QAZAQ
№05-06 (833), 3-10 ақпан, 2017жыл БЕРЛИН
Мұстафа Шоқай
Алаштың Ардақтысы: Әлихан Бөкейханнан Әлімхан Ермековке дейін
Мың өліп, мың тірілген қазақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлт – азаттық майданына шығып, бас біріктірді, айталық «Алашорда» үкіметі жасақталды, «Ұлт кеңесі» сайланды. Қазақ топырағында тұнғыш толыққанды ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеруге ұмтылыс жасалды. Осы Алаштың 100 жылдығына орай Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған бір ғасырлық тарихы бар ұлт басылымдарының атасы «QAZAQ» газеті «Алаштың ардақтысы: Әлихан Бөкейханнан Әлімхан Ермековке дейін» атты жаңа айдар ашып отыр.
Мұстафа Шоқай
Мұстафа Шоқай – Алаш қозғалысына қатысқан ірі қайраткер, Түркістан жерінің азаттық күресі топ бастаушыларының бірі, публицист, ғалым. КСРО құрамындағы қазақ халқының мүддесін шетелде жүріп қорғаған тұңғыш қзақ.
Мұстафа 1890 жылы (кейбір деректерде 1889) 7 қаңтарда қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Мұстафа Шоқай» ауылында (бұрынғы «Наршоқы») дүниеге келген. Атасының арғы тегі қыпшақтардан тарайтын Торайғырдың белді ақсүйектеріне жатады. Ол атақты Торғай датқаның немересі, беделді Шоқайдың бел баласы. Нағашы жұрты Хиуаны билеген қазақ хандарының әулетінен өрбиді.
Мұстафа ауылда жүріп хат таниды. Әліпті Ә дегенде ата – анасынан үйренгенге ұқсайды. Содан кейін Александр Керенскиймен бірге маңдай алды болып Ташкент гимназиясын, кейін Петербор университетінің заң факультетін үздік бітіреді. Соңынан уақытша үкіметтің басында тұрған сол Керенский Мұстафа Шоқайға өз кабинетіндегі министрдің орнын ұсынады, ал Мұстафа одан бас тартады.
Мұстафа Шоқай Түркістанның тарихын бес саусағындай білген. Ол мәдениеттің, саясат пен заң ілімінің дамуына деген көзқарасын түрік, орыс, ағылшын, француз, неміс, тәжік тілдерінде баяндап, жазып отырған.
1917 жылы Ақпан төңкерісі М.Шоқай тобының Түркістанда біртұтас Түркістан федерациясы құрамындағы ұлттық автономиялар құруға дайындалуына ықпал етті. Бірақ Уақытша үкімет Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне қарсы шықты.
1917 жылдың наурызында М.Шоқай Ташкенттегі мұсылмандар конгресінде құрылған Мұсылман орталығын басқарды. Бұл орталық та автономия құруға әзірлене бастады.
1917 жылдың 22 қарашасында Қоқанда барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың Бүкілтүркістандық конгресі өтіп, онда (Қоқан) автономиясының құрылғаны жария етілді. Оның Президенті болып Мұстафа Шоқай сайланды. Осы жылдың желтоқсанында М.Шоқай «Алашорда» үкіметінің құрамына кірді.
1918 жылдың қаңтарында қарулы жұмысшы отрядтары мен қызыл гвардияшылар Қоқанды шабуылмен басып алған соң, Мұстафа Шоқай Грузияға кетеді. Онда ол Кавказ халықтарының демократиялық қозғалысына белсене атсалысады.
1920 жылы қызыл армия Грузияға кіргенде, Мұстафа Түркияға қоныс аударады, одан әрі Берлин асып, кейін Францияда тұрақтады. Эмиграцияда жүріп М.Шоқай кеңестік езгідегі Түркістан халықтарының өмірін көрсетуге арналған журналдар мен газеттер шығаруды ұйымдастырып, олардың жұмысына белсене араласты. Стамбул мен Парижде, Берлин мен Лонданда, Варшавада ол Орта Азия туралы мақалаларын, теориялық зерттеулерін, тарихи және саяси шолуларын жариялады. Ол ұйымдастырған «Жңа Түркістан» және «Жас Түркістан» журналдары тиісінше Стамбул мен Берлинде басылып тұрды.
