БАҚ сынасын бағыңды

Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы,

профессор

Әсел Қамза, PhD,

Сулейман Демирел университетінің ассистент

профессоры

 

БАҚ сынасын бағыңды

Сайт әкімшілігі

27.06.2022, 14:16

98

      Әсілі, өзекті жанның да, өрісті жанның да мына жалғанда арқалар ғаламат жүгі – өз ойы, өз пайымы, өз толғанысы. Бір-бірімен жағаласқан өмірлік пәлсапасы. Адамзат баласы үшін одан асқан ауыртпалық, одан  өтер салмақ та жоқ шығар. Әсіресе қазіргі шақтағы арақашықтық төңкерісі, әп-сәттік ақпарат жойқыны дәуірінде. Сонымен қабат, осы шақта  адам көңіл-күйі мен әлеумет психологиясына опыра әсер етер    саяси, идеологиялық, экономикалық, ғылыми-танымдық және ақпараттық проблемаларды шешу әрі оңтайлана, әрі ширыға түскенін де естен шығармағанымыз абзал. Иә, ноосфера ұғымына жүгінер болсақ, адам – азаматтық қоғам – мемлекет арасында әлі түсіністік, үйлесім толық қалыптаса қойған жоқ. Журналистика кеңістігінде бұрыннан қалыптасқан ішкі және сыртқы бәсекелестік де күн өткен сайын күрделене, ұлғая беретіні аңғарылады. Сондықтан осы жерде ішкі және сыртқы жарыстың (индивидтер арасындағы және мемлекеттер арасындағы) мәніне сәуле түсіре кеткен жөн сықылды.

Баспасөздің өзіне жүктелеген, бәлкім, өзі таңдап алған ақпараттық, ағартушылық, насихаттық, реттемелік, көңіл көтерушілік, білім берушілік және зерттеушілік қызметтерінің бар екені ежелден мәлім. Журналистикатануға арналған қағидаттық  әдебиеттерде осы тұжырым мықтап бекемделген. Дей тұрғанмен аты аталған функциялардың ішіндегі журналистиканың сипатына әбден сай келетіні – ақпараттық, насихаттық, талдамалық-зерттеушілік бағыттар. Бірақ осы шаққа дейін мультимедиалық кеңістіктегі бұл жіктелімдердің пропорциясы, арасалмағы нақты да, шамамен де анықталмаған. Біз белгілі бір тарихи сәттерде  географиялық, демографиялық аудиторияға қайсысының қанша пайыз қажет, пайдалы екенін тап басу былай тұрсын, шамалай да алмаймыз. Электронды ақпарат құралдарында рекреативті дүниелердің, ток-шоулардың тым күпініп, тым асқынып кеткені де сондықтан шығар. Дәл қазіргі уақытта әр бағыттың өзіндік әуселесі, оқырман, тыңдарман, көрермен жұртшылықты ұйытудың таяу келешектік жөн-жобасы да қолымызда жоқ. Өйткені мұндай зерттеулермен айналысуға ақпарат құралдарының әлеуеті жетіңкіремейді, ықыласы да әзірге байқалмайды. Ең бастысы, Қазақстанда неміс және ағылшын жұртында он тоғызыншы ғасырдан бері жаманды-жақсылы қызмет атқарып келе жатқан әлеуметтік пікірді саралайтын бір де бір тәуелсіз ғылыми-зерттеу институты жоқ. Біздіңше, осы өзекті мәселемен жуық маңда журналистика факультеттері, оның жанынан құрылуға сұранып тұрған арнаулы мекеме айналысқаны құп шығар. Оның мемлекет саясаты үшін де, ғылым үшін де, бизнестік мақсат үшін де маңызы зор деп білеміз.

