемлекеті құрылды. Үлкен Ұлыстардың жері Кіші Ұлыстарға бөлінді. Империяда Ұлыстың жері мен елі түрлі болды. Негізгі үш түрі белгілі.
- Ұлыс – Шыңғыс хан ұрпағының иелігі. Халық саны 10 мың түтіннен аспады немесе одан кем болды.
- Ұлыс-түмен – Шыңғыс хан сайлаған түмен басы басқарған ел. Халық саны 10 мың түтіннен аспады немесе одан кем болды.
- Ұлыс-провинция – отырықшы елді мекен аймағы. Даруғабектер басқарған. Халық саны 2 мыңнан – 5 мың түтін шамасында болды.
Түмен тек әкімшілік қана емес, сонымен қоса әскери аймақ болды. Соғыс жағдайында әрбір түмен 10 мың сарбазы бар әскери құрама шығаратын болған.
Түмен өз ішінде мыңдықтан құралды. Бұл әкімшілік-әскери бірлік соғыс жағдайында бір мың сарбаз шығаратын болған. Осы әскери бірлікті Шыңғыс хан “мың қол” (айтылуы “мыңғол”) деп атаған. Қазіргі “полк” ұғымына сай келеді, ал оның сардарын “Мың басы” атаған. Кейін келе бұл сөз ұлт атауына және империя атауына сай келетін терминге айналды. Шыңғыс хан заманында “Мыңғол” деген ұлт болған жоқ. “Моңғолдың құпия шежіресі” [13] Шыңғыс хан заманынан кейін, Үгедейдің нұсқауымен жазылса керек. Құпияның “құпия” болуының басты себебі осы.
Мыңдық өз ішінде “ондыққа” бөлінді. Ондық бір ауылға сай келеді. Соғыс кезінде Он басы бастаған он сарбаз шығаратын болған. Сонда 5-6 кісіден (бір түтіннен) бір сарбаз немесе сардар шығатын болған.
Осы жүйеге сай, әкімшілік-әскери құрылымның әрбір буыны өзіне тиесілі жерде қоныстанып, белгілі мезгілде, бағытта көшіп-қонып өмір сүрген. Түмен басы мен Мың басын ханның өзі сайлап, Жүз басын Түмен басы сайлап, ал Он басын Мың басы сайлаған. Міне, кезінде Напольонның қолдануымен, уағыздауымен бүгінде әлемнің барша мемлекетінде әскердің ұйымдастырылуы Шыңғыс хан құрған осы жүйеге сай келтіріліп құрылған. Напольон Шыңғыс ханның әскери білгірлігі мен сауаттылығына жоғары баға берген.
Салық жүйесі. Шыңғыс хан империясында салық жүйесі ерекше орын алды. Арнайы үш салық аппараты: 1- қытай үшін – Яньцзинде, 2- Орта Азия үшін – Аму-Дария бойында және 3- Жетісу мен Қашқария үшін – Бешбалықта құрылды. Халық санағы толық жүргізіліп, негізгі салық бірлігі болып “түтін”, – отбасы (шаңырақ) бекітілді.
Көшпелі халық біртекті – копчур, – мал басының 1%-ына сай салық төледі. Сонымен қоса, әскери салық – тағар мен төтенше салық – аваиз төлеп тұрды. Отырықшы халық жер салығын – харадж төледі.
Құқық жүйесі. Шыңғыс хан империясында құқық жүйесінің негізі “дәстір” болды. Сол замандағы Тәңірге сенген дүниетанымға сай, құқық нормалары ғарыштағы үйлесімді қамтамасыз ететін Әлемдік Заңға сай келеді. Міне, осы нормалар толық орындалса, адамзат қоғамында да үйлесім сақталады, деп түсінген. Әлемдік Заңның жердегі орындаушысы – Қаған. Сондықтан, жоғарғы заң шығару және сот билігі қағанның қолында болды. Мәшһүр Жүсіптің: “Патша құдайдың жердегі әміршісі, оған тіл тигізбеңдір”, деуі осы сөз болса керек. Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері қоғамдағы жаңа саяси-әлеуметтік қатынасқа сай келетін заңдар жинағы – Йаса және ДЖасак қабылдады. Сонымен қоса, Шыңғыс хан империясында Жоғарғы сот – Жарғы жарғұлұғсан және сот – жарғышы лауазымдары болды.
Шыңғыс ханның Йасасы екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім – Білік, – бұл негізінен, моральдің-нормалық маңызы бар Шыңғыс ханның сөздері мен мемлекеттік заңның негізгі нормаларынан құралды. Екінші бөлім – Жосық, – бұнда қылмыстық істің нормалары мен діни шектеулер берілді. Сонымен қоса, Жосықта әскери ұйымдастыру, әскери тәртіп және соғыс олжасын бөлу негіздері берілді.
ШЫҢҒЫС ХАН ЖАЗҒАН ЖӘДІГЕР…
Ұлы Йасаны бір жүйеге түсіруде және көптеген шашыранды нұсқаларын іздеп табуда Эренжен Хара-Даван үлкен еңбек сіңірген. Ол Ұлы Йасаны жинап, өзінің 1929 жылы Белградта жарық көрген “Чингис-хан как полководец и его наследие” атты кітабында жариялай отырып, түсінік жазған [7; 12]. Дегенмен, бүгінгі күнге үзінді түрінде жеткен Ұлы Йасаны дәл осы күнге дейін толық зерттеп, ұғынықсыз сөз бен сөйлемдерді орнына қойған ғалым жоқтың қасы деуге болады.
Яса, деп таңбаланған әртүрлі дыбысталудағы бұл сөздің мазмұны – жаза, жазалау дегенге сәйкес келеді. Әртүрлі дыбысталуға негізгі себеп – орыс тілінің “Я” әрпі. Егер бұл сөзді толық дыбыстық-әріптік құрамда жазсақ, онда “Йаса” болар еді. Енді Алтын Орда заманында сөз басындағы “Й” дыбысы “Ж” дыбысына ауыстырылғаны тарихтан белгілі. Сонда бұл сөз “Жаса” болып дыбысталады. Ал, біздің бүгінгі сөйлеу дағдымызға сай “Жаза” болып, өз мағынасына ие болады. Шыңғыс хан елдің ежелгі дәстүрін заңдастырған, жетілдірген және осындай мазмұнда жасалған Ата Заңын “Ұлы Жаза” деп атаған.
