КҮНДЕЛІК ДӘПТЕРДЕН
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында (дәл мерзімі есімде қалмады) Кеңес одағы кезіндегі «Орбита» телеарнасынан берілген бір хабар күні кешегідей есімде жатталынып қалыпты. Кезінде, халық жауының әйелі деп, Қазақстандағы түрмелерде жазықсыз жапа шеккен жасы жетпістен асқан орыстың әйелі Сталиннің, оның нөкерлері Берияның, Ежовтардың жасаған қылмыстарын айыптап, телеарна тілшісіне сұхбат беріп отырды.
– Өздеріңізге белгілі, «халық жаулары» деген атпен қаншама адамдардың Қазақстан жеріндегі түрмелерде жапа шеккенін жақсы білесіздер, – деді ол. – Қарағанды қаласының маңындағы «КарЛАГ», «АЛЖИР» деп аталатын түрмелер соғыстан соң да көпке дейін болды. «КарЛАГ» түрмесіне – «халық жаулары» деген ер азаматтарды әкеп қамаса, «АЛЖИРДЕ» солардың әйелдері мен бала-шағалары жазықсыз жапа шекті. Арамызда қазақтың қоғам қайраткерлерінің, жазушыларының әйелдері де көп еді. Біздерге, тұтқындағыларға деген көзғарас мүлде бөтен болғандықтан, әсіресе, түрме күзетіндегі солдаттардан көрген зорлық-зомбылықтарымыз бен зәбірімізді айтып тауысу мүмкін емес. Ең бір есте қалғаны – ол жердің қысы қатал, ит байласа тұрғысыз, үздіксіз соғып тұратын ызғарлы желі өңменіңнен өтетін. Аш-жалаңаш, әбден аштықтан тұралаған әйелдердің аурудан көз жұмғандарын күнде түрмеден сыртқа шығарып, алып кетіп жататын.
Бірде, бізді, лагердегі тұтқын әйелдерді наразылық білдіргеніміз үшін қыстың қырық градус аязында күзеттегі әскерлер далаға дірдектетіп алып шықты. Орталықтағы ашық алаңда қойша қамап иіріп, тікемізден тік тұрғызып, жазалау шараларын бастады. Лагеріміздің жан-жағын қоршай орналасқан сым шарбақтар мен үйлердің төбесі ғана үйілген қардан әзер көрінеді. Жүзге жуық тұтқын әйелді алаңға тұрғызып, олардың аязда қатып-семгендеріне күзеттегі әскерлер қызықтап қарап тұрған. Сол уақытта ойламаған жерден ешкімнің де ойына келмеген бір қызық оқиға басталды да кетті.
Айнала тау болып үйілген омбы қарлардың үстінен және үйдің төбелерінен он-он бес жастар шамасындағы оншақты қазақтың балаларының бастары қылтиып көрінді. Олар бізге қарап, бар дауыстарымен өздерінің тілдерінде, арасында орыс тілінде айқайлап, тұтқын әйелдерді барынша балағаттап, сыбай бастады.
– Ей, оңбағандар, тыңдаңдар!.. Сендер.., отанын сатқан опасыздар… халық жауларының қатындары, сендерді былайша, жазалау керек! – деді де, қойны-қоныштарын толтырып әкелген кесек-кесек тастармен бізді атқылай жөнелді.
Онсыз да жүйкелеріміз сыр беріп, қатыгездік пен жауыздықтың талайын басынан өткеріп жүрген әйелдер мына кішкентай «жүгермектердің» қорлығына шыдай алмастан, «ендігі бізге жетпегені осы ма еді, бұларға не жаздық» деп, көз жасымызға ие бола алмай, еңіреп жыладық. Тас кесектер төбемізден жаңбырша бораған соң әйелдер бастарымызды қорғаншақтап, жерге жата қалыстық. Күзеттегілер араша түсудің орнына бұл көріністі қызықтай түсті. Қайта, айыздары қанғандай, суықтан бүрсеңдеп, өздерімен өздері боп, темекілерін сораптап тұрды. Бір шама уақыттан соң балалардың арғы жағынан бір қазақтың шалы көрінді де, қолындағы таяғымен балаларды жасқап, алдына сап қуып әкетті.
Әйелдер есімізді жия бастадық. Сондағы ғажапты көрсеңіз!.. Кенет, мұрнымызға кәдімгі, сүттің исі келді. Аш адам бұны тез аңғарады екен. Қойны-қоншымызда жатқан әлгі кесек тастардан сүт пен майдың исі аңқиды! Арамыздағы қазақ әйелдері құлағымызға сыбырлай бастады.
– Солдаттарға білдірместен тас кесектерді қойны-қоныштарыңа тығып, тез жинап алыңдар! Бұл – қазақтың құрты мен ірімшіктері!.. – деген сөзді естіп, көзімізден еріксіз жас парлады. Қазақтың құрты мен ірімшігін сонда алғаш көруім, дәмін татуым еді. Қазақтың шалы мен жас балаларының өз жандарын шүберекке түйіп жүріп жасаған сол күнгі тапқырлығы мен қамқорлықтары, жанашырлық әрекеті талай тұтқын әйелді аштық аранынан құтқарып қалды деп айта аламын.
Осы оқиғадан соң арада қаншама жылдар өтсе де, өзім өле-өлгенше қазақ деген халықтың кең пейіліне, мейіріміне, бауырмалдығына басымды иіп өтемін!..
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының кино және телевизия режиссурасы факультетінде доцент болып қызмет істеп жүргенімде телеарнадан өз құлағыммен естіген осы оқиғаны талай мәрте шәкірттеріме әңгімелеп бердім. Ондағы ойым – болашақта қазақ киносында осындай кадрлардың, көріністердің болғанын қаладым. «Қазақ – қонақжай, қазақ – меймандос халық» деп, күнде көзімізге мақтап, былай шыға бере өз күндерін қамдап жатқан өзге ұлт өкілдері осындай оқиғаны көздерімен көрсе шындап ойланатын шығар дедім. Мүмкін, бұл арманымның жүзеге асуына алдағы уақыттарда менің фейсбуктағы достарым атсалсып қалар!
Құдиярбек АҒЫБАЕВ.