Заманалы журналистиканың аса көкейтесті проблемасы – жаңа тұрпаттағы журналистер корпусын даярлау. Ұлттық журналистика өнегесі, біз айтар едік, отбасынан басталады. Басқаша түйіндесек, ана тіліміздің уызына әбден тойынған жас өндір ғана басылым-баспа сөз өнерінің биігіне талмай өрлей алады, желісі үзіліп қалған классикалық журналистика дәстүрі  мен технологиялық сервисті, интеллектуалдық мүмкіндіктің басын біріктіруге шама-шарқы жетіп қалады.  Ал осы табиғи несібемен қатар күн тәртібінде ақылы оқу проблемасы тұрғаны да мәлім. Нақтылап айтсақ, дарындылар мен ортақолдылар аралас-құраласының түйткілдері.  Жұртшылыққа мағлұм, қазіргі таңда қажетті балл жинай алмаған жастар, егер әл-ауқаты жетсе, жоғары оқу орындарында ақы төлеп оқи алады. Бұл білім беру заңнамасына еш қайшы емес. Осының өзі бір есептен мемлекеттік оқу орындарының бюджетін толтыруға да әжептәуір сеп. Ал жеке оқу орындары үшін – басты қаржы көзі. Осы арада енді адам құқығы, заңнама мен шығармашылық дарын арасында қайшылық туындайды. Жөн-жоралғыға жүгінсек, сауатты мәтін жазуға, контент тудыруға қабылеті жоқ адамның да журналистика факультетіне таласы барлығы айдан анық. Яғни журналистика саласының «үлде мен бүлдесіне» аузын ашып, көзін жұмып аһ ұратын дилетанттардың да журналистика факультетіне қабылдануға хақы бар. Сөз дәмін сезіне алмайтын осындай дарынсыз студентті журналистика «жайнамазына» қырық жыл жықсаң  да талдамаға да, көркемдікке тасырқап, үркіп  тұрады.  Әрі кетсе ол сабаздар копирайтинг төңірегінен ұзай алмайды.  Ал мұның өзі заманалы журналистика өнерінің, журналистика өркениетінің беделін де, деңгейін де түсіріп жіберері талас тудырмаса керек.

Оның үстіне пұл төлеп дәріс алар студенттерде мынадай жаңсақ пікір қалыптасқан: мен ақы төлеп оқимын, оқу орнын асырап отырған мен, сондықтан маған міндетті түрде  жеңілдік жасалуы керек. Ал, керісінше, келешекте жақсы маман болып шығайын, ақпараттық айналымдағы бәсекеге дайын болайын, маған лайықты білім беріңіз деген талап үстем болғаны жөн. Ең бастысы, журналистер дайындаудың инкубаторлық жүйесінен арылумыз керек. Батыста, егер шынымен солардың принциптеріне табан тірер болсақ, ректорды оқытушылар мен студенттер сайлайды, оқыту трендіне байланысты тізгінді профессорлар мен кафедра ұстайды, премьер-министрлердің, канцлерлердің  ірілі-ұсақты пікірлеріне орай алашапқын шара өткізбейді.  Сондықтан журналистика сынды туындыгерлік факультетінің оқу бағдарламасына, тәлім-тәрбие жұмысына, оның ішінде ақы төлеп оқу тәртібіне түбегейлі өзгеріс енгізу қажет деп білеміз. Айталық, жазу, сөйлеу, форматтау шеберлігіне, студия мен эфир мәдениетіне, талдама әдісіне және т.б.  молырақ көңіл бөлінгені абзал.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде бұрнағы жылдары ЮНЕСКО кафедрасын қосқанда жеті кафедра жүйелі жұмыс істегені белгілі. Кафедра дегеніміз – теория мен практиканың, әдіснаманың алғашқы буыны, нақты ғылыми-зерттеу бағыттары, ұлттық идеология мен дүниетанымның ортасы. Ал, осы қарапайым ақихатқа жете бойламаған университеттің бұрынғы басшылығы  ұжым пікірімен санаспай, тізеге басып, факультетті оңтайландырып жіберді. Бірақ сан да, сапа да өзгерген жоқ.  Біздіңше, әлем журналистикасы, қазақ журналистикасының тарихы, дәстүрлі және технологиялық стилистика тақылеттес кафедралар ашу қазіргі күннің талабына әбден сай келеді.

