Жаңа ғасыр – ғасыры білімдінің

Жаңа ғасыр – ғасыры білімдінің

 

Мәңгілік санамызда қалатын еліміздің ержүрек батырлары талай жылдар басын тау мен тасқа ұрып, тар жол тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы, келер ұрпақтың, яғни біздің, бақытты ғұмырымыз үшін аянбай күресіп табандылықтың, асқан қайсарлықтың, шыдамдылық пен беріктіктің  арқасында бізге ұлы – байтақ жерімізді мұра етіп қалдырды. Бұрынғының батырлары ақ найзаның ұшымен жерін қорғауға аттанғанда, өздерінің қамын ойлап емес, артымда қалған халқымның жағдайы не болар екен? – деген үлкен батылдықпен аттанатын болған.  Барлық саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған бес арыс, ұлы Отан соғысында елім деп жанын пида еткен оттай жалындаған желтоқсан қаһармандарының есімдерін осы күнге дейін есімізде сақтап келеміз. Бүгінгі еркін өмір сүруіміз айта берсе жалғаса берер елінің асыл ұландары, асқақ рухты азаматтарының ерен ерлігінің арқасы деп білемін.

«Адамзат баласының алдында үш айғақты зор міндет тұр: бірі – бейбітшілікті, екіншісі – руханиятты, үшіншісі – табиғатты қорғау һәм сақтап қалу. Бұлардың қай – қайсысы да біздің тіршілігіміздің басты бағдары. Бір -бірін толықтыратын ұғымдар. Осы үш бастауға Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің болашағы байлаулы» деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы, адамзат баласының өмір сүруіне қажет деп танитын осы үш фактор. Мұның ішінде, әсіресе «руханият» ең маңыздысы. Себебі, адам баласы рухани азықсыз өмір сүре алмайды. Жалпы, әлемдегі кез – келген халықты алып қарасақ та ең алдымен тәлім – тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді, болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азық сіңіруге тырысады. Өйткені тәлім – тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше.

Кез – келген адамды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ең бірінші – ата – ана тәрбиесіболса, екінші – ұстаздардың тәлімі болған еді. Ал өзіңді – өзің отансүйгіштікке тәрбиелегендегі тірегің ол – кітап. Осы құдіреті күшті кітап арқылы біз өзімізді патриот болуға тәрбиелей аламыз. Қаншама ақын-жырау, жазушылар тек батырлардың жасаған ерліктерін айтып қана қойған жоқ, сонымен қатар болашақ ұрпаққа елін сүюге тәрбиелейтін өшпес мұра қалдырып кетті. Хәкім Абай адамзатты сынай отырып, олардың асыл қасиеттерін шыңдауға, жаман қасиеттерді өшіруге тырысты. Оның айтуынша, мал жинау, дүниеқоңыздық надандықтың белгісі, адам баласы керісінше еліне, жеріне пайда әкелетін пайдалы іспен шұғылдану керек,  Неге барлығымызға осылай істемеске? Неге барлығымызға білімге ұмтылмасқа? Осы сұрақтарды өзіме қойып, әлі күнге дейін Абайдың өлеңдерімен, қара сөздерімен сусындап келемін. Осы Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның шығармаларымен қатар қазіргі заманның М. Шаханов сынды ақиық ақындары мен Ә. Кекілбаевтай кемеңгер жазушылардың шығармаларын оқып өскен ұрпақ өз елінің қорғаны, нағыз патриоты болатынына сенімдіміз.

Халқымыз аман, жұртымыз тыныш, бейбіт кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанның  жиырма  бес  жылдық ғұмырына көз салсақ, ауыз толтыра айтарлықтай, көкірегіңді мақтаныш сезімі кернеп еске аларлықтай жеткен жетістіктері, асқан асулары мен бағындырған белестері көп. Бүгінгі Қазақстан Астанасын бас қала етіп, дамыған  мәдениет пен экономиканың, білім мен ғылымның орталығына айналдырып, елінің тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, дүниежүзіне танытуға күш салуда. Бұған мемлекетіміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық қауымдастықтарға мүше болып дүние жүзі елдерімен тығыз байланыс орнатуы және осы жолда атқарып жатқан қыруар істері дәлел бола алады. Спорт саласында да қаншама жас буын ержүректігімен, батырлығымен елімізді әлемге танытып отыр. Олардың арқасында қаншама рет мінбелерден әнұран шырқалып, көк туымыз жоғарыда желбіреген болатын. Әнұран айтылып бастаған сәтте, қолымызды жүрегімізге апарып қойған кезде қуаныштан жүрегіңнің қаншалықты жылдам соққанын сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар!