Мұстаф Шоқайұлы өзінің 1937 жылы «Яш Түркістан» журналына «Қоқан автономиясының» 14 жылдығына арнап мақала жіберген. Осы мақала сүйенсек, Қоқан автономиясы бар болғаны 2ай, 3 күн ғана, яғни 1917 жылдың 10 желтоқсанында құрылып, 1918 жылдың 13 ақпанында тарағанын байқаймыз.
Мұстафа Шоқайдың шетелдік эмиграциядағы саяси қызметі бүкіл Түркістан жұрты үшін және ауызекі жүргізген үгіт – насихат жұмыстарынан көрінеді. Оның аса шебер ұйымдастырушылығы, ұлттық құндылықтар саласында жасаған тұжырымдары осы күнгі саясатпен ұштасып, сабақтасып жатқандығы дәлел болады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен М.Шоқай тұтқындалып, Париж түбіндегі Компьен концлагеріне жіберіледі. Осы жерде екі апта отырып, кейіннен босатылады. М.Шоқай үйінде ұзақ бола алмайды. Оны әуелі Германияға кейіннен Польша мен украинаға әкеліп, тұтқынға түскен түркістандықтармен жүздестіреді.
Көзі тірісінде көк түріктің көсемі атанған Мұстафа Шоқайға көп жылдар бойы «елін сатқан сатқын», «фашистерге қызмет еткен жау» деген өте ауыр айыптар тағылып келді. Ал қазіргі кезде күрескер есімінен «сатқын, халық жауы» деген айдарлар алынды. М.Шоқай Түркістан легионын ұйымдастыруға қатысты деген болжамның қате екендігі бүгінде дәлелденді.
Мәскеудің қоғамдық пікірлері институты 2008 жылы «РОССПЭН» баспасынан «Орыс шетелдіктерінің қоғамдық ой – пікірі» атты үлкен инциклопедия шығарып, бұнда Мұстафа Шоқай Түркістан ұлт – азаттық қозғалысының басшысы, дүниежүзілік деңгейдегі саясаткер, заңгер, публицист, аса ірі қоғам қайраткері, өз ұлтының адал патриот – күрескері әрі үлкен құрметке лайық тұлға ретінде көрсетіліп, көлемді еңбекке орын берілген.
2009 жылы саясаткер Мұстафа Шоқай Санкт – Петербордың ғылымы, мәдениеті және өнерінің дамуына сіңірген орасан зор еңбегі үшін «Петербор тұлғасы» медалімен марапатталды.
Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі Мұстафа Шоқай Орта Азиямен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы бола отырып, сол елдің тәуелсіздігін аңсаған, шындық үшін күрескен саясаткер, ұлт мұратының жолында өз басын тәрк еткен тұлға. Бұны ұлтшылдықтың қазақы үлгісі деп атауға болады.
Мұстафаның жан – жүрегі туған халқымен бірге болды. Қазақтың ардагер ұлы 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында жұмбақ жағдайда көз жұмды.
* Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, білгірді де , өнер иесінде де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бәрін езіп – жаншып жүре береді. Тарих заңдары кері қайтуды білмейді және оны жаратпайды.
* Сіздер, немістер өздеріңізді «Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз» деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жок. Егер, сіздер, осыған байланысты маған « ату» не «асу» жазасын берсеңіздер, қарсылығым жок. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық.
Мұстафа Шоқайдың нақыл сөздері)
Күлпаш Ілиясова,
тарих ғылымының кандидаты,
доцент.
Фадли,Амир,Мұқсынбей
Берлин қаласы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.