ҚАРА ОРЫСТАР ҚАУПІ

28 мая, 9:25

Добавить категорию письма

Тұрсын Жұртпай.

Дайындаған Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

 

 

ҚАРА ОРЫСТАР ҚАУПІ

 

 

Орыстілді қазақтардың бірігіп кеткені сонша – олар өздерінің өмір сүру кеңістігін жан дәрмен қорғайды, әрі осы жолы да аяусыз күреседі. Олар ұлт мүддесін қорғайтын азаматтарды ұлтшыл деп, ұлттық қозғалыс, әрекеттерді «қазақбайшылық» дейді. Кейінгі 10-15 жылдың бедерінде БАҚ бетінде орыстілді қазақтардың айтатыны осы. Бүгінгі шенеуніктердің ең көп бөлігі де солар. Олар билікте тұрғанда Қазақстанда ешқашан қазақ тілі үстемдік құрмайды. Бұл ретте менің ойыма осыдан 30 жылдай бұрын Әнуар Әлімжанов марқұмның айтқаны есіме түседі. 1986-87 жылдар шамасы. «Қаламгерге» келсем, Әнағаң кофе ішіп отыр екен. Барып сәлемдестім. Ол кезде мен Алаш қайраткерлерін ақтау ісімен жүргенмін. Алаш зиялыларын ақтауға қарсы болып, жанығып жүрген сатқындар туралы әңгіме барысында айтып едім, Әнағаң: «Тұрсын, мен рушылдықтан қорықпаймын. Қазақ рушылдықтан құрымайды. Таласады, тартысады, айтысады. Бірақ бәрібір шындық жеңеді. Әрине, қиын. Бірақ одан ұлтқа қауіп төнбейді. Мен қала баласы мен дала баласынан қорқамын. Қазіргі қала балалары мүлдем басқа бағытқа кетіп қалыпты. Даладағы ауыл балалары қазақы қалпында қалып қойды. Ертең қала баласы мен дала баласының арасында үлкен қарама-қайшылық туады. Әрине, қаланың балалары жеңеді. Олардың тілі де, ділі де жеңеді. Үкіметің де солардың дегеніндей болады. Міне, сол кезде қазақтың басына күн туады. Мен шетелді көп көріп жүрмін ғой. Тәуелсіздік алған көптеген елдің басындағы трагедия біздің басымызға да келеді», – деді. Міне, сол трагедия қазір біздің басымызға келді. Қазақстанның ішіндегі қазақ ұлтшылдығы дегенді шығарып жүргендер де сол өзіміздің қаракөздер – орыстілді қазақтар. Мемлекет басында да түгелдей солар отыр. Олардың тілі де, көзқарастары да мүлдем басқа. Олар өздерін үстем тап өкілі сынды ұстайды, қазаққа жиіркене, шекеден қарайды. Тіл, дін, рух арқылы оларға қалай әсер етесің?! Мәселен, Совет Одағы кезінде қазақтың 35 пайызы ғана қазақша сөйлейді деп зар илейтінбіз. Қазіргі тілдің жағдайы одан да сорақы. Тіл саудаға, өндіріске, ғылымға, технологияға енбейінше, ол тіл ешқашан үстемдік орната алмайды. Рух арқылы да әсер етуің екіталай. Өйткені олардың рухы шоқынып кетті. Дініңіздің халі – анау. Енді ойлаңызшы, осындай мәселелерді көтерген адамды ұлтшыл деуге бола ма, жоқ па? Кімге қарсы күресесің? Сыртқы жау болса, ол анық болар еді. Ал мына жаумен қалай күресесің? Өз қолыңды өзің қалай кесесің? Егер бұл ұлтшылдық болатын болса, онда күресу керек. Мен мұны азаматтық соғыс деңгейіндегі рухани күрес дер едім. Сондықтан бұл күресті азаматтық рухани ұлтшылдық деуге болады. Ал ұлтшылдықтың өзі Қазақстанда жоқ. Өйткені ұлтшылдық империяға қарсы, бодандықтағы ұлттардың күресі екенін айттық.

