Албан Тазабек

Бексұлтан Нұржекеұлы

Abai.kz

Тазабек батыр және Жетісуға ұйғырлардың жаппай көшуі

 

Бексұлтан Нұржекеұлы

Калпаковскийдің ғой кім екенін екінің бірі біледі, ал Албан Тазабекті кәзіргі қазақтың көбі білмейді. Өйткені ол – Жетісуда орыс бодандығына алғаш қасқайып қарсы шыққан, сондықтан аты да, ісі де ұмыт болуға тиісті адам. Ол туралы ұзақ жыл айтылмады, жазылмады, сөйтіп жүргенде, білетіндердің бәрі о дүниеге аттанып кетті, білмейтіндер сондай адам бар еді деп қайдан іздесін? Ал саясат пен тарихтың таразысына салғанда, Тазабек – ұмытуға мүлде болмайтын айрықша батыр.

Шежіре дерек бойынша, ол – албан тайпасынан тарайтын Әлмерек абыздың ұрпағы. Әкесі – қалмақтарға қарсы соғыста аты шыққан Пұсырман батыр. Зерттеуші Ораз Қауғабаевтың айтуы бойынша, 1916-жылғы Қарқарадағы ұлт азаттық көтерілістің бір басшысы Әубәкір – Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманында» айтылатын Әубәкір – сол Тазабектің бел немересі, Солтанбек деген баласынан туған («Тазабек би», «Халық кеңесі», 23.07.94). Бұл сөздің растығы күмән тудырмайды, өйткені Ілияс Жансүгіров жыйнаған «Жәркент оязында» деген деректердің ішінде Әубәкір Сұлтанбекұлының естелігі бар, сонда ол: «Менің әкем Тазабек албанды алғаш орыс алғанда, қарамаймын деп қарсыласып жүріп, орыстан оққа ұшып өлген екен», — деп жазады (Ілияс Жансүгіров «Жетісу», Алматы, 2001, 74-бет). Атасын әке дей беретін әдет бойынша, Әубәкірдің Тазабекті «әкем» деуінде ешқандай ерсілік жоқ деп ойлаймын. П.Румянцевтің «Жәркент үйезі» кітәбіндегі «Ауыл бойынша тізім» бөлімінде 93-қауым, Әлмерек руы бойынша Жақыпбек (Джакпек) Солтанбек, Уаккас Солтанбек, Дамбай Тазыбек, Чокпа Солтанбек деген кісілер Далатысайды; Абылгазы Солтанбек, Тезек Тазабек, Аубакыр Солтанбек, Садыкпек Солтанбек деген адамдар Кеңсуды мекендейді деп көрсетілген. Аты-жөндеріне қарағанда, олардың Тазабекке туыстығы бар.

Тазабектің би болғаны да даусыз, дәлелді. 1846-жылдың 23-маусымында ұлы жүз қазақтарының сұлтандары, билері мен ру басылары Ресей бодандығын қабылдауға байланысты міндеттеме алады. Сол міндеттемеге Тазабек те қол қойған. Міндеттеме орыс және арап әрібімен орыс және қазақ тілінде жазылған. Бірінші болып сұлтан Сүйік Абылайханов қол қойса, 29-болып «билер» деген қатарда «Тазабек Бусурманов» деген орысша жазудың оң жағында Тазабектің арапша қолы мен албанның таңбасы тұр («Казахско – русские отношения в XVIII — ХІХ веках». «Наука», 1964, 319 және 324-бет). Ал ұйғыр тарихшысы М.Кабировтың зерттеуінде Тазабек Меркі болысының бұрынғы басқарушысы делінеді («Переселения Илийских уйгур в Семиречье». Алматы, 1951. 40-бет).

Өстіп орыс патшалығына уәде беріп қол қойған, болыс болған, орыстан прапоршик деген дәреже алған Тазабектің кейін орыс бодандығына қарсы күресуінде не себеп бар?

Меніңше, оның ең басты себебі Тазабектің ақылды, көз алдында өтіп жатқан оқыйғаларға халық мүдесіне орай баға бере алатын көрегендігінде болса керек. Орыс отаршылары әу баста қазаққа жылы сөйлеп, жақсы уәде беріп жақындады, Қытайдың, қырғыздың, Қоқанның қоқаңдауынан қорғаушы болды.

