Қасым хан мұрагер мәселесін неге шеше алмады?

Қасым хан мұрагер мәселесін неге шеше алмады?

«Жақсы» сайты 19 сәуірде журналист

Ержан Әбдіраманның Радик Темірғалиевтің «Ақ Орда»

кітабы туралы жазған мақаласын берген болатын.

Бүгін соның жалғасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ҰСТАРА / 03.05.2015, 19:49 / 2209 / 12

Барақ. Едіге өлген соң, оның балалары Сібірге кетті. Батыста қара шаңырақты Тоқай-Темір ұрпағы Ұлығ-Мұхаммед хан иеленді, ал шығыста Ақ Ордаға Орыс ханның немересі Барақ ақ киізге көтерілді. Бұл кезде Қазақ хандығы Сібірді билеп тұрған Едігенің ұрпақтарынан қауіптенді. Алайда, Барақ хан нағыз жауынгер және мықты дипломат болып шықты. Ол көршілерімен де, жауларымен де тіл табысты.

Едігенің баласы Мансұрмен арадағы келіссөзден кейін екеуі Ақ Орданы бірге басқаратын болды: Барақ – хан, Мансұр – беклярбек. Сосын Ұлығ Ұлысты қайта біріктіру үшін Батысқа аттанды. Барақ пен Мансұр аз уақыт ішінде Тоқай Темір ұрпақтарын талқандап, Сарайды алды. Барақ Үлкен Орда мен Ақ Орданы біріктірген соңғы хан болды. Бірақ, оның Сарайдағы билігі ұзаққа созылмады. Ол мүмкін емес те еді. Жошы ұлысы біресе құралғандай боп, сосын қайта ыдырағанда, ылғи алдыңғы шекаралардың бойымен бөлшектенетін. Бұл Алтын Орданың күні біткенінің дәлелі болатын.

Алдымен, Барақ ханның орыс қалаларына жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Сосын Литва князінің қанаты астында күшейген Ұлығ Мұхаммедтен жеңілді. Сөйтіп, қайтадан Ақ Ордаға оралды. Мұнда келген соң Барақ Мансұрды өлтіріп, хандықта жеке-дара билікке ие болды. Енді ол Сырдария бойындағы қалаларды қайтару үшін Мауреннахрға соғыс ашты. Және қолбасшылық талантын тағы да көрсетті. Аз ғана әскермен тұтқиылдан шыға келген ол Ұлықбек армиясын қирата жеңді. Ұлықбек қарсыластың саны аздығы арқасында ғана қашып құтылды.

Барақ бұл тамаша жеңістің зейнетін көре алмады. Оның неден өлгені туралы бірнеше жорамал бар. Қадырғали бектің айтуынша, Барақ ханды Мансұрдың бауырлары Ғази мен Наурыз өлтірген. Темірғалиев осы версияны сенімді көреді.

Әбілқайыр. Барақ өлгеннен кейінгі қырқыстан соң билікке Шибан ұрпағы Әбілқайыр келді.

Ол Ақ Орда тарихындағы ең ұлы билеушілердің бірі болды. Ол әуелі Сібір хандығын бағындырды. Одан кейін Үргенішті алды (Алайда, Хорезмді Ақ Ордаға қосып алуға сол кезде тарап кеткен оба ауруы кедергі жасады). Және бүлікшіл чингизидтерді талқандады. 1446 жылы Ақсақ Темір ұрпақтарынан Сыр бойындағы қалаларды қайтарып алды. Бірақ Әбілқайыр Мәуреннахрды өз мемлекетіне қосып алмады. Соғыста дәуірі жүріп тұрса да, батысқа жорық жасамады. Өйткені, онсыз да проблемасы көп еді. Тегі жағынан бұдан мықты өзге чингизидтер оның билігін мойындағысы келмеді.

Және осы кезде Ақ Ордаға өте қатерлі жау пайда болды. Ол ойраттар еді. 1457 жылы Әбілқайыр ойрат әміршісі Үз-Темір тайшыдан оңбай жеңілді. Бұл ханның беделіне қатты нұқсан келтірді. Едіге заманынан бері Ақ ордада ықпалы күшті болып келген маңғыттардың бегі Мұса тағы бір шибанид Жәдігерді хан көтерді. Әбілқайырдың тағы шайқала бастағанын естіген Орыс ұрпақтары да қимылдай бастады. Бірақ Әбілқайыр әлі де күшті, сондықтан одақтас керек еді. Барақтың ұлы Жәнібек пен Керей әуелі Үлкен Орда хандарымен, сосын Моғолстан ханымен уағдаласты. Шамамен 1460 жылы Орыс хан ұрпақтары Моғолстанға келді. Біртіндеп қол астындағы жұрт көбейе бастады. Әбілқайыр Керей мен Жәнібекті және оларға дем беруші Моғолстан ханы Жүністі жазалау үшін жорыққа аттанды. Бірақ жолда қайтыс болды.

