«Ағады шалқып, аққулары қалқып…»

                «Ағады шалқып, аққулары қалқып…»

amir-%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82-003

Ақ Жайық – еркелей аққан Еділдің кербез сыңары. «Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген. Таудағы тарлан шұбар біз едік» деп Махамбет жырына, «Ағады шалқып, Аққулары қалқып, Еділ мен Жайық!» деп Ілия Жақанов сырлы әніне арқау еткен сұлу өзен Орал тауының оңтңстік сілемдерінен бастау алып, қарт Каспиидің қазақ даласындағы бөлігіне құяды.

Ресейдің Башқұртстан аймағы, Челябі, Орынбор, Қазақстанның Атырау, Батыс Қазақстан облыстары аумағын басып өтетін Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 2428 шақырым, су жиналатын алабының ауданы 237 мың шаршы шақырым, ал Қазақстан жеріндегі ұзындығы 1084 шақырымды құрайды. Өзен Оңтүстік Оралдың шығыс беткейін бойлай тар аңғармен ағып, Верхнеуральск қаласынан төмен қарай жазықпен ағады. Өзен бойында Ресейдің Верхнеуральск, Магнитогорск, Орск, Новотроицк, Орынбор қалалары, сондай-ақ Қазақстанның Орал, Атырау қалалары орналасқан. Еуропа мен Азияның шартты шекарасы осы өзеннің бойымен өтеді.

Ресей жеріндегі Орск қаласына дейінгі бөлігінде Жайыққа оң жағынан Таналық, сол жағынан Орсалары құяды. Орск қаласынан төменде өзен батысқа бұрылып, Губерли шатқалымен (ұзындығы 45 шақырым) өтеді. Жазық даламен ағатын тұсында сол жағынан Елек өзені құяды. Ал оң жағынан Кіші Қызыл, Үлкен Қызыл, Сақмар, Таналық, Шаған, сол жағынан Шыңғырлау (Утва), Губейка, Үлкен Қараған, Сүйіндік, Қомақ, Ор, Елек, Барбастау салалары қосылып, Орал қаласынан төменгі бөлігінде Жайықтың аңғары тағы да кеңейіп, жайылмасы тармақталады. Қаладан өткеннен кейін өзенге Көшім бөгені салынып, Жайық-Көшім суғару-суландыру жүйесі тартылған.

Жайық көбіне қар суымен (80 пайызы) толығады. Су тасу кезінде орта ағысы тұсында арнасы 10 шақырымға, ал атырауында бірнеше ондаған шақырымға дейін жайылады. Өзен жоғарғы ағысында – қарашаның басында, орта, төменгі бөлігінде қарашаның аяғында қатып, мқзының еруі төменгі бөлігінде наурыздың аяғында басталып, жоғарғы бөлігінде сәуірдің ортасына дейін созылады.

Балық шаруашылығын тұрақты кәсіп еткен балықшылар үшін Жайық –  баға жетпес шикізат көзі. Аймақтағы табиғи факторлар жиынтығы сәуір мен шілде айлары аралығында балық өсіруді жоғары деңгейде дамытуға қолайлы жағдайлар туғызады. Өзенде балықтың 38-ден астам түрі: бекіре тәрізділер, майшабақтар, шортантәрізділер, тұқытәрізділер және басқалары кездеседі. Жайықтың бекіресі, шоқыры мен көксеркесі, сазаны мен жайыны үлкен сұранысқа ие. Қазіргі кезде Жайық өзені Каспий алабындағы бекіре балықтың табиғи кең уылдырық қоры сақталған жалғыз өзен екенін айтпай кетуге болмас.

Жаздың соңы, күздің басында, нақтырақ айтсақ, 15 тамыз бен 15 қараша аралығында Жайық өзеніндегі балықтар балықшаруашылық шұңқырларына қарай жылыстай бастайды. Ал мамыр айынан шілдеге дейін балық шабақтарының уылдырықтайтын және өсетін орнынан өзеннің сағалық кеңестігіне жылыстау үдерісі жүреді.

