ҚАЗАҚҚА ШОШҚА БАҚ ДЕП ҚАЛАЙ АЙТАМЫН

Қалыбек айтжанов

ҚАЗАҚҚА ШОШҚА БАҚ ДЕП ҚАЛАЙ АЙТАМЫН

Қазақ радиосының Шымкент облысындағы (бұрын облыс солай аталатын) меншікті тілшісі болып жұмыс істеп жүрген кезім. Ол кезде  қаласы бар, даласы бар,  ауылы бар барлық үйлер мен мекемелерде арнайы желіге қосылған радиоңыз таң алакеуімнен түн ортасына дейін сайрап тұратын. Қазіргідей интернет жоқ, жұрттың бәрі кез келген жаңалықты алдымен радиодан еститін. Жаңа шыққан әндерді де радиодан естіп жаттап алатын. Содан болар әркім-ақ радиохабарлардың кейіпкері болуға құштар еді.
Бір күні облыс орталығында алқалы жиын өтті. Оңтайлы сәтті пайдаланып еңбек озаттарынан сұбқат алып жүргенімде қырықтың қырқасынан асқан бір апай дауыстап өзіне шақырып алды.
– Шырағым қайда жұмыс істейсің, журналист емессің бе?
– Иә апай, Қазақ радиосының тілшісімін.
– Онда неге мен туралы радиоңнан бермейсің?
-Кешіріңіз, сізді жыға тани алмай тұрғаным…
– Мен Пәленше Түгеншеева деген Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутатымын. (атын атағаным ыңғайсыз болар).
– О, керемет екен, қазір репортерімді іске қосайын. Айтпақшы не жұмыс істейсіз?
– Шырағым-ау  шынымен танымай тұрсың ба? Мен ауданың не, облысқа, қала берді республикаға танымал атақты шошқашымын ғой. Жылда әр мегежіннен пәлен торай алып аман өсіріп, мемлекетке тонналап ет өткізіп жүрмін…
-Ааа, апай әрине еңбегіңіз ерен екен. Бірақ кешіріңіз қазақтарға сіздің жолыңызды қуып шошқа бақ деп насихаттай алмаймыз ғой.
– Тоқта, тоқта! Өкімет пен партия шошқа бағып, зор табысқа жеткенімді бағалап көкке көтереді. Ал сен болсаң радиоңа шығармаймын дейсің.
-Апай біздегі тәртіп солай, орыс  тілшіге айтайын, сізге сол келіп жолығатын болады.
Сөзімді аяқтар, аяқтамастан бетті бастым,  тұра қаштым. Алматыда “Ауыл өмірі” радиостанциясында жұмыс істеп жүрген кезімізде Бас редакторымыз, мықты қаламгер Абай Өтегенов ағамыз осылай тәрбиелеген еді. Ол кісі “шошқа тақырыбына жолаушы болмаңдар, ол жағын орыс редакциясындағылар қаузай берсін” деп қатаң талап қоятын. Біз журналистік өмір жолымызда ұлағатты ұстаздың өсиетін бір елі де естен шығарған емеспіз.Қалыбек айтжанов