ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

 Профессор Сағымбай Қозыбаев,

Аманқос Мектеп-тегі

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

 

Екінші дүниежүзілік соғыс өртінің қасіретінен ес жиып, айығып болмаған, Жеңіс тойының ел-жұртты шаттыққа бөлеген қуанышы әлі тарқай қоймаған, оқ-дәрінің қара қошқыл қою түтіні сейіліп, иісі мұрыннан кетіп үлгермеген 1947 жылғы дүние есігін ашқан буын өкілдері мерейлі жасқа тола бастады. Солардың қатарында мамырдың жаймашуақ соңғы күні жетпіс деген белеске қадам басқалы отырған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, журналистика факультетінің ұстазы Әмір Молдабековте бар. Ұлағатты ұстазымыз, академик Зекең – Зейнолла Қабдоловтың мерейтойға байланысты айтқан: «60-қа, 70-ке дені сау жанның бәрі келеді. Мәселе сол жасқа қалай келді, несімен келді?!», – деген пікірі еске түсіп отыр. Шынында, бұл ретте ойланатын, толғанатын жөні бар. Әлбетте, мұндай белестің баспалдағына шыққанда пенде атаулының бір қайрылып, артында қалдырған сайраған ізіне, тындырған ісіне ойша есеп берері хақ. Отыз жылға жуық табан аудармастан республикадағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіндегі оның ұстаздық қызметі сан алуан сырға толы екенінен хабар береді. Өйткені шығармашылық факультетте дәріс берудің өзі үнемі таным көкжиегін жетілдіру мен жаңашылдық ізденісті талап ететін зор жауапкершілік міндетті жүктейді.

Әмір  Әбусағитұлының шығармашылық қызметі 1971–1988 жылдар аралығында Қазақстан телерадио комитетінде студиядан тыс хабар тарату бөлімінен басталады. Телерадио саласының қарқынды дамып, кеңестік идеологияның насихат құралы ретінде пәрменді күшіне айналған дәуірде қазандай қайнаған шығармашылық ортаның қым-қуыт тынымсыз тірлігіне төзудің өзі үлкен табандылықты қажет ететін. Осы жылдары ол күнделікті телевизиялық түсірілімге қоян-қолтық тікелей араласуына, кәсіби маман ретінде шыңдалып, мол тәжірибе жинақтауына мүмкіндік туды. Енді іс жүзіндегі тәжірибені теориялық біліммен ұштастыру мақсатында сырттай ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсіп, 1988 жылы қызыл дипломмен тамамдап, телерадиожурналистика кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылады. Содан бергі бар саналы ғұмырын буын-буын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Әмір Молдабековтің екінші тынысы ашылып, ғылыми зерттеушілік қырын танытты. Оның бағына телевизия саласын ғылыми тұрғыда негіздеп, жанрлық жіктелуі мен табиғаты туралы іргелі еңбектер жазған білгірі, профессор Марат Барманқұловтың жетекшілік етуі бұйырды. Қыр-сыры мол, жаңашылдыққа жаны құмар Мәкеңнің жанашырлық ақыл-кеңесі мен тағылымы Әмірдің ғылымдағы өз соқпағын табуына ықпал етті. Ұзақ жылдар бойы ізденісінің нәтижесінде ол 2003 жылы «Хабар» және оның проблемалары» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғалым осы еңбегінің негізінде «Хабардың бес белесі», 2008 жылы жан-жақты деректермен толықтырылып «Бес белес» деген атпен «Қазақ университеті» баспасынан жеке монографиясы жарық көрді.

Ғалым “Хабардың” бес жыл ішінде тындырған істерін жалаң баяндап қана қоймайды. Күнделікті берілетін шағын жаңалықтардан бастап, ірі-ірі бағдарламалардың сценарийлерін талдау арқылы сол хабардың мән-мазмұнын, жетістігі мен кемшін тұстарын оқырманына нақты деректерге сүйеніп, пікірін сабақтайды.