Алдыға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Абай атамыз айтқандай, бүгінгі жастардың дүниенің кетігін тауып, қалануды көздеу, қоғамдық өмірден қол үзбей, өз елін сүюге, өз елінің тұрмыс – тіршілігін, салт – санасын, әдет – ғұрпын білуге тәрбиелеу – нарықтық кезеңде маңызы жоғары тұрған зор міндеттердің бірі деп есептеймін. Жастардың бойында мәдениетімізге, қазақи барлық құндылықтарымызға, иманымызға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, оларды құрметтеуге тәрбиелесек, еліміздің рухани байлығын сақтап қала аламыз. Сондықтан да, мына біз, жастар бірімізді біріміз бауыр тұтып, егеменді елімізді сүйіп, отбасымызды сүйіп, жүрегімізді мейірімге суарып, көңілімізді адалдықпен ақтап, салт – дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, теңдесі жоқ Тәуелсіздігімізді сақтап қалуға бүгіннен бастап жұмыла еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. «Мемлекеттің дамуы мен гүлденуі үшін басты ұлттық басылымдылықтар – бейбітшілік, тұрақтылық пен келісімнің  төңірегінде  топтасуымыз керек. Оларсыз ешқандай мәселені шешу мүмкін емес», деп мәлім етті – мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Еліміз тату болып, бірілігіміз жарасқан  ел болсақ, мемлекетіміз тыныш өмір сүреді. Бүгінгі күнімізді  ғана ойламай, әрқашанда ертеңімізді ойлап, еліміздің ахуалын түзетуіміз керек. Әрине, қазір де мемлекетіміздің ахуалы жаман емес. Бірақ, одан әрі гүлдендіріп, жаңарту біздің қолымызда. Ата – бабадан қалған көне жәдігерлерді бүгінгі ұрпақ дәріптеп, оны кейінгі ұрпаққа бүтіндей жеткізетінімізге, мәңгілік жасайтынымызға  сенеміз.

Біз балалық шағымыздан кішіпейілділік, қайырымдылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, әр істі тиянақтылықпен орындап, жауапкершілікпен қарау, үлкендерді сыйлау, тағы да осы секілді асыл қасиеттерді бойымызға жиып, тиімді жұмыс жасай білуге дағдыланамыз. Еліме септігін тигізетін азамат болсам екен деп армандамайтын адам кем де кем шығар. Сол арманның алғашқы қадамдарының бірі жоғары оқу орнын тәмамдау.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінде білім алып жатқан студенттердің де болашақта еліміздің дамуына өз үлесін қосатыныма сенімдіміз. Себебі, осы оқу орны қабырғасында жүргізілетін іс шаралар жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке баулиды. Білімді, тәрбиелі, иманды, адамгершілігі мол жастарды тәрбиелеуді қолға алған  жастардың елін, жерін, мәңгі сүйіп, қорғап өтері хақ. Мұндағы  жастар ана тілімізді жетік меңгеріп қана қоймай, қытай, жапон, араб сияқты шығыс елдерінің тілін де терең меңгеруді, сол арқылы еліміздің тарихын танып, болашағын көркейтуді мақсат етеді. Әрқайсысы еліміз үшін, жеріміз үшін аянбай тер төгіп, еңбек етуге даяр. «Елге деген сатқындық ең алдымен оның болашағына сенбеуден басталады» деген екен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Еліміз, халқымыз, елбасшымыз бізге, жастарға  сенеді, ал біз өз болашағымызға сенейік, достар. Еліміздің болашағы елін сүйетін азаматтардың қолында екенін жақсы білеміз. Тұғырың биік, мәртебең асқақ, бақытың мәңгілік болсын деймін, менің сүйікті Отанымыз − Қазақстаным! Мәңгілік жаса, Қазақ елі!

 

Жолдыбай Ләззат

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шығыстану факультетінің студенті

Қойбақова Айжан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шығыстану факультетінің аға оқытушысы