Осы күнге дейін көп азаматтар жерді, тілді, ұлттық руханиятты, ұлттық мүддені қорғап сөйлегені, әрекет еткені үшін ұлтшыл атанып келді. Соның ішінде мен де бармын. Ал президент Н.Назарбаевтың мақаласында ұлтшыл атанып, жұртқа жексұрын болып келген адамдардың 10-15 жыл бойы зарлап айтып келгендерінің бәрі көрініс тапты. Сонда біз не үшін, кім үшін осы уақытқа дейін ұлтшыл атандық? Мұның бәрін қиыстырып отырған шенеуніктер. Ұлттық мәселе көтерсең, президентке қарсы деп атой салып шығады. Онысы – өздерін қорғауы. Ал өздері өзгелерді жеккөрінішті етіп көрсетудің амалын шебер меңгерген. Бізде мемлекеттік құрылым ұлттың мүддесіне жұмыс істемейтін, керісінше, жеке адамдардың қорғаныс-қауіпсіздік комитетіне айналып кеткен.

ҰЛТТЫҚ САНА

Ұлттық мүдде жолындағы азаматтық рухани күрестің айнасы – ұлттық сана. Өткен ғасырдың 90-жылдары Алаш қайраткерлері ақтала бастағанда ұлттық сана тазаруға бет алып, дұрыс жолға түсіп еді. Бірақ кейін, шамамен 1996-97 жылдары, осы жол рушылдыққа қарай ойысып кетті. Оны сол кездегі идеологияға жауапты адамдар істеді. Олар қазір де сол идеологияны қалыптастырып отыр.

Менің бір досым бар. Ұлтқа жаны ашитын адам. Бірақ Алаш десе, өре түрегеледі. Алашқа қарсы. Сол досыммен он шақты жыл кездеспей кетіп, бір күні көшеде жолығып қалдым. Көзқарасы сол қалпы екен. «Саған не болды?» десем, «Алаштың ішінде біздің жақтан бір адам жоқ екен. Ондай Алашорданың маған керегі жоқ» дейді. «Сен дертке ұшыраған екенсің. Бұдан өзің ғана емделмесең, басқа ешкім көмектесе алмайды. Арыз жазушы мен сол арыздың кесірінен жазаланғандар туралы деректерді ал да, салыстырып отырып суық ақылмен қара!» дедім. Ол басын шайқап кетті. Ойланды. Нәтижесі қалай болары белгісіз. Мұны неге айтып отырмын, біз ұлттық санада осы жолға кетіп қалдық.

1932 жылы өткен пленумда «Қазақ университетіне Голощекиннің атын берейік. Социализм үшін бүкіл қазақ халқын құрбан етуге дайынбыз!» деп сөйлеген адамның баласы кейін бір жолығып қалды. Ол кісі өзі ұстаз, сыйлы адам еді. Әкесі репрессияға ұшырады, атылды, отбасы айдалды. Сөйтіп, жолығып қалғанда мені оңаша шығарып алып: «Тұрсын, бауырым, менің әкем туралы солай жазыпсың ғой», – деді. «Иә, бірақ мен бір ауыз сөзін ғана алдым ғой, оқыған шығарсыз?» дедім. «Иә, оқыдым. Саған қарсы айтар дауым жоқ. Сонда мен әкем үшін кешірім сұраймын ба?» деді. «Жоқ, осы сөзіңіздің өзі де жетеді» дедім. Міне, бұл азаматтық трагедиясы бар тұлғалар. Өзі қазаққа қызмет етті, бірақ әкесінің бір ауыз сөзі әлгіндей. Мен ол кісілерді азаматтық құрбандар деп есептеймін. Бұл мысалдарды айтып отырғаным, азаматтық рухани ұлтшылдық ұлттық сананың тазаруы үшін де тоқтаусыз күресу керек. Мемлекет ұлттық сананың оң бағытын бұрып, желпіндірмеуі керек еді. Амал жоқ, бұл да бүгінгі қазақтың ең үлкен трагедиясы. Сондықтан да ұлттық рухани азаматтық ұлтшылдық болсын деп ойлаймын.

Тұрсын Жұртпай.

Дайындаған Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

“Жас Алаш” газеті