«ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫН БИІК ҰСТАДЫҚ»
Қазақстан Республикасы Парламентінің сенаторы Б.С. Тұтқышевтің БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеп тұрған кезі. 14 қазан 2004 жыл, Нью-Йорк
Біздер, адамдар, өмір бойы екі қатерлі күшпен алысып, оны жеңе алмай келеді екенбіз. Оның біріншісі – өлім, біреуге ерте, біреуге кеш келіп жататыны бар. Пенде болған соң, одан адам баласы құтылмақ емес. Екіншісі – төңірегіңдегі сені қоршаған адамдардың пікірі. Сені құрдымға батыратын да, ұшпаққа шығаратын да осы, елдің сен туралы айтатын пікірі емес пе? Өз халқымды байлыққа кенелтсем, үлде мен бүлдеге орасам, не ішіп не жеймін деп уайымдамаса деп ойлаған ливияның патшасы Муаммар Каддафидей-ақ болар. Мейірбикелері мен бала тәрбиешілері он-он бес мың доллардан жалақы алған Ливияның халқы да сол астамшылықты көтере алмастан, сырттан айтақтаған ғайбат сөздерге еріп, өз патшаларының басын жұтты емес пе. «Арыстан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайдының» кері келіп, оның ескерткішіне дейін күл-талқан етіп, басын сым темірге байлап, сүйретіп бара жатқан жерлестерін теледидардан көріп, жағамызды ұстағанбыз. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген қазағым, неткен, данышпан екен-ау дестік. Ал сол араб түбегіндегі елдерде қазір, адам төзгісіз жағдайдың орнағанын сөзбен айтып жеткізе алмассың! Құдай мұндайды басқа бермесін! Десек те, біздің елімізде де қазірдің өзінде, көршісінің сыйыры өліп қалса қуанатындар жоқ деп айта аламыз ба? Қалай десек те, халықтың халық болмағы алдыңғы қатарда жол көрсетіп жүретін азаматтарында екені даусыз. Елді өсіру де, өшіру де солардың қолында. Қарапайым халық бәріне де сенеді, қайда жетелесең сонда жүреді.
Бір мысал келтірейін. Тәуелсіздік алған жылдарда ана тіліміздің тағдыры үлкен талқыға түсті. Тілімізге мемлекеттік мәртебе әперу үшін аянбай күрескен тіл жанашырлары, қоғам белсенділері көп еңбек сіңірді. Әйтсе де, солардың арасында, «өсекші адамдардан гөрі қызғаншақ, өркөкірек адамдар қауіпті» демекші, тіл жанашыры боп көрінемін деп, өзінің атағын шығару үшін талай кісінің сыртынан орынсыз сөз айтқандарды да көзіміз көрді.
Тәуелсіздіктің бастауында Парламент сенатының үш мәрте депутаты болған, қоғам қайраткері, кезінде талай адамды өлім аузынан алып қалған белгілі хирург Бексұлтан Тұтқышевты да осыдан он шақты жыл бұрын біреулердің қазақ тілінің қас жауы етіп көрсетіп, қазақ баспасөзінде жарияланған мақалаларын талай мәрте оқыған едік.
«Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады». Өзі қазақ бола тұра, ана тілінің мемлекеттік статусқа ие болғанына қарсы дауыс берген ол, қандай депутат екен деп қынжылғанымыз бар. Сырттан айтылған ғайбат сөздерге еріп, біз секілді, өз қазағын өзекке тепкендер де аз болған жоқ шығар?
Енді міне, сол бір адамды жақыннан танып-білуімізге өмірдің өзі септігін тигізіп, араласып-құраласып, құда-құдандалы болуға тағдыр қосып отыр. «Мың естігеннен бір көрген артық» дейді қазақ.
