Біз Сібір мен Жоңғариядан қалай айрылдық?

Нұрбек БЕКБАУ.

Біз Сібір мен Жоңғариядан қалай айрылдық?

Шах-Мұхамедтің діни реформалары қандай нәтиже берді? Ермак қалай өлді? “Алты алаш” ұғымы қай кезде пайда болды? «Кaçırılmış bir fırsat» немесе түріктер Тәуекел ханның заманы туралы неге бұлай айтты? Қазақтар қалай ғана Сібір мен Жоңғариядан айрылып қалды?

ҚАЗАҚ БIЛСIН / 13.03.2015, 5:12 / 2331 / 8

Шах-Мұхамед мемлекет құру ісінде Көшім ханды кумир санайтын. Дәл сол сықылды жас сұлтан да Жоңғарияда қалалар соғып, торғауыт, ойрат тайпаларына ислам дінін уағыздай бастады. Шах-Мұхамедтің бұл реформалары қандай нәтиже бергенін сәл кейінірек айтып береміз. Тәуекелге оралсақ.

Енді хан назарын Сібірге қадады. Осы кезде Мәскеу мемлекеті Сібірді қазақтан бұрын жаулап алу керек деген шешім шығарды. 1582 жылы 1 қыркүйекте саудагер Строгановтар әулеті мылтықпен, зеңбірекпен қаруланған 540 казакты 30 кемеге отырғызып, Сібір жорығына аттандырды. Бұл қаніпезердердің басшысы етіп, Ермак деген тегі белгісіз адам қойылады. «Орыстың бір отряды хандықтың шегіне аяқ басты» деген хабарды Көшім күні бұрын естиді, бірақ мән бермейді.

Өйткені, Иван Грозныймен екі-үш рет шайқасып, сағын сындырған болатын. Сол ұрыстан кейін орыс патшасы Сібірге тиіспеймін деп уәде берген-тін. Көшім сол уәдеге сеніп, бұл жасақ кері қайтар деген үмітте еді. Олай болмай шықты. Ермак Искердің түбінен бір-ақ шығып, астананы қорғап қалуға сібірліктер кеш қамданып, уақытын ұтқызып алды. Шешуші шайқас астанаға жақын жердегі Чуваш мүйісінде 1582 жылы 23-25 қазан күндері болды. Үш күндік шайқаста хантылар мен мансылар осалдық танытып, ұрысты тастап шықты.

Көшім Искер қаласынан айырылды, шегінуге мәжбүр болды. Бірақ, Көшім кек қайтаруды, шаһарды қайтарып алуды ойластырды. 1585 жылы Ертістің жоғары тұсында жүрген Ермакқа «Бағай өзені жағынан Искерге қарай бай керуен келе жатыр» деген жалған хабар түсіреді. Бұл хабарға сеніп қалған Ермак жасағымен кеуренді тонау үшін межелі жерге қарай жүріп кетеді. Осы кезде Көшім армиясы қарақшыларға шабуыл жасайды. Әскерін әп-сәтте қырып тастағанын көрген Ермак бас сауғалап, өзен ағысына қойып кетеді де, суға батып өледі.

Көшім жеңді. Бірақ оның дәурені өткен еді. Көшімнің тұсында биліктен аластатылған Тайбұғы руының өкілі, Сейдақ (шын аты – Сейд-Ахмед. Тәуекел ханның күйеубаласы) Тәуекелдің күшіне сүйеніп, өзін хан жариялайды. Осылай Сібір хандығы тәуелсіздігін қайта қалпына келтірді. Бірақ, бұл егемендік тек ауызша ғана еді, ал іс жүзінде Қазақ хандығының субьектісіне айналды (Орысша айтқанда, «СІБІРНАШ»). Сонымен, Тәуекел Жоңғарияны талқандап, территориясын өзіне қосып алды. Моғолдарды Үндістанға қуып, халқы мен жерін иемденді. Сібір өлкесін өзіне қаратты. «Алты алаш» деген ұғым осы кезде пайда болды.

Не керек, Қазақ хандығы сол замандағы адам санының көптігімен, территориясының үлкендігімен әлемдегі мықты империялардың біріне айналды.Тәуекел ханның ендігі мақсаты Шайбанидтер әулетін талқандап, бір замандары екіге бөлініп қалған халықты қайта біріктірмек болды. Осы жоспарын аман-есен аяқтаса, Осман халифатының әміршісі Мұрад ІІІ-пен күш біріктіріп, Астрахань, Қазан қалаларын азат ету операциясын ойластырып жатқан…

«Кaçırılmış bir fırsat» немесе түріктер Тәуекел ханның заманы туралы неге бұлай айтты?

Қап, әттеген-ай… Түріктің мына сөзі осылай аударылады. Әрі қазақтың Тәуекел хан тұсындағы дәуіріне осылай баға беруге де болады. Хан 20 жыл бойы жан-жағындағы жауыз әулеттерді құлатып, түріктектес халықтарды бір шаңырақ астына жинады. ҚАЗАҚ дейтін ұлтты былайғы әлем жауынгер, қажырлы халық ретінде тани бастады. 1560-1590 жылдарды Орталық Азияда өткізген ағылшын саудагері Антон Джониксон бүй деп естелік қалдырыпты: «Kazakhs – magometyane – very strong and numerous people». Аудармасы: «Қазақтар өздерін Мұхаммедтің үмметі санайды. Өздерінің саны көп, әрі жаугершіл халық»…

Тәуекел енді бар күшін шайбанидтер әулетін талқандауға жұмсамақ болды. Бірақ… Сібірдің қуыршақ ханы Сейдақ тым қорқақ болып шықты. Орыстың кішігірім жасағы 1587 жылы тура Искер шаһарының жанынан Тобольск дейтін қамал соғып алады. Ал Сейдақ болса, тәйт деуге дәті шыдамапты. Орыстардың бұл арсыздығына қатты ашуланған Тәуекел Сібірге 3 мың әскер бастатып, 16 жасар інісі Ораз-Мұхаммедті жібереді. Бұл 1588 жыл еді.

