Дос туралы сыр

Әмір МОЛДАБЕКОВ,

Әл-Фараби ат. Каз ҰУ, ф.ғ.к.

Қазақтың мұңын айтып, жоғын жоқтайтын, елі үшін еміреніп, өзіндегі барды өскелең ұрпаққа дарытуды ойлайтын, жалынды жастарына ақыл қосып, тек соларды қолдайтын алаштың нар тұлғалы азаматтары жоқ емес. Солардың бірі және бірегейі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, республикалық ән байқауларының жүлдегері, сазгер – Құдиярбек Ағыбаевпен арамыздағы осындай достықтың жалғасын тапқанына да талай жылдардың жүзі болыпты. Тегі түрік Анахарсис бабамыздан қалған мына бір тәмсіл бар ғой. Оның анасы грек қызы болған. Сондықтан, грек тілін өз тіліндей меңгерген ол Грекияның Солон деген философына іздеп барып, «саған дос болайын деп келдім» дейді. Солон оның өтінішін бірден қабылдамастан: «досты өз елінен іздеген дұрыс болар» депті. Сонда Анахарсис бабамыз сөзден тосылмастан: «Сен өзіңнің еліңде тұрған жоқсың ба және өз сөзіңе жауап бердің. Бұл ендеше, менімен достасқың келгені болар» депті. Мына адамның тегін емесін білген Солон оны бірден жылы қабылдап, соңы өмір бойғы достыққа ұласыпты. Міне, сол сияқты, Құдиярбекпен достығымыз да өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Қостанай облысының астықты өңірінде басталған еді. Екеуміз әр күнді бірге атырып, тыным таппастан, астықты алқаптан телерадио эфиріне егінді алқаптан арнайы репортаждар жүргізген едік. Бұдан соң да Құдекең он жылдан астам тәуелсіз Қазақстан Республикасының Парламентінде арнайы тілші болып қызмет атқарды. Оның осынау еңбегі ескеріліп, жақында ғана Елбасының бұйрығымен «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды.

Өмірдін сан алуан соқпақтарын көрген Құдиярбек 1987-2000 жылдары ұзақ уақыт үлкен шаңырақ Қазақ радиосында кіші тілшіден бастап, бас директорға дейін қызмет атқарды. Республикадағы тұңғыш электронды БАҚ-ң бірі ретінде Қазақ радиосында «Тәулік тынысы» , «Панорама дня» секілді ақпараттық-сазды бағдарламалардың санды аппаратурадан хабар таратуына атсалысты. Он үш жылдай республиканың газет-журналдарында еңбек етті. Құдекең жастайынан эссе, өлең, әңгіме, мақала жазып, Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Бекен Жамақаев сынды тұлғаларды өзіне мектеп етті.

1980 жылы көрнекті ақын М. Әлімбаевтың тұсаукесерімен балаларға арналған бір топ өлеңі «Балдырған» журналында жарияланып, оқырман жылы қабылдаған еді. Содан бері оның әңгімелері, өлең балладалары, очерктері республикалық басылымдарда жиі көрініп, «Жыл он екі ай», «Балалар әні», «Махаббат назы», «Береке бастауы», «Біз – октябратпыз», т.б. оннан астам жинақтарға енді. «Қарлығаштар» – тұңғыш өлеңдер жинағы, «Үзілмеген үміт» деп аталатын повесі, «Айналайын» – балаларға арналған өлеңдер мен ертегілер, «Қазақ радиосы – 80» деп аталатын зерттеу кітаптары бар. Оның жазған «Аймен жарысқан пошташы Жаманқұл», «Тазша бала», «Ала мысық», «Түйе қалай жыл басынан құр қалды?» деп аталатын сценарийлері бойынша «Қазақфильм» киностудиясында анимациялық фильмдер түсірілді. Сондай-ақ, «жігітке – жеті өнер де аз» демекші, Қ. Ағыбаевтың бүгіндері телерадио эфирінен жиі орындалып жүрген отыздан астам әндері бар. 2001 ж. Оңтүстік Кореяның «LG» компаниясы шығарған «Караоке» ән дискісіне 20 әні енген. Оңаша отырып, ән жазғанда рухани күш алып, ұлттық мұра құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттап, оның бүгіні мен ертеңін ойлайды. «Эстрада – заманның талабы. Алайда, әнге деген көзқарас өзгеріп, дәстүрлі әнімізді ұмытпасақ, оның түп негізін ұлттық әуендерімізден іздесек екен», – деген тілегі бар.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң журналистика факультетінде ұстаз, көпке үлгі, үш бірдей құлынының әкесі, төрт бірдей немеренің атасы. Ұлы – Ағыбаев Алмас – Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Американ университетін (2001ж) халықаралық экономика мамандығынан және Англияның Лондон университетінің магистратурасын бизнес саласы бойынша бітірген (2013ж). Қазір Қазақстандағы ірі қаржы орталығының бірінде басқарма төрағасы болып қызмет етеді. Қызы – Аида, біздің ҚазҰУ-ң журналистика факультетінің түлегі, бүгінде «Қазақстан тұрғын-үй құрылыс» банкінде еңбек етсе, кенжесі – Әнел, Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінде менеджер болып істейді. Ұл мен қыз өсіп, ер жетіп, елің үшін аянбай тер төксе, ата мен анаға одан асқан бақыт бар ма, сірә?! Құдекең де бары да, нары да болған үш балапанын мақтан тұтады.

Соғыстан кейінгі 50-ші жылдардың ұрпағы ол – бір кісідей қиындықты көріп өскенін жасырмайды.

  • Күздің ызғарлы суық желі анамнан төрт айлығымда қалған мені самал боп аймалап сүйді, қыстың бет қаритын аязы жұдырықтай жүрегімнен тараған қан тамырларыма айрықша жылу құйды, шілденің құс қанатын күйдіретін аптап ыстығы жаныма жай таптырар салқын леп боп есті, көгілдір

көктемнің жаймашуақ күні бұғанамды бекітіп, сүйектерімді қатайтып, аяғымнан қаз тұрғызды, – дейді ол.

«Тым болмаса бір досы жоқ адам өмір сүрмей-ақ қойса болады» деген екен атақты Демокрит. Ол заманда да мінсіз дос табу дәл бүгінгі күндегідей қиын болса керек. Сол айтқандай, жан-жағына жүрек жылуын тарата жүретін, өз кәсібінен берекет тауып, кішіге – аға, үлкенге – іні бола білген Құдиярбек Ағыбаевтай абзал азаматтың арамызда жүргенін әріптестері,
Әмір МОЛДАБЕКОВ,

Әл-Фараби ат. Каз ҰУ, ф.ғ.к.