Көпшілікке белгілі, Қазақстандағы жоғарғы мектеп Болон жүйесіне мықтап байланған. Үш сатылы оқыту бағдарламасына көшкен. Журналистика бағытының осы ретте бакалавриаты практик журналистерді, магистратура ғылым саласына бейімділерді, соңғысы PhD-лерді дайындап шығарады. Сырттай қарағанда, практика мен теорияның сабақтастығы айқын көрінеді. Әрине, аталмыш үлгінің плюсі де, минусы да жетерлік. Біз әзірше оған тоқталмай-ақ қоялық.  Бірден докторантура жай-жапсарына көшейік. Бірнеше күрделі сынақтан  сүрінбей өткен үміткер докторант атанады, оған ғылыми жетекшілер бекітіледі. Бірі өзімізден, екіншісі міндетті түрде сырт жұрттан. Хош делік. Үш жылда ғылыми еңбек жазылып, кафедрада оң баға алған кезде қорғауға жіберіледі. Тап осы арада диссертациялық кеңестің біліктілігі, компетенциясы, біздіңше, барынша байқалуға тиіс. Қазіргі кезде гуманитарлық пәндер бойынша PhD диссертациялардың басым көпшілігі мемлекет тілінде қорғалады. Сондықтан кеңес құрамында қазақ тілін желкелесең ұқпайтын адамдар емес, екі тілді, политілді, өрісі кең ғалымдар отырғаны абзал.Дарын, ақыл-ой жоғары лауазымға қоса қонбайды. Ғылым киесі шыққан тектің мықтылығына емес, талант пен сараптама тереңдігіне сүйенері анық.

Осы күні сөз өнеріне, ғылыми айналымға «журналист шеберханасы», «қаламгер ұстаханасы» деген шартты ұғымдар әбден сіңісіп кетті. Бұның мәнісі шығармашылық процесс, шеберлік құпиясы және тағы басқа толып жатқан кешенді сипаттар екені зерттеушілерге жақсы таныс. Ендігі Қазақстанда жасалар қадам мүлде бөлекше болғанын қалар едік, осы «журналист шеберханасы» атты лингвистикалық танымды нақтылау, заттандыру ұйқасымы жолында делік. Қазақ жастары енді әлемдік ақпараттық тақтадағы (интеллектуалдық, ғылыми-шығармашылық клубындағы) фигуралар екенін дәлелдей білгені ләзім. Ол үшін қандай харекетке барамыз? Ә дегенде айтарымыз, журналистика факультеттерінде кино, радио, фото шеберханалары әлемдік деңгейде жасақталуы керек. Біздің компьютерлік дәрісхана, интерактивті тақтаны місе тұтып жүргеніміз –  кешегі күннің сюжеті. Бүгінгі күнгі күн тәртібіне қойылар мәселе мүлде ерек, мүлде тосын. Ол қазіргі журналистиканың эволюциялық табиғатынан туындап отыр. Заманалы мультимедианың ғылымның барлық саласымен байланысын, ішек-қарны араласып жатқанын ешкім жоққа шығармаса керек. Мәселен, фактінің (кварктің) жаратылысы, нейромедиа, бионикалық композиция, ақпарат архитектурасы, контент спектрі, репортер оптикасы, кибердүние мен табиғи дүниенің арақатынасы, ақпарат нөпірінің индивидке әсері сияқты құбылыстарды терең зерттеу үшін, ұлттық журналистиканың болашағы үшін арнаулы зертханалар қажет. Ал, журналистика саласындағы зертханалар дегеніміз – ғылыми гипотезаны тексерудің, ХХІІ ғасырға көз жіберудің лайықты құралы. Айта кетейік, біз сөз етіп отырған зертханалар әзірге көш ілгері кеткен елдердің мультимедиа саласында да жоқ.

