“АЛТЫН ҚОРДЫ” САҚТАП ҚАЛҒАН ЕДІК

 

                                                   Құдиярбек АҒЫБАЕВ

“АЛТЫН ҚОРДЫ”   САҚТАП ҚАЛҒАН ЕДІК

(Күнделік дәптерден)

Изображение 103

 

1995 жылы Қазақстан телерадио компаниясының Президенті, жазушы Әшірбек Көпішев еді. Ол кезде мен Қазақ радиосы Бас директорының бірінші орынбасарымын. Кабинетте жалғыз отыр едім, корпорацияның хатшы қызы ішкі телефонмен қоңырау шалып, тез арада президентке келуімді жеткізді. Бас директорым Қуаныш Орманов орнында болмаған соң, тығыз бір жұмыс болып қалған шығар деп, төртінші қабатқа көтерілдім. Корпорация Президенті кабинетінде Ә.Көпішев жалғыз отыр екен. Жүзі әлденеге мазасызданып тұрғандай көрінді. Әдетте, жалғыздан-жалғыз қабылдай бермейтін оның бұл тірлігіне өзім де қуыстанып, табалдырықтан аттай бере ішке кіруге рұқсат сұрауым сол-ақ екен, ол әлдебір қағаздарға шұқшиып отырған басын жоғары көтерісімен:

– Кел, мұнда жаныма келіп отыр, – деп  дәл қарсы алдындағы орындықты нұсқады.

– Сен, мынаны айтшы!  Қазақ радиосының “Алтын қорында” неше ән мұрамыз сақталған.  Оның күнделікті қолданысқа пайдаланатынымыз бен ешкімнің қол сұғуына қақысы жоқ нұсқаларын сақтау қандай тәртіппен жүргізілуде? Жалпы, “Алтын қорға” сен тікелей, көркемдік кеңестің төрағасы болған соң, өзіңмен ақылдасып шешетін бір үлкен мәселе боп тұр, – деді ол.

“Алтын қорда” сақталған жүз мыңға жуық ән мен күйдің  жазылған үнтаспасын, ол турасында іште жинақталған, айта алмай жүрген  мұң-зарымды он бес минуттай армансыз ақтардым. Моно, стерео түрінде ескі үнтаспаларда жазылған, құнын айтып жеткізе алмас мәдениетіміздің асыл мұралары тар да қапас, жерасты ыстық бөлмелерде жылдап жатқандықтан бүгінде сапасын ғана емес, біржола жойылудың қарсаңында екенін айттым. Әсіресе, ешкімнің қол сұғуына қақысы жоқ үнтаспалар сериясын құтқарып қалу үшін екінші қабаттағы аппарат бөлмелерін қайта жөндеуден өткізіп, сонда көшіру керек екендігін баяндадым.

Әшекең сөзімді бірде бір бөлместен ұзақ тыңдады. Бұған дейін сырттай ғана естіп-білетін “Алтын қор” редакциясының, оның қиын жағдайының шешімін күткен мұншама проблемасы шаш етектен екен-ау деп ойламаса керек.

– Сен, Құдиярбек, “Алтын қордың” ауыр жағдайын айтып, зар шегіп отырсың. Бұл мәселені екеулеп шешерміз. Кішкене есімізді жинасақ, ең қажетті деген ән мұраларымызды жаңадан таспаға көшірткізу ісін де қолға алармыз. Бірақ, менің сені бүгін шақыртып отырған себебімді сен әлі де түсініңкіремей отырсың, – деді ол күмілжіңкіреп.

– Сені мен менің, бүкіл қазақтың “Алтын қорына” бізге әзірге аты-жөні  “белгісіз” шет елдің бір компаниясы құда түсіп отыр. Бұл арада өздерінің бас пайдасын көздеген, жоғарыда жұмыс істеп отырған, арада жүріп пайда тапқысы келген өзіміздің де адамдар жоқ емес. Солар күнде-күнде мазаны алып қояр емес. Нақтырақ айтқанда, авторлық құқығынан бастап, түп нұсқасына дейін солар ендігі жерде иелік етпекші!…

– Сонда қалай, авторлық құқығын сатып алмақ па?!.

Әшекеңнің торыққан жүзінен бір шарасыздықты сезіп, өз ойымнан өзім шошып кеттім.

– Әзірге айтқандары – жүз мың долларға “Алтын қорымызды” бағалап, бізден зорлықпен сатып алғалы отыр. Авторлық құқығына ие болған соң, оны көбейту, тираждау, кімге беру керек, кімге бермеу керектігін өздері шешетін болады.

– Сіз, Әшірбек Сейілханұлы, өзіңізге мені барлық мәселе шешіліп болған соң шақырып отырсыз ба, жоқ әлде, бұл мәселеге әлі де қарсылық білдірумізге мүмкіндігіміз бар ма?! – дедім.

– Маған салса, барынша қарсы болып отырмын. Сондықтан да, сені ақылдасуға шақырдым. Бірақ, жоғарыда отырған өзіміздің адамдар мені бес айдан бері осы іске көндіруге тырысып, аяқ-қолымды тұмсалауда.

– Сізге, Әшірбек Сейілханұлы, менің көмегім керек болса әзірмін. Бүкіл қазақ халқына хабарлап, бұл іске ынталы топ құруға, сөйтіп, қарсылық шараларын ұйымдастырып беремін. Қайткенде де, сақтап қалу керек. “Алтын қорымызды” шетелдіктерге беру – тарихымызды, мәдениетімізді, ділімізді, рухымызды солардың қолына өзіміз апарып ұстату деген сөз емес пе. Құдай алдында ондай азаптан аман қалайық десек, бұл іске сіз бен біз боп қарсы тұруымыз керек, – дедім…

Көз алдыма ертеңгі күні өз халқымның әні мен күйін шетелдіктерден ақша төлеп, рұқсатын алып тыңдайтын күн елестегенде бойымды бір суық ызғар орап өткендей сезіндім.

– Рахмет, інім! Сенен осындай әңгімені күтіп едім. Ендеше, “Алтын қорға” бөтен ешкімді, жат қолды, сұғанақ қолды кіргізбеуді тек өзіңе тапсырамын. Саған сендім. Өзіміз осы жұмыстан кеткенше ұрпағымыздың алдында арымыз таза болсын. Сау боп тұр!..

Әңгімеміз осылай аяқталды.

Осыдан соң алты ай Бас директордың міндетін атқарған кезімде үнтаспалардың оригиналдары сақталған төмендегі бункерге (бөлмеге) құлып салдыртып,  жеке нұсқаларға ешкімнің қол тигізбеуіне, шамам келгенше  қол сұғуына жол берген жоқпын. Қазір  Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» ән-күй мұрамыздың авторлық құқығының  кезінде осылай халқымыздың еншісінде қалғанына  менің де септігімнің тигенін  мақтан етемін.

Изображение 104Изображение 102