Қытайтану ғылымын дамытудағы елеулі қадам.

Қытайтану ғылымын дамытудағы елеулі қадам.

 

 

 

китай

 

2016 жылдың 30 сәуір күні Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетінде қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан өтіп отырған «Қытайтану негіздері»–жас қытайтанушылар мен оқытушылар қауымына, және магистранттар мен докторанттардың қытайтану саласындағы білімін жетілдіруге бағытталған екі апталық біліктілікті арттыру курсы өз жұмысын аяқтады.

Курс барысында қытайтану кафедрасының белгілі қытайтанушы ғалымдарымен қатар, Сүлейменов атындағы Шығыстану институты секілді ғылыми-зерттеу орталықтарының да ғылыми қызметкерлері дәріс оқып, өз білімімен, осы салада болып жатқан соңғы ғылыми жаңалықтармен бөлісті. Лекторлардың әр сабағы тыңдаушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, сабақ соңы сұрақ-жауапқа ұласып, дискуссиялық әдіспен жалғасын тауып отырды. Курс жұмысындағы мұндай белсенділікті ұсынылған тақырыптардың әр алуандығымен, өзектілігімен түсіндіруге болады. Атап айтқанда, лекторларымыз Н. Мұқаметханұлы, Н.Ә. Алдабек, С.Ж. Сапанов, А. Серікқалиева, Г.Ахметбек, сондай-ақ, Шығыстану институтының ғалымдары Ошан Жанымхан, Л.Г.Ерекешевалар оқыған Қытай елінің тарихы мен мәдени құндылықтары жайындағы, ҚХР құрылымдық жүйесіндегі ерекшеліктер мен қауіпсіздік құрылымдарына қатысты, Қытайдың сыртқы саясаты, оның ішінде Қазақстан мен Орта Азия елдерімен арадағы дипломатиялық байланыстары жөніндегі лекциялары тыңдаушылардың көңілінен шықты. Соңғы кезде халықаралық деңгейде жиі айтылып жүрген мәселе «Бір белдеу-бір жол» тақырыбы да курс жұмысының назарынан тыс қалмады. Ал Қытайдың Ухань университетінен келген профессор Цао Ясюннің «ҚХР-дың сыртқы саясаттағы басым бағыттары және Қазақстан мен Орталық Азия елдерімен дипломатиялық қатынастарының дамуы» тақырыбындағы лекциясы осы мәселеге қытай ұлты өкілінің көзқарасы мен ғылыми тұжырымы тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырды.

Курс жұмысы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Осы жолғы курсқа қатысуға ниет білдіргендердің санына қарап «Қытайтану негіздері» курсының қытайтанушылар арасында танымал бола түскендігін, көтерген мәселелерінің өміршеңдігін көруге болады. Осы тұрғыдан алғанда, курс жұмысы өз міндеттерін толық орындап, алдына қойған мақсатына жетті деп сеніммен айтуға болады.

Курс соңында тыңдаушыларға салтанатты жағдайда сертификаттар табыс етілді, тыңдаушылар өз кезегінде бір ауыздан курс жұмысын ұйымдастырушыларға табыс тілеп, жыл сайын дәстүрлі түрде өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

 

Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Данияр Мадиев.