Қостанай өңірінде дүниеге келген, сол орысы қалың жерде қызмет ете жүріп туған елі мен жері, ана тілі үшін аянбай күрескен, бар күш-жігерін сарп еткен азаматтың Парламентте жүргенде де қазақ үшін, қазақ мемлекеті үшін талай мәрте отқа да, суға да түскен кездерін оның өзі жазған «Он үш жыл… және барша ғұмыр» деп аталатын деректі кітабынан оқып, қатты тебірендік.
«Көпте ақыл жоқ. Көптің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бір бұруға жарағандық – ерлік» депті данышпан Абай. Экс-сенатор Бексұлтан Тұтқышевтың аталған кітаптағы «Тәуелсіздік тұғырын биік ұстадық!» деп аталатын мақаласынан ана тіліміз туралы ойларын тебірене оқи оқып отырып, ұлы ақынның сөзінің растығына имандай сендік.
Құдиярбек АҒЫБАЕВ,
журналист
«Мен – қазақпын. Мен – ұлтшылмын. Тек, өз ұлтым үшін ғана емес. Мен – интернационалистпін де. Кейбір нацпаттар үшін ерегіскенде қайсыбір дәрежеде космополит болып та көрінермін. Кез-келген ұлттың, қандай жағдайда болмасын, пайда болатын шовинистік іс-әрекеттеріне жаным төзбейді.
Қостанай қаласында қазақ тілінде оқытатын Ы. Алтынсарин атындағы жалғыз ғана мектеп-интернат болды. Ал мен орыс мектебінде оқыдым. Н.Ш. Истекова (Хасанова), М.Г. Викторова, Г.П. Кувшинова, Л.Х. Бадамшина, профессор И.А. Серебровская, В.А. Цхай секілді әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын мектептегі, өмірдегі ондаған ұстаздарым менің білім алуыма, өмірден өз орнымды табуыма көмектесті. Олар маған кітап оқуды, үлкенді сыйлауды, кішіге, сырқат адамға көмектесуді үйретті. Мектебіме, мамандығыма, достарыма адал болуға баулыды. Басыма қиындық түскен кезде қол ұшын ұсынды, өмірде қол жеткен жетістігім болса бірге қуанды. Мен оларды қалайша ұмытамын?
Орыстың классикасын ұнаттым, сүйсініп оқыдым. Сол орыс тілі арқылы әлем әдебиетін таныдым. Дүние маған өз есігін айқара ашқандай болды.
Шынымды айтсам, менің қазақы түсінік-пайымым өте-мөте шектеулі еді. Мектепте оқыған Қазақ ССР тарихы оқулығында Қазан революциясына дейінгі халықтың өмірі тұтастай қараңғылықтан тұрмайды ма. Сауатсыз, надан, ауру-сырқау меңдеген, жойылып бара жатқан көшпенді елдің тарихы. Оқулықтағы қазақ ауылына айдалынып келген ақын Т. Шевченконың қылқаламынан туған «Дети – байгуши» деп аталатын сурет осы күнге дейін менің көз алдымда тұр. Арада сан жылдар өткен соң, қазақ халқының тең жарымына жуығының кеңес үкіметінің кезінде қолдан ұйымдастырылған аштықтың зардабынан қырылғанын білдік! Оның өзі бар-жоғы екі-үш жылдың ішінде. Ата-анамның, қонақтардың, туысқандарымның сөйлескен сөздерінен мен «аштық» деген сөзді жиі еститінмін. Кішкентай мен үшін бұл сөздер түсініксіз болатын. Дүкенде нан толып тұрған жоқ па? «Нанды тастама, еденге қиқымын түсірме, жинап ал…» Аштық үрейін бастан өткерген аға ұрпақтың қанына сіңіп кеткен ұғымдар еді бұл.
Қазақ өмірі – революцияға дейінгі және кейінгі деп бөлінді. Татар-моңғол билігінің шапқыншылығынан ауыр бейнетті бастан өткерген, жан-жаққа бытырап кеткен қазақтардың одан басқа тарихы болмағаны ма?.. Сонда, Кеңестер одағы бойынша жер көлемі жағынан екінші орын алатын Қазақ ССР-ін қайда қоямыз? Менің ата-бабаларым осынау шексіз даланы, таулар мен ормандарды қалай жаудан сақтап қалған?