Википедия Әбілқайырды Ақ Орда ханы демейді, ол басқарған елдің бірнеше атауын келтіреді: «Өзбек Ордасы», «Көшпелі өзбектер мемлекеті», «Әбілқайыр хандығы». Радик Темірғалиев мұның бәрі тарихшылар жасаған «мемлекеттер» екенін айтады. Өйткені, «өзбек» деген атау қыпшақтардың бір аты ретінде Әбілқайырдан көп бұрын пайда болған. Орысты Ақсақ Темір өзбек ханы деп білген. Екіншіден, ол кезде көшпелі емес өзбектер болмаған. Яғни, көшпелі өзбектердің мемлекеті деп Ақ Орданы да, Қазақ хандығын да айтуға болады. Сондықтан, «Әбілқайыр хандығы» деген термин де орынсыз. Өйткені, Әбілқайыр – Ақ Орданың ханы, яғни қазақ ханы. Ол Дәшті Қыпшақты 40 жыл биледі. Бұл қазақ мемлекетінің күшеюіндегі, қазақ этносының қалыптасуындағы аса маңызды кезең болды.

Шейбаниада. Кітапта Керей мен Жәнібек туралы жаңа мәлімет жоқ. Билікті алған Орыс ұрпағының ең алғашқы мақсаты шейбанидтерді түгелдей құрту болды. Бірақ Қарашың деген батыр Әбілқайырдың бір ұлын, екі немересін құтқарып қалды. Бұлардың ішінде Мұхаммед-Шейбани атасы сияқты мықты қолбасшы болып ер жетті. Жас кезінде ол аз ғана жауынгерімен бірге Сығанақ және Сауран маңында қарақшылық жасап жүрді. Біртіндеп күшейген соң қазақ хандары мен сұлтандарының талай қанын ішті. Арадағы шайқастардың көбінде Шейбани жеңді және Ақ Орданың бірнеше қаласын басып алды.

Бұл Бұрындық ханның беделін түсірді. Тек 1510 жылы Қасым сұлтан әскери қулықты қолданып, Ұлытауға бет алған Мұхаммед-Шейбанидің екі командиріне күйрете соққы берді. Мұны естіген Шейбанидің өзі Самарқанда шегінуге бұйрық берді. Қасым оны өкшелеп көп шығынға ұшыратты. Осы жеңілістен кейін ұлы қолбасшының күні батуға айналды. Сол жылы ол Иран шахы Ыдырыспен шайқаста өлді. Әбілқайыр Ақ Орданы 40 жыл биледі. Ал оның немересі Мұхаммед-Шейбаниден құтылу үшін Орыс хан ұрпақтарына тағы сонша уақыт керек болды.

Қасым ханның қасқа жолы. Мұхаммед-Шейбаниді жеңген Қасымның даңқы жер жарды. Осыны пайдаланған ол 1511 жылы Бұрындықты құлатып, өзі хан болды. Қазақ хандығы аймақтағы аса күшті мемлекетке айналды. Бірақ Мұхаммед-Шейбани өліп, қолайлы сәт туғанына және көршілердің үгіттегеніне қарамастан, Қасым хан Мәуреннахрға басып кіруден бас тартты. Өйткені, ол қыпшақтардың пайдасыз қырқысын тоқтатқысы келді. «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» дегенді алғаш айтқан Қасым болуы мүмкін. Екіншіден, далада туып-өскен Қасым хан нағыз көшпенді еді. Ол қалада тұрғысы келмеді. Көшпенді салтымен өмір сүргісі келді. Қыпшақтарға да керегі осындай басшы еді. Қасым бір-біріне бөтен халықтардан мемлекетін құрғысы келмеді. Ол керісінше, тілі, дәстүрі, қаны бір, тек заңдық тұрғыда түрлі мемлекеттерге қарап келген халықтарды хандықтың негізі деп білді. Моғол хандары қалада тұрды. Ал оларға қарасты көшпенді халық Қасым ханға бүйрек бұрды. Моғолстанның ханы Сұлтан-Саидтың Қасымға қарсы тұратын шамасы жоқ еді, осылайша ол Жетісудан айырылды.

Қасым хан «Қасқа жол» атты заңдар жинағын жасады. «Қасқа жол» деген атты оған халық кейін беру мүмкін, бірақ «қасқа» мұнда «таза» деген мағына береді. Осылайша, Қасым хан Шыңғыс хан енгізген заңдардың принципінен бас тартты. Бұл Едіге, Темір ұрпақтары, өзге де дала ақсүйектері қатты күшейген заман болғандықтан, бұрынғыдай сәл жолдан тайғаны үшін аяусыз жазалау енді мүмкін емес-ті. Чингизидтер құрған мемлекеттерде арғын, барын, қыпшақ, шырын тайпалары көсемдерінің көшіп кетіп, өзге билеушінің вассалы болуға еркі бар еді. Ал Қазақ хандығында бұл құқық бәріне берілді. Қасым хан көшпенді халықты шариғатпен басқару мүмкін емес екенін де түсінді.