1846-жылы Іле бойына Кенесары келді, оның онда келуі патша өкіметінің мазасын алды: бодандыққа бет бұрған елдің пейілін бұзуы мүмкін-ді. Және солай болды да. Кенесарыны қырғыздардың тұтқын етуі, ақырында оны өлтіруі, сол оқыйғалардың түпкі түрткісі орыс патшалығының отарлау сайасаты екені Тазабек сынды ел қамын ойлай білетін азаматтарды, сөз жоқ шошындырған болу керек. 1847-жылы Қапал қаласы әскери бекініс орнына айналды, 1854-жылы көне Алматының түбіне Верный бекінісі салынды, Қырғыздың сарыбағышы мен бұғысы өзара соғысып, қырғынға ұшыраған бұғылар қашып Жәркент үйезінің жеріне тығылды. Бұғылар Ыстық көлдің шығысын жайлайтын және Қытайдың боданы саналатын, ал сарыбағыштар Ыстық көлдің батысын мекендеген және қоқандықтардың қоластында болатын. Қытайдан еш көмек болмайтынын білген бұғылықтар енді амал жоқ пана іздеп орыс патшалығының қоластына өтуге ұмтылды. Мұның бәрі ел арасын, шегараның жағдайын қатты шиеленістірді. 1858-жылы ұлы жүз приставы болып келген Калпаковский 1860-жылы Тойшыбек бекінісін талқандап, қоқандықтардың соңғы үмітін үзді. Орыстан гөрі өзбегім тәуір ме деп дүдәмәл жүрген талай қазақ енді амалсыз орыстың зеңбірек күшіне мойынсұнды. 1867-жылы Жетісу казак орыс әскері жасақталды, Жетісудың түкпір-түкпіріне әскери-ғылыми екіспедитсиалар үздіксіз жөнелтіліп жатты; Пішпек, Тоқмақ, Түркістан орысқа қарап қалды, құрсау күн санап тарылып келе жатты. Осы тұста арғы-бергіні салыстыра біліп, қазаққа қай жолдың пайдалы екенін пайымдауға тырысқан Тазабек отарлаушы орыс бола ма, өзбек бола ма, олардың түпкі мақсаты бір екенін сезе білген секілді. Шұрайлы жерді, қолайлы қонысты келімсектер алып жатқанын көрді, қазақтың мойнына ілініп жатқан қамыттың қауіпті екенін іші сезді, сезіктенді, сондықтан енді оған шамасы жеткенше қарсылық жасай бастады: әуелі сөзімен, насихатымен, ел ішіндегі өзінің беделімен. Оның ол әрекеті Калпаковскийдің, басқаның құлағына жетіп, көзіне түспей қалған жоқ. Текетірес осыдан басталды, содан асқындады, шенге, атаққа Тазабек сатылмады.

Ол кезде орыс-қытай шегарасының арғы, бергі бетінде аралас-қоралас отырған албан, суан тайпасы Қытай жеріндегі мұсылман халықтарымен де сауда-саттық алым-берім жолымен тығыз байланысып тұрды. Шығыс Түркістандағы ұйғыр, дүңген халықтарының наразылығы шегарадағы жұртқа құпиа болмаса керек-ті. Себебі ол кезде суан тайпасының аға сұлтаны Адамсат Ибатов Үсек өзенінің шығыс бетіндегі Шежін деген ауылға орналасқан-ды, ал Шежін тұрған Үсек пен Қорғас өзендерінің екі арасы ресми түрде Қытайға қарайтын, оның солай екенін Шоқанның 1856-жылы Құлжаға барған сапарнамасын оқыған адам да біледі. 1860-жылдардың басында дүңген көтерілісі болды, одан кейін Қашғардың билеушісі Жақыпбек бүкіл Шығыс Түркістанды өзіне қаратып алды. 1864-жылы Қытайда тараншы-дүңген көтерілісі жеңіске жетіп, бірақ артынан дүңгендер мен тараншылар өзара қырылысып, ақырында тараншылар (ұйғырлар) дүңгендердің қырғанын қырып, қырмағанын қуып, Құлжада жеке Ұйғыр сұлтанатын құрды. Орыс патшалығы ол көтерілістің өзінен бұрын басқа халыққа әсер ететін үлгісінен қорықты. Қорқуы бекер де емес-ті.

