райхан гүлі

Ағам Ақжолбек пен жеңгем Зүбайраның осыдан елу екі жыл бұрын үйленгендерінде түскен суретіне қарап, таңырқап қалдым. Шымкент қаласында 1964 жылдың қыстыгүні түскен бұл суретте олар қолдарына үлкен райхан гүлінің букетін ұстап тұр.

– Қаңтар айында мұншама райхан гүлін қайдан таптыңыздар? – деп сұрадым.

– Қазіргідей емес, ол заманда гүл қайдан болсын. Екеуміз де   жалаңаяқ студентпіз, гүл сатып ала қоятын ақшамыз да жоқ. Біздің қолымызда ұстап тұрғанымыз – қағаз гүлдер ғой!.. – деді, жеңгем күлімдеп.

Қазір басқа уақыт. Адам да, талғам да өзгерген. Райхан гүлдерін керек десеңіз, адамдар жылдың төрт мезгілінде өсіреді. Қаласа, Араб Әмірлігінен ұшақпен арнайы тапсырыс беріп алдырады. Әйтеуір, гүлдің де қадірі кетіп бара жатқандай ма?! Баяғы кездерде гүлдердің шешек атар кезі – көктемді   асыға күтетінбіз. Қардың астынан бас көтеріп, қылтиған Бәйшешек пен Науырызек гүлдерін көріп қалай қуанушы едік.

Бір «данышпан» қыста да гүлді өсіруге болатынын ойлап тапқаны сол-ақ еді,  адамдар оның жақсы-жаманын таңдаймын деп, қадірін кетіріп, аяқ асты  ете бастады. Статистика – үйленіп жатқан әрбір үш жұптың бірі ажырасып  жатыр дейді. Әйтеуір, кілең, еститінің жағымсыз хабар. Кеше ФБ-да «Қазақстан халқын мұсылмандық құтқарады немесе СПИД-тен біржола жойылады» деп жазыпты бір оқырман.

Жүрегің ауырады ма, жоқ па?.. Құдай жамандықтың бетін арман қылсыншы! Мейлі, гүл көбейсе көбейсін, тек, қазақ  аман болсын!

 

Құдиярбек АҒЫБАЕВ