Cабыр М. Б Батыс Қазақстан облысы
инженерлік-гуманитарлық университеті,
КӨНЕ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІН ЗЕРТТЕУДІҢ
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Еліміздің басты рухани дамуының көзі – қазақ тілінің тарихын зерделесек көне қыпшақ жазба ескерткіштеріне барып сүйенеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деді[1,10б.]. Халқымыз мекендеген ұлан-ғайыр аймақтағы руханияттың алты мың жылдық тарихи дамуын 12 кезеңге бөліп көрсетті. Осы кезеңдердің ішіндегі жетінші, сегізінші кезеңдердің мәні зор. Жетінші кезең – XI ғасырдан бастау алып, түркілердің тұңғыш сопысы Қожа Ахмет Яссауидің ілімімен өрнектеледі. Сегізінші кезең – XII-XIV ғасырлар. Бұл -тарихтағы қарахандықтар дәуірі, Қыпшақ конфедерациясының қалыптасуы, Монғол шапқыншылығы, Алтын Орданың өркендеуі сияқты елеулі оқиғаларға толы кезең. Осы кезеңдерде телегей теңіз біртұтас түркі тілінен қазақ халық тілінің даралану үрдісі басталады. Тіл халықтың, ұлттың анасы дейміз. Қазақ тілінің, қазақ ұлтының бастауларын көне түркі заманынан бастау алып, орта түркі заманында дәуірлеген қыпшақтар қауымдастығынан іздейміз. Қыпшақтар қауымдастығы, олардың тарихы мен мәдениеті туралы соңғы кездерде жазылған тарихи, лингвистикалық еңбектер қыпшақтану саласының түркітанудан бөлініп шыға бастағанын көрсетеді. Қыпшақтану – түркітанудың құрамдас бөлігі болғанымен, өзіндік бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі бар сала. Қыпшақтану – далалық көшпелі өркениеттің қыпшақтық тарихын, ділін, тілін, этнографиясын, мәдениетін т.б. қырларын тұтас зерттеуді көздейді. Бүгінгі қыпшақ тектес этностардың арғы тегін, түп-тамырын бүгінгі қалпымен салыстырып, тарихи жалғастық сабақтастық ізін ашып көрсетуді мақсат етеді.
Араб ғалымдарының ғылыми еңбектеріне сүйенсек, қыпшақтар IX ғасырда белгілі болған. «Қыпшақ» сөзі ең алғаш Селенга өзенінің бойынан табылған Элетміш Күл Білге қағанының (747-757) басына қойылған құлпытаста кездеседі. Онда «түрк кыбчак еліг йыл ол дурмысың» (түрік қыпшақтар бізді елу жыл басқарғанда) деп жазылған [2]. XI ғасырларда қыпшақ тайпалары өсіп-өркендеп, оғыздарды ығыстырып, тарих сахнасына шықты. Гегемондық жағдайда қыпшақ қауымдастығына басқа тайпалар да қосылып, қыпшақтанып, қыпшақ тілінің шеңбері кеңейе түсті. IX-XIII ғасырлардағы Еуразиялық қуман қыпшақтары мен Дешті-и-Қыпшақ мәдениетінің таралу өрісі ғылымда белгілі. XI-XIII ғасырларда Шығыс Дешті-и-Қыпшақ даласында қыпшақтардың негізгі этникалық кеңістігі қалыптасты. Бұл кеңістік қазіргі Қазақстан аймағын толығымен қамтыды. Кейін монғол үстемдігі кезінде құрылған Алтын Орда қыпшақтардың негізгі отаны болды. Алтын Орда және мәмлюктер билігі тұсындағы Мысыр мен Сирия жерлерінде негізгі қатынас тілі қыпшақ тілі болып, халықаралық тіл дәрежесіне көтерілді. Қазақ тілінің қалыптасуына негіз болған көне қыпшақ ауызекі тілі және көне қыпшақ әдеби тілі осы тұста өркендеді. Орта ғасырларда қыпшақ тілінде көптеген грамматикалық еңбектер, сөздіктер, әдеби шығармалар жазылды. «Қыпшақтанудың» негізгі теориялық бағыттарын профессор Б.Көмеков былай белгілейді:
- қыпшақтар және көшпенділік өркениет;
- көшпенділік және отырықшылық өркениеттердің өзара байланысы және өзара әсерлесуі;
- қазақ халқының этникалық, тарихи және мәдени қалыптасуы;
- Еуразия және Жерорта теңізі аймақтарындағы қыпшақтардың көне және орта ғасырлардағы тарихы;
- қыпшақтануға байланысты жазба дерекнамаларды толықтыра түсу;
- Орта Азия және Шығыс Еуропа халықтарының қалыптасу ерекшеліктерін айқындау және т.б.[3].