Журналистика  – бір есептен ұлттық намыс көрсеткіші, сынақ алаңы, шығармашылық эксперимент кеңістігі. Оптикасы әртүрлі жандар көзқарасы. Сана оптикасы десе де болады. Бақ та, БАҚ та сынақтан өтеді. Қазақтың ежелгі «бақ шаба ма, бап шаба ма» проблематикасы дәл осы арада масс медиаға тікелей қатысты. Журналистика жанрлары, мультимедиа кондоминумы табиғи және әлеуметтік  құбылысты, оқиғаны, фактіні үлгілеу-модельдеу арқасында дүиеге келген. Басты мәселе —  мәтін мазмұн-пішінін түпнұсқаға  лайықты, мейлінше ұқсата сипаттау. Демек, журналистиканың көзі, құлағы, дәм сезіну, иіс сезіну, сипап көру сияқты танымдық әдістері дағдылы форматқа да, электронды форматқа да ортақ. Олай болса, журналистика «мәзірінде» жанрлық пішіннің барлық түрі тұрғаны жөн. Журналист таза мәтінді қош көре ме, фоторепортажды қалай ма, видеоға жүгіне ме, аудиоға иек арта ма – шығармашылық тұлғаның өз еркінде. Есесі бір. Бар кілтипан талғам мен жылдамдықта.

Журналистиканың, замансөздің мейнстримі, негізгі бағыты – әлеуметке ақпарат беру, үгіт-насихат (қазіргі кезеңде әсіресе қарсы насихат) жүргізу, проблеманы жан-жақты сараптау, мәдени-ағартушылық жұмыспен айналысу. Ал, бүгінгі контенттің дәм-тұзы қандай? Бейнелеп айтсақ, ашаршылық жылдарындағыдай. Пассив, актив және пассионарлық жанрлардың пропорциясы сақталмаған. Сондықтан аудитория ақпараттық диетада отыр. Түлкіқұрсақ жай-күйге көндіккен  жұртшылық тек құрғақ, жалаң, жеңіл-желпі ақпаратты сіңіруге ғана дағдыланған. Шамасы соған ғана жетеді. Оның өзін де жеріне жеткізе игере алмайды. Мәселе жұртшылықтың уақытының тапшылығынан ғана емес, мәдени сананың жұтаңдығында. Бұл – бір жағы. Екінші жағынан қажетсіз, пайдасыз мәліметтің асып-төгілуінде. Екі жақтың да – журналистердің де, аудиторияның да соған малтығып жатуында. Үшінші, сапалы контенттің аздығында, кәсіби шама-шарықтың жатағандығында. Төртінші, халықтың әлеуметтік жай-күйінің әлсіздігінде. Бесінші, ақпарат көздерінің ішкі де сыртқы бәсекесінің өршуінде. Және бір кермек шындық. Енді аудиторияны сарптамалық, деректі-көркем материалды кегежектемей сіңіруге, жатсынбай қабылдауға қайта тәрбиелеуге, дағдыландыруға тура келеді. Осы ретте дәстүрлі басылымдардың ролі анағұрлым арта түспек. Таяудағы мақсат – тас дәуріне тура бет алған, мылқау киноға қарай бет түзеген қазақ әлеуметінің лексикасын ең болмағанда жетпісінші-сексенінші жылдардың деңгейіне жеткізу.

