«Әуезов тілі – менің тілім»

Жаңғара ДӘДЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық университеті

Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры: 

  «Әуезов тілі – менің тілім» 

                  

Мұхтар Әуезов – қазақ халқының даналық ақыл-ойының

көп ғасырлық даму тарихындағы қазыналы кезеңде дүниеге келген шығармашылық тұлға.

XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов болуы – заңды құбылыс.

Мұхтар Әуезовтің алдындағы Абайды әлем әдебиетінің

алып бәйтеректерінің бірімен де баламалай алмаймын,

менің ұғымымда Абаймен тең түсітен шығармашылық

тұлға дүние әдебиетінде болған емес, жоқ. Мұхтар Әуезов те сондай.

Гомер – ұлы, Данте – данышпан, Лев Толстой – дана.

Үшеуі де келісті суреткер. Оған таласым жоқ, таласпаймын.

Мұхтар Әуезовті осы аталған алып тұлғалармен қабылдаудың да жөні болуы мүмкін.

Бірақ мен үшін Мұхтар Әуезов – дара тұлға. Мұхтар Әуезовті әлем әдебиетінің алыптарының бірімен де теңестірмеймін, дұрысында, әлем әдебиетінің алыптарының бірін де Әуезовпен тең көрмеймін. Өйткені, Мұхтар Әуезов – менің Әуезовім, Мұхтар Әуезовтің тілі – менің тілім, Мұхтар Әуезовтің тілімен суреттелген тарих – менің тарихым, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығында көл-көсір болып көрініс тапқан қайғы – менің қайғым, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығында теңіздей терең даналығымен дараланған, қиянатшыл дүниеден жапырақ-жүрегі қырық жамау болған Абай – менің Абайым, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығында азды-көпті қуаныш, бақыт шуағы болатын болса, олар да менікі. Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасына, шығармашылық еңбегіне осылай қарамасам, Мұхтар Әуезов туралы ұғымым осылай болмаса, мен қайтіп мен боламын…

Абайдың ілімін, Әуезовтің шығармашылығын, қазақ әдебиетін білетін адамдар азаймаған да, көбеймеген де секілді. Кейде Абайдың ілімін, Әуезовтің шығармашылығын, қазақ әдебиетін білетін адамдар азайып, білмейтіндер көбейіп кететіндей болатыны бар. Көз алдымды ойда жоқта сап ете қалған осындай ойдың елесінен тазартамын. Абайдың ілімін, Әуезовтің шығармашылығын, қазақ әдебиетін білмейтіндер көбейіп, білетіндер бірте-бірте мүлде жоқ болып кетпесе не қылсын дегендей ойдың қылаңынан қашамын. Егер қазақ әдебиетін өсіріп-өркендетушілер, қазақ әдебиетін білетіндер, білгенінің игілігін өзі де көретін, өзгелерге де көрсететін адамдар қазақ даласында мүлде қалмайтын заман болса, онда ол ақырзаман шығар.

Біз білетін нәрсе мынау: қазақ әдебиетінде қазақ халқының ақыл-ойы, ар-ожданы, абыройы бар; қазақ халқының ақыл-ойын, ар-ожданын, абырайын сақтау мен қорғаудың, келер ұрпаққа аман-есен жеткізудің бірден-бір жолы – қазақ тілі мен әдебиетінің алып тұлғаларымен мақтанған – жақсы, қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының шығармаларын білмеу – жаман; қазақ әдебиетін білмеу, қазақ баласына қазақ тілі мен әдебиетін қытайша немесе ағылшынша оқыту қазақ халқының ғасырлар бойы сараптан өтіп, сұрыпталған ұлттық құндылықтарының құнсыздануына алып келеді.