Жайық өзенінін жайылмасы мен аңғарлары Батыс Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігінің интроаймақтық орталығы болып табылады. Дала мен шөлейт ланшафттың біртекті төсегі Жайық аңғарының кіретін жайылма ормандарының жасыл желегімен алмасады. Жайықтың жайылма ормандарында көбіне емен, қара ағаш, ақтерек, қайың, шегіршін ағаштары өседі. Тіршілік ортасының жағдайына қарай бұл ормандардан ағаштың өзге түрлерін де кезіктіруге болады. Жайылмалардың солтүстік бөлігінде көктеректер мен аққайындар таралады, сондай-ақ, шағын тоғайлар көп. Жер бедерінің биіктеу жерлерінде, жағалаулардың өнбойы мен ескі арнасында қара терек пе ақ терек тоғайлары жайқалады. Орман ағаштарының осы екі түрі барлық орман алқаптарының 50 пайызын құрайды.

Ақ Жайықтың бойы жануарлар дүниесінің байлығымен де мәшһүр. Өзен жайылмасында бұлан, елік, жабайы қабан, қоян, түлкі, тіпті орман сусары мен сілеусіндерді кездестіруге болады. Жайықтың солтүстік бөлігінде кәмшаттар мекендейтін үйшіктер мен жасанды бөгеттер көзге жиі шалынады. Өзен маңы қанаттылардың да құтты мекені. Жайылмалық ормандарда саршымшықтар, сайрақтар, шыбынқырғыштар, тоқылдақтар, мысықторғайлар, бақтар мен қамыстарды сұлыкештер, ормандарды жадырақтар, құрлар, бөденелер, байғыздар және т.б мекендейді.

Айрықша биологиялық әртүрлілікті, қызыл кітаптық және сирек түрлерді сақтап және қайта қалыпқа келтіру мақсатында Батыс Қазақстан облысы аумағының Жайық өзені аңғарында Кирсанов және Бударин қорықшалары құрылған. Жер көлемі 80 мың гектарға таяу Бударин зоологиялық қорықшасы бұлан, елік, қабан, құндыз, ондатра, қоян және басқа жануарларды сақтау және көбейту үшін таптырмайтын мекен. Қорықшада омыртқалы жануарлар дүниесінен құстардың 56 түрі, сүтқоректілердің 21 түрі, 6 түрлі бауырымен жорғалаушы, амфибияның 4 түрі және балықтың 9 түрі бар. Ал Кирсанов кешенді қорықшасы кәмшатты жерсіндіру және елік, бұлан сынды жануарлардың санын көбейтуге нағыз жұмақ. Қорықша территориясының өзен жайылмасында далалы Орал өңірінің тамаша табиғи кешені әсем емен мен ақтерек ормандары сақталған. Бұл жерде, Батыс Қазақстанда тек осында кездесетін, сиреп бара жатқан өсімдіктері мен жануарларына өте қолайлы жағдай жасалған. Кирсанов кешенді қорықшасы аумағында елімізде өте сирек кездесетін сәлемшөп, аюбалдырған, шерменгүл, қоңырауша, субидайық, қабыржық, қара мойыл өседі.

amir-%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82-007amir-%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82-008

Ақ Жайық дегенде, айтылар әңгіме сарқылған емес. Бұл қасиетті өзеннің жағасында Қыз Жібек балғын шағын өткізгенін, Төлеген сүйіктісіне осы өзенді кесіп өтіп жетенін былайғы жұрт аңыз ғып айтысады. Жайықтың суына Махамбет пен Исатай әскері аттарын суарғанын, ержүрек ерлер осы өзен үшін жан алысып, жан беріскенін де бүгінгі ұрпақ тағылымды тарих беттерінен оқып жүр. Ақ Жайықтың жағасында Алашорда үкіметінің негізін салушылар, Алаш арыстары Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер дүниеге келген. Қазақтың азаттығы үшін күрескен атпал азаматтардың балалық шағы осы өзеннің бойында өткен. Осы өзенді кесіп өтіп Бату хан айбынды қыпшақ әскерімен Русьті жаулап алды, Еуропаның төрінде атой салды. Кеңес империясының отаршылдығына қарсы аянбай күрескен Мұстафа Шоқай да Жайықтың бойымен шетел асты. Осы өзеннің жағасында толғауын шегіне жеткізіп, Құрманғазы құдіретті күйлерін шығарды. Қазақтың біртуар ұлы Әлкей Марғұлан да Жайыққа малтып жүріп, Сарайшықты зерттеді. Ақ Жайықтың қазақ үшін қастерлі болатыны содан.

 

 amir-3

                                                                                     Анар Бауыржанқызы