Біздің бұған қосарымыз, орта ғасырларда көне қыпшақ әдеби тілінде жазылған шығармаларды лингвистикалық тұрғыдан кешенді зерттеу қажет. Олардың тілін бүгінгі жекелеген қыпшақ тілдерімен салыстыра зерделей отырып, көне қыпшақ әдеби тілінің бүгінгі мұрагері қай тіл екендігін анықтау. Орта ғасырлардағы «қыпшақ тілінің» тілдік заңдылықтары бүгінгі 10 шақты қыпшақ тілдерінің ішінен қазақ тіліне әлде қайда жақын, ұқсас келетініне дәлел көп. Мағжан ақын сөзімен айтсақ, «қыпшақтардың бір кезде дәуірлеп жасаған жазира даласының қара шаңырағының мұрагерлері де сол қазақтар». Яғни, қазіргі қазақ тілі – көне қыпшақ тілінің жаңа заманға сай өзгерген, дамыған, түрленген түрі. Қыпшақтану проблемасы ең әуелі тілге байланысты өріледі.
Көне қыпшақ тілі туралы ең алғаш мәлімет берген автор – М.Қашқари. «Диуан лұғат ит – түрік» атты еңбегінде қыпшақ тілінің кейбір грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерін талдап көрсетеді. М.Қашқари түркі тілдерін зерттей келе ХІ ғасырда жеке қолданылған “қыпшақ тілі” болғандығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, ол “қырғыз, қыпшақ, гуз, тухси, яғма, чығыл, арғу, йаруқ тайпалары – бәрі бірдей түрікше бір тілде сөйледі” деп жазады. Белгілі ғалым Н.Т.Сауранбаев осы деректерге сүйене келіп “бұл аталған тайпалар тілдері өзара бірігіп кетіп, бірегей тілге айналған да, ортасынан бір топтан қыпшақ тілін шығарған” дейді[4,18б]. Шынында да ХІІ ғасырларда қыпшақ тайпаларының салмағы саяси аренада арта түсті. Қыпшақтардың мемлекеттік одағына әр алуан тайпалар бірікті. Қыпшақ тілі сондықтан аралас тіл болды. Бірақ басқа тайпалардың тілінен гөрі үстем тайпа қыпшақтардың тілі гегемондық роль атқарды.
М.Қашқари түркі тілдерінің лексикалық ұқсастықтарын айта отырып, олардың дыбысталу жүйесіндегі кейбір айырмашылықтарды ашып көрсетті. Қыпшақ тілінің мынадай басты фонетикалық ерекшеліктерін назарға ұсынды:
й дыбысының орнына дж(ж) дыбысын қолданады: йанджу емес джанджу (шуда).
ш дыбысының орнына с дыбысын айту: талыс, қысыр.
д дыбысының орнына т дыбысын қолдану: дәуә емес тәуә (түйе), бүгде емес бүкте (қанжар).
д дыбысының орнына й дыбысын қолдану: қадық емес қайық.
ғ дыбысының айтылмай түсіп қалуы: чумғақ емес чумуқ (шымшық торғай, қара торғай), тамғақ емес тамақ.
Демек, ХІ ғасырдың ортасында қолданылған қыпшақ тілінің фонетикалық негізгі көрсеткіші – дж(ж), с, т, й дыбыстарының қолданылуы мен ғ(г) дыбысының айтылмай түсіп қалуы болып отыр.
Осы фонетикалық ерекшеліктер бүгінгі қазақ тілінің бойында сақталған.
Көне қыпшақ жазба ескерткіштерін жүйелеу де маңызды мәселе. Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер негізінен ХІ-ХҮІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Оларды жазу үлгісіне қарай бес топқа бөлінеді:
- Готикалық көне шрифтімен жазылған ескерткіштер (ХІІІ – ХІҮ ғасырлар).
- Араб әрпімен жазылған мұралар (ХІ — ХІҮ ғасырлар).
