Қазақ әдебиетіндегі Балуан Шолақ бейнесі

   Пазылбек Бисенбаев,

  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының аға оқытушысы

                  Қазақ  әдебиетіндегі  Балуан  Шолақ  бейнесі

1052_main_3138

      Балуан Шолақ бейнесі, ең алдымен, оның әдеби мұрасында айқын көрініс тапты. Ақынның дүниетанымы, ішкі бітім-болмысы, авторлық мені, өршіл мінезі, арман-аңсары, ол өмір сүрген орта мен кезең шындығы, тіпті батырлық іс-әрекеттерінің түпкі себеп-салдары да сонда ашылады. Нұрмағамбет Баймырзаұлының өмірін өзек еткен ғұмырнамалық туынды авторларының ақын шығармасына ерекше ден қоюының сыры осында.

Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығын, адамгершілік қасиеттерін, жарқын бейнесін, күрделі тұлғасын тану үшін ақын жайында айтылған естеліктерге көңіл бөлген жөн. Кезінде Балуанмен қатар жүрген, араласқан дос-жарандары мен әнші, ақын шәкірттерінің Шолақ турасындағы ауызша тараған әңгімелері көп болған. Оларда Балуанның туып-өскен ортасы, ұстанымы, ән өлеңдерінің жазылу тарихы, мінез-құлқы жайындағы қызықты пікірлер мол ұшырасады. Соларды іздестіріп, Балуан Шолақпен кездескен халық ақындарының әңгімелерін қағазға түсіруді ұйымдастырған, негізінен, С.Мұқанов болды. Жасынан өнер адамдарына еліктеп өскен, солардың сөздерін жаттап жетілген болашақ жазушы қолына қалам ұстаған сәттен бастап әнші-ақындар мен сал-серілер жайлы мәліметтер жинаған, зерттеп, қарастырған. Иса Байзақовтың, Үкілі Ыбырайдың, әнші Әміренің шығармашылық портретін жасаған.

Бұл деректер С.Мұқановтың ересен еңбеккерлігін ғана емес, тақырыптың күллі келбетін роман жазылардан бұрын егжей-тегжейлі сұрыптап шыққандығын сипаттайды. «Балуан Шолақ» романы қат-қабат ізденістен соң дүниеге келген. Академик-жазушы аты аңызға айналған Балуан Шолақты саналы өмірінде ерекше қадір тұтқан. Өзінің «Өмір мектебі» романында қаламгер хан ордасына соққанын, одан қайтып келе жатқанда әрі батыр, әрі әнші Балуан Шолақты көргенін айтады. Балуан Шолақтың өнерін тамашалап, әншілік құдіретіне тәнті болған бала Сәбит сан қырлы талант иесіне еліктеп, ол сияқты үлкен нәтижелерге жетуді армандайды. «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты естелік-кітабында Жамбыл атасы «Балуан Шолақ» атандырған Сәбеңнің жиын-тойларда Нұрмағамбет Баймырзаұлының «Ғалиясын» жиі орындайтыны, Балуан туралы аңыздарды көп білетіндігі жайында біраз мәлімет береді. Бұл жайттар, сөз жоқ, жазушының Балуан Шолақ тақырыбына көлемді шығарма жазуға жылдар бойы дайындалғанын көрсетеді.

Алғаш «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған «Балуан Шолақ» романы 1942 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Жазушы мұнда зорлық пен өктемдікке қарсы күрескен Нұрмағамбет Баймырзаұлының батырлық қырына ерекше мән береді. Өйткені Ұлы Отан соғысы қарсаңында ата-баба аруағын қадірлеу, батырлар мен қазақтың тарихи тұлғаларын ардақтау, мадақтау ісі қолға алынып, елдің, майданға аттанған қазақ жігіттерінің рухын көтеру жайы бірінші кезекте тұрған болатын. Жазушының «Балуан Шолақтың» жанрын бірінші басылымында «батырлық поэма» атауының бір себебі осында болса керек.

