УЛЫ ХИМИКАТ – ҰЛТТЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ
Өсімдіктерді қорғау – нақтырақ айтар болсақ, адамзатты қорғау боп табылады. Өйткені, өсімдік – біздің қорегіміз. Онсыз өмір жоқ. Сол өсімдіктерді біз түрлі зиянкестерден, арам шөптер мен аурулардан қалай қорғаймыз, химикаттарды, биопрепараттарды, пайдалы насекомдар мен феромонды ұстағыштарды дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Біздің ұлтымыздың және еліміздің қауіпсіздігінің өзі, шындап келгенде, осыған тіреліп тұрған жоқ па? Елімізде, бұл салада қандай істер атқарылып жатыр?
Жақында, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, профессор, атақты биолог Абай Оразұлы Сағитовтың «Вижить и приспособиться. Биологи в поисках истины» деп аталатын кітабын ақтарып отырып, жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына заман талабына сай инновациялық тәсілдерді қолдануда, оны дамыту барысында жіберіп жатқан орны толмас олқылықтарымызды оқып-біліп, жағамды ұстадым. Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты агро өндірістік кешеннің мемлекеттік инспекциясы өз міндетін дұрыс атқара алмай отыр. Академик Абай Оразұлы Сағитовтың айтуынша, «ведомства ең арзан улы химикаттарды қоймаларға лық толтырып, арзан бағаға сатып алумен және оны пайдаланумен ғана айналысады. Бұл улы химикаттардың тиімсіздігі өз алдына, бүгін, болмаса, күні ертең-ақ оларды жою үшін қыруар қаражат керек болады. Мысалы, кешегі кеңестік кезеңдерде колхоздар мен совхоздарда, олардың әрбір бөлімшелерінде химиялық заттарды сақтайтын қоймалардың болғанын білеміз. Бұндай қирап жатқан қоймалар ауылдарда әлі күнге дейін бар. Дуст ДДТ секілді хлорорганикалық препараттар топыраққа сіңбейді. Оларды жою үшін 800-1000 градус температурадағы плазмалық пештер керек. Бұл жұмыстар Ауылшаруашылығы министрлігінің бағдарламасында бұрыннан бар болғанымен қашан жүзеге асыратыны белгісіз. Қазіргі кезде бір Балхаш көлінің астында ғана өсімдіктерді өңдеу кезінде топырақ пен су арқылы ағып жеткен қаншама улы химикаттардың терең қатпары жатыр».
Тарихта улы химикаттармен өңделген өсімдіктерді пайдалану арқылы адамдардың денсаулығы қаншалықты зардап шегетініне көз салайықшы. 1970 жылдары Еуропаңыздың өзінде осы улы химикаттарды белсенді түрде пайдаланған екен. Соның нәтижесінде, әйелдердің 85 пайызы бедеулікке ұшыраса, ер азаматтардың 80 пайызынан астамының белсіздікке ұрынып, Ү- хромосомы (жыныстық хромосом) жұмыс істемейтіні зерттеу арқылы дәлелденген. Міне, бүгіндері Еуропа мен батыс елдеріндегі некенің азаюы мен тұрақсыздығының салдарын осыдан-ақ байқай беріңіз.
- Бүгінде Еуропа, Америка, Австралия елдері улы химикатқа деген
көзғарастарын түбегейлі өзгерткен, – дейді академик Абай Оразұлы Сағитов. – Оны айтасыз, Африканың өзі бізден 50 жылға алға кетті десек те болады. Олар өз территорияларының 60 пайызында пайдалы насекомдардың биологиялық агенттерін өсіріп, оны жерді өңдеудің органикалық бағытын таңдаған әлемнің көптеген елдеріне жөнелтіп отырады. Қазір Қытай да осындай органикалық өңдеуге көшуде. Осы елдің шығысында үш миллион гектар жерге жүгері алқабы егілген. Бұл жердің барлығы дерлік, қазіргі кезде, улы химикатсыз, тек, пайдалы насекомдарды қолдану – био тәсілі арқылы өңделеді. Ал, өздеріндегі «қажетсіз боп қалған» улы химикаттарды Америка мен Қытай қазіргі кезде Қазақстанға жөнелтуде. Атап айтар болсақ, кадмияның нормадан мыңдаған есе артық мөлшері Қытайдан бізге Ертіс пен Іле өзені арқылы да келеді. Кадмий – өздеріңіз білесіздер, қорғасын тобына жататын ауыр металл.
Академик, атақты ғалым, биолог Абай Оразұлы Сағитовтың бұл жан айқайын біздің халық, турасын айтқанда, біздің билік басындағылар түсіне алар ма? Оны түсіну соншалықты қиын да емес. Базарға барып, еттен бастап, қызанақ, қияр немесе қауын-қарбыз, тіпті, алма мен өрік, шие мен шабдалы сатып алудан да қорқамыз. Дәл бүгін, осы улы химикаттар дегеніңіз – біз үшін, ұлттық трагедияға айналып тұр. Бұл – халқымыздың тамақтануы, ішіп-жемімен бірге араласып кетті. Өйткені, тағам мен ден саулық индексі тікелей бір-бірімен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Ашығын айтқанда, бұл улы химикаттар – пестицидтерді – көзге көрінбей жарылып жатқан минамен теңесек те болады. Зиянды химикаттар біздің организмімізге тамақпен қоса ауа арқылы да тарап жатыр. Оның айқын бір дәлелі – Оңтүстік Қазақстан облысының мақта алқаптарында мамырдан тамыз айына дейін интенсивті түрде ауадан ұшақ арқылы себілетін улы химикаттарды айтсақ та жеткілікті. Топыраққа түскен пестицид өсімдіктер арқылы, малға, одан жеген ет арқылы адамдарға зиян келтіреді.
Улы химикаттарға мемлекет жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Биолог ғалым Абай Сағитовтың айтуынша, бүгінде әлемнің озық елдерінде осынау ескі жүйеден саналы түрде бас тартуда екен. Әлем жер өңдеудің органикалық- биологиялық тәсіліне біржола көшіп жатқанда біздің атқамінерлеріміз бен билік басындағылар баяғы ескі сарынынан айырылар емес. Ғалымдарымыз ұсынып отырған тың бастамаларға – биологиялық тәсілдерге шамалап қаржы бөлгенше, ескі жүйемен миллиардтарды пестицидтерге жұмсағанды орынды санайды екен. Өйткені, олардың оны өздерінің бизнесі мен оңтайлы, жасырын табыс көзіне айналдырғаны көрініп тұр.
Келешек ұрпақ біздің елімізге осыншама улы химикаттарды алдыртқан ата-бабаларына лағнет айтып, кімдердің рұхсат бергенін сұрайтын күн туа ма деп қатты алаңдаймын. Есіме, Мұса пайғамбардың: «Адамдар көре тұрып көрмейтін, тыңдап тұрып естімейтін уақыт келеді» деген сөзі түседі де, көрегендігіне таң қаламын. Қазір, көп адам өзін өзі жақсы көретін, пайданы ғана көздейтін заман болды. Өзінікін ғана дұрыс санайды.
Алла Тағалам, қазағыма жар бола гөр! Оның аспанын ашық етіп, кең байтақ жерін сақтай гөр!
Құдиярбек АҒЫБАЕВ
Алматы қаласы.