Тазабек батыр ұйғыр сұлтаны Әбіл-оғлымен байланыс жасап, орыс билеген елден опа таппаймыз деп, мың үй албанды ұйғыр сұлтанатының жеріне көшіріп әкетті. Бұл гүбірнәтір Калпаковский үшін де, орталықтағы орыс шенеуніктері үшін де күтпеген жағдай еді. Орыс шаруаларын босаған жерге әкеліп орналастыру үшін, бір қарағанда, қолайлы болғанмен, мұншалық ел-жұрттың бірден үдере көшіп кетуі саяси және өзгеге үлгі болу жағынан өте қауіпті болатын. Ресей қоластына қарауға ашық қарсылық жасаудың бұл айрықша және ешкім күтпеген түрі еді. Анау-мынау азын-аулақ та емес, бір үйде орта есеппен ол кезде бес адамнан болу керек деп есептегенде, көшіп кеткен мың үйде, кем дегенде, бес мың адам бар деген сөз. Бұл елемеуге, мән бермеуге болмайтын оқиға еді. Калпаковскийдің қатты ширыққаны, қалайда батыл бір әрекет жасауға бекінгені зерттеушілердің пайымдауынан да байқалады.

Ю.Г.Баранова мен А.У.Жандосов: «Протестный характер носили, несомненно, две большие откочевки в Илийский край, имевшие место в начале 1871 г., – казахов рода албан (по русским источникам: атбан) во главе с полковником царской службы султаном Тезеком, внуком Аблай хана (свыше 1 тыс.чел.) и рода кызай во главе с волостным управителем Тазабеком (свыше 5 тыс.чел.). Неудавшаяся попытка урегулировать дипломатическим путем вопрос о выдаче (экстрадиции) султана Тезека и возвращении считавшихся беглецами албанов и кызаев позволила местным российским властям создать формальный предлог для занятия Кульджи, что привело к вынужденной самоликвидации Таранчинского султаната», – деп жазады («Туған өлке», N1(6) 2006. 73- бет). Тарихшылар Тазабекті қызай деп қателескенімен, оның болыс болғанын және ұйғыр сұлтанатының түбіне жеткен Калпаковский екенін тап басып айтады.

Жәркент оязындағы сол кездің жағдайын өзі Жетісу обылысының Қоныстандыру басқармасында есепке алу бөлімін басқарған, сол обылыстың шаруашылығы мен жерді пайдалануы жөнінде жеті том кітәп жазған П.П.Румянцевтен артық білетін адамды таба қою қиын. Сол Румянцев өзінің Жәркент үйезіне арналған кітәбінде (С.Петербург, 1912) орыс-қытай шегарасындағы жағдайды былай түсіндіреді.

Құлжада тәуелсіз ұйғыр сұлтанаты құрылып, оның сұлтандығына Әбіл-оғлы-хан сайланғаннан кейін, 1865-жылы орыс өкіметі шегараны мықтауға жедел қам жасайды. Текеске (кәзіргі Ырайымбек ауданында), Бурақожыр өзенінің бойына (кәзіргі Көктал ауылының қасы), Аяқ сазға (Белжайлаудың шығыс жақ етегі), Шонжыға әскери әтірет қояды. Алайда патша өкіметінің боданы саналатын жергілікті албан-суандар ол әтіреттің тұрғанына да, өздерінің болыс-болысқа 1864-жылы бөлінгендігіне де қарамастан, 1866-жылы тараншы сұлтанатының шегарасына емін-еркін өтіп кетеді. Онымен де қоймай, олар орыс бекеттеріне шабуыл жасап, малдарын айдап әкетеді. Орыс өкіметі ұйғыр сұлтанатынан оларды қатаң жазалауды қайта-қайта өтінеді. Ал ұйғыр сұлтанаты бір жағынан орыстардан қорқып, екінші жағынан албандарды жазалауға шамасы келмей, әбден сасады. Әйтеуір, албандарды Ұзынтаудың солтүстігіне таман көшіруге әзер көндіреді. Сөйтіп отырғанда, Тазабек мың үй албанды орысқа бағындырмаймын деп тағы алып өтеді. Бұған бұдан әрі төзе беру орыс патшалығының беделін біржола түсіретін еді, сондықтан сол кездегі Жетісу обылысының әскери гүбірнәтірі Калпаковский ұйғыр сұлтанатынан Тазабекті ұстап беріп, онымен ілесіп барған мың үйді қайта өткізіп беруді әлденеше рет қатаң талап етеді. Тазабекті ұстап берудің орнына Мазарт деген жерде сұлтан орыс әтіретіне шабуыл да жасайды. Осыдан кейін Калпаковский Бурақожыр өзенінің бойына әскер әкеліп, шабуылға дайындалады. Гүбірнәтір Калпаковский 1871-жылдың 12-маусым күні Бурақожырдан (Көкталдан) Құлжаға қарай аттаныс жасайды. 19-маусым күні тараншылардың Сүйдін бекінісін басып алады, 21-маусым күні Құлжаның билеуші сұлтаны Әбіл-оғлы хан орыс ләгіріне өзі келіп беріледі. Тазабекті де сол арада ұстап береді. 22-маусым күні Калпаковский Құлжа қаласын алады.