Екінші тарауда Джосак деп таңбаланған дыбысталудағы сөздің мазмұны – дәстүр, жөн-жосық дегенге сай келеді. “Жөн-жосықты білмейсің” – бұл жерде әдепті, үлкенді сыйлауды, ата-баба дәстүрін білмейсің деп кінәлау. Кейде “Ой, әр нәрсенің жөн-жобасы, жосығы бар. Буынсыз жерге пышақ салма!” делінеді. Қазақ тілінде осы күнге дейін жосық деп дыбысталатындықтан, екінші тарау Жосық деп алынды.
Ендігі жерде ұлы Шыңғыс ханнан бізге жеткен осы жәдігердің өзін берейік [7; 12]. Жәдігердің жалпы атауы Ұлы ЖАЗА деп аталады, мағынасы – Үлкен ЖАЗА. Ал, оның ішіндегі Білік пен Жосық тарау болып алынды. Жәдігердің негізгі мәтінінен үзінді беріліп, әрбір баптың түсініктеме, сілтемелері алынып тасталды.
ҰЛЫ ЖАЗА
- БІЛІК (Таным)
- Шыңғыс хан бұйырды: олардың (бізге жау болғандардың немесе заман) балалары әке ақылын тыңдамады, інілер сөздеріне назар аудармады; күйеуінің әйеліне сенімі жоғалды, ал әйелі күйеуіне мойын сұнбады, қайын ата келіндеріне суық көзбен қарады, ал келіндер қайын аталарына ізет жасамады, ересектер кішілерді тәрбиелемеді (үлкендер кішіге жол көрсетпеді), ал кішілер үлкендердің өсиетін ұстамады, ақсүйек-мырзалар қызметшілердің жүрегіне жақын тұрды, ал сыртқы адамды билікке әкелмеді, бай адамдар мүлік жақсылығын көрді, бірақ ұлысты басқарушы адамдарды құдіретті етпеді және ұлысты нығайтуға жол бермеді, (сондықтан) йосун, ясак және ақыл-ой жолы мен молшылық (жолы) белгісіз болды.
Сол себептерден (елдің ішін) оппозиционистер, ұрылар, өтірікшілер, бүлікшілер және қарақшылар жайлады. Ондай адамдар өздерінің үйлерінде (бір) күн болмады, сондықтан олар (жатпай-тұрмай) ұрлық жасады, үйірлер мен табындарда, жақсы атта тыным болмады, ол аттар зорығып өлгенінше, арам қатқанынша, шіріп кеткенінше (сасып кеткенінше) және қырылғанынша демалыс болмады. Ол замандағы тәртібі жоқ, мағынасы жоқ бұл тайпа өмірі осындай еді.
Шыңғыс ханның бақыты (заманы) келгенде, олар оның бұйрығына (қол астына) кірді, сонда ол берік бекіген заң (жосық) арқылы оларды басқарды. Ақылды (даналар) мен (арлы) азаматтарды әскер-бектері (қолбасшылар) етті. Әбжіл және тәсілқойлардың қолдарына керек-жарақтарын (құрық) беріп жылқышы етті; ақылсыздарды, оларға (қолдарына) кішкене өрме қамшы беріп, қойшылыққа жіберді. Осы себептен де оның (Шыңғыс ханның) ісі жаңа туған Ай секілді (толысып) күннен күнге үдеді; аспаннан, бәрінен жоғары Құдайдың құдіретімен жеңімпаз-көмек (Шыңғыс ханға жәрдем беру үшін) төмен түсті, ал жердегі (құт-береке) оның (Шыңғыс ханның) шапағатымен келді; жазғы жайлау оның (Шыңғыс ханның) масайрайтын және тойлайтын жеріне айналды, ал қыстау қонысы лайықты және малға жайлы болып келді. Ұлы Құдайдың қайырымымен мен осы (жоғарыда айтқан) мағынаны тауып алғанымда және өзімше осы ойды іздегенімде (ашқанымда), сонда (ұлы) өзгерістер болды; сол себепті тыныштық, шаттық және тойлар (үзілмей жалғасып) осы уақытқа дейін келіп жетті. Осыдан (заманнан) соң және бес жүз жылға дейін, мың жылға дейін, он мың жылға дейін де туатын ұрпақтар, егер менің орнымды басатын болса, қарапайым халықтан бастап бәріне жарайтын, Шыңғыс ханның осындай йосун (жосын) мен йосак (жосық) заңын бұрмаламай және сақтаса, онда (сол адамдарға) аспанның береке көмегі (Ахура-Мазда) келеді, олар (көмек алған соң) үздіксіз сауық-сайранда және тойлаумен (өмір сүретін) болады; (он сегіз мың әлемнің) Құдайы оларға (құт-береке дарытады); адамдар олар (марқұмдар) үшін дұға бағыштайды, олар мәңгілік жасайтын болады және екі дүниенің игіліктеріне кенелетін болады. Оған (жету үшін) келесі қағидалар қажетті: (есіңізде болсын) мемлекеттің беріктігі – (заңының) төзімділігінде, қатаңдығында.
- Егер осы (бізден) кейін (өмірге) келетін көптеген патшалардың ханзадалары, олармен бірге (қызметтес) болатын мырзалар, батырлар және бектер Жазаның (өсиеттерін) бекем сақтамайтын болса, онда мемлекеттің шаңырағы шайқалады және (жұлыны) үзіледі. Сонда (ғана) Шыңғыс ханды шын көңілмен (жылап-еңіреп, жаздым-жаңылдым деп) іздейтін болады, бірақ (бәрі кеш болады) таба алмайды.
- Жылдың басында және соңында біздің ойымызды тыңдауға келіп және кері (еліне) қайтатын сансыз, мыңдаған, жүздеген бектер әскерді басқара алады, өздерінің кигіз үйлерінде (шықпай) отырып алып, (біздің Жазадағы) ойларды естімейтіндердің (әскер немесе ел басқарамын деген) жағдайы болса, терең суға бататын, тасқа немесе қамысты жерге атылған оққа ұқсайды – олар (жеңіліске ұшырап өзінен өзі) жоқ болып кетеді. Мұндай адамдарға (ел немесе қол) басқару үйлесімсіз.
- Кімде-кім өз от басын дұрыс басқарып алып жүре алса, (ел) иелігін де дұрыс алып жүре алады. Кім мойнына алған міндетіне сәйкес он адамды (бұйырылған жұмысқа) дұрыс жұмылдыра алса, оған (қарауына) мың және түмен (адам) берілсе де оңды, (себебі) ол өз міндетін жақсы атқара алады.