Осы арада мына проблеманың да басын аша кеткен жөн. Журналист оқиғаны, құбылысты қолдан жасай алмайды. Демек, қаламгер шығармасы табиғи және әлеуметтік жай-жапсардың, оның корпусы мен нарративінің саны мен сапасына тікелей байланысты. Соны місе тұтады. Бір сөзбен айтқанда, сапалы контент –  объективті және субъективті бастауларға тәуелді. Сол категориялардың синтезі. Алыстан суыт хабар алғызуға, сөз жоқ, интернет қолайлы. Әлемді шырмаған ғаламтордың күш-қайраты орасан зор. Бірақ оның журналистика әлемін жұтаңдатып, жанрлар қатарын сиретіп жібергені тағы жасырын емес. Интернет жүйесі, сандық технология белгілі бір  бағдарлама, қалып, инфографика, инстаграм, подкастты, копирайтингті және т.б. ұршықша үйіріп әкеткенімен, оның қолынан талант жасау келмейді. Талант дегеніміз бұл жерде – талантты журналист, талантты шығарма. Ал ұшан ойды, инновациялық идеяны шыңыраудан суыруға, кей сәттері ой-сананы дамылдатуға, біздіңше, дәстүрлі басылымдар мән-мазмұны бек қолайлы. Оның үстіне журналистік шеберлікті ұштай түсуге, тәжірибе алаңынан өтуге қағаз форматты басылымдар аса тиімді.

Қалыпты басылымдарда ежелден қалыптасқан мәдени-эстетикалық дәстүр мен талғам бар, олар әлеуметтік желілерде вирустай жыпырлап жүрген:

Қарақат ханым Түркия елінде не себепті көп уақыт болғанын түсіндірді.

Атышулы трансгендер тұрмысқа шығатынын айтты.

Атырауда 5 жастағы қызды ит тістеп алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нүрсұлтан Назарбаевтың ұшағын иемденіп алды.

«Ұят болды»: Қысқа киім киген Айгүл Иманбаева сынға қалды.

Балық аулап отырған 80 жастағы әйел Сырдарияға құлап кетті, –

сықылды жадағай, жатаған  «лидті» маңына жуытпайды, бекзаттықтан жұрдай деп есептейді.

Адам баласы қанша жерден ғұлама, қанша жерден энциклопедист болсын,  нақдүниені молынан қамти алмайды, оның мәдени-ақпараттық кеңістіктегі бүкіл информацияны жете білем деп айтуға дәті де бармайды. Оған өресі, физиологиялық ресурсы да жетпейді. Интернеттін дүниеге келу қажеттілігі ең алдымен, міне, осы шарттардан туындап отыр. Оның үстіне қандай білімді, білікті жан болсын (бұл жерде біз тұтынушыны айтып отырмыз), белгілі бір мәтіннің астарында не жатыр, автор меңзеуінің ар жағында не тосындық бар – осыны тап басып айта алмайды. Сондықтан бұл арада журналистиканың түсіндірме жанры іске жегіледі. Сол салаға бейім, полиглот колумнист бұл тақырыпты жұртшылыққа қысқаша немесе жайылма түрінде жеріне жеткізе таратып береді. Авторлық позиция дегеніміз, міне, осы. Оны біз есептен шығарып тастай алмаймыз. Бұдан басқа талдамалы, деректі-көркем жанрлардың өзіндік міндеті, атқарар қызметі бар. Яғни журналистикада табиғат, әлеуметтік тіршілік картинасы бір түспен жазылмайды. Суреттелмейді. Сондықтан Батыстан тоқсаныншы жылдардың аяғында сіңген «ақпараттық доминанта» туралы концепттен арылатын уақыт әлдеқашан жеткен. Мәселен, АҚШ журналистері көркем де әсем жазуға көшкелі қашан. «Тек қана ақпарат» деген тезиске әбден бауыр басып, киелі журналистиканың төңірегінде үймелеп жүргендердің дені, байқаймыз, өзіндік, айрықша (оригинальный) мәтін тудыра алмайтын, көшірмемен күн көретін жандар. Шындығы осы. Бұған қоса айтарымыз, журналистің шығармашылық тынысын еш уақытта тарылтуға болмайды. Индивид қандай жанрды таңдайды, қандай пішінге жүгінеді, құбылысты кескіндеу үшін қандай әдісті пайдаға асырады –  әркімнің өз еркінде. Табиғи және рухани дүние реңін, әлеуметтік құбылыс спектрін бір ғана әдіспен, бір ғана шығармашылық немесе ғылыми тәсілмен жете тану мүмкін емес, сондықтан сан сапалы амалға иек артуға тура келеді, арғы-бергі дүниені мың құбылған бояумен, сан түрлі журналистік жанрмен ажарлауға ұмтылуды заңды құбылыс деп қабылдаймыз.

