ҰСТАЗДЫҢ ОРАЛУЫ

Б.М.УТЕБАЕВА.

 

ҰСТАЗДЫҢ ОРАЛУЫ

 

«ҰСТАЗДЫҢ ОРАЛУЫ» КӨРКЕМДІК ЖАҒЫНАН ҒАНА ЕМЕС,

ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЖАҒЫНАН ДА ӨТЕ ҚҰНДЫ ЕҢБЕК

    Биыл елімізде қазақтың ұлы даласын әлемге паш еткен ұлы тұлғалар Әбу Нәсыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойлары аталып өтуде. Осыған байланысты жұртшылық назарына «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында еліміздегі кітапханалар мен әлеуметтік желі оқырмандарының таңдауымен заңғар жазушы М. Әуезовтың әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Қазақстанның халық жазушысы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» шығармалары ұсынылып отыр.
Республикалық «Бір ел, бір кітап» акциясының негізгі мақсаты: отандық жазушыларымыздың үздік еңбектерін халыққа таныту, жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру және ынталандыру.

Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Ә.Әлімжанов маусымның 12-сінде 90-ға толады. Демек автор мен романның басты персонажы әл-Фарабидің мерейтойлары бір жылға келіп тұр. Дж. Неру атындағы халықаралық сыйлықтың, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әнуар Әлімжанов «Жаушы», «Махамбеттің жебесі» атты шығармаларымен халыққа жақсы таныс.
Кезінде Мұхтар Әуезов: «Бірінші Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов – Азияға айқара жол ашты, ал қаламдас достары әлемдік картадан Әнуар болған елді іздегеннен гөрі ол болмаған елді іздеу оңай» деп әзілдейді екен. (З. Бағдади естелігінен). Бұдан Әнуар Тұрлыбекұлының көптеген елді аралағанын аңғаруға болады. 50 жылдардың аяғы 60 жылдардың басында А.Ж. Машановтың бастамасымен ұлы ғұлама бабамыз, әлемнің екінші ұстазы Әбу Нәсыр әл-Фараби мыңдаған жылдардан соң елге оралды. Ш.Есенов, А. Қасымжанов, А. Көбесов және басқа ғалымдардың арқасында ұстаз туралы көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектер, зерттеулер жазылды. Әнуар Әлімжанов Самарқан, Пәкістан, Шам , Үндістан, Бағдат қалаларына болып, Фараби туралы көптеген аңыздар, әңгімелер естиді. Кітапханаларға барады, университеттерде болып көптеген ғылыми материалдар жинады. Осы ұзақ сапардан келген соң «Ұстаздың оралуы» шығармасын жазды.
Шығармаға үңілейік: «Қыпшақтан шыққан Мұхаммед әл-Фараби 870 жылы қамал-қала Отырарда дүниеге келді. Арабтар оны Фараба дейтін. Әбу Нәсыр ибн Мұхаммед содан келіп Мұхаммед әл-Фараби атанды. Әкесі Мұхаммед ибн Тархан жаугершілікпен аты шыққан қыпшақ көсемдерінің бірі болатын. Мұхаммедтің тұңғыш мектебі атақты Отырар кітапханасы болды. Баланың жазуы тасқа басқандай әдемі еді. Жастайынан ақын һәм музыкант атанып, өсе келе грек тілін жақсы білетіндіктен Аристотель мен Платон еңбектеріне қанықты, математика мен астрономияға, дәрігер өнеріне ден қойды, музыканың теориялық негіздерін зерттеді. Логика саласындағы тұңғыш трактаттары Бағдад, Мысыр және Халеб ғұламаларына танымал болып, өз заманының аса ірі ғалымы деген даңққа бөледі.
Әл-Фарабидің әкесі баласының өзі сияқты қолбасшы болғанын көруді армандады. Әкесі ұлының зеректігі жазу танып, көптеген: араб, парсы, грек, дәри,хинди, халдей тілдерін білгенін, дұшпандарының тілін ұғып, олардың не жазып, не қойғанын оқып отыруы қажет деп білетін. Және тіл білгеннің пайдасы елшілермен еркін сөйлесе алатындығы еді. Әкесі оны «күндердің күнінде ұлы қыпшақтардың даңқты батыры болады, оның көп тілді білгенінің пайдасы тиеді әлі, ал оқуына бір ғана қасиетті Құран кітабы жетеді, онан өзгеде қылыштың күшіне жүгінсін. Не болса соны көз майын тауысып ақтарыстырғаны жарамайды. Білімді емес, күшті болсаң ғана билікке жетіп, өзіңді сыйлы етесің. Адам тек қасиетті Құран сөздеріне ғана бас иіп табынуы тиіс. «- деп ұйғарады. Ал, оның