- Армян жазуымен берілген мұралар ( ХҮ – ХҮІ ғасырлар).
- Орыс әліпбиімен жазылып қалған деректер (ХІ—ХІІІ).
- Шығыс Европа аймағын мекендейтін кейбір халықтардың тілінде сақталып қалған және сол елдердің өзіндік жазу үлгілерімен берілген сөздер (адам аттары мен жер-су аттары т.б.).
Сонымен қатар ескерткіштер белгілі бір саяси – әкімшілік орталықтарда туып, солардың талап-тілектеріне сай жазылып отырғандықтан, қазақ ғалымдары (Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М.) шартты түрде мынадай топтарға бөліп қарастырады: куман қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, половец қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Орта Азия қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Алтын Орда қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Мамлюк қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Армян колониясының тілінде жазылған ескерткіштер.
Біз осы айтылғандарды ескере отырып, ескерткіштерді ХХ ғасырда жеке –жеке болса да зерттеп, құнды пікірлер айтқан ғалымдардың тұжырымдарын басшылыққа алып, мынадай екі үлкен топқа бөліп қарастырамыз:
- Көне қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде жазылған ескерткіштер.
- Көне қыпшақ жазба ескерткіштері.
Көне қыпшақ ауызекі тілінде жазылған ескерткіштері тобына өз заманының ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін бойына жинақтаған, қыпшақтардың тарих сахнасына шығып, гегемондық рөл атқарып тұрған кезінде ХІІ – ХІҮ ғасырларда жазылған «Кодекс Куманикус» (Кумандардың кітабы), «Терджуман турки уа араби» (Түркіше – арабша тәржіма ), «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» (Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап)., «Китаб ат-туһба аз-закия фи луғат ат-туркийа» (Түркі тілі туралы жазылған ерекше сыйлық), «Китаб-бұлғат әл-муштақ фи-лұғат ат-түрік вал-қыпшақ» (Түрік пен қыпшақ тілдерін жақсы оқып үйренушілер үшін жазылған кітап»), «Әл-каванин әл-күллия ли-дабт әл-лұғат ат-түркия» (Түркі тілдерін үйрену үшін жазылған толық құрал), «Китаб ад-дурра ал-мудия фил-лұғат ат-түркия алат-тамам вал-камал» (Түркі тілі туралы жан-жақты және толық аяқталған інжу-маржан кітабы), «Аш –Шудур ад-даһабия вал-қита ал-ахмадия фил-луғат ат-түркия» (Түркі тілдері туралы жазылған алтын тізбе»). т.б. жәдігерліктерді жатқызамыз.
Көне қыпшақ жазба ескерткіштері қатарына Алтын Орда дәуірінің құнды әдеби мұрасы, Низамидың парсы тілінде жазған осы аттас поэмасының еркін аудармасы, Құтып ақын жырлаған «Хұсрау мен Шырын» поэмасын жатқызуға болады. А. Зайончковский «Хұсрау мен Шырын» поэмасының тілі қыпшақ диалектісінде жазылған деп тұжырымдаған. Ескерткіштің тілінде қыпшақ элементі өте айқын көрінеді деген пікірді А.М.Щербактан да кездестіреміз. Алтын Орда әдебиетінің ХIY ғасырдағы аса көрнекті өкілдерінің бірі Сайф Сарайидың «Гүлстан бит-түрки» поэмасы да осы топқа кіреді. Белгілі түріктанушы Э.Н.Наджип ақын өз шығармаларын қыпшақ тілінде жазғанын айта келіп, әрі оның қазақ халқының негізін құраған ру тайпаларынан шыққанын ерекше атап көрсетеді. Алтын Орда дәуірінде ХІҮ ғасырда дүниеге келген құнды жәдігерліктің бірі Хорезмидің «Мұхаббат наме» поэмасы да осы қатарда. Аталмыш поэма қазақ тіл білімінде аз да болса зерттеліп көне түркі жазба ескірткіштерінің тіліне, жалпы тіл тарихына арналған кітаптарда біраз пікірлер жинақталды. Ал өзбек әдебиетінің тарихында өзбек әдебиетінің көркем туындыларының бірі ретінде қарастырылды. Ғылымда бұл поэманың тілі туралы сан түрлі пікірлер орын алған. Мәселен, Кюпрюлюзаде алтынордалық-шағатай тілі десе, А.Н.Самойлович Хорезм мен Алтын Ордадағы Жошы ұлысының әдеби тілі дейді. Ал Э.Н.Наджип ұйғыр, оғыз тілдерінің әсеріне ұшыраған қыпшақ тілі десе, С.А.Аманжолов А.Яссауи тіліне жақын, қазіргі өзбек және қазақ тілінің аралығындағы тіл деп таныса, А.М.Щербак ескі өзбек әдеби тілінің бір түрі деп топшылайды. Біздің пікірімізше «Мұхаббат-Наме» тілінде қараханидтік жазба әдеби тілінің азын-аулақ ықпалы байқалғанмен, көне қыпшақ тілінде жазылған. Бұл мұрағаттың қазақ тіліне жақындығы мен басқа түркі тілдермен байланысын анықтауда лексикалық, морфологиялық, фонетикалық белгілерге ерекше көңіл бөлген жөн.