Төменгі сыныпта оқып жүргенде-ақ қалалық кітапханадан қазақ және орыс тілдеріндегі жазылған қазақтың халық ертегілерін тауып алып оқыдым. Әрине, менің отбасылық әңгімеге ғана жарайтын ана тілімде қазақша әдебиеттерді түсініп оқу оңайға түскен жоқ. Қиналсам да, сан рет қайталап оқуға тырыстым.
Ұмытпасам, он-он екі жас шамасындағы кезім, әкем мені концертке ертіп апарды. Алғаш рет Роза Бағланованы өз көзіммен көріп, әнін тыңдадым. Ондағы алған әсерімді өмір бойы ұмыта алмаспын. Кейін әйгілі әншімен оншақты рет жүзбе жүз кездесіп, қайтыс боларынан бір жыл бұрын әнін де тыңдадым. Бірақ, қырық бес-елу жыл бұрын көрген оның жап-жас балғын да сұлу бейнесі менің есімде мәңгілік жатталынып қалды.
Мен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін құйқылжыта орындаған Жамал Омарованың дауысының ғажайып сұлу, ерекше тембірін ұмыта алмаймын. Бұл мені есімнен тандырды. Әншінің сұлу көркі, биік даусы, өлеңнің сөзі мен әнінің қабысуы бәрі-бәрі бір образды құрғандай. Ол – Отан деген ұғым еді. Осы күнге дейін, мен үшін, бүгіндері, әнұранға айналған бұл әнді ешкім де ол кісідей орындай алмайтын секілді көрінеді.
Әрине, ұлы жазушы М. Әуезовтың «Абай жолы» романы менің дүние танымымды түбегейлі өзгертті десем болады. Мен одан ең алдымен, ана тілімнің жұпар иісін, даламның жүзімді желпіген самалын сезіндім. Ес білгелі менде екі туған тіл болса, солардың әрқайсысына жаным ашитын. Әсіресе, өзімнің қазақ тілімді ойлағанда жанымды қоярға жер таппайтынмын. Өйткені, ол менің анамның тілі.
Кешегі кеңестік кезеңде сирек те болса қазақ интеллигенциясының кейбір өкілдері халықтың басынан өткерген трагедиясы, тарихы, қазақ тілі туралы өз ойларын ашық білдіріп жатты. Қазақ тілінің жойылып бара жатқандығына қарсы пікір айтқандарды олар «жат адамдар» санады. Бүгіндері қазақ тілінің «жан ашырларымыз» деп жүргендердің көбісі кешегі күндері москвалық, ресейлік ақын-жазушыларды, аудармашыларды біздің елге сүйрелеп жүргендердің қатарынан еді. Қайсыбір саяси қайраткерлеріміз күні кеше ғана Алма-Ата қаласындағы, облыс және аудан орталықтарындағы қазақ мектептерін өз қолдарымен жапқандар болатын. Бүгінде олар, бірден және тездетіп өздерін «патриоттар» қатарынан көрсеткілері келеді.
1992 жыл. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Мен Қостанай қалалық халық депутаттары кеңесінің депутатымын. Қалалық кеңестің кезектен тыс сессиясына Конституция жобасын талқылау туралы мәселе қойылды. Жергілікті баспасөзде талқылау басталып та кеткен. Сөз алған депутаттардың, кең көлемдегі эксперттердің сөйлеген сөздерінің негізгі лейтмотиві тек қана тіл төңірегіне кеп тіреледі. Басқа еш мәселе оларды толғандырмайтын секілді. Бәрінің айтатыны бір-ақ сөз – екі мемлекеттік тіл болсын!
Конституция жобасының Негізгі конституциялық құрылымында былай дегінген:
«Сегізінші: Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі боп саналады.
Орыс тілі халықаралық қатынас тілі боп саналады.