- Кім өзінің ішін (арын) тазарта алса, сол (адам өз билігіндегі) иелікті ұрылардан (жемқор, пәреқор, тағы басқа) тазарта алады.
- Өзінің ондығын (дұрыс басқара) алмаған әрбір бекті, біз әйелімен және балаларымен бірге кінәлі етеміз (жазалаймыз) және бек етіп тап соның ондығынан (басқа) біреуді қайта сайлаймыз. Жүздік, мыңдық және түмен бектерімен де дәл осылай (жұмыс) жасаймыз.
- Үш кемеңгер адам келісіп шешкен әрбір (іс пен) сөзді, барлық жерде (нық сеніммен) айтуға болады; олай жасалмаған жағдайда (ол сөз бен іске) сенуге болмайды.
Өз сөзіңді және басқалардың сөзін біліктілердің сөзімен салыстыр: егер ол (ойларың) бірдей болып шықса, онда (жұрт алдында) жариялауға болады, ондай (үйлесім) болмаған жағдайда ешқандай жариялауға болмайды.
- Ісі түсіп тұрған, үлкен кісімен (бірге, жүретін әркім) сол үлкен кісі сұрамайынша, (өзінің мүддесін көздеп) бір (ауыз) сөз де айтуға тиісті емес; ол үлкен кісінің сұрағына сәйкес келетін ылайықты жауапты (тапса) мейлі берсін. Егер ол (жолы кіші әркім) сөзді бұрын бастаса – үлкен құлағына ілсе жақсы; ондай болмаған жағдайда ол (жолы кіші әркім) суық темірді соғады.
- Әрбір еті қалың (семіз) болса да жақсы шабатын жылқы, егер сол бітімімен (бапсыз-ақ) шапса, ондай атты жақсы деп атауға болады.
Бірақ тек бабы келсе (ғана) жақсы шабатын болса, жақсы ат деп айтуға болмайды.
- Басшылық жасайтын аға бектер және барлық жауынгерлер, жаугершілікте (болсын) немесе аңшылықпен айналысып жүрсін, өздерінің атына (кір келтірмеуге), өзінің есімі мен даңқын аспандатуға тиісті; әркез Құдайдан (бар ынты-шынтымен) жалбарынып өзінің есімін сегіз жағынан әдемілеуді, тәубәшіл (шын) жүрекпен жалбырана сұрау (керек), тек көне тәңір (ғана өзгермей) бір орында мәңгілік тұрады, (дүниенің төрт бұрышын да күшпен ұстау Құдайдың ғана қолынан келеді).
- (Тыныштық заманда) халық ішінде жүргенде бұзау сияқты кішкентай және үндемейтін (момын) болуы керек, ал соғыс кезінде – аңға түскен аш сұңқар тәрізді (сорғалап) көздеген іске (ашты) айқаймен (ұрандап) кірісу керек.
- Айтылған әрбір сөз шындығымен күшті деп ойлаймын. Ол егер әзілдесе орындауға болмайды.
- Адам өзін қалай білсе, басқаларды да (солай) біле алсын.
- Ер кісі адамдарға барлық жерде бірдей көрінетін Күн емес: ері аңмен немесе соғыспен алысқа жолаушылап кеткенде әйел үйін асқан тазалықпен, ұқыппен және әдеппен ұстасын, егер үйіне (алыстан) жаушы немесе кәделі қонақ келсе, барша (жөн-жосықты) орын-орнымен істесін, әрі ол келген кісіге лайықты кәделі тамақ әзірлесін, сонда қонақ ештеңеге мұқтаж болмайды, ол (нәтижесінде) сөзсіз күйеуінің жақсы атағын шығарады және шыңға айналған тау секілді оның абыройын (ұлы) жиындарда аспандатады, (есіңізде болсын) жақсы ерлердің атақ-даңқы жақсы әйелдер арқылы шығады. Егер әйелі ақымақ және топас, ойсыз және тәртіпсіз болса, ол күйеуінің нашар жақтарын (артын) ашады. Бұған жарты елең: “үйдегінің бәрі иесіне ұқсайды”.
- Бүлік кезінде Дарғай-Уха (сақтықпен) қалай (айла) жасаса, (айланы) солай жасау керек. Ол бүлік уақытында Хатакин тайпасынан екі нөкерімен бірге келе жатып, алыстан екі аттылыны көреді. Нөкерлері “біз үшеуміз, ал олар екеу; оларға шабуыл жасайық” деді. Ол “біз оларды қалай көрсек, олар да бізді нақ сондай көрді – шабуыл жасаудың қажеті жоқ” деді де атын қамшылап, ол кейін шаба жөнелді. Соңынан шынында дәл ол ойлағандай болып шықты, сол екеудің бірі татар тайпасынан Тикум-Уха екен; бес жүзге жуық өз адамдарын торуылға (жасырып) қойған да, әлгі (Дарғай-Уха бастаған) үш адам өзіне шабуыл жасаса, жан сауғалап (өтірік) қашып, оларды сол (тұзақ) жаққа алдап әкеліп, сосын өзінің нөкерлері көмегімен оларды ұстап алу үшін (алдаусыратып) көрінген. Бірақ ол (Дарғай) сол (айла) мәнін түсінді де, қашып сол маңайда бұрыннан жүрген басқа жиырма нөкерлеріне қосылды, әрі жаулары жасырған аярлық (қулығын) әшкерелеп берді. Мұның (Дарғай-Уха) жеңіске жетіп отырған (себебі) сол – әрбір істі сақтық қажет етіп (атқарған).
- Біз аңға шығып (жазықсыз) көп тау өгіздерін қырамыз; біз соғыста және көп дұшпанды өлтіреміз. (Бұл қан төгулердің ауыртпалығы және күнәсі аса үлкен) бірақ бәрінен құдіретті Тәңір (ақ) жол ашады да (бұл күнәһар) іс сондай жеңілдейді, олар (қырылғандар кек алуды) ұмытады және (көзқарасы жақсы бағытқа) өзгереді.
- ???
- Бізге зерлі киім мен асыл бұйым заттарды (үстінен) пайда көремін деген үмітпен әкелетін (саудагер) көпестер қандай тауарлар мен маталардан (қанша) пайда түсетініне (көзін жұмып) жатқа айтатындай тәжірибелі болса, сол секілді әскер басқаратын бектер де балаларын сондай етіп садақ атуға және ат құлағында ойнауға үйретуге тиісті; осы істерге оларды (көзін ашқаннан) жаттықтырып, сондай-ақ тәжірибелі алып-сатарлар сияқты, өздері болашақ иелік ететін өнерлеріне (осы бастан даярлап), оларды сондайлық батыл және ержүрек етіп өсірулері керек.