Аталмыш топқа енетін құнды жәдігерліктің бірі-Махмуд бин Али ас-Сараидың “Нахдж әл-Фарадис” шығармасы. Біздің дәуірімізге бұл ескеркіштің бірнеше көшірмесі жеткен. Мұрағаттың лексикасы мен грамматикасында кейбір көне элементтердің, атап айтсақ тіс арасынан шығатын шуыл дыбыс з мен сөз соңындағы ғ дыбысы, көне жалғаулардың кездесуі өз дәуірінің заңдылығы. Шығарманың тілінің түсініктілігі оның басқа тілдерге қарағанда қыпшақ тіліне жақын екенін аңғартады.
Аталмыш ескерткіштердің тілін көне қыпшақ тілі деп тұтас алып қазіргі қазақ тілімен лексикалық деңгейде салыстыра зерттесек көптеген ортақтықтар мен сабақтастықтар айқын көрінеді. Негізінен Алтын Орда дәуірі тұсында жазылған әдеби шығармалардың дені аралас тілді болып келген. Б.Сағындықұлы жазба жәдігерліктер тіліндегі сөздерді үш топқа бөліп қарастырады: 1) оғыз тобындағы тілдерге тән сөздер; 2) қарлұқ-ұйғыр тобындағы тілдерге тән сөздер; 3) қыпшақ тобындағы тілдерге тән сөздер.
Мысалы, Оғыз тобындағы тілдерге ғана тән сөздер: бағырсуқ (іш) Г, Мн; алын (маңдай) ХШ, НФ, Г; бул- (тал-) ХШ, НФ, Г, Мн; көлкә (көлеңке) ХШ, Г, Мн; кәндү (өз) ХШ; өртүклү (жасырын) ХШ, НФ, Г, Мн; соған (жуа) Г; утан- (ұял-) Г, Мн; чоғ (көп) ХШ, НФ, Г; қарынча (құмырсқа) ХШ, Г; қурт (бөрі) Г; йарын (ертең) Г; йылдырым (найзағай) ХШ, НФ т.б.
Қарлұқ-ұйғыр тобындағы тілдерге тән сөздер: асиғ (пайда) ХШ, НФ; андағ (сондай) ХШ; белгүр- (білім-) ХШ, НФ, Г, Мн; пуш- (өкпеле-) ХШ, НФ; ишан- (нан-) ХШ; билә (көмектес септігінің мағынасын береді) ХШ, Г, Мн; ойағ (қырағы) ХШ, НФ, Г; кеслән (кесіртке) ХШ; көсә- (тіле) ХШ; сүчуг (тәтті) ХШ; сүркә- (сүрт-) ХШ, НФ; тегүр- (жеткіз-) ХШ, Мн; телур (ақылдан адас-) ХШ, Мн; уча (арқа) ХШ; йорут- (жарық ет-) ХШ, Мн; т.б.