Мемлекет халықаралық қатынас тілі мен басқа да тілдердің қолданылу аясының сақталынуының, олардың еркін дамуының кепілі болады.
Мемлекеттік тіл мен халықаралық тілдерде сөйлей алмағаны үшін азаматтардың құқы мен еркін кемсітуге тыйым салынады».
Сессияның күн тәртібіне Конститутция жобасының осы 8 пункті негізгі мәселе ретінде қойылатыны түсінікті болды.
Қалалық кеңестегі 100 депутаттың жетеуі-ақ қазақ. Қалай алсаң да, аздың аты аз. Орысы көп аймақ болған соң, көп көптігін жасайды. Мен қалалық кеңес төрағасының орынбасарына өтініш жасадым: «Балға Садуович, тыңдашы! Мәжіліс түгелдей тіл мәселесі төңірегінде өтетін тәрізді. Жиналысты өзің жүргізесің, ал негізгі баяндаманы төраға В. Г. Семенова жасайды. Егер тіл мәселесі төңірегінде сөйлейтіндер көбейіп бара жатса үш-төрт адамнан кейін маған сөз берерсің!.».
Сессия басталып кетті. Зал іші адамға лық толы. Біз ойлағандай, В.Г. Семенованың баяндамасынан кейін де сөз алғандар тіл төңірегінен шыға алмады. Төрт-бес адамнан кейін қолымды көтеріп сөз сұрадым, сөйлеуге рұқсат сұрап, жазбаша өтінішімді президиумға жөнелттім. Бір жарым сағаттан соң үзіліс жариялады. Ызадан жарыла жаздап, президиумға атып шықтым. Сессия жұмысының біржақты өтіп жатқанына тоқтатқым келді. Конституция жобасында бұдан басқа да талқылауды қажет еткен сауалдар жеткілікті еді ғой.
Үзілістен соң маған бірінші боп сөз берді. Әрине, стенограммасы сақталмаған да болар, бірақ, күні бүгінге дейін сонда айтқан сөздерімнің барлығы да сөзбе сөз есімде.
«Құрметті депутаттар! Конституция жобасын талқылау айналып келгенде, бір ғана сұрақтың – мемлекеттік тілдің төңірегіне кеп ойысты. Сөз алғандардың барлығы Қазақстан Республикасында екі мемлекеттік тілдің болғанын талап етіп отыр.
Бұл жерде, менің, қазақ халқым, не үшін кінәлі болуы тиіс?!
Қазан революциясы мен коллективтендіру саясаты менің жүз мыңдаған қандастарымның өз отанынан жыраққа қаңғып кетуіне мәжбүр етті. Қытай, Ауғанстан, Түркия және басқа да елдердің далаларында олардың шашылып қалған сүйектері әлі күнге дейін үйіліп жатыр.
Ф. Голощекин патша семьясын түгелдей өз қолымен атып өлтірген соң, қазақ халқына келіп кірісті. Сонда, менің халқым не үшін кінәлі болды?! Ұлы орыс ақыны М. Лермонтов Ресейдегі данышпан А. Пушкин өлгенде оның қазасына қалай қайғырған еді:
И что за диво?.. издалёка,
Подобный сотням беглецов,
На ловлю счастья и чинов
Заброшен к нам по воле рока;
Смеясь, он дерзко презирал
Земли чужой язык и нравы;
Не мог щадить он нашей славы;
Не мог понять в сей миг кровавый,
На что́ он руку поднимал!..
Осындағы қанышерден оның қандай айырмашылығы бар?
Ол менің халқыма қол көтерді! Қолдан әдейі ұйымдастырылған аштықтан менің халқымның тең жарымына жуығы қырылды. Көптеген ауылдар қаңырап босап қалды.
Біздің интеллигенцияның қаймағы түгелге жуық атылды, Магадан, Колыма және басқа да алыс жерлерге «жапон шпионы» немесе «халық жауы» ретінде айдалды. Сонда, менің халқымның кінәсі не еді?!
