Мұқағали қытай тілінде
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Қытайтану кафедрасында «Жібек жолы» үйірмесінің ұйымдастыруымен әртүрлі қызықты кездесулер өтіп тұрады. Мұндай кездесулерге қытайтанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, бүгінде еліміздің көптеген салаларында қызмет атқарып жүрген кафедра түлектері келіп тұрады. Олармен кездесуден ұстаздар қауымы да, студенттер де рухани азық алып, қажетті тәжірибелерге қол жеткізеді. Кафедраның кезекті қонағы ҚХР-дан келген танымал аудармашы Қайша Табаракқызы еді. Кездесу барысында көптеген қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін қытай тіліне аударып, қытай оқырмандарымен қауыштырып жүрген қандасымыз өзінің шығармашылық тәжірибесімен бөлісті. Бастапқыда болашақ қытайтанушылар Қытайдың аударма саласының даму жағдайы және беталысы жөнінде ең жаңа мәліметтерге қанық болды. Сонымен қатар, аударма саласында өздерін толғандырып жүрген сауалдарына қанағаттанарлық жауап алып, аудармашының қызықты естеліктерін тыңдады. Әңгіме көрігі Қайша апайдың аудармаларына келгенде қыза түсті. Әсіресе ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» жинағын аударып, қытай тілінде жариялағаны қатты қуантты. Қатысушылар бұл кітапты ұстап көріп, ақын өлеңдерін қазақ және қытай тілдерінде салыстыра оқып тәнті болды. Қ.Табаракқызы Мұқағалимен қалай қауышқаны жайлы былай әңгімеледі:
-«Өзім істейтін аударма бөліміндегі бір жас баланың қолынан бір кітап түспейді. Қайда барса да соған беріліп отырады. Мынауың не деп сұрасам, қазақстандық ақын Мұқағалидың кітабы деді. Содан әлгі кітапты алып бір қарап шықтым. Сөйтіп ақын өлеңдеріне ес-түссіз ғашық болдым. Сосын ойладым мынадай керемет дүниені неге аудармасқа, неге қытай тілінде сөйлетпеске. Осылайша «Қаздар қайтып барады» қытай тілінде жарық көрді. Және де бір қызығы қытай оқырмандары М.Мақатаевты өте жақсы қабылдады. Сондықтан да кітаптың таныстырылымы Пекин, Шанхай секілді ірі қалаларда өтті, тираж саны да үлкен. Сұранысқа қарай отырып Мұқаңның қалған жинақтарын да аударуды жоспарлап отырмыз. Бұл жақтағы кісілер де қатты риза болып, арнайы шақыртумен бірнеше жыл бұрын әйгілі ақынның туған жерінде өткен 80-жылдық мерейтойына қатысып қайттым. Ақынның атақты Қарасазы шабытыма шабыт қосқандай болды».
Өз ұлтының жауһарларын Қытай секілді алып аудиторияға жеткізуді мақсат еткен Қайша апайдың осы уақытқа дейін жасағаны, атқарып жатқаны, әлі де жүзеге асыратын жоспарлары көп екен. Қазіргі уақытта М.Әуезовтың «Абай жолы» романын аудару үстінде екен. Апайдың аудармасындағы Абайдың қытайлықтарға жаңа бір қырынан танылары сөзсіз.
Кеш соңында ҚазҰУ студенттерінің өз мамандықтарына деген зор қызығушылығына тәнті болған Қайша Табаракқызы өзі жетекшілік етіп отырған аударма орталығының жұмысын таныстыра келіп, қытайтану кафедрасымен шығармашылық ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін білдірді. Өз кезегінде кафедра меңгерушісі Нәбижан Мұқаметханұлы
алыстан ат арытып келген аудармашы Қайша Табаракқызының қымбатты уақытын бөліп, студенттермен тәжірибесін бөліскеніне ризашылығын білдірді.
Арзықұлов А.А.
Сапанов С.Ж.
қытайтану кафедрасының оқытушылары
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.