Дулат Исабековтің М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының бас кейіпкері де – осы Балуан Шолақ. Белгілі драматургтің С.Мұқанов романындағы оқиғаларға интерпретация жасағаны байқалады. Екеуінде де қаһармандар жай ұрлық, мал алу, баю ниетін көздемейді, еттен өтіп, сүйекке жеткен кек, саналы әрекет көрініс береді. Әрине, дәуір тынысы, халық тұрмысы, кең суреттелетін кейіпкердің өмір белестері хронологиялық ретін сақтап, сатылап дамитын романды бірнеше көрініске негізделген драмалық туындымен салыстыруға болмайды. Дегенмен бас кейіпкерлердің тұлғасынан бастап, сөз саптасында, өжет мінезінде бірталай үндестік кездеседі. Біз мұны драматургтің өмір шындығына адалдығына, ұлттық, әлеуметтік мәселелерді, махаббат жайын бірінші кезекке шығарып көрсетуді басты нысана етіп алғандығына байланысты айтып отырмыз.

Еңбекке ерте араласып, өмірлік тәжірибе жинақтаған, табиғатынан батыл, өткір Балуан Шолақтың тек тұлғасы ғана емес, істеген істері де ірі. Ол туған жерін орыс мұжықтарына берген патшаға кектеніп, орыс деревнясын өртейді, Түйе палуан мен Каронды жығады, Балқаш қызды алып қашып, соңынан түскен қуғыншыларды жайратып салады, ояздың қызын алып қашады, небір асауға бас үйретеді, т.б. осындай оқиғалар романдағы кесек қимылды Балуан бейнесінің романтикалық сарында жасалғанына толық дәлел бола алады.

Балуан Шолақтың батырлық бейнесі мен оқыс істері, романның шым-шытырық қызықты мазмұны С.Мұқановтың ғұмырнамалық туындысын қазақ халқы сүйіп оқитын шығармаға айналдырды. Халық басты кейіпкерді әділет жолын ұстанғаны үшін жақсы көрді, сыйлады, күрескерлер санатына қосты. Мұндай қайтпас мінезді, ашынған адамдар тұлғасын жасау С.Мұқанов шығармашылығындағы жаңа биік белес болатын. Дегенмен Ғабит Мүсіреповтің «Балуан Шолақ» романы туралы айтқан: «Балуанның ішкі дүниесінің жалаңаштаулығы, қоғамдық көзқарасының тұтасып, өрістеп отырмауы, Шолақты көбінесе қара күшке айналдырып жіберетін жақтары бар», – деген сыни пікірін жоққа шығара алмаймыз.

Әрине, С.Мұқанов туындысы өмір шындығына негізделген. Бұл – ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, үш жүзге аты кең жайылған танымал тұлға Балуан Шолақ Баймырзаұлы жайындағы тарихи шығарма. Мұнда көркемделген тарих немесе тарихи-публицистикалық очерк сипаты басым. Соның бірі негізгі идеяға – халық мұраты үшін күрескен батыр тұлғасын ашуға жұмсалған. Аңыздар роман желісінде жеке өзіндік қызмет атқармайды. Автор сол тарихи аңыздардың бағытын ашуға ұмтылады. Романда ұлт тарихындағы елеулі деректерді саралай отырып, жазушы айтулы тұлғаның ғибратын оқырман алдына жайып салады. Атап өтерлік бір мәселе сол – романда қиял мен дерек бірлікте, көркем шындық деңгейіне көтерілген. Психологиялық талдаудан гөрі шолып айту жағы басым.

Ең бастысы, қазақ әдебиетінде Балуан Шолақ бейнесі жасалды. Балуан өмірін өзек еткен роман да, драмалық туынды да халық көңілінен шықты. Д.Исабековтің «Жаужүрегі» әлі сахнадан түскен жоқ. С.Мұқановтың «Балуан Шолағы» бірнеше буынның сүйікті кітабына айналды. Бұл шығармалар замандастарымыздың рухани қажетін өтеп келеді. Дегенмен қазіргі қазақ әдебиетінің түрлі жанрларында Балуан Шолақтың әншілік, композиторлық, ақындық қырлары ашыла түсуге тиіс. Ол үшін ақын өмір сүрген уақыттың шындығын баяндайтын тарихи деректерге сын көзбен қарап, Балуан Шолақ туралы қолжазба мұраларды, архив материалдарын жариялап, зерттеу объектісіне айналдыру керек.