Журналистика ғаламында ақпарат планетасы еркін айналады, оның тартылыс күші азат пікір. Пікірдің өзі жақтау, даттау, қалыс қалу секілді тармақ-тармаққа, әлді-әлсіз арналарға бөлінеді. Солардың бірі – қазақ журналистерінің арасында осы күні кең тараған бейтараптық ұстанымы. Батыс танымындағы нейтралитет. Бұл терминнің түп-тұқиянына үңілсек, латынның neuter – анау да емес, мынау да емес тіркесі алдыңыздан шыға келеді. Бірақ саналы жан айналасындағы құбылыстарға, оқиғалараға селсоқ, бей-жай, сырғақ қарай ала ма?    Адам баласына жаратқан ием неге сана берген, сезім берген? Оның шарты: ғалам тұңғиығына үңіл, сырын аш, ой қорыт, айтарыңды дер кезінде айтып қал.    Журналистер де әзірге осы тектің қатарында. Орыстарда  беспристрастность деген зат есім бар. Бізге, мультмедиа төңірегінде жүргендерге, осы ұстаным қолайлы ма дейміз. Еш тарапқа іш тартпа, әділдіктен аспа дегенді меңзеу.  Енді ой елегіне салып көрелік.Әлемде, өз жұртымызда күн кеше отырып, зымырап жатқан сан түрлі үдерістерге біз қалай салқынқандылықпен, ықылассыз қарай аламыз? Онда аудиториямен, көпшілікпен үндестік, қайтарымды байланыс далада қалмай ма. Осы жердегі мәселе, біздіңше, фактіні үш-төрт призма арқылы зерделеуде, арқау етілген құбылыс, факті туралы өз пайымыңды көсілту емес, кемінде үш-төрт адамның пікірін алға тартуда. Керек десеңіз, мұның өзі демократиялық, ұжымдық ұстанымның, өзіндік тестілеудің белгісі.  Бұл – бір. Одан соң. Сырт көз, елімізге басқа елден келген журналист проблемаға өзгеше, қарсы тараптан қарауы мүмкін. Өйткені, қазақ айтпақшы, сырт көз сыншы, әмбе біздегі саяси-әлеуметтік жаңғыртуларға олар тәуелді емес. Бұл – екі. Сонымен қабат, қара қылды қақ жара пікір білдіру бір тілші, жалғыз репортёрдің қолынан келмейтін шаруа, сол себептен сүйекті оқиғаға байланысты бірнеше куәгердің, бірнеше журналистің байыптамасын ұсыну тиімдірек.