Қазақстанға «халық жауы» ретінде жүздеген мың адамдар айдалынып келгенде қазақтар олармен соңғы бір үзім нанымен бөлісті. Соғыс жылдарында «аласталған» халықтарды эшолондардан күтіп алып, өзінің төрін ұсынған, менің, қазақ халқымның кінәсі не еді?!
Отанын, елін, әлемді фащизмнен қорғаған менің жүздеген мың қандастарымның сүйегі Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның, Еуропаның жерінде жатыр. Қаншама зобалаңды бастан өткерген менің қазақ халқымның саны 1897 жылғы көрсеткішіне жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарында әрең дегенде жетті.
Сонымен, біз не үшін кінәліміз, өз елімізде азшылық болғанымыз үшін бе? Әлде, шын мәнінде тілімізден айырыла жаздағанымыз үшін бе?
Әлсізге көмектесу деген бұрыннан бар, біздің халқымызда! Мемлекеттік тіл статусын алғанда ғана қазақ тілі аяғынан тік тұра алары сөзсіз. Ұлы орыс тілі сол, ұлы қалпында қала береді, өйткені оның артында Россия тұр! Сондықтан да, конституция жобасындағы бұл мәселені қазбалай беруді аяқтауларыңызды талап етемін! Бізде, басқа баптар бойынша да талқылайтын мәселелер, онсыз да жетерлік».
Бұл менің толқып та, әсерлене сөйлеген сөзім еді, көзімнен ыстық жастың қалай ытқып шыққанын сезбей де қалдым. Зал ішінде тыныштық орнады. Бұдан соң тіл мәселесі жөніндегі айтыс сап тыйылды.
Менің қазақтығым мен ұлтшылдығымның тигізген пайдасы – үнемі әділетсіз шешімдерге қарсы шығуды әдетке айналдырып алдым. Кейде «чужой среди своих, свой среди чужих» деп, орыстар айтпақшы, бұл мінезімнің өзіме таяқ та боп тиген де кездері болды.
Парламентте тіл туралы заң жобасы талқыланып жатты. Суперрадикалдар мемлекеттік тіл мәртебесін міндетті түрде тез арада көтеруді талап етті. Барлығын бірден қазақша сөйлету керек. Телевидение, радио, газеттер, іс қағаздары түгелге жуық мемлекеттік тілге көшірілсін: тыйым салу, міндеттеу, жазалау… Бұл, жалпы алғанда, тізеге салу еді… Бұл, олар үшін, бір сөзбен айтқанда, туған тілге деген патриоттық сезімін көрсете алатын «шайқас алаңына» айналды.
Менің ұсынысым өте қарапайым болды. Бюджеттегі тілдерді дамытуға бөлінген қаржының көлемі болмашы ғана. Дұрысы – аталған заңда бөлінген қаржының нақты санын атап көрсету керек. Республикалық бюджеттегі қаржының 0,5 – 1 пайызы тілдерді дамытуға бөлінсін. Бұл тіпті, ішкі жалпы өнімнің де пайыздары емес. Бұл қаражатқа қазақ тілін үйрететін түрлі бағдарламалар жасауға, төмен бағамен сөздіктер шығаруға болады. Телевидение, радио, облыстық және қалалық газеттерде мемлекеттік тілді үйрететін бағдарламаларды қаржыландырып, мектептердегі кітаптар мен оқулықтарды сатып алуға көмектесер еді. Компьютерлік «тегін оқыту» бағдарламаларын ашуға неге болмайды?.. Өзінің туған тілін білмейтін тек, қазақтар ғана ма? Басқа ұлт өкілдері де жетіп артылады. Ендеше, соларға мемлекеттік тілді және өзінің туған тілін үйренгені үшін қаржылай көмек көрсетейік. Өз тілінен ажырап қалғаны үшін олар кінәлі емес қой.
