БОПАЙ ХАНЫМ: ТАРИХИ РОМАН

Құдйарбек Ағыбаев

 

БОПАЙ ХАНЫМ: ТАРИХИ РОМАН

 

 

 

  Жазушы Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» тарихи романы он сегізінші ғасырда өмір сүрген қазақтың бас ханы Әбілхайырдың жары Бопай Сүйіндікқызының өмірнамасына арналыпты. Бұл – қазақ халқының басындағы ең ауыр кезең. Шығыстан шапқан жоңғар шапқыншылығынан әбден әлсіреген қазақ халқын нешетүрлі жаугершілік айламен өзіне тәуелді етуге деген орыс империясының әрекеті де үдей түскен. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, Еділдің арғы жағындағы орыс-казактары мен торғауыт-қалмақтардың, теріскей батыстан Хиуа хандығына арқа сүйеген жәуміт-түрікпендердің, тіпті, ағайын санаған астек-башқұрттардың өздері де дембіл-дембіл қазақ ауылдарын ойрандап, малын тонап, жеріне шабуыл жасап жатты.
Төл тарихымыздың қалтарысында қалған, орыс билігіне қарсы тұрған Әбілхайыр хан ордасының әскери-саяси өміріндегі күні бүгінге дейін бұрмаланып келген тарихи деректердің романның көркемдік қағидасына айналуы оның мазмұнын байытып, құндылығын арттыра түседі. Бас кейіпкер Бопай қазақтың бас ханының сүйікті жары болып қана қоймай сенімді серігі, хан әулетінің ұйыстырушысы, ел өміріне қатысты күрделі мәселелерде ақылман кеңесші болған. Орыс империясының жоғары билігіне оның есімі танымал болуы да сондықтан.  Романның алғашқы бетін ашып оқығаннан-ақ Бопай болмысы Әбілхайырдай бас ханның күрескерлік өмірімен тығыз байланысты, соның аясында өрбитінін байқаймыз. Шығарманың көркемдік шеберлігіне, жазу стиліне баға беруді әдеби сыншыларға қалдырдық, біз тек қана, жазушының өзімізді оқырман ретінде толғандырған және қызықтырған тарихи оқиғалар желісін құрудағы ізденістеріне тоқтала кеткенді жөн көрдік. Алдымен, қазақтың бас ханы Әбілхайырдың қайғылы оқиғаларға толы трагедиялық өмірі. Ор бекінісін о баста келісілгендей, өз мақсатында емес, патша билігіне қызмет етіп келе жатқанын даулап, өзіне астам мінез көрсеткен Әбілхайыр ханға Орынбор губернаторы Неплюевтің қаны қарайуы тектен-тек емес еді. Ноқтаға басы сыймаған Әбілхайыр ханның басын жоймақ ниетпен ол Қаратау баурайында Қарнақта тұрақтаған, хандық билікке жетуді көксеп жүрген Барақ сұлтанға шабарман аттандырады. Бес-алты сарбазбен жолға шыққан Әбілхайырды Барақ сұлтан бастаған жауыздар ауыр жарақаттайды. Елім-жерім деп, өмірін анталаған сыртқы жаулармен арпалысып өткерген ханның, ең соңында, өз ағайынынан, іштегі сатқындардың қолынан ауыр жарақат алған сәттегі толғанысы жан тебірентерлік.
« – Ғұмыр көшім тоқтады… Көш-өмірдің бұлайша тоқтайтынын білсем етті?!. Әтте-е-ң, білмеппін-ау… Ел үшін жаным садаға деп… қолдан келгенше арпалысып шайқасқанда да, сол-л-л небір дұшпанға алғызбап ем…Енді міне… Басқаның емес, өз іргемнен шыққан қаскөйдің  қанды қолы қапияда ажал шеңгелін тәніме қадап, жүрегімді аһ ұрғызды… Жете алмай барамын соған. Аманатымды мұрагеріме, екеуміздің тұлабойы тұңғышымыз Нұралыға тапсыратынымды жеткізерсің. Соған септесерсің, соны орындауға қырық жылдай қасымнан ажырамаған сенің ақыл-парасат шамаңның жетеріне кәмілмін-н-н… Кәмілмін-н-н…»