Факт, дерек, мәлімет расшылдығы қазіргі кезеңде журналистің адамгерлігіне, парасаттылығына, тәрбиесіне, тектілігіне байланысты. Бұл – ақпараттық кеңістікті мәдени-эстетикалық реттеу мен игерудің бейресми түрі. Оған интеллект, оқу-тоқуды және қосыңыз. Үш айлық курс немесе екі жылдық оқумен ақпарат сүзушіні, оқиғаны тіркеушіні ғана дайындап шығара аласыз. Журналистика – интеллектуалдар кәсібі, журналистика факультеті – рухани-әлеуметтік тұлғалардың ұстаханасы. Шығармашылық факультетті бітірушілердің қабылет-қарымын сан саладан байқауға болады. Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі – Ілияс Жансүгіров Мәскеу журналистика институтын тәмәмдаған, ұлтымыздың жоғары білімді алғашқы кәсіби журналисі. Танымал ғалымдар – профессорлар Бейсенбай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев, академиктер Зәки Ахметов, Рымғали Нұрғалиев журналистика факультетінің түлектері. КСРО Республикалар Кеңесінің төрағасы міндетін атқарған, Кеңестер Одағын тарату туралы құжатына қол қойған қазақтың кәсіби халықаралық журналисі Әнуар Әлімжанов, Қазақстан Компартиясы ОК идеология хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаев, екі мәрте министр болған Камал Смайылов, Мүсілім Базарбаев, полиграфия министрі Шериаздан Елеукенов те журналистика факультетінің түлектері. Бұл тізімді бүгінгі күнгі белгілі есімдермен толықтыра беруге болар еді. Демек, үдерістік журналистика тұлғаның сапалық жағынан биіктеуіне де кеңінен жол ашады. Ал университеттік жан-жақты білімсіз адам журналистика әлемінде, әзер болса, бір-екі жыл ғана белсенді жұмыс істей алады. Әрі қарай оның шығармашылық, интеллектуалдық ресурсы таусылады.

Заманалы журналистиканы болмыс билейді, бүгінгі масс-медиа стилін тұрмыс дөңгелетеді.Жаңа Қазақстандағы реформаның қозғаушы күші – соны идея, алып ой адымы, ал  ілкімді идеяны нәрлендіретін нақты да жалпы экономика, бизнес саласы. Біздегі өндірістік ақпарат құралдары әзірге өзін-өзі қаржыландыруға, өз шығынын өзі жабуға қауқары  жетпей жатқаны және аян. Оның себебін біз ең алдымен демографиялық ахуалдан, халқымыздың санының аздығынан іздейміз. Осыдан барып өңірлердегі авторлардың тапшылығы, редакцияға жолданар әртүрлі пішіндегі хаттардың арифметикасы мен алгебрасы шыға келеді. Авторлық енжарлықтың және бір құпиясы, құпиясы емес-ау, негізгі себебі – жұртшылықтың қаламақысынан қағылуы. Мына рыноктық қарым-қатынас, алыс-беріс жағдайында өзіне тиесілі зияткерлік меншігін басылымдарға ақысыз-пұлсыз ұсына қоятын жомарттар санының сирексуі де содан. Осыдан келіп қаламақы мотивациясы, авторды ынталандыру проблемасы мен амалы бетке шығады. Одан кейін. Ежелден белгілі ақихат, журналистті іссапар өсіреді, ел-жұртпен, кейіпкермен шырайласу шыңдайды. Ал,біздің осы қарапайым шындықты, атам заманнан мәлім сөз – өнім, өнім – табыс көзі  үрдісін, байырғы Рим дәуірінің стратегиясы ХХІ ғасыр өркениетінің катализаторы бола алмайтындығын естен шығарғалы отыз жылдан асып барады. Міне, осы посткеңестік атавизм, біздің топшылауымызша, ұлттық журналистиканың аяғына тұсау, қолына байлау болып отыр. Сонымен, жартылай бизнес, жартылай ресми көштің жетегіне ерген ақпарат желмаясы кімнің қолына қарайды, кімге жаутаңдайды? Қайда бағыт түзейді?

Иә, журналистика құбылысы –  универсум, бір сауал екінші сауалды қоздатады, бір бағыт екінші бағытпен тығыз байланысып жатады, бір мәселе екінші мәселемен сабақтасады. Бірінсіз бірінің күні жоқ, бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп, бойын ұзартып отырады. Міне, журналистикатанудағы осы тенденция, осы заңдылық, проблема мен перспективаны айқындау, осы шақтағы журналистикаға қатысты зәру тақырыптардың басын біріктіру біздің мына мақаламызға түпқазық болған жайы бар.

 

Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор

Әсел Қамза, PhD, Сулейман Демирел университетінің ассистент профессоры