- Бізден кейін біздің ру (адамдары) алтын (жіппен) көктелген киім (талғап) киетін болады, майлы (семіз соғым) және тәтті тағамдар (таңдап) жейді, текті нәсілді аттарға (таңдап) мінеді, сүйкімді (көргенді) әйелдерді (таңдап жүріп жар етеді) құшады және (бұл игіліктердің барлығын) біздің әкелеріміз бен ағаларымыз жинады (солардың арқасында осындай дәрежеге жеттік) демейді, сондай-ақ бізді және сол бір асқан жанкешті қантөгіс қиындықпен келген ұлы жеңісті күнді ұмытады.
- Шарап және арақ ішуші адам мас болғанда ештеңе көре алмайтын соқыр болып қалады. Оны шақырсаң естімейді, мылқау болады; онымен сөйлессең (тілі күрмеліп) жауап бере алмайды. Мас болған кезінде өлген адам қалпындағы сияқты түзу отырғысы келсе – отыра алмайды; сондықтан басынан жарақат алған адам сияқты болады, сезімсіз және (мәңгіріп) есеңгіреп қалады. Шарап пен арақ (бар жерде) ақыл мен өнер үшін (қонақтайтын) пайда (ұя) жоқ, сондай-ақ (ішкен адам) ізгі қасиеттері мен аяулы мінезін жоғалтады; олар (адамды) жаман істерге, (нақақ) кісі өлтіруге және (мақсатсыз) ұрыс-жанжалға араластырады; адамның өзінде бар (дүние-мүлік) заттарынан, сондай-ақ өзі білетін бойына қонған (қасиетті) өнерлерінен айырады да, оның (атқарған) істері мен (жүрген) жолы ұятты (масқараға) айналады; сондықтан ол (адамдық) жолын жоғалтады.
Шарап пен араққа тойымсыз патша ұлы істерді, (алысын болжаған) ойларды және ұлы (мемлекеттік) құрылым-жүйелерді (өмірге) келтіре алмайды.
Шарап пен араққа нәпсі-құмар бек (өзінің қарамағындағы) мыңдық, жүздік және ондықтардың істерін (әдемі үйлестіріп, қатал) тәртіпте ұстай алмайды.
Шарап ішуге құмар болған қатардағы жауынгер ол (қараша) адам (тағдыры) өте үлкен қақтығысқа ұшырайды, яғни ол бақытсыздыққа душар болады.
Жәй, яғни қарадан шыққан адам егер шарап ішуге құмар болса ат, табын және өзінің барлық (дүние) мүлкін тауысып (маскүнем) кедейге айналады.
Шарап ішуге құмар құл өмірін үздіксіз абыржу мен (қорлықпен) жапа шегуде өткізеді. Бұлар – шарап пен арақ, мас болғандардың (сұлусың деп) бетіне және (ізгісің деп) жүрегіне қарамайды – жақсыларды да, ақымақтарды да мас етеді және бұл мас адам “ақымақ” немесе “жақсы адам екен” деп айтпайды. Қолды дәрменсіз егеді – сондықтан ол алудан және өз кәсібін атқарудан бас тартады; аяқты әлсіз етеді – ол қимыл жасау мен жүруден бас тартады, жүрек пен миды әлсіз етеді – олар дұрыс сезініп ойлай алмайды; барлық сезім мен ойлау жүйелерін жарымжан етеді.
Егер (ол шарапқа салынған жан) ішуден енді басқа амалы қалмаса, онда айына үш рет тоя ішуі керек; егер үшеуден асса – тәртіпсіздік; егер айына екі рет тоя ішсе, бұл – дұрысырақ, ал егер бір рет ішсе – сөзсіз мақтауға тұрарлық; ал егер ішпесе – онда өзі өмір сүруі үшін одан артық не (бақыт) болуы мүмкін? Бірақ тоя ішпейтін ондай адам қайдан табылады? Егер табылса, онда ол жан барша құрметке лайықты.
- ЖОСЫҚ (Дәстүр)
Бізге жеткен Жосық заңның үзінділері мынаны хабарлайды:
- Көрсеқызар (зинақор) үйлене ме әлде жоқ па, ерекшеліксіз өлім жазасына кесіледі.
- Кім айқай-шуымен айыпты болса, ол да сондай-ақ өлім жазасына кесіледі.
- Кім әдейі немесе көзбояушылықпен өтірік айтса, немесе біреу келесінің тәртібіне астыртын қараса немесе керісіп жатқан екеудің арасына түсіп жақтаса және біріне-бірі қарсы шыққандардың біріне көмектессе сондай-ақ өлімге кесіледі.
- Кім суға немесе күлге сисе өлімге кесіледі.
- Кім тауар алып күйреуге ұшыраса, сосын тағы тауар алып тағы да күйресе, оны үшінші реттен кейін өлімге кесу.
- Кім тұтқынға алынғанға тамақ пен киімді тұтқындағандардың рұқсатынсыз берсе, ол өлімге кесіледі.
- Кім қашқан құлды немесе қашып кеткен тұтқынды тауып алса, ол бұрын кімнің қолында болған болса, соған қайтармаса, өлім жазасына тартылады.
- Жануарды жегісі келсе, оның аяғын байлап, қарнын жарып және жүрегін жануар өлгенше қолмен қысып тұрып, сонан соң ғана оның етін жеуге болады; бірақ кім жануарды мұсылмандар сияқты сойса, оның өзін сойсын.
- ???
- Ол (Шыңғыс хан), Али-бек-Абу Талебтің ұрпақтарына, бәріне бірдей алым және салық салынбасын, сондай-ақ пақырлардың ешқайсысына, әл-құранды оқушыларға, заң берушілерге, өздерінің әмірін намаз оқуға және тақуалыққа сарп еткендерге, азаншы мен өліктердің денесін жуушыларға алым мен салық салынбауына қаулы шығарды.
- Ол (діннің) біреуін басқалардан артық көрмей, барлық (діни) ғибадаттарды (тәубелерді) сыйлауға қаулы шығарды.