Тазабек жайындағы Румянцевтің осы мәліметін тарих ғылымының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860 – 1920 жж.)» деген еңбегінде толық қуаттайды. «Ал сол кезде албан елінің біраз рулары Жетісу өңірінен Қытайдың Іле аймағына ауып барғаны да шындық. Э.Мамидова өз еңбегінде: «Түркістан үкіметі жергілікті тұрғыңдардың қытайдың батыс өңіріндегі көтерілісшілермен барыс-келіс жасауын қатаң шектесе де, мыңдаған қазақ, қырғыз отбасылары жедел барып көтерілісшілерді қолдады (мысалы, Тазабек Басарманов бастаған мың түтін қазақтар шекарадан асып кетті)», – деп жазады… Жоғарыда Э.Мамидова атаған Тазабектің Қытай шегарасын асып Іле аймағына баруы, әсте, ондағы көтерілісті қолдау үшін жасалған жорық емес, керісінше Ресей отаршылдарына қарсылық көрсету тұрғысынан жасалған қадам болып табылады. 1869-жылы Алматы өңірінде отырған албан елінің басшыларының бірі Тазабек патшалық Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығына қарсылық көрсетеді. Бірақ оның барлық әрекеті отаршылдар жағынан қатты жанышталады. Сонымен Тазабек елімен ақылдасып, жер аударып болса да орыстың қысымынан құтылу жолын қарастырды. Қытай тарихшысы Ши Шыңшүн мырза осы оқиға жөнінде жазған еңбегінде: «1871-жылдың басында, Тазабек Әлиханға (Іле сұлтаны) хат жазып, өз руларын бастап Ілеге көшіп баратындығының себептерін түсіндіріп, Әлиханның оларды қабылдауын талап етеді. Әлихан оған жауап хат жазып, оны қабылдайтындығын айтады.

Тазабектің қоныс аударуға дайындық жасап жатқандығын Ресей жансыздары сезіп қояды да, сәуір айының бір күні орыс әскерлері албан руын кенеттен қоршауға алады. Тазабек өз адамдарымен орыс әскерлерімен қатты соғысады. Сол күні таң атарда Тазабек орыс әскерлерінің қоршауын бұзып шығып, мыңнан аса отбасын бастап, Қытай жаққа суыт көшеді. Олар бірнеше күн жол жүріп, Шонжы қарауылынан өтіп Ілеге барады. Әлихан оларды Іленің Тоғызтарау ауданына орналастырады.

Оған намыстанып ызаланған патшалық Ресей үкіметі, Тазабекті жазаға тартпақ болып, Әлиханға хат жазып: Сендер Тазабекті ұстап әкеліп бермейтін болсаңдар, саған және сенің халқыңа жақсылық болмайды. Біз сөзсіз сені әуре-сарсаңға саламыз. Сондай-ақ сенің отаныңды басып аламыз дейді. Әлихан олардың талабын орындамады. Содан көп өтпей патшалық Ресей Ілеге зор көлемде әскери шабуыл жасап, Іле аймағын басып алады. Әлихан оған тізе бүгіп, амалсыздан Тазабекті оған тапсырып береді. Орыстар Тазабекті темір шынжырмен байлап-матап Алматыға әкеліп, оны азаптап аса жантүршігерлік қинау жасап, ғайуандықпен өлтіреді», – деп баяндайды. Бұл – тарихи шындық. Сөйтіп бұл арада талдап айтуға тиісті маңызды мәселе мынау:

Патшалық Ресейдің Ілені әскери күшпен басып алуы – тек Тазабекті тұтқындап әкелу үшін ғана емес. Олардың Тазабекті ұстап келеміз дегені – желеу, сол арқылы Англияға қыр көрсетпек болғаны шындық еді. Себебі ол кезде Англия отаршылдары өзінің отары Үндістан арқылы Тянь шань тауының арғы бетіндегі Қашғарға қадам баса бастаған болатын. Сондықтан патшалық Ресей үкіметі Ұлыбританияны шәужайдан қағып, олардың отарлық өрісінің Тянь шань тауы өңіріне қарай қанат жайып келуін шектеу үшін жасалған әскери құйтырқы шара еді. Бұл шара орыстар үшін Құлжаны қолға ұстай тұру – стратегиялық жақтан аса қажетті. Сөйтіп олар 1871- жылдан 1881-жылға дейін он жыл бойы табан аумай Кытайдың Іле аймағына өзінің отарлық үстемдігін жүргізді», — дейді («Қазақпарат», Алматы, 2000, 133 – 134-бет).

Ғалымның мұнда Әлихан деп отырғаны – ұйғыр (тараншы) сұлтаны Әбілоғлының аты.

Осы шындықты кезінде Ілияс Жансүгіров те өзінің «Ұзынағаш соғысы» деген еңбегінде тәптіштеп жазыпты: «Қытайдың ұлықтары өзіне қараған ұлттардың басынан бақайына шейін сорды. Тәртібі қатал, істегені құры зорлық талау еді. Елдің қолындағы малы, азығы, аялы (әйелі — Б.Н.), тіпті үй ішіндегі көзге түсерлік нәрселері де еріксіз тартып алынатын еді. Аяғында Қытайдың осындай талау тәртібі өзіне қарсы дүңген, тараншы көтерілістерін туғызды. Тараншылар ішіндегі қытайды қырып салып, ұлықтарын өлтіріп, Абылұлы деген тараншыны хан көтерді… Кейін орыстан қашқан Албан Тазабекті бермеген себепті сылтауратып, орыс Құлжа ауданына аттаныс жасап тараншыдан Құлжаны алды», – дейді (І.Ж. «Жетісу», Алматы, 2001, 50-бет).

Ілияс Жансүгіров бұдан әрі бұл деректің шеңберін кеңейте мәлімдейді: «Қытайға шектес елдегі Бұғы қырғыздары, қазақтың Албан руы орысқа көпке шейін орнықпай, керқайзаңдық қылды. Мұның бірі – Албан Тазабек. Тазабек тараншы ханымен сөздес болып, орысқа бағынғысы келмейді. Албандағы Құрман Саурық деген кісі де (1916-жылғы ұлт азаттық көтерілісінің тағы бір көсемі Ұзақ Саурықовтың әкесі – Б.Н.) орысқа бағындырмай, ең болмаса Албанды ажыратып алғысы келеді. Өзіне ерген Албанды көшіріп, Құлжа маңайына көшеді. Бұған Бұғы қырғызы да қосылады. Саурық, Батыш, Жетен деген адамдарды орыс ұстауға шығады… Қытайдың Су асу деген жерінде жатқанда, 30 казак-орыс қазақтан басшы апарып, Саурықты ұстайды. Мұның қолында қырғыз Балбай деген болады. Бұл екеуін Алматыға әкеліп «абақтыда өлді» қылып көзін жоғалтады», – дейді Ілияс (Аталмыш кітәп, 51-бет).

Мұны оқығанда, 1916-жылдың көсемдері Ұзақ батыр мен Әубәкір батырдың орыс патшалығында ежелден кегі бар екенін еріксіз ойға аласыз.

«Тазабек орысқа қарсы» дегеннен Тазабекті ұстауға Алматыдан 100-дей казак-орыс шығады. «Тазабекке орыс шықты» дегенде, Тазабек шындап атқа мініп, жақын жердегі орыс қарауылдарын өлтіреді. Тазабектің жинаған азын-аулақ жасағы болады. Тазабекті қуған орыс Іле бойында Тазабекпен кездесіп, атыс болып, екі жақтан да бірқауым кісі өледі. Ақырында Тазабек тайқап, Қырғызсайды басып, Сүмбемен асып, Құлжаға кіріп кетеді. Тараншы ханы Абылұлының қолтығына барып кірді.