Қыпшақ тобындағы тілдерге тән сөздер: бақлан (бағлан) ХШ; басын- (басын-) ХШ; бақыр (жез) ХШ; байағы (баяғы) Г; болмачы (болмашы) ХШ; ентик- (ентік-) ХШ; ем (ем) ХШ, НФ; ерик- (ерік-) ХШ; ен- (ен-) ХШ, НФ, Мн; еңра- (еңіре-) ХШ, Мн; иркил- (іркіл-) ХШ, НФ; йимән- (имен-) ХШ; күң (күн) ХШ; кери (кері) ХШ, Г; сүңгү (сүңгі) ХШ, Г,НФ; чық (шық) ХШ; сал- (сал-) ХШ, Г, Мн, НФ; таңсұқ (таңсық) ХШ, Г; тый- (тый-) ХШ, Г; тәбрән- (тебірен-) ХШ, Г; талпы- (талпын-) ХШ, НФ; таңырқа- (таңырқа-) ХШ; тун (түн) ХШ, НФ; үрк- (үрік-) ХШ, Г; қавурт (қауырт) ХШ, т.б.
Бұл келтірілген деректерден байқағанымыздай ескерткіштердің тілінде оғыз, қарлұқ-ұйғыр, қыпшақ элементтері аралас келіп отырған. Бірақ қыпшақ элементтері басым, жиі кездеседі.
Қазіргі таңда түркі лексикологиясының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі жекелеген тілдерді синхрондық тұрғыдан да, диахрондық тұрғыдан да кешенді зерттеуге алу. Тарихи-салыстырмалы әдіске сүйенген зерттеу ғана бүгінгі тірі тілдің тарих қойнауында қалған жазба жәдігерлікке алыс-жақынын, туыс-жекжат екенін анықтай алады. Қандай да бір тілдің лексикасы басқа тілдік категориялардан қашанда бұрын сөйлейді, мол ақпарат бере алады. Көрнекті ғалым К.М.Мусаев “Когда говорят, что язык представляет собой кладовую истории народа – его носителя, прежде всего имеется в виду его лексика, которая непосредственно реагирует на все изменения в жизни народа” деп тұжырымдайды [5,23б]. Сондықтан да қазіргі қазақ тілінің байырғы сөздік қоры ұлт тарихымен, жалпы түркілік тарихпен сабақтаса қалыптасты. Қазақ тілінің лексикасы қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен, одан әрі жалпы түркі тілдерімен толық не ішінара лексика ортақтығымен ерекшеленеді. Қазақ жұрты жеке ұлт болып қалыптасқанға дейін түркі халықтарының ортақ арналарымен жүріп өтті. Қазақ лексикасы жалпы түркілік қабаттан өрістейді. Оның негізі, сөздік құрамы, фоно-морфологиялық құрылысы ежелгі түркі тілінен бастау алады.
Қазіргі қазақ тіліндегі жалпы түркілік қабат түбір және тарихи сөздерден тұрады. Олардың ата түркі дәуіріндегі жалпытүркілік ежелгі түрін салыстырмалы-тарихи негізде жаңғырту арқылы байырғы қалпына келтіруге болады
Келесі қабат – қыпшақтық қабат. Қазақ тілінің лексикасы қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен толық не жартылай ортақтығымен, ұқсастығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар қазақ тілінің қыпшақтық лексикасының сілемдерін қыпшақ тіліне тікелей қатысты орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілінен де іздеген жөн. Жазба мұрағаттар лексикасын зерделей қарасақ қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен, қала берді қазақ тілімен ортақ, тұлғасы да, мағынасы да сайма-сай лексикалық параллельдерді оңай анықтаймыз.
Пікіріміз мәйекті болу үшін ортақ сөздердің тізімін жасайық.
Зат есім сөздердің қатары:
Адым – адым. [НФ] Төрт миң адым йәргә араб мил теб айтур – Төрт мың адым жерді арабтар мил деп атайды.
Азық – азық. [НФ, ХШ] Пайғамбар Абубәкр бирлә ол ғарда үч күн турдылар соң чықыб Мәдинә тарафынға азм қылдылар азықлары түгәнды – Пайғамбар Абубәкірмен сол үңгірде үш күн тұрды, сосын одан шығып Мәдинаға қарай кетті, олардың азықтары таусылған еді.
Ай – ай. [ХШ, НФ, Мн, Г] Сафар айының йигирмә бешиндә – Сафар айының жиырма бесінде.
Алма – алма. [ХШ, НФ, Мн, Г] Қызыл алма дөңәлму дур фәрән қызы – Қызыл алма дөңгелек пе, о сұлу.
Алмас – алмас. [ХШ] Алмаз от андын соң лалга урды алмас – бұдан соң лағылға алмас қосты.