Әмір Әбусағитұлы журналистика факультеті жанындағы «Марат Барманқұлов атындағы телестудияны» құрушы әрі студенттердің тәжірибелік «Сана» теле және радиостудиясының жетекшісі. Болашақ теле және радио журналистері үшін «Сана» теле және радио студиялары ашылуы, студенттерге үлкен мүмкіндіктер берілді. «Қазакстан – 1» арнасынан әр сенбіде эфирден 20 минут уақыт «Сана» телестудиясының бағдарламасына бөлінуі студенттерге кәсіби тәжірибелік мектептің бастамасы болды. Жас тілшілер хабарға негіз болатын сюжеттер түсіріп, білімдерін толықтырды, журналистік қабілеттеріне қоса, операторлық шеберлікті қатар игерді. Монтаж пультінде бастапқы кезде хабарға жетекші болған Әмір Молдабеков отырса, кейін келе бұл міндетті студенттер жасады. Студенттердің «Сана» бағдарламасы эфирге 72 рет шықты. Соның 36-ы бағдарламасы қазақ тілінде дайындалды. Кейіннен телестудияда тарихи және портреттік очерк негізінде арнайы фильмдер жасалынды. Демек, бұл студенттерді кәсіби шеберлікке баулуда нағыз тәжірибе мектебі болғаны сөзсіз.

Шығармашылық тұлға еңбегінің бір парасы – «Электронды университет жобасы» авторларының бірі, профессор Марат Барманқұловтың «Тележурналистика» негіздері кітабының рецензент-шолушысы, «Мүсірепов туралы сөз» атты академик Зейнолла Қабдоловтың және профессор Жанқара Дәдебаевтың «Ұстаз» электронды лекцияларының авторы. Сондай-ақ, марқұм Марат Барманқұловтың көзі тірісінде ақын, тележурналист Жұмаш [Көкбөрі] Кенебаймен  шығармашылық бірлестікте түсіріліп, жыл сайын эфирден беріліп тұрған «Түрік даналары», «Дара тұлғалар», «Тұлпардың тұяғы» атты тізбекті телебағдарламаларының тұрақты  ғылыми кеңесшісі болды. Осы және басқа да телебағдарламалар үшін 1995 жылы оған Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығы берілді.

Әмір Молдабеков «Түрүк даналары» авторлық бағдарламасы бойынша Түркия, Германия мемлекеттерінде іссапарда болып, тізбекті хабарлар дайындауға белсене атсалысты. Ұзын саны «Түрүк даналары» авторлық телевизиялық бағдарламасының 40 сериясын түсіріп, эфирден өткізді. Турасын айтсақ, кеңестік дәуірде түрүк әлеміне ортақ белгілі дара тұлғаларды ауызға алуға зар болған ұрпақ үшін бұл тізбекті бағдарламалық сюжеттердің тақырыбы танымдық және тағылымдық-ғибраттық мәні көрермен қауымға ерекше әсер еткені ұмытыла қойған жоқ. Сонымен бірге ол түсірген бұл телехабарларды Түркия телевизиясы, Әзербайжан телевизиясы эфирден көрсетіп тұрды. Күні бүгінге дейін ол түсірген «Түрүк даналары» телебағдарламасы Түркия мәдениет министрлігінің ұсынысымен «Нихал Атсыз» деген интернет-саиттан көрсетілуде. Әмір Молдабековтің аталмыш телебағдарламалары туралы шетелдік басылымдар жарыса жазғаны әлі көңілден өше қойған жоқ. Қазірге дейін ол телебағдарламалар Түркістандағы Қазақ-Түрік Университетінде пән ретінде оқытылады.

Әмір Молдабеков отбасында жан жарының сенімді серігі, үлгілі әке, немересіне сүйікті ата.

Ақын Жұмаш Кенебай:

«… Бір кезде Есіл бойын қыстап қалған,

Қазақтың бар асылын ұстап қалған,

Сұрасаң арғы тегі бұл ӘМІРДІҢ

Әйгілі өсіп  өнген Қыпшақтардан…», – деп жыр шумақтарын арнаған Әмір Молдабеков заманауи әлеуметтік желінің дамыған ақпараттық кеңістікте тарихи-танымдық «Дешті Қыпшақ» сайтын ашып, бағзы бабалардың мәдени-рухани мұрасын жаңа қырынан насихаттап жүр. Дәстүр сабақтастығын жаңашылдықпен ұштастырған әріптес, шығармашылық тұлғаны мерейлі жасымен құттықтаймыз.

 

Профессор Сағымбай Қозыбаев,

Аманқос Мектеп-тегі

 

 

Суретте: Әмір Молдабековтің студенттерге дәріс беру сәті.