- Ол (мейлі ол әмір, ол алушы (қабылдаушы) тұтқын болсын) ұсынушы алдымен өзі ұсынған дәмін жегенше, басқа біреудің қолынан ас жеуге өз халқына тиым салды; ол оларға дастарханда бөтен біреу бар кезде, оны тамақ жеуге шақырмастан бұрын жеуге тиым салды; ол біреуінің жолдастарынан артық тоюына және тамақ пісіретін от пен тамақ ішетін табақтан аттауға тиым салды.
- Егер олар тамақ ішіп жатқанда, адамдардың қасынан кім (жолаушы) өтсе, ол атынан түсуге, олардың рұқсатынсыз-ақ ас жеуге тиіс және де олардың ешқайсысы оларға бұған тиым салмауы керек.
- Ол оларға қолдарын суға салуға тиым салды және су алуға ыдыстардың біреуін пайдалануға бұйырды.
- Ол олардың киімдерін әбден тозғанша жумай киіп жүруге тиым салды.
- Ол қандай болмасын бір затты адал емес деп айтуға тиым салды, “барлық бұйымдар адал” деп бекітті, тағы таза және таза емес аралығына айырмашылық жасамады.
- Ол оларға діннің біреуін басқаларынан артық көруге тиым салды, сөздерді құрметті аттарды (есімдерді) қолданып сөйлеу және сұлтанға немесе басқа біреуге қарап сөйлегенде қарапайым ғана оның есімін қолдану керек.
18 ???
- Ол, әскерлерге ілескен әйелдердің (шатырдағы) соңғы жауынгер ұрысқа (алғы шепке, ұрысқа) аттанғанда ерлердің маңдайына тиесілі еңбегі мен міндетін атқаруға жарлық етті (бұйырды).
20 ???
- Ол оларға жылдың басында өздерінің барлық қыздарын сұлтанға (ханға), ол өзі үшін және өзінің балаларына таңдап алуына көрсетуді бұйырды.
22 ???
- Ол, көне (ескі) әмірлер жаза басқан кезде (тәртіпсіздік жасағанда) патша оны жазалауы үшін оған қызметшінің соңғысын жібергенде, өзін соңғының қолына беріп (тапсырып), патшаның тағайындаған жазасын орындағанша, ол мейлі өмірінен айыру болса да, оның алдында қарсылықсыз тырп етпей жатуды заңдастырды.
24 ???
- Ол, мемлекеттердегі барлық саяси оқиғаларды тез білу үшін, тұрақты пошта құруды сұлтанға тапсырды.
- Орта ғасырлардағы қазақ хандары және олардың айтулы заңдары
Шыңғыс ханның сыртқы саясат пен әскери мәселеде кеңесшісі батыр-абыз Кет Бұға, ал ішкі саясат пен империя халықтарының бірлігін сақтауда кеңесшісі шешен Майқы би болыпты. 1220-шы жылдары бүгінгі Қазақстан жері осы алып империяның бір бөлігі Жошы ұлысының құрамына енді. Шыңғыс хан, Жошы хан, Кет Бұға, Майқы би болып қазақты Үш жүзге бөліп, үш ағайынды адамнан – Ағарыс, Жанарыс, Бегарыстан таратыпты. Ұлағатты бабаларымыз Шыңғыс хан, Кет Бұға абыз, Майқы би және Жошы ханның барлық қазақты үш жүзге бөлуінің нәтижесінде бүгінгі қазақ мемлекетінің негізі қаланды. Қазақ тарихы, Орталық Азияның басқа көшпелі елдерінің де тарихы атақты хандар мен кемеңгер ру көсемдерінің қызметі арқылы баяндалады. Сондықтан қазақ мемлекетінің тарихы Алаша ханнан бастау алады деп, біз шежіреге сүйеніп айта аламыз. Қазақ шежіресі аңыз-әңгімені: “Алаша Хан және оның ұлы Жошы хан заманында”, деп бастайды. Мәшһүр Жүсіп жазуына сай, Алаш – Қазақбай. Сол Қазақбайдың үш ұлы болыпты – Ағарыс, Жанарыс, Бегарыс.
Ағарыс ұлы – Үйсін. Бұл Ұлы жүз Үйсін деп аталды. Үйсін Көсем басқарған жұрт Ұлы жүз аталады. Түп қазығы Салықшы, Ханның бақташысы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын. Тас-түйін болып тұрсын десіпті.
Жанарыс ұлы – Арғын. Бұл Орта жүз Арғын деп аталды. Арғын Көсем басқарған жұртқа Орта жүз деп ат қойысыпты. Орта жүз тосқауылшысы орта буында жүрсін. Ханның ақылшысы болсын десіпті.
Бегарыс ұлы – Алшын. Бұл Кіші жүз “Алшын” деп аталды. Алшын Көсем басқарған жұрт Кіші жүз аталады. Жаудан беті қайтпайтын ержүрек, қарсы алдында жүріп жан қадірін білмейтін, бұлар кезеуілші болып, ең алдында жүріп жауға шабатын болсын. Ханның қорғаушысы болсын десіпті, ұлы бабаларымыз [1-4].
Қазақтың үш жүз аталған жері, осы делінеді шежіреде [9; 10].
Ұлы жүз ұраны – Бақтияр,
Орта жүз ұраны – Ақжол,
Кіші жүз ұраны – Алдияр.
Қазақтың қазақ болып, көзге түсіп, ауызға ілінгені осы Алаша ханның хан болып тұрған кезі. Қазақтың басын қосып, біріктіріп, қоныс қондырған да Алаша хан мен Алаша ханның ұлы Жошы хан. Сонан бері Алаш ұранды Қазақ баласы ел басына күн туғанда, “Алаш-Алаш” деп айғай салғанда естіген қазақта ес қалмайды”, – дейді қазақ шежіресі.
Сонымен Ұлы дала көшпелілерінің әділет, құқық және билік заңдарының және басқа салт-дәстүр, ғұрып, әдеп, әдет, ырым, тиымдары Шыңғыс хан Жосығы баптарының жалғасы. Міне, осы билік заңдарының бірсыпыра ұғымдарына және оны жасаушыларға тоқталайық. Баянды Жошы ханнан бастайық.