Орыс Ушаков тараншыға тап беріп, Құлжа маңайына әскер аттандырды. Бұл әскер Шалкөдені басып жүрді.

Албан жиналып, Есенаман деген кісіні хабарға жібереді тараншыға. Тараншылар шабынысып, орысты тосады. Орыс тараншыға кісі салып, Тазабекті сұрайды. Тараншы Саурықты сұрады. Екі жақ сөз келісе алмай, орыс бұлады. Ол жолы тараншылар орысты табандатып жеңіп, бірталай адамын өлтіріп, әскерін қашырды.

Калпаковский қайта күш жинап, тараншыға аттанады. Іленің екі жағын өрлеп, орыстың көп әскері жүреді. Калпаковский өзі де осы жорықтың ішінде болады. Орыс тепкісіне шыдамай, тараншы орысқа бағынады. Тараншылар (Тазабекті) Калпаковскийдің қолына береді. Бұл жолы Шалтабай деген Саурықтың інісін де орыс ұстайды. Бұл 1871-жыл еді.

Тазабекті орыс түрмеде Саурықшылатып өлтіреді. Шалтабайды Сібірге айдайды. Шалтабай сол кеткеннен 10 жылдан соң қайтып елге қосылады», – деп баяндайды Ілияс Жансүгіров («Жетісу», 2001, 51-бет).

Сөйтіп, Калпаковский Тазабекті өлтіріп, Тараншы сұлтанатын құлатып тынады. Ораз Қауғабаев аталмыш зерттеуінде Тазабекті «елге әкелген соң атуға халықтан қорқып, у беріп өлтіреді», оның «зираты Шелек ауданындағы Қорам ауылының маңында» дегенді айтады. Әйтеуір, Тазабектің Калпаковскийден аман құтылмағаны анық. Ал тараншының соңғы сұлтаны Әбілоғлыны Калпаковский 1871-жылдың 18-тамызында отбасымен бірге Алматыға әкеліп орналастырады. (М.Кабиров. Аталмыш кітәбі. 46-бет). Алматыдағы кәзіргі Сұлтан қорған – соған берілген жер.

Тазабекті қайтарып бермедің дегенді сылтауратып Құлжаға дейінгі жерді орыс патшалығына қаратып алған Калпаковскийдің бұл жеңісі кейін Жетісу өлкесінің тіршілігіне өте үлкен өзгеріс әкелді: Құлжа өлкесі 1871- жылдан 1881-жылға дейін орыс патшалығына қарап тұрды. 1881-жылы Қытаймен Петербург келісімі жасалды, ол келісім бойынша Құлжа өлкесі Қытайға қайтарылып, есесіне Қорғас өзеніне дейінгі жер Ресейге берілді, екі елдің аралық шегарасы енді Қорғас өзені болып белгіленді, ал Құлжада қалғысы келмейтін барлық жергілікті халыққа Ресейге емін-еркін көшіп кетуіне рұқсат берілді.

Көтеріліске қатысқанымыз үшін кек алады деп қорқып, барлық мұсылман Ресейге көшіп келуге келісті. 1881-жылдан бастап о жақтағы албан, суан тайпалары, тараншылар мен дүңгендер Жетісу жеріне көшіп келіп, соның нәтижесінде, 1882-жылы жаңа Жәркент үйезі құрылды да, Жетісу өлкесінде тұңғыш ұйғыр (тараншы) ауылдары пайда болды. Түпкі мақсаты Жетісуды жаппай орыстандыру болған Калпаковский әскерді азықпен қамтамасыз ету және қоныс аударғандарды асырау үшін, егінші тараншылар (тараншы – егінші деген сөз – Б.Н.) мен дүңгендердің көбірек өткені қажет деген сылтаумен қазақтардың Жетісуға көптеп келуіне мүмкіндігінше кедергі жасап бақты, әртүрлі сөз таратып, келейін деп отырған қазақтарды айнытуға тырысты. Соның салдарынан әуелгі кезде түгелдей көшіп келеміз деп отырған бірнеше болыс қызай тайпасы кейін көшпей қалып қойды.