Бұл – Әбілхайыр ханның жары Бопайға айтқан соңғы тілек-аманаты еді. Романдағы оқиғалар тізбегінің Бопай ханымның көзімен немесе оның тікелей қатысуымен баяндалуы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Мәселен, Маңғыстаудан жеткен онекі ата байұлының атақты батыры Шотан бастаған елдің қадірлілеріне арнап Бопай ханымның Барақ сұлтанға шығарған үкімінің айтылуы және оның көп уақыт өтпестен орындалуы ғажайып ақыл мен парасат биігіне көтерілген ханымның қайсар да өжет мінезін айқындай түседі. Дәлел үшін шығармадан үзінді келтірейік:
« – Қоңырат, найманды билеп жүрген сұлтанды Қарнақтағы қамалдан тапсаңдар, қатын-баласының алдында, ал түзде, елінің ішінде жолықтырсаңдар, халқының алдында табанға салып, алдымен басындағы тәжін алыңыздар, бұл сенің басыңды алғанымыз деген ишара болар! Содан соң беліңді сындырғанымыз дегендей, беліндегі кісесін ағытып алыңыздар! Асасы мен бес қаруын сыпырып, саусағындағы мөрін алыңыздар, бұл сенің төрелік, сұлтандық мәртебеңнен айырдық, енді ешкімге керегің жоқ дегенмен бірдей болар, сірә! Осының бәрінен соң, қос құлағының азандығын тіліп, «сырғалық» жасаңыздар, бұл жаза бұдан былай сенің қатыннан айырмаң жоқ дегенді көзіне шұқып көрсеткенмен бірдей болады! Иегіндегі сақалын күзеп, ұстарамен тықырлап, төбесін қанжардың ұшымен шаңбақтап-шаңбақтап кетіңіздер, бұл ақымақ басыңның енді жұртта қалған жыртық қауғадай да құны жоқ дегендеріңіз болар! Бұл аз болса, қатынының бұрымын кесіп, астындағы атының құйрық-жалын күзеп, тай сияқты шұнтитып тастаңыздар! Әйтпесе, намысы қайрақтай, өр кеудесіндегі жүрегі ешқандай өлімнен қаймықпайтын Барақтай ата жауды қылышпен шауып, найзамен түйреп құрдан құр өлтіре салу Әбілхайырдай ардақтымыздың кегін алудың жеңіл жолы болатынын ұмытпаңыздар, ардақтыларым! Барақ сұмның шырқыраған шыбын жанын кеудесінде қалдырып, мен айтқандай істеп, намысын біржола жер қылып кетіңіздер!»
Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы кездесетін, түрікпендердің қолға түскен қазақ сарбазының басындағы шашын сыпырып тастап, терімен қаптап, қолын кісендеп, аптап ыстықта ақылынан адастырып мәңгүрт жасайтыны естеріңізде ме? Жалпы алғанда, ежелгі дала заңы барлық көшпенді елдердің өміріне, тіршілігіне, салт-дәстүріне тән десек те, Бопай ханымның шығарған үкімі, ешбір пенденің басына бермес сұмдық жазасы да, намысын басқаның бәрінен биік ұстайтын бабаларымыздың, қазақ деген асқақ халықтың өршіл бейнесін әлемге паш еткендей, жарқырата танытқандай әсер береді. Бұған, Барақ сұлтанның, Бопай кескен сұмдық жазадан кейін құсалықтан адам айтқысыз күйзелістен арылмай,  ақыл-есі түзелместен өмірден өтуі дәлел бола алады.
Кейіпкер образының арқауы болған тарихи шындықтар, архивтік деректер көркем шығарманың жазылу үрдісімен бірігіп, құндылығын арттыра түскен. Және бір мысал келтірейік. Моңғол шапқыншылығында немесе Жоңғармен болған талай қырғындарда да қазақ олардың басқыншылықпен басып алған қалаларды аяусыз қиратқанын көрсе де, тіршілік көзі Жер-Ананы түп-тамырымен өртке ораған жауыздығын көрген емес. Қалың елді жерден, тіршілік тірегінен айыру үшін қарумен соғысып ала алмаған соң, казак-орыстардың осындай жауыздыққа баруы – Еділ мен Жайық алабын өртке орауы Әбілхайыр ханның қанын қарайтып, жанын түршіктірді. Көкірек түпкірінде ата жауына деген ымырасыздық қара тастай боп қатып қалған еді. Құдыретті табиғаттың қалауы болды ма, жоқ әлде, шын мәнінде, Алланың қарасуы ма, көп ұзамай сол күні толассыз жауын жауып, жер дүниені шарпыған қасыретке тосқауыл қойылды. Әйтсе де, хан ордасының батыс аймағындағы жерге басыбайлы иелік жүргізудің амалы ретінде орыс патшалығының 1747 жылдың 11 мамырында Еділ мен Жайық арасындағы кең далаға қолдан өрт қойып тұруға шығарған бұйрығынан Әбілхайыр хан бейхабар еді. Осы тұста Әбілхайыр хан орыс-казактарының жауыздығына қатты қапаланып, олардың қылмысын кешірмеуге ант етеді.