Жошы хан (1187-1227) – Шыңғысханның үлкен баласы, ұлдарының ішінде әкесінің ақылдасатын бірінші адамы болыпты. Дешті Қыпшақтағы феодалдық Мемлекет – Жошы Ұлысының негізін салушы, Жошы әулетінің Алтын Орда мен Дешті Қышпақтағы басшысы. Шыңғыс хан империясында ірі әскери әрі мемлекет басшысы. 1223 жылы көктемде Жошы әкесінің шақыртуымен Сайрам мен Талас аралығындағы Құланбасы жазығында жиналған құрылтайға келді. Шыңғыс хан алып империяның жерін бөлген кезде Жошыға Ертістен бастап Орал тауларының аралығы, одан әрі батысқа қарай жаулап алынған жерлер тиді. Ордасы Ертіс алқабында болды. Құрылтайдан соң Шыңғыстың Жошыдан басқа балаларының бәрі әкесімен бірге Шығысқа оралды. Жүзжанидың мәлімдеуіне қарағанда: «Жошы қыпшақтардың жері мен суын, ауасын көрген кезде дүниеде бұдан артық жердің, бұдан артық сап ауаның, мөлдір судың болуы мүмкін емес екенін ұғып, қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, өзі осында қалып, бұл жерде айбынды мемлекет құруға бел байлаған. Шыңғыс ханның Білігі мен Жосығын қазақ жерінде қалыптастырған адам – Жошы хан.
Қасым хан (1445 ж.ш.т. – 1518 ж.ш.ө.) – қазақ ханы, Қазақ хандығының иегізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның баласы. Шешесі Жаған бегім Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі. Қасым ханның ішкі және сыртқы саясаты, ел басқару әдісі т.б. жөнінде мәлімет өте аз. Мұхаммед Шайбанидың қазақ билеушілеріне қарсы соғыстары туралы деректемелерде Қасым ханның аты алғаш рет аталады және оған «белгілі сұлтандар мен бахадүрлардың» бірі деген баға беріледі, «Бұрындық ханның атты әскерінің жетекшісі» екені көрсетіледі. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, шет жерде дүние салды да, Қасым хан билікті өз қолына алды.
Қасым хан билеген кезеңде қазақтар мен Шайбани әулеті арасында Сырдария маңындағы қалалар үшін қақтығыстар мен соғыстар одан әрі жалғасты. 1510 жылдың қысында Шайбани хан әскері Ұлытау бөктерінде отырған Қасым ханның ұлысына шабуыл жасады. Оларға күшті тойтарыс бере алмайтынын білген Қасым хан шегініп кетті де, тұтқиылдан шабуыл жасап, дұшпанын тас-талқан етті. Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Қасым хан 1548 жылы өлген. Ал, Тахир Мұхаммед «Раузат ат-Тахирин» атты еңбегінде Қасым хан 1523-24 жылдары өлген, деп келтіреді.
Қасым ханның қасқа жолы – Қасым хандық құрған кезде (1511-23) ел басқару ісінде колданылған әдет-ғұрып заңдары. Негізі XIII ғасырда Шыңғыс хан, Жошы құрған «ярғу» заңынан алынған, қазақша «жарғы» (хақиқат) деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсені салмағын бір жағына аудармай, дәл, әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтаған. Оны екі жағының біреуіне артық жібермей, дәл айыру әділдіктің меңзеуі болған. «Жарғы» заңының негізгі мәні осында. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери демократия арнасына барып тіреледі. XV ғасырдың соңында XVI ғасырдың басында Бұхардың ишан-қазылары қазақ өлкесінде діни үгіт таратып, «ежелгі Жарғы заңын қалдырыңдар, ол көкке табынатын дінсіздіктің ісі, шариғат қағидасына ауысыңдар. Сендер ант бергенде “көк соқсын” демеңдер, “құран соқсын” деп, құранды бастарыңа көтеріңдер» деп үгіттейді. Бірақ халық бұқарасы оған селсоқ қарап, сол заманда шариғат қағидасына ойыса қоймайды. Уақытының көбін мал бағумен өткізген халық бұқарасына шариғаттың қағидалары өте қиын болып көрінген. Сондықтан шариғатты кіргіземін деген хандарға халық бұқарасы қатты наразылық білдіріп, кейде көтеріліске айналдырып отырған.
Бұл тарихи уақиғаларды жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғат заңын үгіттеген Бұхардың ишан-қазыларының тіміскілеуін тойтарды. Шариғатты бүтіндей қалдырып, халықтың тілегіне жақын әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі «Жарғы» заңын жаңадан күшейтеді. Халық бұқарасы Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы – жарғыны жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті. Бұл заңға кірген ережелер:
1) Мүлік заңы (жер дауы, мал, мүлік);
2) Қылмыс заңы (ұрлық, кісі өлтіру, талау, шабу) ;
3) Әскери заңдар (аламан міндеті, қосын жасау, қара-қазан, ердің құны, тұлпар ат);
4) Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынасында сыпайылық, әдептілік);
5) Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл, бекеуіл, тұтқауылдардың міндеті).
«Қасқа жолдың» заңдары өзгерусіз 17 ғасырға жетіп, Есімнің кезінде (1598-1645) «Есім ханның ескі жолы» деп аталады [19].
Есім хан (т.ж. белгісіз – 1645 ж.ш.ө.) – Орта жүз ханы (1598-1645) Шығай сұлтанның баласы, Орта жүздегі қазақ хандары әулетінің (XVII-XVIII ғ.) басы. Есім хан Түркістан қаласындағы қазақ хандарының ордасында тұрды. 1598 ж. қазақ сұлтандары Сырдария маңындағы қалаларда, Түркістан, Ташкентте т.б. мұрагерлік билік үшін Мауараннахрмен арадағы байырғы күресті күшейтіп, Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді басып алды. Бұл соғыста Есім хан 20 мың әскермен Самарқанда қалды да, ағасы Тәуекел 70-80 мың әскермен Бұқар қаласын алуға аттанды. Бірақ жеңіске жете алмады. Есім хан соғыста айрықша көзге түсіп, «Еңсегей бойлы ер Есім» атанды. Тәуекел өлгеннен кейін (1598) таққа отырды. 1599 ж. Бұқармен шарт жасасып, соның негізінде Ташкент қаласы атрабымен қоса 200 жыл бойы қазақ хандарының билігінде болды. Есім хан ойрат-қалмақтарға қарсы күрес жүргізді. Бір орталыққа бағынған мемлекет құруды көздеді. Шығыс Түркістандағы Құшар қаласына жорық жасады. Қазақ-қырғыз ынтымағын орнатуға күш салды.