Үкімет қашанғы өзінің әдетіне басып «жоқ!» деп қарсылық білдіргені сол-ақ екен, жаңағы патриотсымақтардың бірде-бірі сөз сұрап, қолдау танытқаны былай тұрсын, дауыс беру тетігін басып та ықылас білдірмеді. Қандай да бір ірі компаниялардың телевидениедегі қайырымдылық акцияларымен немесе күштеп болса да тіл жөніндегі сабақты оқытып, үйретіп, нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес екенін бәрі де түсінетін. Бұл пікірсайыстардың стеннограммаларын әлі де көтеріп қарауға болады.
Күні бүгінгі дейін Парламенттегі заң жобаларының дені негізінен, орыс тілінде жазылып, сосын барып қазақшаға аударылатынын бәрі де біледі. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Дегенмен, заң құқығы, экономика саласында бірен-саран биллингвист-мамандар шығып, заң жобаларын қазақ тілінде жазуды бастап жатқандар да бар.
Депутаттар парламенттегі талқыланатын заң жобаларын екі тілде оқып танысуға міндетті. Мәселен, Сенат депутаты А. Машани мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндердің сәйкес келмейтінін, бірдей еместігін жиі тауып, көрсетіп отыратын. Заңдардың түпнұсқасына қатысты жұмыс жасайтын депутаттар қос палатада да бірен-саран еді де, олар көбінесе жанашырлықпен ғана қол ұшын беретін.
Егер 90 жылдардағы (сол кезеңдегі түпнұсқа бойынша) парламент қабылдаған заңдарды алып қарасақ, глоссариидегі негізгі түсініктердің алфавит ретімен орыс мәтінінде бір ізге жүйеленгенін байқар едік. Ал заңның қазақша глоссарииінің нұсқасында болса заңның «негізгі түсініктері» сол орыс тіліндегі жүйемен қойылған болатын. Сондықтан да, «Құқықтық актілер нормативі» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу кезінде глоссарииді қазақ тіліндегі алфавиттік ретпен жүйелеу жөніндегі түзету енгізу туралы менің ұсынысым қабылданды. Мұндай оқиғаларды айта берсек көп-ақ.
Нағыз патриотизм және жалған патриотизм деген ұғымдар бар. Парламент мәжілістеріндегі сөйлеген менің сөздеріме қатысты қазақтілді прессаның қандай шу көтергені есімде. Қазақ тілінің «нағыз патриоттары» Сайлау туралы, Парламент және депутаттардың мәртебесі туралы конституциялық заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талқылап жатқанда өздерінің толықтыруларын енгізу жайында ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс бойынша парламент және маслихат депутаттығына кандидаттар мемлекеттік тілді білетіндігі жөнінде емтихан тапсыруға міндетті болуы тиіс еді.
Аталған өзгертуге байланысты қарсылық білдірген менің сөздерімді олар тіпті, қазақ тілі мен оның мәртебесіне жау санағандай қабылдады. Жауды жақынннан іздеу қанымызда бар. Парламент мәжілісіне жұрт көп қатыса бермейді. Парламенттің аккредитациясына тіркелген журналистер болса көбіне өздеріне ақы төлейтін, жұмыс істеп жүрген басылымның көзғарасына сай немесе өз білгенімен жазады.
Мен бар болғаны аталған өзгертудің еліміздің Конституциясының 14 бабына қарсы шығып, тілдік белгілеріне қарай дискриминация жасау болатынын айттым. Демек, парламент пен маслихат шын мәнінде моноұлттық, қазақтар үшін ғана болып шығады. Бұны да факты деп есептемейік. Дәл қазіргі кезде біз секілді, «шала қазақ» деп атап жүрген көпшілік адамдар да әртүрлі деңгейде депутат бола алмайды. Ал анығына келгенде, парламент пен маслихат Ғылым Академиясы мен Тілдер институтының филиалы емес қой. Мұнда экономика, юриспруденция… секілді заң предметтері білімі бірінші орында тұруы тиіс.