Ана – ана. [ХШ, НФ, Г] Пайғамбар алты йашқа йетмиш әрди қин анасы Аминә вафат болды – Анасы Әмина қайтыс болған кезде пайғамбар алты жаста еді.
Ант – ант. [ХШ, НФ, Г] Фариштә қоймас айтур, антны сақла – Антыңа адал бол, дейді періште.
Арық – арық. [ХШ, НФ] Йа шайх бу арық сувларыдын нишә ичмәзсиз – О шейх, сіз бұл арықтың суын неге ішпейсіз.
Арпа – арпа. [НФ, ХШ, Г] Әй тоқ көзүңгә арпа әтмәги көрүнмәс хуш, ликин мәним алтымда иззәтли мукаррамдур – Әй тоқ адам саған арпа наны ұнайма, ал мен үшін (ол) құрметті де сүйікті.
Арқа – арқа [ХШ, НФ, Г]. Йигит ол вақт уйанды ким күнәш ыссысы арқасына отты – Күн ыстығы арқасын қыздыра бастағанда жігіт оянды.
Ел – ел. [ХШ, НФ, Мн, Г] Қылур Йусуфни Мисир елиндә султан – Ол Жүсіпті Мысыр еліне сұлтан қылып бекітті.
Балта – балта. [ХШ, НФ]. Тақы мәбәрак еликингә бир улуғ балта алды – және (пайғамбар) мүбәрәк қолына балта алды.
Жан – жан. [ХШ, НФ, Мн, Г]. Ким ош тән тәнгә жан жанқа улашты – міне тән тәнге, жан жанға қосылды.
Көз – көз. [ХШ, НФ, Мн, Г] Башындан көзүндән өпүб қучуб көп мал-у нимәт бериб азад қылды – Ол басынан, көзінен өбіп, көп байлық беріп және азат қылды.
Орман – орман. [НФ, Г] Карван түн қата йүрүб сахар вақтын келиб бир орман йанында қондылар – Керуен түн бойы жүріп, таң ата бір орманға келіп тоқтады.
Екі дәуір тіліне ортақ зат есімдер өте мол, ескерткіштер тілінде туынды, негізгі, деректі, дерексіз т.б. зат есімдер кең орын алған.
Сын есім сөздердің қатары:
Ала – ала. [ХШ, НФ] Бу түн күн ала ат-тек йүгрүр талмаз – бұл түн мен күн ала аттай талмай жүйткиді.
Арық – арық. [Г] Бир арық ақил адами айтты бир сәмиз аблаха, келиб қаршы негә болса тази от, бир тавилә әшәндән ол йахшы – Бірде бір арық дана семіз наданға айтты: арабтың пырақ аты арық болғанмен бір керуен есектен жақсы.
Ақсақ – ақсақ. [ХШ] Сабыр бирлә кечәр аз умр неткү, азақ ақсақ нетәк мәнзилә йәткү – Ұзақ өмірде үлкен сабыр керек, ақсақ адам үйіне жеткендей сабыр қажет.
Сары – сары. [ХШ, Г] Қарарсызлықда болмыш меңзи сары – Тыныштықтың жоқтығына жүзі сары болды.
Кең – кең. [ХШ, НФ] Умми-Муид пайғамбарны тарифләйүр әйәси кең турур көзи ашаққа үкүшрәк бақар йергә бақар – Умми-Муид пайғамбарды сипаттайды: оның алақаны кең, көзі көбіне төменге қарайды, ол жерге қарайды.
Тар – тар. [ХШ, НФ, Мн, Г] Қачан ким болса тар ағзың шакар бир, саба гүл ғунчаның ағзыны йыртар – Сенің тар (кішкене) аузың шекер төккенде, роза гүл шоғынан таңғы самал жел соғады.
Қалың – қалың. [ХШ, Мн] Қалың өврәккә кирмши тек лачын – қалың жабайы үйрек тобына кірген лашындай.
Қара – қара. [ХШ, НФ, Мн, Г] Йумақ билән кетәрми лавны қара көмүрдән –жуғанмен қара көмірдің түсі өзгерер ме.
Қызыл – қызыл. [ХШ, НФ, Г] Йа хожа, йүк билән қызыл алтун алыб келүр, йа бахр ичиндә ғарқ болуб қын билән өлүр – Қожа не жүкпен бірге қызыл алтын алып келер, не теңіз түбіне батып азаппен өлер.