Есім салған ескі жол («Есім ханның ескі жолы») – Есім ханның ел билеуі тұсында (1598-1645 ж.ш.) қалыптасқан әдет-ғұрып, жол-жобалар. Ондай жол-жобалардың бірсыпырасы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атпен ереже ретінде әдет-ғұрып нормаларында XIX-XX ғасырға дейін қолданылды. Есім хан бір өзі ғана әкім болу, елді жуасытып бағындыру, басқа елдерге шабуыл жасау саясатын ұстады. Сондықтан ол қанға қан алу, мертіктіргенді мертіктіру, кек алу, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, дүре соғу, көп әйел алу, қалың мал төлеу, әмеңгерлікті сақтау, зекет, ғұшыр жинау, айып салу, діни өшпенділіктер сияқты патриархалдық-ұлттық ескі салтқа арқа тіреп, соны уағыздады. Халық Есім ханның ескішіл істерін «Есім ханның ескі жолы» (кертартпа жол) деп атады.
Әз Тәуке хан (1642 ж.–1718 ж.) – қазақ ханы (1680-1718), Қазақ ханы Салқам Жәңгірдің (1598-1654 ж.ж.) баласы, Түркістан қаласындағы қазақ хандарының ордасында туды. Тәуке хандық өкіметті жақтады, билерге арқа сүйеп, феодалдық ақсүйектер-сұлтандарды әлсіретуге тырысты. Тәуке хан бас билермен кеңесе отырып, «Жеті жарғы» әдет заң жинағын шығарды. «Жеті жарғы» орыс тарихында «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Онда қазақтардың әдеттегі заңдарының бірқатар ережелері бекітілгенімен, жинақ феодалдық құрылысты күшейтуге бағытталды. Тәукенің хандық өкіметті нығайту әрекеті нәтижелі болды, бытыраңқы қазақ хандықтары бір орталыққа бағындырылды. Ал, Тәуке ханның өзі Әз Тәуке хан аталды. Тәуке хан сыртқы саясатында Россиямен дипломатиялық және сауда байланыстарын орната бастады. 1716 ж. Тәуке хан жоңғарларға қарсы шығу үшін Россиядан әскери көмек сұрады. Өйткені 1698 жылдан бастап ойрат және қазақ феодалдары арасында қарулы қақтығыстар басталған еді. Жоңғар ханы Севан Рабтан билік құрған кезде мұндай соғыстар үздіксіз болып тұрды (1711- 12, 1714-1717).
Тәуке хан заңдары – 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында қалыптасқан қазақ құқық нормаларының жиынтығы болды. Кеңінен алғанда Тәуке хан заңдарының құрамына: 1) байырғы әдет-ғұрып нормаларының Тәуке тұсында «жаңартылған» феодалдық кодексі – «Жеті жарғы»; 2) билер сотының тәжірибесі: түйінді биліктер, шежірелер; 3) ұсақ хандықтардың өзара бірлігін, ынтымақтастығын нығайтып, сыртқы жауларға қарсы тұруға жұмылдыруға және ру, тайпа басшыларының (би, батырлар) саяси-экономикалық рөлін арттыруға, көршілес (Россия, Қытай, Бұхар) елдермен дипломатиялық және сауда қатынасын нығайтуға арналған заңдар мен жазба актілер жатады; 4) Тәуке хан кезіндегі құқық нормаларының жеке салаларына (қылмыстық, отбасы, неке) шариғат нормалары ықпалын тигізді. Тәуке ел басқаруда жоғары беделді би, батырлардың тобына сүйеніп, феодалдық бытыраңқылыққа бейім ұсақ хандар мен сұлтандардың рөлін төмендетуге тырысты. Тұрақты мемлекеттік ұйымдар: Хан кеңесі, Билер кеңесі, жыл сайын Түркістан түбінде Күлтөбеде Үш жүз шонжарларының құрылтайын шақыру қалыптасты.
Тәуке ханның тұсында (1680-1718) бұл заң әлі де шариғат қағидасымен боялмай, ежелгі билер жасаған қалпын жақсы сақтады. Қалмақ шабуылына байланысты тарихи-саяси жағдайдың шиеленіскен кезі болғандықтан, сол кездегі терең ойшыл билер – Әнет Баба, Тайгелтір би, Келдібек би және олардың айтқанын жазушы бала Қазыбек би 1685-1710 жылдар аралығында Тәуке хан басшылығымен Жарғының жаңа нұсқасын дайындайды. Жарғының ежелгі бес тарауына тағы да екі тарау қосып, «Жеті Жарғы» (Жеті хақиқат) деп атаған. Тәукенің кезінде қосылған екі тарау: 6) Жесір дауы, 7) Құн дауы. Шапқыншылық кезде кісі өлтіру көп болған соң, құн дауын қылмыс заңынан жекелеп, өз алдына заң еткен. XV-XVIII ғасырда қолданылған Жарғының үзінділері халық аузында сақталған. Мәселен, «Қара қылды қаң жару», «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешу»; «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», «Тура биде туған жоқ». Жарғының бір нұсқасы «Қазақ хандарының рәсимлері» деген атпен Стамбулда Сулеймен Канунидың кітапханасында сақталыпты. Жарғының негізгі ережелерін 18-19 ғасырларда ел басқарған сұлтандар, билер жақсы білген (Абылай, Жәңгір, Ахмет Жантөрин, Құнанбай қажы). Олардың айтуынан орыс ғалымдары А.И. Левшин, А. Ягмин, И.II. Ибрагимов, В.А. Плотников, ДʼАндре, Бонч-Осмоловский, А.И. Добросмыслов жазып алған. Бұл заңдарды 19 ғасырдың басында жақсы білген атақты билер Қарымбай, Балтекей, Құнанбай М.М. Сперанскийдің мәжілісінде қатынасып, «Сібір қазақтары туралы заң» (1824) жасауға қатысқан. Қасым хан мен Есімнің заңдарын әкесі Құнанбайдан жазып алған Абайдың інісі – Халиулла Өскембаев. Ол өлген соң достары бұл заңдарды Сібірде шығатын газетте жариялаған. Сонымен, Жарғы заңдары қазақ халқының рухани тіршілігінде айқын із қалдырған тарихи ескерткіштің бірі [16-25].
ЖЕТІ ЖАРҒЫ
1-ші жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын (Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігін сақтау талабынан туды).
2-ші жарғы. Түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын (Бұл Жарғы халықтың ортақ мүддесі – елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).
3-ші жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын (Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтіруге тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).
4-ші жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын (Бұл жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен, неке парызына адалдықты талап еткен маңызы зор жаңалық).