Мәди ағамыздың жазу стилінен қазақ фольклорының асыл қазынасы Батырлар жырының сарынын аңғаруға болады. Елім деп еңіреп, етігімен су кешкен ерлердің туған жердің бір уыс топырағы үшін жаумен арыстандай арпалысып өткен өмірін көркем тілмен, үлкен шабытпен шебер суреттейді. Жазушы Сарысудың оңтүстік батысындағы алапта, Бұлантыда қалмақ қолымен болған алғашқы соғыста Ұлы Жүз қолын бастап келген бас сардар ошақты Саңырық батырды ерлігімен таң қалдырған он екі ата байұлының бас сардары Шотан батырдың ерлігін өз көзімен көрген Әбілхайыр ханның баяндауымен жеткізеді. Бұл қалың қалмақ қолының қазақ даласындағы алғашқы ауыр жеңілісі еді.
« – Несін айтасың,Әбеке! Одан соң үш жылдан кейін Сарысудың оңтүстік  батысындағы алапта, Бұлантыда болған соғыста Ұлы жүз қолын бастап келген бас сардары Саңырық батырды таңқалдырған Шотан емес пе ол!
– Айдарынан жел есіп: «Әй, Саңырық! Жекпе-жекке шық, кәрі
сүйегіңді шашып аламын деп қорықпа, әйтпесе өзің сенетін батырыңды жібер, маған!» деп, екілене айқайлаған қалмақтың батырымен ұстасуға бел шешкен сардар оқыранған айғырының төс тартпа, шап тартпасын бекемдеп жатқан мезетте біздің қатардан орғып шығып еді-ау, сарбазың! – деді Әбілқайыр ерекше сүйсінісін бүкпей. – Дулығасының астынан жұп-жұқа ақ торғын шайы орамалмен бет-жүзін бүркемелеп алған оның кім екенін менен басқа ешкім ажырата алмады. Саңырық қапелімде аң-таң болған күйі, бұ кім дегендей сұраулы сыңыймен маған бір қарайды, қалмақтың әлгі даңғой батырымен ай-шайға қарамастан айқасқа түскен оған бір қарайды. Қатты екпінмен барып, найзасын алма кезек екі қолына қақпақылдай ұстап сілтеген ол қарсыласын иықтан түйреп атынан бір-ақ аударып тастады да, оң қолымен қылышын қынынан жарқ еткізіп суырып алды. Маған тақау тұрған сардар: «Апыр-ай, мынауың адам ба, дию-пері ме, құйындай үйірген қимылмен ана сорлыны көзді ашып-жұмғанша омақастырып, кеңірдегінен орып түсірді!» дегенінше болған жоқ, қалмақтың шойындай басын найзасының басына түйреп алған Шотан кесе көлденеңдей орағытып келіп, Саңырықтың аяғы астына домалатып тастай салды. Өзің де куәсің, Бөке, сол Бұлантыда біздің әр ру, әр тайпадан бас құраған шебімізден талай ер-өрендер жан алысып, жан берісіп қалың  қалмаққа қырғын салды емес пе! Он екі ата бай ұлының бас сарбазы Шотан солардың бірегейі болды десем, артық айтпаспын.
– Айна-қатесіз тура айттың, Әбекем!  Сәкең, бүкіл Ұлы жүзге атақ-даңқы
әйгілі Саңырық батырды айтамын да! Бұлантыда мерейімізді асырған жеңісті шайқастан соң өзіңіз бастаған әскер сапының алдында аса бір ырзалықпен масаттана сөйлеп, батасын беріп тұрып, Шотанға күмістелген ер-тұрманымен күрең арғымақ мінгізіп, беліне алтын балдақты алмас қылыш байлағанда бәріміздің көкірегімізді мақтаныш кернеген еді-ау сонда!..»
Сөз соңында айтарымыз, жазушы Мәди Айымбетов ағамыздың жаңадан жарық көрген «Бопай ханым» романы да қазақ тарихын түгендейтін, болашақ киногерлерге таптырмас тақырып болатындай, ал қалың оқырманның қолынан түспей қызығып оқитын шығармасы боларына бек сенімдіміз.
Құдиярбек АҒЫБАЕВ,

ҚР Мәдениет қайраткері.