ұлы болса «қайдағы бір шимай-шатпақтарды» оқиды. Өзі қайдағы бір тентіреген гректермен, халдейлермен әмпейлесіп, уақытының көбін қыз-қырқынның ортасында емес, ескі қолжазбалар сақталған қойма ішінде, ұзақ күнге ешкімге ұғынықсыз үлкен-үлкен кітаптарды сақтаушы, көзі жасаураған мүсәпір шалдың қасында өткізеді. Әкесінің мазасызданатыны ұлы жасық мінезді, қағаз көшіргіш, біреулер жирене теріс айналатын өлеңші боп кетер ме деген қауіп. Бірақ әкенің аты әке ғой, кейде Отырардың оқымысты ғұламалары – кәдімгі әмірші алдында бірін-бірі кимелеп, қарындарымен жер сыза еңбектеп мадақ сөз айтатындар – оңаша бас қосқан отырыстарында оған: балаң бір Алланың өзіне ғана аян, мұнда жоқ ғұлама болуға лайық дарын иесі, деп мақтасқанда, едәуір көтеріліп, өсіп қалатын.
Білімнің өзі де күшке қызмет етеді емес пе. Мұны басқа білмесе де қыпшақ руының басшысы — ол білетін, өйткені одан шаһардың ұлы әміршісінің өзі де именетін-ді. Көктегі Алла мен оның жердегі пайғамбары Мұхаммед солай дейді. Сондықтан ұлы жаугер Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ ат-Түркі өзінің баласын шындық жолына салуды ұйғарды. Ол ұлының әкесіне еріп аңға шықпай қалғанына қатулы еді, енді соны шақырып келуге арнайы адам жіберді. Бұл кезде Әбу Нәсір 24-те болатын. Аң аулап жүрген әкесіне тұтқиылдан жасалған шабуылды Әбу достарымен келгенде бір-ақ білді, бұлардың келгенін көрген жаушылар қашып кетеді. Әбу Нәсырдің әкесі осы жерде ауыр соққыдан көз жұмады. Әкесінің көзі кеткесін, әкеден қалған мұраны, дүние-мүлік, үйіне дейін тартып алады. Бұрынғы достарының өзі бұдан теріс айналады. Тек бұған келіп сырын-мұңын айтып жылайтын кедей шаруаның қызы Әнида ғана болды. Әкесі өлген соң, елден көңілі қалған Әбу Отырардан қашпаққа бел буады. Ол Әниданы сүйетін, туған қарындасындай қорғансыз бір нәзік жаратылыстай сүйетін. Отырардан кетерінде қызға қосыла тұрып өзі де жылаған еді сонда.
Сол кеткеннен бір жылдан кейін бар тапқан ақшасына (дирхемдеріне) Бұқар базарынан сатып алған кітаптарын қапқа салып арқалап, туған жері Отырарға оралады. Келуінің басты себебі, былтыр қимай қоштасқан Әниданы іздеп келген. Бұл кезде Әниданы әкесі сол жердің қасапшысына сатып жіберген еді. Әбу қасапшыдан Әниданы алып қашпақшы болады, алайда қолға түсіп, қамауға алынады, өлім жазасына кесіледі. Кезінде әкесімен дәмдес болған рулас, жүзбасылары шаһар әміршісінен бұрынғы Тархан баласына кешірім жасауын өтініп ара түседі. Әміршінің мейірімі түсіп, әрі жер білетінін, әсіресе тіл білетінін ескеріп, Әбудің өлім жазасын кешіріп, қыпшақ, қаңлы, қоңырат, үйсін, жалайыр руларынан іріктеліп жиналған ірі, мықты жігіттерге бас қылып Бағдатқа жібереді.
…Содан отыз жыл өткеннен кейін ол халиф әл-Мұхтадирдың бұйыруымен саманидтер шахы Нәсір ибн Ахмедтың шақыруымен туған өлкесіне Бұқарға келген болатын. Осы жерде Фарабидің көп жылдардан бергі елге оралу, елді көру, елге деген сағынышы, махаббаты одан сайын оны қамшылай түсті. Алыста қалған балалық шағының ұмытылмас суреттерін ой-көзімен елестетсем деп отырып ол сарайда не болып, не қойып жатқанын аңғарудан қалған. Отырарым міне жақын, қалайда елге бару деген ой мазалаумен болды…
Ол туған жеріне жетуді өмір бойы армандаған. Балалық, жастық шағынан қалған әсерлер тек жарқын сәттерімен ғана сәулеленіп, туған жері бұған дүниедегі ең әсем, сұлу өлке боп елестейтін…»
Әнуар Әлімжанов бұл шығармасын бастарда: «мен педагог та, психолог та, философ та емеспін» деген еді. Бірақ «Ұстаздың оралуын» оқи отырып, оның көркемдік жағынан ғана емес, тарихи-философиялық жағынан де өте құнды еңбек екенін аңғару қиын емес.
Б.М.УТЕБАЕВА.
Сілтеме: http://almaty-akshamy.kz/stazdy-oraluy-k-rkemdik-zha-y-nan-ana-emes-tarihi-filosofiyaly-zha-y-nan-da-te-ndy-e-bek/