Шәкәрім –қазақ әдебиетінің ұлы классигі

КАРТАЕВА А., БАКЫТОВА А.

ф.ғ.д., профессор

Қайнар академиясының магистранты

 

                     Шәкәрім –қазақ әдебиетінің ұлы классигі.

 

Қазақ әдебиетіндегі ірі құбылыс – Шәкәрім шығармашылығы. Ол – Абайдың жақын інісі болумен бірге, Абайдың тікелей шәкірті. Мұхтар Әуезов 1934 жылы жазған «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында атап көрсеткен: «Мұндай ақын – төртеу. Оның екеуі  Ақылбай, Мағауия – Абайдың балалары… Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынасындағы шәкірттері. Абайдың аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған», – делінген [1 , 19 б.].   

Абайдың ақын шәкірттерінің ішінде Шәкәрімнің орны бөлек, ол Абай шәкірттерінің ішіндегі бас шәкірті деп аталады. Өйткені, оның ақындық өнерімен қоса ойшылдық тереңдігі, философиялық толғаныстары өз заманы үшін теңдесі жоқ қайталанбас рухани құбылысқа айналды. Абайды терең танып білгендер ғана Шәкәрімнің ойшылдық табиғатына адаспай кіріп жол таба алмақ.

Шәкәрім – Шығыс әлеміндегі аса ірі көрнекті ғұлама қазақ әдебиетінің ұлы классигі. Ол – ХХ ғасырдың басында қазақ елінің арасында данышпандығымен айналасына танылған адам. Сонымен бірге жаңа қалыптасып келе жатқан қазақтың зиялы қауымы Шәкәрімді танып, ерекше құрмет тұтып, санасып қана қоймай, оның идеясымен терең сусындады. Белгілі шәкерімтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов: «ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ең ірі ақынымыз – Шаһкәрім. Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң, халық Шаһкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген», – дейді [2, 6 б.].

Өзінің ұлы ұстазы – Абайдың «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлынының бірі боласың», – деген өсиетін берік ұстаған Шәкәрім өзінің өмірдегі мұрат-мақсатын айқындап, ашып айтып, халқының алдына серт беріп.

Адамдық борыш, ар үшін

Барша адамзат қамы үшін,

Серт қылғам еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін [3, 167 б.]. –

дейді. Ақын осы айтқан сертінен өле-өлгенше танған емес.

Шәкәрім заманы, халқы, елі үшін қам жеген, зар шеккен, қорлық көрген ақын. Оның артында қалдырған өлмес мол мұрасы бүкіл адамзатқа ой тастар, ортақ асыл қазына.

Қазақ халқының даналары Абай мен Шәкәрім ғұмыр кешкен уақыт отаршылар билеген ауыр заманмен тұстас келеді. Бұл дәуір қазақ халқы үшін аса күрделі кезең еді. Өйткені қазақ жері түгелдей патшалық Ресейдің құрамына кірген болатын. Патша өкіметі қазақ даласына билік жүргізудің     бірнеше заңдарын шығарып, үлкен реформалар жасады. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі рулық жүйені жойып, оның орнына территориялық принципке негізделген ел билеу жүйесінің жаңа тәсілін ойлап тапты. Абай мен Шәкәрім, міне, осындай сырттан ендірілген ел билеу жүйесіндегі берекесіздік пен болыстық сатылы сайлау кезіндегі талас-тартыс болған қайшылығы мол әлеуметтік ортада өмір сүрді. Өз кезіндегі қоғам өміріне сын көзімен қарап, барлық қайшылықтарын арқалай жүріп, олар асау ағынға қарсы шықты да. Елінің іштей іріп, рухани тозып бара жатқанына қатта қиналды. Халқының мұң-мұқтажына, ой-арманына үңіліп, елінің тағдырын ойлап қайғырды.

Абай халқының басындағы ауыр тұрмыс пен ел ішіндегі кері кеткен кесел мінез қасиеттерін жүрегі ауыра отырып ашына жырлайды. Сол алыс-жұлыспен өткен дүлей өмірдің рухани қысымынан көп уайым шегеді. Халқының ауыр тағдырына көз жібере отырып, ақын жұртына қарата былай дейді:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузың түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртымды» ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенді. Жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырғаны «қалың елі, қазағы» [4, 93 б.]. Қалың елі қазағының халін ойлап, қамығып, қайғы шеккен шерлі ақын ұзақ толғаныстардан кейін «бірі қан, бірі май боп, енді екі ұртың…» деп жан жүрегімен ширыға түседі.