5-ші жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын (Ол кезде “ер қанаты – ат” елдің, мемлекеттің соғыс күші ретінде бағаланды).
6-шы жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса, қыздың қалың малын береді;
ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.
7-ші жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.
Әз Тәуке хан заманында Шыңғые хан Жазасының жаңғырығы әлі де көшпелілердің құлағында еді. Көріп отырғанымыздай, Жеті жарғының 1-жарғысы Жосықтың 2-ші бабымен, 4-жарғы – Жосықтың 1-бабымен, 7-шы жарғы – Жосықтың 29-шы бабымен мазмұндас [12]. Енді Білік пен Жосықтың ел есінде сақталғанына мысал келтірейік.
Халықтың салт-дәстүрін бұзғандар заңды бұзған ретінде жазаланады,
Қонақ қондырмағанға айып бар.
Қонақасыны дұрыс бермегендер – жазаға лайық.
Тентекке әке-шеше ғана емес бүкіл ауыл, ақсақал жауап береді.
Арақ ішіп өлгендерге жаназа шығарылмайды және бөлек жерленеді.
Малдың өрісін, жусауын бұзғанға – айып.
Күйеуі қайтыс болса, әйелі бір жылға дейін тұрмысқа шықпайды.
Жесір әйел “ерден кетсе де елден кетпейді”, күйеуінің аға немесе інісіне тұрмысқа шығуы тиіс. Егер әйел басқа біреуге кететін болса, бұл “жесір дауы” заңымен шешіледі.
“Табалдырықты басу” қазақ арасында жаман ырым ретінде осы күнге дейін сақталған. Мысалы: “Табалдырықты баспа”, “табаныңды тартпа”, секілді тиымды келтіруге болады.
Сонымен, біз Білік пен Жосықтың қазақ елі хандарының жарғысына және еліміздің әдет-ғұрып заңдарына айналғанын көріп отырмыз. Шындығында Білік пен Жосық заңдары халық жүрегінен орын алып, дүние таным сабағы ретінде Ұлы далаға кең жайылған. Алғашқы нұсқадағы Білік пен Жосық аты ұмытылғанымен, мазмұны өмір сүріп келеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жалпы айтқанда, негізін Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері қалаған Дала мемлекеті XIII-ші ғасырдың алғашқы жартысында, азғана уақыт ішінде әлемдік империяға айналды. Империя орталықтандырылған мықты билігі мен жазба заң ережелері бар мемлекет болды. Бұл бүгінгі Қазақ жері – Жошы Ұлысына да қатысты болды.
Қазақтың Жошы хан, Қасым хан, Есім хан салған заң жүйелері мен әз Тәуке ханның Жеті жарғысынан берілген шағын мағлұмат, олардың Шыңғыс хан Жазасымен байланысы барлығын анық көрсетіп тұр. Жазаның барлық бабын өзге көне жәдігерлермен салыстыру, толық түсінік жазу болашақтың ісі болады. Қорыта келгенде, Ұлы Жазаның рухани жалғасы қазақ елі заңдарында, әдет-ғұрпында сақталған деуіміз керек.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Абиль Е.А. История государства и права Республики Казахстан. Караганда, Учебная книга, 2005, 256 с.
- Абдакимов А. История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). Алматы, Казахстан, 2001, 488 с.
- Артықбаев Ж.О. Алаш һәм Алаша хан //Вестник КазГНУ, серия историческая, 1991, № 11, с. 191-202.
- Артықбаев Ж.О. Алаша хан (казахское шежире об эпохе Алаша хана) //Қазақстандағы тарихи-мәдени үрдістердің өткені, бүгіні мен болашағы. Сб.: Маргулановских чтений. Жезказган, 2000, с. 12-18.
- Бартольд В.В. Тюрки: двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. Алматы, Жалын, 1993, 192 с.
- Утемши-хаджи. Чингиз-наме. Алматы, 1992.
- Хара-Даван Э. Чингисхан как полководец и его наследие. Элиста, Калмыцкое книжн. Изд., 1991, 196 с.
- Скрынникова Т.Д. Харизма и власть в эпоху Чингиз-хана. Москва, 1997.
- Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы, Ол-Жас басп., 2004, 80 бет.
- Көпеев М.Ж. Қазақ шежіресі. Алматы, 1993.
- Альджапов О. Предания об Алаша-хане и об его сыне Джучи-хане. «Киргизская степная газета», 1897, № 13, 14, 18.
- Көктәнді Х.Қ. Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы. Москва, Қасиет, 2001, 465 бет.
- Моңғолдың құпия шежіресі. Алматы, Өнер, 1998.
- Юдин В.П. Орда Белая, Синяя, Золотая. . . //Казахстан, Средняя Азия в XVI-XVIII веках. Алма-Ата, 1983.
- Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі: (Дуани лұғат-ат-түрік) 3 томдық шығармалар жинағы. /Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А.Қ. Егеубай, 3. т. Алматы, ХанТ., 1998, 600 бет.
- Гурлянд Я.И. Степное законодательство с древнейших времен по XVII столетие //Известия общества археологии, истории и этнографии при Казанском университете. Вып. 4-5, Казань, 1904, Т. ХХ.
- Ибрагимов И. Заметки о киргизском суде //Записки Русского императорского географического. 1878, Вып. VIII, № 2, С. 233-257.
- Зиманов С., Өсеров Н. “Жеті Жарғы” жайлы //Проблемы казахского обычного права. Алма-Ата, Наука, 1989, С. 8-29. 144 с.
- Марғұлан Ә.Х. Қасым ханның қасқа жолы //ҚСЭ. Алмты, 1975, Т. 6, 541-542 б.
- Левшин А.И. Описарие киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. Изд. 2-е. Алматы, Санат, 1996, 161-165, 655 с.
- Кузембайулы А., Абиль Е. История Республики Казахстан. Костанай, Костанай-полиграфия, 2006, 350 с.
- Ағдарбеков Т. Мемлекет және құқық теориясының негізгі мәселелері. Алматы, Заң әдебиеті, 2008, 255 бет.
- Булгакова Д.А. Мемлекет және құқықтың жалпы тарихы. Алматы, Заң әдебиеті, 2004, 222 бет.
- Қазақстан республикасы мемлекет және құқық тарихынан хрестоматия //Құраст. Н.О. Дулатбеков. Астана, Парасат, 2003, 312 бет.
25 Сапарғалиев Ғ. Қазақстан мемлекеті мен құқығының негіздері. Алматы, Атамұра, 2003, 192 бет.