Ұзақ – ұзақ. [ХШ, НФ] Аташ хафыдан тутты ұзақ йол – Атасынан қауіптеніп ұзақ жолға аттанды.
Бұдан басқа да негізгі немесе туынды сын есімдер көптеп кездеседі: астыңғы, аталық, бойлы, малсыз, ақ, бай, көк, сынық, тамашасыз т.б.
Сан есім сөздер ескерткіштер тілінде көп қолданылады. Дені ішінара дыбыстық өзгерістерге бой ұрған, ал тұлғасы да, мағынасы да қазақ тіліне дәл келетін төрт сан есім ғана бар. Олар:
Төрт – төрт. [ХШ, НФ, Мн, Г] Бу китабны төрт баб үзә қылдық — Бұл кітапты төрт тараудан құрадық.
Алты — алты. [ХШ, НФ, Мн, Г] Қачан ким алты йашқа йетти ол шах, қамуғ йөнләрни аңлаб болды агах – Шахқа алты жас толғанда, ол барлық жөн-жосықты түсініп, аңғарымпаз болды.
Он – он. [ХШ] Йәтиб он йашқа кеш бағланды белгә – Он жасқа келіп беліне қорамсақ байланды.
Тоқсан –тоқсан. [НФ] Тақы пайғамбар аләйхи-с-сәлам тоқсан тевә нишан қылды – Пайғамбар алейхи-с-сәлам тоқсан түйені белгіледі.
Етістік сөздер қатары:
Айыр-айыр. [ХШ, Г] Тутуб мискин кишиниң пәнжәсиңи, айырмық күч билән айны хатадур – Байғұс, кедей кісінің қолынан ұстап, күшпен айыру – үлкен әділетсіздік.
Ал – ал. [ХШ, НФ, Г] Хидайат нұрыны көңлүмдин алма, йана мени қараңғулуққа салма – Жол көрсетуші нұрды көңілімнен алып, мені тағы қараңғылыққа тастама.
Ем – ем. [ХШ] Сүт әммәзмән бар ағызымда отуз тиш – Сүт ембеспін, аузымда отыз тісім бар.
Бар – бар. [ХШ, НФ, Мн, Г] Бир ким әрсә барды тақы Фатимақа хабар берди – Бір адам барып Фатимаға хабар берді.
Басын – басын. [ХШ] Қонақмән теб басынмаңыз бизни – Қонақпын деп бізді басынбаңыз.
Кет – кет. [НФ, Мн, Г] Көңүлдин сабр көздин уйқу кетти – Жүректен сабыр, көзден ұйқы кетті.
Көм – көм. [ХШ, НФ] Бардылар бир чуқур қаздылар ол әтни анда көмдиләр – Барып бір шұңқыр қазып, етті соған көмді.
Күл – күл. [ХШ, НФ, Мн, Г] Бұл латифа сұлтанға хуш келди дағы күлди – Бұл әңгіме сұлтанға ұнады, ол күлді.
Ойна – ойна. [ХШ, НФ, Мн, Г] Кел әй сақи кетүргил, бада-и наб, күлә ойнайу ичсүнләр бу асхаб – О шарап құюшы, әкел мөлдір шарапты, мейлі достар күліп, ойнап ішсін.
Орна – орна. [ХШ, НФ] Тамуғнуң хайбаты көңлүмдә орнады – Тамұқтың қорқынышы көңілімде орнады.
Өл – өл. [НФ, Г] Ирақдан тирак келгинчә йылан захмлы ер өләр – Ирактан дәрі келгенше, жылан уымен уланған ер өлер.
Сайра – сайра. [ХШ, Мн, Г] Чечәксән банда сайрар бұлбұл үңдур – Сен гүлсің, ал сенің үстіңде сайраған бұлбұл – сенің құлың.
Табыл – табыл. [Мн, Г] Табылғай мақсудум табқуңда – Сенің қызметіңде менің мақсатым табылғай.
Қайна – қайна. [ХШ, НФ, Мн] Тақы от чибчуқ кувәч ичиндә қайнаса әт тақы харам турур – Егер сол шымшық қазан ішінде қайнаса, ол етті жеуге болмайды.
Қана – қана. [НФ] Тақы йүзи қанады – оның беті қанады.
Ескерткіштер тілінде қазақ тілімен толық лексикалық параллель бола алатын етістіктер өте көп. Олар негізгі және туынды, көмекші, салт, сабақты, болымды, болымсыз тұлғаларында ұшырасады.