Жас сұлтан Сейдақты ертіп, бұл қай басынғаны деп, Тоболск бекінісіне келеді. Орыстар құрақ ұшып, зыр жүгіріп, қазақ ханзадасы мен Сібір сұлтанына қамалға кіріп, қонақ болуын өтінеді. Данил Чулков дейтін қолбасының өзі шығып, өтініш жасайды. Қамалға кірген бетте елшілерді ебін тауып өлтіру үшін, әлгі Данил деген сылтау іздей бастады. Меймандардың мұсылман екенін, олардың арақ ішпейтінін біле тұра, Данил Чулков «ақ патшаның» құрметіне алып қояйық деп, қолқалайды.

Бұл оқиғаның әрмен қарай қалай аяқталғанын орыс жылнамасынан оқып білуге болады: “Но понеже Сейдяк и его товарищи ту чашу выпить отговаривались, то оное принято за явное доказательство, что, конечно, у них намерение худое. Между тем, по Чулкову приказу, все русские войско в городе вооружилось и, по данному от него знаку, знатнейшие гости взяты под караул, а рядовые, которые у них были в провожатых, – все побиты“. Орыс жылнамасы осылай дейді.

Осы оқиғадан соң орыс жасағы Искер қаласына шабуыл жасап, шахарды жермен-жексен етеді. Бар-жоғы үш-ақ мың әрі жеңіл қаруланған қазақ жасағы зеңбірек арқалаған әскерге қарсы шауып, барынша ерлік көрсетеді. Бірақ, күш тең емес еді. Не керек, қазақтың қолынан Сібір өлкесі сусып шығып кетті.

Ораз-Мұхаммед тұтқында бола тұрсын, біз Тәуекелдің баласы Шах-Мұхаммедке барайық. Ол Көшім хан секілді көшпелі халықты егіншікке баулып, торғауыт, дурвэд тайпаларын тездетіп мұсылманға айналдыруды көздеді. Бірақ, асыққан шайтанның ісі демей ме? Шах-Мұхаммед бір жағынан дінді агрессивті түрде үгіттеп, шүберек байланған ағаш, тас мүсіндерді қирата бастады.

Осы әрекетіне налыған жоңғарлар бас көтереді. Ол кезде Тәуекел хан 100 мыңдық әскерімен Мәуеренахрды жаулап алу жорығында жүрген еді. Көтерілісті тез арада жаншып тастауға мүмкіндік болмады. Ойраттар күш алып, Шах-Мұхаммед сұлтан өлтірілді. Міне, қазақтың қолынан Жоңғар өлкесі де шығып кетті.

Ал енді Тәуекелдің өзіне келсек. 1597 жылы Мәскеуге елші жіберіп, тұтқындағы інісі Ораз-Мұхаммедті босатуды сұрайды. Не керек, орыс патшасымен келісім жасап жатып, қазақ дипломаттары Мәскеуге келген сефевидтік Иран елшілерімен де тілдесіп қалуға барын салды. Олармен кездесіп, 1598 жылдың көктемінде Бұхара хандығына Иран армиясы оңтүстіктен, қазақ қолы солтүстіктен соғыс ашады деп келісім жасасты.

Уәде бойынша, Тәуекел Шайбани ұрпақтарының мемлекетіне жаңа шапқыншылық жасайды. Абдаллах хан «бұл қазақтардың кезекті тонаушылық жорығы болар» деп ойлап, оған шекаралық аймақтағы әмірлердің әскерін ғана қарсы қояды. Дала армиясы отырықшылардың тас-талқанын шығарып жеңеді. Осы шайқастардың бірінде Абдаллах ІІ көз жұмады. Қазақтар Орталық азияға ішкерілей енген кезде, Иран шахы Аббас Өзбек жеріне армиясын кіргізеді.

Абдаллахтың баласы Әбдімүмин екіжақты майданда соғысуға мәжбүр болады. Бірақ, шайқастың барлығында жеңіліп қала бергесін, көтеріліс бұрқ етіп, ханның басы алынады. Қазақтар АхсиӘндижанТашкентСамарқандқалаларын басып алады. Тәуекел қос өзеннің арасын біржолата өзіне қарату үшін, шайбанидтердің соңғы бастионы Бұхараны жаулап алуға жорыққа кетеді. Есім сұлтанды 20 мыңдай әскермен Самарқанда қалдырады, ал өзі 80 мың қолды ертіп, жолға шығады. Бұхара халқы 20 күн бойы ерлікпен шайқасады.

Тәуекел қатты ашуланып, қазақ қосындарын соңғы шешуші шайқасқа шығарады. Бұл шабуыл сәтті басталады. Қамалдың бір бөлігі құлап, қаланың жартысы ақ ту көтергенде, қаңғырған бір оқ Тәуекелге тиеді, содан ауыр жараланады. Көп өтпей хан қайтыс болады. Міне, Шыңғыс ханнан кейін, бүкіл түрік халқын бір мемлекеттің астына жинамақ болған тұлға өмірден озды. Кім біледі, бәлкім Шах-Мұхаммед сәл сабырлық қылғанда, бүгінде Шығыс Түрікстан дейтін ауданда «Жоңғар автономиялық Республикасы» жатар ма еді? Ораз-Мұхаммед сол орыстың қамалына кірмегенде, қазір қазақтар Арктикада мұнай өндіріп жатар ма ек?! Эх. Бірақ, өкінуге болмайды. Мұның атын тағдыр дейді.