П.П.Румянцев аталмыш кітәбінің «Тараншылар» деп аталатын V-томында (С.Петербург, 1911), ұйғырлар арасында Жетісу жеріне көшуді белсенді түрде үгіттеген Уәли-Ахун-Юлдашев атты ақылды, іскер адам болғанын айтады. Ол өзі бай, ықпалды адам болғандықтан, өзінің жанашыр адамдарын суы мол Қорғас, Тышқан, Үсек өзендерінің бойына орналастырыпты.

Жетісуға ұйғырлардың қоныстануы хақында ұйғыр ғалымы М.Кабировтың «Переселение Илийских уйгур в Семиречье» деген зерттеу кітәбі бар (1951). Бұл мәселеге қатысты М.Кабиров арнайы кітәп жазды, ғалымдар Ю.Баранова мен А.У.Жандосов «О вынужденной миграции и переходе в российское подданство различных групп мусульманского населения Кульджинского края Синцзяна» деген зерттеу мақала жариялады («Туған өлке», N1(6), 2006). Ю.Баранова «К вопросу о переселении мусулманского населения из Илийского края в Семиречье в 1881-1883 гг.» деген (1959) зерттеуінде және М.Кабиров аталмыш кітәбінде Жетісуға 9572 ұйғыр отбасы, яғни 45373 адам келді десе, Ілияс Жансүгіров: «1882-жылы уадасына Құлжа ауданынан ауып 45 000 тараншы, 6000 дүңген келді. Бұл дүңгендер Пішпектің батыс жағына отырғызылып, тараншылар Жаркент, Алматы ояздарына жайғастырылды», – деп жазады. П.Румянцев мұның сыртында 1886-жылы Құлжа өлкесінен тағы 2000 тараншы көшіп келіп, оларды Калпаковскийдің 70 үй қазақты Алпысбай баққа, 80 үй қазақты Ақшиге көшіріп, ал олардың орнына сол ұйғырларды Алматы маңайына орналастырғанын жазады (VI-том, Верный үйезі. 1913. 78- бет).

Әу баста генерал Калпаковский мен Албан Тазабектің арасында туған күрес өстіп халықаралық дәрежедегі мәселеге ұласты. Нәтижесінде, Жетісудың шығыс аудандарында, атап айтқанда, сол кезгі Жәркент, Верный үйездерінде бір-бірімен байланыса орналасқан ұйғыр ауылдары пайда болды. Тарихшы Кабировтың айтуына қарағанда, саяси себеппен өйтіп бүкіл бір обылыстың халқын басқа жаққа жер аудару бұрын-соңды тарихта болмаған көрінеді. Оған дейін Жетісуда ұйғыр ауылдарының болмағанын 1910-жылғы мына зерттеу айқын көрсетеді:

«Ақсу ауылдары Құлжа өлкесінен 1881-1882-жылдары тараншылардың көшіп келуі нәтижесінде құрылған» (П.П.Румянцевтің кітәптерінен құрастырылған «Уезды Жетысу» кітәбі, «Жалын», 2000. 240-бет). Жаңа қонысқа келген тараншыларға үй басы 4 сом 17 тыйыннан беріліп, олар 10 жыл бойы салықтан босатылған, жер үшін қазақтарға да ештеңе төлемеген (сонда, 241-бет).

«Шарын ауылы 1883-жылы құрылды. Негізгі халқы тараншы мен дүңген. Басым көпшілігі Құлжа өлкесінің Нилка, Мазар және Шонжы деген үш жерінен келген тараншылардан тұрады» (243-бет).

«Жетісу обылысындағы Кетпеннен басқа барлық тараншы ауылы 1881-1883-жылдары «Дүңген көтерілісі» атанған көтерілісті басу нәтижесінде және Құлжаны орыстар Қытайға берген соң құрылған» (244-бет).

«1881-жылы Құлжаны орыстар Қытайға қайтарып беріп, жаңа шегара белгіленуіне байланысты, Кетпен болысы түгелдей орыс жеріне қарады. Мемлекеттік шегара Қалжат ауылының шығысынан 7 шақырым жерден өтеді» (245-бет).

«Масықбай мекені Жаңғызтай, Байтоқай, Көгенші, Қан, Жұғар – Жаңғыз-тай, Шарбағашы, Терметі деген 7 жерден шыққан адамдардан құралған. Алғашқы бесеуі Құлжаның оңтүстігінде 7 шақырым жерде» (245, 246-бет).