Үстеу сөздердің қатары:
Ең – ең. [Г] Ең әксүк – Ең кедей.
Аз – аз. [ХШ, НФ, МН, Г] Жүмлә сахабалар қондылар ол йәрдә сув аз әрди – Барлық сахабалар қонды, ол жерде су аз еді.
Былай – былай. [ХШ] Сәңә хукм етиб аймазмән былай қыл – Саған бұйрық бере алмаймын, былай қыл.
Көп – көп. [ХШ, НФ, Мн, Г] Көңүл бахрында көп гәвхәрлариң бар – Сенің жүрегіңнің теңізінде көп гауһарлар бар.
Тағы – тағы. [Мн] Қылур Ааййубны михнәт бәлә йар, тағы от ичрә Азар отдын асрар – Ол Айюбиді азаптың досы қылды, ол Азарды тағы оттан құтқарды.
Қайра – қайра. [ХШ, НФ] Тақы жумла қайра Мадинаға қайыттылар – Және бәрі қайра Мәдинаға қайтты.
Бұл мәліметтерден байқағандай ескерткіштер тілінде күшейткіш, мөлшер, сын-бейне үстеулері орын алған.
Есімдіктер қатары:
Анда – анда. [ХШ, НФ, Г] Үч күндин соң анда кәлгәйсән – Үш күннен соң анда келерсің.
Мұнда – мұнда. [ХШ, НФ, Мн, Г] Мухаббат-нама сөзин мұнда биттим – Мұхаббат-наме поэмасын мұнда бітірдім.
Ол – ол. [ХШ, НФ, Мн, Г] Ол йазуклы сөкти йарамас сөзләр сөзләди – Ол жазықты сөкті сұлтанды, жарамас сөздер сөйледі.
Мен – мен. [ХШ, НФ, Мн, Г] Мен асру бенава – Мен өте бақытсызбын.
Сен – сен. [ХШ, НФ, Мн, Г] Ичим күйди сениң чаксыз назыңдын – Сенің шексіз назыңнан ішім күйді.
Қайсы – қайсы. [Г] Бир залим хаким бир алим ергә сорды ким ибадатлардан фазилрәж қайсы турур – Бір залым хакім бір ғалымнан сұрады: құдайға құлшылық қылудың қайсы дұрыс.
Бұл деректерден байқағандай жәдігерліктер тілінде сілтеу, жіктеу, сұрау есімдіктері қолданылған.
Көмекші есімдер қатары:
Ара – ара. [ХШ, НФ, Г] Тикәнләр арасында гүл төрәтти – Тікендер арасында гүл жаратты.
Арт – арт. [ХШ, НФ, Г] Ол йигит бир карван артына түшүб кетти – Ол жігіт бір керуен артына түсіп кетті.
Аст – аст. [ХШ, НФ, Г) Сениң атақ ағыр таш астындан тәрбренгинчә кәрәк мәним атам жәннәткә кирмши болғай – Сенің әкең ауыр тастың астынан қозғалғанша, менің әкем жаннатқа кіріп болады.
Маң – маң. [ХШ] Йақын бу маңда бар бир йахшы бағым, бүтүн ол бағда тиккәйләр отағым – Осы жақын маңда менің жақсы бағым бар, шатырды сонда тігейік.
Орта – орта. [ХШ, НФ, Мн, Г] Тәкмә бир ай ортасында үч күн руза тутғыл – Әр айдың ортасында ораза тұт.
Мұндай ортақ сөздер қазақ халқының, оның тілінің пайда болуына негіз болған этногенетикалық, глоттогенетикалық құбылыстарының тамыры. Көне қыпшақ жазба ескерткіштерін зерттеудегі өзекті мәселе жекелеген сөздердің тарихын, этимологиясын қазіргі тілдік деректер негізінде зерделеу болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – А., 1999.
- Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности Монголии и Киргизии. – М.-Л., 1959.
- Кумеков Б.Е. Некоторые итоги и проблемы кипчаковедения. Евразийское сообщество. – А., 1997.
- 4. Сауранбаев Н.Т. Қазақ тіл білімінің проблемалары. –Алматы: Ғалым, 1991.
- Мусаев К.М. Лексика тюркских языков в сравнительном освещении. –М.: Наука, 1975.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.