Қасқа жолға Шыңғыс хан келмей тұрғанда болған әдет-ғұрыптың нормалары қайта кірді. Осылайша, ол тәңіршілдікті ұстанатын көшпенді малшының мүддесіне сәйкес болды. «Қасқа жол» саясаттанушылар айтатын «қоғамдық келісім» еді. Бұл кезде монархтың статусы да өзгерген болатын. Қазақ ханы баяғы Алтын Орданың ханы емес еді. Оның билігі бейбіт заманда әлсіреп, соғыс кезінде күшейетін. Яғни, ол билеушіден гөрі қолбасшыға көбірек келетін. Алтын Орда хандарын улап немесе қанжар салып өлтірсе, қазақ хандары шайқас алаңында жан беретін. Осындай саясаттың арқасында Орыс ханның ұрпақтары моғол хандары мен шейбанидтерді жеңді. Қасым ханның кезінде Орыс ханның ұрпақтарын өзгелер «қазақ» деп атады, кейін олардың билігіндегі бүкіл халық осылай атанды.

1519 жылы Қасым хан батысқа аттанды. Ноғай бектері жанталаса қарсылық көрсетті, бірақ тізе бүгуге мәжбүр болды. 1520-21 жж-дың қысында Қасым Сарайшықта қайтыс болды.

Кландардың пайда болуы (Мамаш, Тайыр, Тоғым, Бұйдаш). Радик Темірғалиевқа бір разы болғаным, ол Қасым ханнан Хақназар ханға дейінгі аралықтағы оқиғаларды, ахуалды біршама толымды етіп түсіндіреді. Қазақ хандығының күшеюіне орасан қызмет еткен Қасым хан, билікті бір адамға тапсыруды, яғни мұрагер мәселесін шеше алмады. Ол көзінің тірісінде бауырларын өз ұлысында хан көтерілгені үшін жазалаған жоқ. Жаныш, Таныш, Үзек, Жәдіктер формальды түрде болса да хан атанды. Поляк автор Матвей Меховскийдің Қазақ хандығын «императоры жоқ орда» деп атауы осыдан болса керек. Қасым өлген соң хандықта билік үшін қырқыс басталды, іс жүзінде мемлекет бөлшектеніп кетті. Оңтүстік-шығыста Қасымның інісі Әдік сұлтанның ұлы Тайыр хан болды.

Әдіктің «Беш огул» атанған ұрпақтары басқарған бұл ұлыс Ұлы жүздің прообразы еді. Ноғай ордасымен шекарадағы ұлыста Қасымның ұлы Мамаш хан сайланды. Үшінші ұлысты Жәнібектің тағы бір ұлы Жәдіктің балалары басқарды. Мұндағы хан Тоғым еді. Бұл үшеуінен басқа қазақ жерінде тағы да ұсақ хандықтар болды. Қадырғали бек олардың басшыларын «шолақ хандар» деп атады. Яғни,  Мамаш, Тайыр, Тоғым хандар билікке бірінен кейін бірі келген жоқ. Олардың әрқайсысы бір мезгілде әр ұлыста хан атанды және бір-бірімен соғысты. Сол шайқастың бірінде Мамаш хан сауытына тұншығып өлді. Осыдан кейін Қасымның ұрпақтары біраз уақытқа саяси аренадан кетті. Осы кезде көптеген қазақ чингизидтері (солардың бірі Қасымның ұлы Хақназар) артындағы елімен ноғайлыға көшті, нәтижеде бұл кезең Ноғай ордасының аса күшейген шағы болды.

1523 жылы Тоғым Тайырды талқандап, соңғысы Жетісуға кетті. 1525 жылы ол Түркістан жанында Ташкент билеушісі Келді-Мұхамедтен жеңілді. Ақыр соңында жанындағы ел жалғыз тастап, Тоғымға көшіп кеткенде оны қырғыздар құтқарып қалды және оның билігін мойындады. Қырғызда чингизидтер, яғни өз династиясы жоқ еді. Осылайша, Тайыр мен оның мұрагерлерін қырғыз хандары деген дұрысырақ болады. 1532 жылы Тайыр өліп, орнына бауыры Бұйдаш хан көтерілді.

Осылайша Ақ Орданың басым бөлігінде билік Тоғымның қолына өтті. Ол Қазақ хандығын әскери жағынан әжептәуір күшейтті. Оның билігін бірнеше ойрат тайпасы мойындады. 1525 жылы Тоғым Хақназармен одақ құрған Едіге ұрпақтарына қарсы соғысты. Сосын екі шайқаста билеушісін күйреткен соң Ташкентті алды. Қазақ хандығының күшеюінен қорыққан ноғай бектері Мәуреннахр билеушісі және Моғол ханы Тоғымға қарсы одақ құрды. 1537 жылы болған соғыста қазақтар өте ауыр жеңіліске ұшырады. Шайқастардың бірінде Тоғым хан және 37 сұлтан қаза болды. «Орыс (Орыс ханның – Е.Ә.) жұрты тәңірді де, біздің сөзді де, өз уәдесін де ұмытып еді, соңында тәңірі бізге оны берді» деп жазды ноғай мырза Келмағамбет Мәскеуге.

 

Ержан Әбдіраман