Белсенділер тез арада «өзгеріп», жаңа ұсынысын енгізді. Енді, олар, мемлекеттік тілді білетіндігі жөнінде тек, қазақ ұлтынан депутаттыққа үміткерлер ғана емтихан тапсырсын деді. Мен тағы да қарсы болдым. Бұл да Ата Заңымыздың 14-бабын тікелей бұзу. Енді бұл дегеніңіз, қазақ үміткерлердің депутаттық орынға құқығын шектеу болып табылады. Басқа ұлт өкілдері аталған мұндай процедурадан өтпейді де, басымдыққа ие боп шыға келеді.
Міне, осы жерде менің атыма патриоттық сезімі төмен, қазақтарға қарсы деген секілді айыптаулар қарша борады. Тіпті, «халық жауын» көргендей десем де болады. Енді мен аталған өзгертуге біржолата қарсылық таныттым. Бұл ережені енгізу мемлекеттен қосымша қаржылық шығындарды бөлуді талап етеді.
Әдетте сайлау барысы кезеңінде маслихатқа депутаттық орынға он мыңға дейін адам үміткер болып жатады. Парламенттегі депутаттыққа кандидат талапкердің орнына кемі екі-үш немесе одан да көп. Президенттік орынға үш-бес үміткер. Бірақ, соңғы жағдайда Конституциялық норма бар, президент қазақ тілін терең білуі керек. Бұл түсінікті де. Сіз бен біз президенттік орынға үміткерлердің қалайша қазақ тілінде сөйлеп, ән салып, оқығанын көрдік. Бұл «емтихандардың» сапалық деңгейінің қандай болғанын, қалай өткенін жақсы білеміз.
Ал енді, мемлекеттік тілді білетіндігі жөнінде емтихан комиссиясы жүйесін бүкіл еліміз бойынша құру туралы бір минутқа болсын ойлап көрейікші. Соншама емтихан қабылдаушыларды қайдан табамыз? Бұлайша етер болсақ, кез-келген талапкерді сайлау марафонынан құлатып жіберу оңайға түспей ме. Егер мектептердегі құқық қорғау және басқа да түрлі құрылымдық органдардың бақылауымен өтетін ҰБТ-ны тапсыру кезінде қаншалықты кемшіліктерге жол беріліп жатса, «депутаттық» емтихандардың қалай өткізілетінін елестетудің өзі қиын. Жергілікті жерден «қазақ тілін ойдағыдай меңгерген» деген сықылды бір жапырақ анықтаманы алу олар үшін түк те қиынға соқпас еді.
Баспасөзде, олардың түсініктемелерінде болсын мұндай дәлелдемелер ашық айтылған жоқ. Бұл өзгертулер заңға енгізілмей қалды. Есесіне, олар, Тұтқышевты қазақ тіліне қарсы шықты деп орынсыз даурықты. Негізінен, мен заң бойынша шындықты айттым, әрбір атқарылатын іс-шараның Ата Заңымыздың аясында жүзеге асқанын қаладым. Сонда ғана ол өміршең болмақ. Парасатты ойлайтын депутат әріптестерімнің бәрі де мені бірауыздан қолдады, бірақ, «қазақ тілінің жауы» деген сөзден көңілде дық қалғаны рас.
Әрине, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге кімдердің қандай жағдайда, қалайша және қаншалықты үлес қосқаны туралы ұзақ та көңіл зеріктірер әңгімелерді айта беруге болар. Ең бастысы, бүгіндері күштеп немесе мәжбүрлеусіз-ақ біздің азаматтарымыздың тілге деген асқан қызығушылығы оянды. Бұндай қызығушылық – кешегі көшпенділер өркениеті өмір кешкен ғасырлар қойнауынан аман жеткен қазақ халқының терең тарихына, дүниетанымына, кемеңгерлігіне, лирикасы мен музыкасына, мәдениетіне деген қызығушылықтан туындағаны анық еді.
Мен – Қазақпын. Ең бастысы – Адаммын».
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.