Абай өлеңінде көтерілген мәселелер Шәкәрім поэзиясында да сөз болады. Ұстазы Абай сияқты Шәкәрім де «халқым», «қазағым», «елім», «жұртым» деп сөйлейді. «Қазақ» атты өлеңінде:

Мінеки, естісеңіз елдің жайын,

К…інен кейін кетті басқан сайын.

Қайран елім, қазағым, қалың жұртым,

Көп айтып, а, дариға, не қылайын!..

Шәкәрім шығармаларында халық тағдыры терең сөз болады. Бұл жағынан ол Абайдың азаматтық қоғамдық пікірімен үндес шыққан. Елінің отаршылдықтың бұғауынан шыға алмай, тығырыққа тірелген халін айтып қайғырады. Қырсық пен қыңырлықтан арылмаған халық тағдырын айтып, елдің ар-намысын оятуға күш салады.

Досың қайсы, қимастай елің қайсы?

Ел салмағын көтерер белің қайсы?

Аузың темір татиды, бәрін танып,

Жалғанда қимайтұғын жерің қайсы?

Халқына досының кім екенін, елінің кім екенін айтып түсіндіреді. Жерінің қайсы екенін сұрап, ел басына түскен күнді көтеретін белің қайсы  деген халықтың көкейіне терең ой салар сұрақтарды тікесінен қояды. Елі мен жерінің тағдырына алаңдап, оған арашашы болар азаттықты аңсайды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамы Абай мен Шәкәрім шығармаларында өзінің барлық бітім-болмысымен шынайы суреттеледі. Халықты зарлатып отырған жуан содырлардың жүгенсіздігін сынап, ұрылар мен екіжүзді алаяқтардың ел ішінде қаптап кеткенін айтып, олардың мінез-қылықтарын өлеңдерінде «улы сия, ащы тілмен» өткір түйреді. Бұл жағдайды туғызып отырған қазақ елінің бірлігі мен тұтастығын бұзуға негізделген патша өкіметінің болыстық сайлауды шығарған территориялық принципке бағытталған ел билеу саясатына қарсы шығады.

Шәкәрім елінің тағдыры үшін жүрегі ауырады, ол үшін зар шегеді. Елді билеп отырған әкімдердің зорлықшыл, жегіш істерінен түңіледі де, бірақ өте сары уайымға салынып та кетпейді. Халқының алдағы болашақ өмірінен үлкен үміт күтеді. «Қош, жұртым!» өлеңінде Шәкәрім елінің келешек тағдыры туралы сәуегейлік ой айтып, кемеңгерлік танытады.

Қазақтың жайнар даласы,

Жетілер оқып баласы.

Шошынтатын мені сол –

Олардың күндес, таласы.

Дағдысы сіңген бойына –

Ақын қазақ даласының жайнап кететініне, жастардың білім алатынына кәміл сенеді. Халқымыздың қанына сіңген қасиеті – күндес пен таластың жойылмайтынын сол кезде-ақ Шәкәрім білгірлікпен айтқан болатын. Қазақты құртатын осынау жаман қылықтан ақын шошитынын жасырмайды. Азаттық пен бостандық таңы атқанына қуанады. Осындай кезде халыққа жай жатқаның жарамас, елдің ойына нұр құйып, адал жолға баста деген кемел ақыл айтады.

Қош, арманым жоқ, жұртым,

Жасарсың.

Мен сапар шегем енді! –

Шәкәрім өз халқының өткен өміріне көз жіберіп, бүгінгі күніне үңіледі. Жүріп өткен өмір соқпағына қарайлай отырып, «ендігі мақсатың не?» деп сұрақ қояды да, ол сұраққа жауап іздейді.  Ендігі жерде халқының қамқор ұлы елінің бойына сіңіп кеткен күндестік, бақастық, мақтаншақтық, талас сияқты кесел мінездерін айтып,  жұртымен сырласып, сапарға аттанып бара жатып қоштасады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1 Әуезов М. Абай ақындығының айналасы / Қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері– Алматы: Ғылым, 2002.

2  Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлері. – Алматы: Атамұра, 1995.

3 Шәкәрім. Қазақ айнасы. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Атамұра, 2003. -296 б.

4 Әуезов М. Жиырма томдық шығ. жин. 20 т. – Алматы: Жазушы, 1985.