«Бәйсейіт ауылы Шелек өзенінің оң жақ жағалауында… Ауылдың іргетасы 1881-жылы қаланды… Көпшілігі 1882-жылдың көктемінен, соңғы қоныстанушылар 1885-жылы келді… Бәйсейіт деген атты сол араның бұрынғы атауынан қойды» (247-бет).

«Қорам ауылы Іле өлкесінің 11 мекенінен шыққан 775 адамнан құрылды» (248-бет).

Лабар ауылын Құлжа өлкесінің алты мекенінен шыққан тараншылар құрғанын, онда 450 үй бар екенін жазады (253, 254-бет).

Жоғарғы және Төменгі Қаратұрық жайында: «Ауылдар 1883-85-жылы Құлжа өлкесінің Герем, Шапшал, Торузтара, Кіші-бура деген төрт мекенінен шыққан адамдардан құралған», – дейді (255-бет).

«Терең – Қарасу ауылы… 1883-жылы Тасүстен, Алтом, Ақтом, Аблаш Йузы, Бақтоқай, Қадыр-Йузы деген алты мекеннен шыққан адамдардан құралған» (256-бет).

«Киікбай ауылы 1881 – 82-жылы Құлжа өлкесінен тараншылар өткен бетте құрылған» (258-бет).

М.Н.Кабиров Шарын өзенінің алқабына жаппай тараншылардың көшіп келуінің нәтижесінде, жаңадан Акру – Шарын ауданы құрылғанын жазады («Из истории казахов» кітәбі, «Переселение Илийских уйгур в Семиречье». «Жалын», Алматы. 1999. 260-бет).

Кейін, кеңес заманында, 1935-жылдың 9-қаңтарында ҚазАтКом Президиумының қаулысымен Ұйғыр ауданы құрылып, орталығы Дубун ауылы боп белгіленеді. Ауданның аты солай аталғанмен, мұнда тұратын қазақтар саны да ұйғырлармен шамалас. Олардан басқа орыстар да, түріктер де, басқалар да аралас-қоралас тұрады. 1940-жылы аудан орталығы Подгорное ауылына, 1945-жылы Шонжы ауылына көшіріледі. 1963-жылы Ұйғыр ауданы қысқартылып, Панфилов ауданына қосылып, ол 1964-жылы қайтадан жеке аудан болып құрылады. («Справочник по истории административно-территориального деления Алматинской области», Алматы, 2002, 117-бет).

Жетісу өлкесінің бір ғасырдан астам бұрынғы бұл тарихы – кәзіргі жастарға қасиетті шындық. Ежелден ағайын қазақ, ұйғыр халықтарының тағдырлас, мұңдас болған бір шағы сол ХІХ-ғасырдың соңғы жылдары. Қазақ ұйғырдың немесе ұйғыр қазақтың жерін басып алған жоқ, орыс пен қытай сыйақты екі алып елдің әлім жеттілігінің әсерінен тәуелсіз сұлтанаты құлап, қиын бір кезеңді басынан кешіріп отырған ұйғырларға қазақ жері бірден-бір пана болды. Ал орыстан қашқан албан, суан тайпаларына біраз жыл ұйғыр сұлтанаты да пана болған-ды. Соның бәрі – ағайын халықтардың тарихында ұмытылуға тиіс емес оқыйғалар. Ауданның аты кәзіргі кезде Ұйғыр ауданы деп аталған соң, тарихты терең білмейтін көп жұрт бұл ара ежелден ұйғырдың жері екен деп шатасады, әсіресе кеңес дәуірінде Қазақстан тарихын арнайы оқымаған ұрпақтар арасынан ондай адасулар жиі байқалады. Ал, шын мәнінде, бұл ара – негізінен Шарын өзенінің алқабына жататын қазақтың ежелгі мекені. Ол араның Ақсақ Темір заманында да Шарын аталғанын оның жорығына байланысты жазбалар да дәлелдейді. Ал бұл өңірге ұйғырлардың қоныстануына Албан Тазабек батырдың орыс басқыншыларына қарсы күресі сылтау болғанын білу де бүгінгі ұрпақ үшін өте қажет деп ойлаймын.

Бексұлтан Нұржекеұлы

Abai.kz